Кеше, 25 наурыз күні Ақмола облысының Қоянды жерінде XX ғасырдағы қазақ ұлт-азаттық күресінің жетекшісі, дала көкжалы Оспан батырдың 120 жылдық мерей тойына орай жасөспірімдер арасында қазақ күресінен республикалық турнир өтті.
Шараны ҚР Белбеу күресі және Ұлттық күрес түрлері қауымдастығы, Ақмола облыстық Белбеу күрес федерациясы мен «Ер Жәнібек» атындағы халықаралық қоғамдық қоры бірлесе ұйымдастырған.
Дүбірлі додада республикамыздың 8 облысынан және Алматы мен Елордадан 150-ден астам спортшылар қатысқан.
Оспан батырдың туғанына 120 жыл толуына орай ұйымдастырылған спорт бәсекесіне «Ер Жәнібек» қоры мен өзге де қоғамдық ұйымдар және батырдың тіке ұрпақтары қолдау көрсеткен. Концерттік шараларымен қатар ұйымдастырылған спорттық бәсеке жоғары деңгейде өз мәресіне жетті.