Шежіре

Керейдің «Кең қолтық керей» атануы.

Осыдан көп ілгері, Монтай бидің тұсында, Шыңғыс таудың кең төсінде, Алты Алашқа сауын айтылған Найман Бөкенші байдың асы беріліпті. Ұлы дүбірлі астың бас-аяғы бір айға дейін созылып, асты Монтай бидің өзі басқарыпты деседі.

Өр Алтайдағы керейден Байторы би бастаған жүз адам айлық жол жүріп отырып арнайы асқа келеді. Бөкеншінің асында қазақ даласында бұрын – соңды болып көрмеген дүбірлі ат бәйгесі болып, Алты Арыстың бетке басар сәйгүліктері үш ай бұрын бапталып, құйрық-жалы таралыпты. Сонымен бәйге болатын күні бәйгеге үш жүз ат қосылып, үш күндік жерге айдалатын болып жан-жақтан ойнақтаған тұлпарлар үстілерінде үкідей желпілдеген шабандоздарымен жинала бастайды.  Талай-талай бағын сынаған үмітті көздердің асығы алшы яки тәйкі түсетін ішкі есептері өз-өзінде еді.

Найман елінің әйгілі жүйрігі Бесқарсақ пен Керейдің Құлашегір, Көкжалдары дүйім жұртты өзіне қаратыпты. Сонда жұрт алдында отырған Монтай би өзінің ат сыншысы Жантасты шақырып алып:

-Барып бәйге аттарын аралап көріп кел, біздің Бесқарсақпен құйрық тістесетіндері бар ма екен? Анау керейдің Құлашегірі мен Көкжалына көз саларсың,-дейді. Атбегі Жантас жүздеген аттарды сын көзімен қарап, жүйріктердің бабы мен қабақтарын барлап жүреді. Жылқы мінезі, жылқы тілі атбегілерге әбден түсінікті ғой, бір кезде Бесқарсақ келіп иегін Құлашегірдің сауырына артады. Құлашегір құлағын жымырып оқыранып тұрады. Ал, екеуінен оқшау тұрған Көкжалдың тұрқына сыншы таңдана көп қарайды. Жантас тұлпарлардың бар іс-қимылын, тұрқын асықпай қарап, көріп білгендерін биге айта келіп мынадай болжам жасайды: «Осы бәйгеде алды болып Көкжал, онан соң Құлашегіркеледі. Ал Бесқарсақ осылардан кейін үшінші келуі мүмкін»,-дейді.

Айдаудағы аттар үш күнгі ауыздық басқан аяңды қайтарында бір ақ күнде басып, төртінші күні үлкен бесінге тарта шаң көрінеді. Шаңнан көш құлаш бөлек үш аттың бараны байқалады. Бәйге десе ішкен асын жерге қойып, төрт күннен бері ұйқы-күлкі көрмей отырған жұрт көздерін бастарындағы шытымен сөрте елеңдейді. Бір кезде  ең алдыда Бесқарсақ онан кейін Құлашегір, үшінші болып Көкжалдың келе жатқаны анық көрінеді. Қалың топ айғайлап:

-Жантас, осы жолы сен Жантас болмай, жаман тас болдың! Сенің айтқаның келмеді. Жүйрікке де бір томар.- десіп тымақтары мен қамшыларын бұлған ұрандайды. Айғай шыққан соң адам да, ат та еліреді. Мәреге сыдырым жер қалғанда соңында келе жатқан Көкжал Құлашегірді оң жағына, Бесқарсақты сол жағындағы шаң ішіне қалдырып, даяғашыға ұстатпай, топ ішіне келіп бірақ кіреді. Сонымен бірінші көкжал, екінші болып Құлашегір құйрық тістесіп Бесқарсақ келеді.  Бөкеншінің асына тігілген бірінші аттың бәйгесі үш жүз жылқы, үйімен жетім екен. Яғни, үш жылқыға қосып алты қанат ақ орда тігіп, бір күң ертіп береді. Сонда керейден барған Байторы би бәйгеге былай деп ықыласын білдіреді:

-Ара шалғай болғандықтан керейден келген жүзге тарта ғана кісі едік. Көкжалдың бәйгесі үш жүз жылқыдан екі жүз жылқыны және үй мен күңді алмаймыз. Бұл ас берген іргелі елге берген бәйгеміз болсын. Қалған жүз жылқыны бір адам бірден алсақ та жетеді. Ал соңынан келген Құлашегірдің бәйгесін алайық,-деп екі жүз жылқы мен үйді, жетімді үш жүздің игі-жақсыларының алдында ас иесі болған найман еліне қайтарып береді. Керейдің жомарттығын көрген үш жүздің біліктілері:

-Керей айтса айтқандай етек жеңі кең ел екен. Киімді де төгілтіп мол киетін, елді де, жерді де, малды да кең ұстайтын, қоолды тартып, қолтық баспайтын кең қолтық екен,-деп баға беріпті.

Алтай қаласының халық аңыз-ертегілері кітабынан реттеліп алынды.(230-233беттер)

Теги: ,

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*