Жаңалықтар

Сәбеңнің қамшысынан өрілген ерлік

Қасірет-қайғы адам жүрегін аяусыз шеңбектеп, «жазмыштан озмыш жоқтығы» тағы бір қылаң бергенде Абай жарықтық секілді аһ ұрып, ақылға жүгінгенде «жақсы өліпсің, япырмай» деп өксікті ішке жұтудың зілмауырлығын сезіну де қаншалықты азап! Саян қырық тоғыз мүшелінде о дүниеге аттанып кете барғанда жанында болмасақ та, тап бүгін Сафуан Шаймерденовтей қарт қаламгердің бүгілген бейнесі елестеп, «көзіңе жас сұрайсың». Жетпісті орталатқан шағында «отыз ұлға татитын жалғыз ұлын» сұм қара жердің қойнына тапсырған қайран әкенің онсыз да шығар-шықпас жаны күйзелмей қайтеді?! Сол Сафекең «Сәбеңнің (Сәбит Мұқановтың) қамшысының қасиеті жұққан» деп үлкен үміт артқан бала Саян қазаққа жат спорт түрі – хоккейден бабы да, бағы да шауып, 1973 жылы көгалдағы хоккейден ересектер арасында КСРО чемпионы атанған тұңғыш қазақ еді.

Зерттеушілер хоккейдің тарихын төрт мың жылға апарып, Ніл дариясы маңындағы Бенин Хасан Перғауын пирамидасында имек басты таяқ ұстап, кішкентай допқа таласып жүрген екі адамның бейнесі қашалғанын қаперге салады. Ежелгі жапон, грек, үндістерде де осы хоккейге ұқсас ойын түрлерінің болғанын айтып, әлемге әйгілі шығарма «Ромео-Джульеттада» «Верон көшелерінде хоккей ойнауға ханзада қатаң тиым салады» деген жолдардың жолығатынын жазған. XIX ғасыр басында тұтас Еуропаны «жаулаған» ойын түрі асық ойнап алысқан қазақ баласының қолында «жуасып», сертке суарған семсердей доптаяқтың аса дәлдікпен сілтенгені – кешегі есесі кеткен елдің қақысының қайтуы емей не, білген кісіге. Әттең, немқұрайдылықтың батпағына батқан бүгінгі кейіп-кеспір о обал-сауапқа бұрылып қарап, елді ертеңге апаратын нәзік қатынастарды реттеуге түкте құлықты емес, ақырын берсін дейсің іштей. Тірі болса қараша айының соңында алпыстың асуына ат шалдыратын Саян марқұмның мерейтойын өткізуді өзі қолына алып, кәрі сүйегін сықырлатып жүгіріп жүрген Бағдат Шаймерденовадай тоқсанға тақаған кейуананың әр есікке бас сұғып, шенді-шекпендіге хат жазатындай не жазығы бар екен?..
Әуел баста мұз үстінде допты хоккей ойнаған Саянды жетпісінші жылдары көгалдағы хоккейге көбірек уақыт бөлуге шақырған бас бапкер Эдуард Аирихтің байқағыш, ұлттық ерекшеліктерге терең мән беретін қырағылығы таң қалдырады. 1977 жылы «Динамо» командасы екіге бөлінгенде Саянның орны көгалдағы хоккей екенін ескерткен шебер жаттықтырушы мұз үстінде арпалысқан жігіттерді иегімен нұсқап: «Көрдің бе, Саян, мына жігіттердің мұз үстінде еркін ойнақтауын. Бұлар Сібірде туып-өскен. Көздерін ашқалы коньки теуіп өскендер. Ал сен бала кезіңде аздап коньки теуіп, хоккей секциясына келгенде ғана оның қыр-сырын меңгере бастадың. Бұл жігіттерден шеберлігің озып тұрғанмен, техникаң кем. Елдің бәрі допты хоккейдің жұлдызы бола бермейді, бірақ ойыншы өз орнын тапса, үздік атанудың ауылы алыс емес. Көгалдағы хоккейде сенің шеберлігің, техникаң бұл жігіттердің бәрінен озық. Келешекте сен КСРО командасында көш бастайсың», – деп ағынан жарылады. Допты хоккейде де жаман өнер көрсетпеген Саян осы ұсынысты қабыл алып, шынымен де сұрмергендігімен КСРО құрамасында көзге түседі. Ең үздік 22 ойыншының қатарына кіріп, «Динамо» көгалдағы хоккей командасының капитаны болады.
«Сәбеңнің қамшысының қасиеті қонады-ау» деп әкесінің ырымдаған кезі Саянның бес-алты жасқа келіп, мұз үстінде асыр салып, коньки тебуге қатты құмарта бастаған шағы болса керек. Сәбит Мұқановтың тойына келген жұрттың бірі қаламгерге күміс сапты қамшы сыйлайды. Той соңында өзіне іздетейін деген інілік базынамен жасырып қойып, кейін ұмытып, үйіне алып кеткен сол қамшы Сафуан Шаймерденовтің төрінде біраз күн ілулі тұрады. Бірде ойынға шығар алдында конькиінің бауы үзілген Саян әрі-бері жіп іздеп, үзілмейтін, берік жіп таппаған соң төрде ілулі тұрған қамшының өрімін тарқатып, қайысқа қарық болады. Әкесі әуелі ренжігенімен, ырымшыл халықпыз ғой, баласының бұл қылығын жақсылыққа жориды. Саян әуелі мұз үстінде, кейін көгалда хоккейден жақсы нәтиже көрсеткенде қайран әке: «Әй, сол Сәбеңнің қамшысының…», – деп тентек Саянның қылығын бір есіне алып, тәубе қылатын көрінеді. Жастар арасындағы чемпионатты қоса санағанда КСРО-ның он дүркін чемпионы, Еуропа чемпиондар кубогінің, КСРО кубогінің иегері, КСРО-ның VII жазғы спартакиадасының жеңімпазы болған, көгалдағы хоккейден халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанған, әрі «Динамоның» алты жыл, КСРО-ның бес жыл капитаны ер Саянның бойынан қазақтың қай шалының қасиетін іздесек те жарасар-ау…
«Верон көшелерінде хоккей ойнауға ханзада қатаң тиым салған» шақта біздің бұл спорт түріне қаншалықты қатысымыз болғанын бір Құдай білсін. Бірақ дәл бүгін кез келген салада адамзаттың ұтқырлығы сыналып, бәсекеде қабілеті қаралған тұста Саяндай саңлақ, сұрмерген спортшының «сүйенерге жарағанын» ұмытуымыз – ұлттық ұятқа саятын дүние емес пе?!
Ырысбек Дәбей.


Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*