Мен Баянғалимен өткен ғасырдың сексенiншi жылдары Қазақстан Жазушылар үйiнде танысқан едiм. Онда ол “Жұлдыз” журналының сын бөлiмiнде қызмет атқарады. Әлi тезге түсе қоймаған тентек кезi. Сөйлеген сөзiнен ұлттық әдебиеттiң төрт құбыласын түгел бiлетiнi көрiнiп тұр. Осы жiгiт кейiн келе көмейiнен қырғыздың “Манас” жырын төгiп-төгiп жiбередi деп ол кезде кiм ойлаған?!
Әлкей Марғұлан “Манас” жырының бүкiл жұлын-жүйесiнде Алаш рухының атойлап тұратынын айтып кетiп едi. Жырдағы кейiпкерлердiң көпшiлiгi кейiнде қазақ ұлысына қосылған тайпалардың өкiлдерi немесе сол тайпалардың өздерi екенiн қадап айтқан (Әлкей Марғұлан. Ежелгi жыр-аңыздар, Алматы. “Жазушы” баспасы, 108 бет.) Мәселен, Ажыбай — қазақтағы арғындардың бiр руы. Алеке, Баубек, Мәжiк — арғынның ру атаулары. Ер Көкше, Ер Қосай, Бейiмбет — қазақтың Уақ тайпасынан. Ер Үрбi — Бағаналы Найманның Ақтаз руынан. “Манас” жырының оқиғаларына қазақ тайпалары тегiс қатысады дейдi Әлкей Марғұлан. Ұлы жүзден — Үйсiн, Жалайыр, Қаңлы. Орта жүзден — Арғын, Қыпшақ, Найман, Қоңырат, Уақ, Керей (“Манасты” таңнан-таңға жырлайтын бiздiң Баянғали да осы Керей руынан). Кiшi жүзден — Алшын, Тама, Төлеу, Кереит, Шеркеш, Кердерi. Бұлардың бәрi де моңғол дәуiрiнен әлдеқашан бұрын жасаған тайпалар.
“Манас” жырында қырғыздың өз руларының аттары, қырғызға басшы болған тарихи адамдар есiмдерi Ахскенди, Барысбек, Орыс-Инал еш жерде кездеспейдi. Мұнда қазақ, Орта Азия халықтарына ортақ тайпалар немесе олардың сан түрлi тарихи дәуiрлерiнде жасаған адам аттары көбiрек ұшырасады. Памир, Шоң-Алай тауларын мекендейтiн, Ош өлкесiн қоныстанған қырғыздарда қазақтағыдай ру аттары жиi кездеседi. Бiрақ бұлардың тарихи шежiресi ерте заманда Енесей мен Алатау арасында көшiп жүрген Оң-хол қырғыздарынан бiраз өзгеше. Абдылдаевтың зерттеуiне қарағанда, iшкi қырғыздар рухани, мәдени тiршiлiгi жағынан қазақтарға көбiрек ұқсайды. Олардың тайпа құрамында қазақтың Арғын, Алшын, Үйсiн рулары өрiп жүр. Бұлар қырғызда кездесе қоймайтын 11-12 буынды жырды “өлең” деп атайды. Мұндағы қырғыздар жырлайтын “Ер Қосайдың” мазмұны қазақтың “Ер Көкше”, “Ер Қосайына” өте ұқсас.
Абылдаевтың зерттеуiнше, “Манас” жырын жатқа айтатындар — Ыстықкөл, Алатау, Нарын қырғыздары. Түстiкке қарай қадам басқан сайын манасшылар саны азая бередi. Iшкi ел арасында бұл эпос жоққа тән десе болады. Соған қарағанда, iшкi ел ХVI ғасырда Тайыр хан мен Хақ-Назар ханның кезiнде қырғызға қосылған қазақтар емес пе екен деп ой толғайды Әлкей Марғұлан.
Қазақ халқының құрамында да ерте заманда Арғынға сiңген қырғыздар аз емес. Олар XVIII ғасырдағы Абылайға ерiп келген қырғыздардан мүлде басқа. Арғынға қосылған қырғыздар Шерiк, Доит, Құсшы, Жүндi қырғыз деп аталады. Олар осы күнгi Қарағанды облысының Қызыларай, Бегазы таулары Ақтау, Атасу, Нұра, Бұғылы маңына қоныстанған. Олар Iшкi Сiбiрден Арқаға ауып келген деседi. Шiлiктен Ұбай, Ноғай, Орыс деген ағайынды үш жiгiт тараған екен. Арқаға ауып келгенi — Орыс пен Ұбай. Олар Ертiс өзенiнен бiр атқа мiңгесiп өтедi. Арқаға бұлардан көп бұрын атасы Шерiк келiп, қазақ (қыпшақ) ханының биi болған. Ол Арқаға қол басқарып, қырық шорасымен келген. Ақтоғай, Тоқырауын қазақтарының айтуына қарағанда, Ер Манас — Ер Көкшенiң баласы-мыс. Оның Аққұла атының жайылған жерi — Бегазы тауының бөктерi. Менiң де кiндiк қаным осы жерде тамған. Бiздi осындағы қазақтар әлi күнге дейiн “қырғыз” деп атайды. Мұхтар Мағауиннiң “Шыңғыс хан” атты тарихи зерттеуiнде Арқадағы қырғыздар хақында егжей-тегжейлi айтылған. Манастың Аққұласы күндiз Бегазы тауының iргесiнде жайылып, түнге қарай шыңына шығып, Тас-ақырдан шөп жейтiн болған-мыс. Осы өңiрдегi кеудесi алтын сандық ақсақалдардың айтуына қарағанда, оның су iшкен тас қазаны Бегазы тауының басында әлi күнге дейiн сақтаулы тұрған көрiнедi. Сол жерде Манас тұлпарының тұяғының таңбасы да бар дейдi. Оны осындағы көне көздер Манастың Аққұласының тұяғынан түскен таңба деп дәрiптейдi. Осыларға қарағанда, “Манас” жыры қазақ-қырғыздың бiр-бiрiнен еншi алып, екiге бөлiнбей тұрған кезiнде туған жыр ма деген ой келедi. Мәселен, Күлтегiн жырында: “Төбеде – Көк Тәңiрi, астында — Қара Жер болғанда” делiнсе, “Манаста”: “Жер — жер болғанда, Су — су болғанда” — деген шумақтар кездеседi.
Қазақ пен қырғыз түу атам заманнан еншiсi бөлiнбеген екi ел, ел болғанда iшкен-жегенiне мәз, езуiнен көбiк аққан тексiз тайпа емес, көрген-бiлгенiн көркем оймен өрнектеген, адамзат тарихындағы саусақпен санарлықтай эпос елi! ХХ ғасырдың екiншi жартысында ел алдына Баянғали Әлiмжанов шыға келiп, көмейiнен “Манас” жырын төгiп-төгiп жiбергенде бұған таң-тамаша қалмаған қазақ, қырғыз жоқ десе де болады. Қырғызбен екi арасы екi аттам Талас қазағы емес, Бiшкектен таң ата салт атпен шығатын болсаң, Көкшетауға бiр-екi күн қонып, әзер жететiн жер. Былайша айтқанда, ит арқасы қияндағы Сарыарқаның баласы арада бiрнеше ғасыр өткенде манасша боздап қоя бередi. Бұл не? Ғафуша айтқанда, қазақ феноменi бұл! Дүниеге “Манас” жыры келгелi қаншама жыл өттi?! Содан берi қаншама тарихи оқиғалар дүниенi дүр сiлкiнттi?! Еуразияда үш мың жылдай патшалық құрған түрiк дүниесi өзi ел қылған орман жұртының тепкiсiне түскелi қашан?! Қырғыздан – қазақ, қазақтан – ноғай айырылды. Қанқұйлы революциялар репрессияларға ұласып, ХХ ғасырдағы екi дүниежүзiлiк қырғын түркiнi түп-тамырынан айырып, ата жаумен ассимиляциялап жiбердi. Кенет Көкшетауда туған қазақтың бiр ұлы атам заманғы “Манас” жырын есiне түсiрiп, қазақша емес, қырғызша сайрай жөнеледi. Бұл не өзi?! Қырғыздың қай баласы бiздiң “Қозы Көрпеш пен Баян Сұлуымызды” жырлап жатыр?! Өзбектiң қай ұлы Мағжанның өлеңiн оқып, тебiренiп жүр?! Түркiнiң бүкiл болмыс-бiтiмi, дәстүр-салты, рухы, жыры да қазақтың қанында, жадында қалған! Соның бiр көрiнiсi осы – Баянғали Әлiмжанов! Мағжанның “Түрiктiң қара шаңырағы – қазақ!” дейтiнi, мiне, осыдан шыққан!
Академик Радлов 1868 жылдары Сахараны аралап, “Манас” жырының “Алмамбет”, “Жолай” тарауларын жазып алады. Сол жолы ол миллион жолдай жырды жатқа айтатын манасшыларды көрiп, аң-таң қалған. “Осыншама өлеңдi қалай жаттап алғансыз?” дегенде, олар: “Бұл жырларды Тәңiрi менiң көкiрегiме құйып, аузыма салған. Мен оны жаттап алмаймын, ол менiң өзегiмдi жарып, өзi шығады!” деген. Менiңше, Баянғали да оны кiтаптан жаттап алмаған, жыр оның түрiк қанында ойнап, түп-тамырында қайнаған! Содан жадында жатталып қалған! Сонау Шоқаннан бастап, кешегi Әуезов, Марғұландардың “Манас” жырын көз майын тауысып зерттеуi кездейсоқтық деп кiм айтады?! “Қанына тартпағанның қары сынсын” деген, мiне, осы.
Баянғалидың бойында көне түрiк жыршысы Ұзанға тәннiң бәрi бар. Ұлы дала жырының уызына жарыған! Ол бiр кезде Абай тезге салып, еуропалық поэзияның мәдениетiн жан-тәнiне сiңiрген қазақтың жазба жырының жағасына жармасып, бiздерше өлеңдi өрнектеп, түзеп-күзеп, оған осы заманғы поэтикалық күрделi иiрiмдердi күштеп, тықпалап жатпайды! Ол бiрнеше ғасырлық дәстүрi бар ауыз әдебиетiнiң iнжу-маржанына кенелiп, ХХ ғасырдың Гомерi Жамбылдың Темiрқазығын маңдайға алып келедi! Жасандылықтан мүлде ада! Тәңiрi аузына не салса, соны айтады! Ол өлеңдi оқырманға емес, тыңдарманға айтады! Қазақ пен қырғызға ғана тән өлеңдi суырып салу өнерi деген, мiне — осы! Сүйiнбай, Кемпiрбай, Әсет, Шөже, Бiржан салдардың аламан айтысы көзден ұшқалы қашан? Сол суырып салу өнерi бiздiң Жамбыл, Исалармен ХХ ғасырдың 50-жылдарына дейiн жетiп едi. Солардың ХХ-ХХI ғасырлардағы көзге шалынар жалғыз қарасы, соңғы тұяғы осы Баянғали Әлiмжанов десе де болады!
Бүгiнгi айтыс ақындарының тыңдарманын ұйыта алмай жүргендiгiнiң түп-төркiнi неде жатыр? Олар өлеңдi көрерменге емес, оқырманға арнап айтқысы келедi! Пушкин мен Абайды, Мағжан мен Қасымды, Жұмекен мен Өтежанды, Андрей Вознесенский мен Евгений Евтушенконы қанына, жан-дүниесiне сiңiрiп алған оқырманды селт еткiзуге олардың шама-шарқы жете қояр ма екен?!
Баянғалиға қараңыз, оны тыңдағанда Баян жыраудан бастап, Асан Қайғы, Шалкиiз, Ақтамбердi, Сүйiнбайлардың жан дүниеңдi балқытар көне де көркем мақамы алдыңнан атойлап шығады: “Байтақ әлем бұл күнде, Қырғыз десе, Манас дейт, Манас десе, Қырғыз дейт, Дәл Манастай қырғыздың, Қасиетiн ешкiм де, Бұл жалғанда бiлгiзбейт!”.
Талант өлеңдi тудырады. Дәлдүрiш – жасайды! Табиғи гүлдiң иiсi бұрқырап тұрады. Жасанды гүл гүлден аумаса да, оның хош иiсi жоқ қой! Мұны оқырман да, тыңдарман да бiлiп қойғалы қашан?!
Мынау Баянғалидың Сәкен серiнiң 60 жылдығында суырып салып айтқаны: “Ұлылар Көкшетауда аз тумады, Дұрыс қой соған лайық сөз туғаны. Тойында Сәкен аға сөйле дедi, Төлеген – жазушы ақын – Қажыбаев, Көкшенiң Қарға бойлы Қазтуғаны! Аман ба Қызылтудың заңғар елi, Сәкеннiң кiндiк қаны тамған жерi. Ақ шаңды аспанға атып жалаңаяқ, Тасында балаң iзi қалған жерi!”. Кәкiмбек Салықовтың 60 жылдығында айтқанына қараңыз: “Ел-жұртың тiлеуiңдi тiлеуде, аға, Әнiңмен ажарлансын жүдеу дала. Оқжетпес жер бетiнде бiреу болса, Кәкiмбек Салықов та — бiреу ғана!”. Бiр айтыста Әселхан ақын бүгiнгi ел байлығын тонап алған ұры-қарыларға қарата, сырттай қарасаң бәрi әдемi, галстук тағып, сып-сыпайы болып жүредi, ал құлқындарын ойлағанда алдарына жан салмайды деп ашына жырлайды. Сонда сөздi iлiп әкеткен Баянғали былай деген едi: “Ұрының ең жаманы — сыпайысы, Болмайды ондайлардың Құдайда iсi. Ұрының қолын шауып тастайтұғын, Бәрiнен жақсы екен ғой Қытай iсi. Билiкке аз ғана күн кетсе жолап, Алады ел байлығын түгел тонап. Қытайдың заңын егер бiзге енгiзсе, Болады пысықтардың бәрi — шолақ!”.
Бейiмбет Майлиннiң 100 жылдығындағы айтыста: “Азамат алдыменен жұртын ойлар, Өз басын күйттегендер мұртын майлар, Заманда нарық қысқан не болады, Елдегi қара табан Мырқымбайлар? Жағдайын Мырқымбайдың не қылады, Қолында билiгi бар Қыртымбайлар?! Туған ел түгi қалмай тоналыпты, Ар-ұят әдiлеттiк жоғалыпты. Кешегi тыр жалаңаш коммунистер, Мыңғырған капиталист боп алыпты!” деген! Өзiн “Мен — Сары тентекпiн” деп, өзiн-өзi жарнамалаған бiр әрiптесiне: “Қалайша мақтанады мына сары, Өзiне бұлай деген жарасады. Бiр кезде сары болу мода болған, Ұмтылған сарылыққа жұрттың бәрi. Мақтанып керегi не, сарымын деп, Дариға-ай, болмаған соң Кенесары!” дептi.
Александр Солженицын ұлы державалық уағызын сарнатқан тұста: “Қазаққа бәле боп тұр Александр, Қатыны күнде үйiнде әлек салғыр! Орыстың парасатты әдiл жұрты, Iргесiн бұл бәледен бөлек салғыр!” дейдi.
“Бөлексiң,Талғар,тамаша, Тұрсың көкпен таласа. Әттең сенiң бауырыңда, Адамдар бар аласа!” дегендi Қасым Талғардың қарлы шыңдарына қарап тұрып, суырып салып айтқан! Қасым өлiм аузында жатқанда оның бiр топ қаламдас-қатарласы хал-жағдайыңды бiлуге қолымыз бүгiн тидi деп келедi. Сонда Қасым: “Кеттiң келмей, шiркiн достар, Жазып роман, жасап жоспар, Қалмаған-ау қолы бостар. Қайдан болсын қолы бостар, Қолдарында толы тост бар. Қайтiп босар қайран достар?!” дептi. Ақынның аузы — дуалы. Ол аузына Алла не салса, соны айтуға тиiс. Пенденiң айтқанын айтпауы керек! Алтын айдарлы ақынның жұмыр басты пендеден айырмасы — осы. Осы ғана!
1995 жылдың тамызында ел президентi Көкшетаудың Еңбекшiлдер ауданына келедi. Ол кiсiнi қарсы алуға дайындық жүрiп жатқанда аудан басшылары ақыннан “Президентке не айтасың?” деп сұрапты. Сонда Баянғали: “Сiз келедi дегелi Бiздiң елге көп болды, Күте-күте өзiңдi Елдiң көзi төрт болды. Сiзге сойған жылқыны, Әкiмдер өзi жеп болды!” — десем қайтедi?!” дейдi. Сонда әлгiлердiң зәре-құты қалмаған!
Содан елге келсе, аудан атқамiнерлерi президент ауылға келiп қала ма екен деп күтiп отыр екен. Ақынның әңгiмесiн тыңдап, мән-жайға қаныққаннан кейiн, аудан әкiмi: “Бiзге де бiр нәрсе айтсаңшы” дейдi. Сонда Баянғали: “Айтайын әкiмдерiң құлақ қойса, Жиналып отыр екен жағып монша. Патшаға өлең айтып келгеннен соң, Әкiмге көңiлiм жоқ менiң онша!” дейдi! Бұдан патшадан да айылын жимаған қазақ ақынының хас тұлғасы көзге ұрып тұр! Мансаптан бәрiн жоғары қоятын шолақ белсендiлерге жасаған қыры! Тура Баянғалидың өз мiнезi! Ол бiреуге бодан болған, маңдайдағы соры бес елi елдiң баласы! Бiрақ өзiн қор сезiнбеген! Ұлы Тұран империясын құрған ата-бабасының аруағы алқап, зор сезiнген! Оның ақындық қуатының алапат болып тұрғаны сондықтан!
“Манас” жыры — күллi түркi дүниесiне ортақ ұлы жыр. Оның оқиғалары мен сондағы кейiпкерлердiң бәрi де осы екi жұртқа етене тән, типтiк дүниелер. Осындағы Көкаман (көзқамандар) — Жақыптың қандас туғандары. Бiр қанды қырғында Қытай әскерiнiң қолына түсiп сонда тұтқын болып қалып қояды. Кiндiк кесiп, кiр жуған ел-жұртын ұмытқан. Ата дәстүр-салтын тәрк еткен. Тұла бойында түрiктiк қасиеттен түк қалмаған. Дiлi де, тiлi де, дiнi де — бөтен. Кейiн Манас ат жалын тартып мiнiп, азамат болып, қол бастап шыққанда сол көзқамандарды жау қолынан босатып, елiне алып келедi. Түрi – қырғыз, тiрлiгi – шүршiтке айналып, көлгiрлiк пен күн көрудiң қамына түскен күйкi көзқамандар Ежен ханның жансызына айналып, қырғыз жұртын қырықпышақ қылады. “Манастың” Саяқбай Қаралаев нұсқасында ежелгi жау Қоңырбай ел iшiнде бүлiк салу үшiн көзқамандарды Таласқа жiбередi. Ақыры олар басқыншылармен жемтiктес болып, Манасты улап өлтiредi.
Арада бiрнеше ғасыр өткенде сол оқиғалар тарихта қайта қайталанды. Қасиет болып қайталанса бiр сәрi, қасiрет болып қайталанып отыр ғой! Қырғызстанға қараңыз: совет өкiметi кезiндегi қасiретiн қайта қозғамай-ақ қояйық. Тәуелсiз ел болғалы қырғыздың көңiлi көншiп, көсегесi көгерiп кеттi ме? Бұған кiм кiнәлi? Кешегi көзқамандар, бүгiнгi мәңгүрттер кiнәлi! Басқа ешкiм де емес! Ал ендi қазаққа қараңыз: қазақтың ұлттық тәуелсiздiгiнiң қадiр-қасиетiне жете алмай, орман ұлысына қарап ұлып отырған кiм? Тағы да – осылар! Ұлттық байлықты бұрынғы қожайындарымен қоса бөлiсiп алып, мұртын майлап, мыңғырып отырғандар кiмдер? Тағы да – осылар! Өзiнiң ана тiлiнiң мемлекеттiк мәртебесiне ата жауындай аттандап қарсы шығып отырғандар кiмдер? Осылар – “Манастағы” көзқамандар, бүгiнгi мәңгүрттер әулетi!
Қазақтың басына күн туған кезеңде Көк Тәңiрi Арқаның бiр баласының аузына “Манасты” салды! Бiзге Баянғалиды жiбердi ғой! Алла тағала Алашты қауiп-қатерден, зұлматтан сақтап, әлi қорғаштап тұр! Алланың көңiлi – Алашта. Ал Алаштың көңiлiнiң қайда екенiн бiр сайтан бiлмесе, әлi ешкiм бiлмейдi…
***
Тәуелсiздiктiң алғашқы жылдары Көкшетау көшесiне Жүсiпбек Аймауытовтың аты берiлiп, соны бiр-екi орыс таба алмай, Баянғалидан жөн көрсетудi сұрайды. Сонда Баянғали: “Аймауытов – репрессированный великий казахский писатель. Шестьдесят лет предавали его имя забвению, теперь можно шесть часов поискать его улицу!” — деген екен. Бұл — өлеңге бергiсiз, жатқа есесi кеткен жампоздың жан даусы, азалы өксiгi, ақынның аузынан шыққан айыптау актiсi!
Ол алақанына қан уыстаған совет өкiметiнiң кезiнде Мағжанның “Батыр Баянын” жырлап жүрген жiгiт болатын!
Талантты адам – қанатты құс секiлдi, көкке көтерiлмесе көңiлi көншiмейдi. Аспанға ұшса, өзiмен бiрге Алашын да ала кетедi. Бiз қазақтан шыққан кез-келген қанатты, талантты адамға ерекше iлтипатпен қарауымыз керек. Олардың қай-қайсысының болсын түбiнде таудай бiр-бiр тұлға тұрады. Баянғалидың да ар жағы түпсiз терең — Керей Жәнiбек, бергi жағында — Батыр Баян, Бiржан сал, Ақан серi, Мағжан тұр ғой! Арада қаншама ғасыр өткенде атам заманғы “Манас” жыры осы баланың жадына оралды. ХХ – ХХI ғасырлардың көш керуенiнде Алаш пен Манас осы баланың жұдырықтай жүрегiнде келiп қайта тоғысты!
Баянғали – Ақын! Ақын болғанда да ұлы дала төсiн бiрнеше мың ғасыр дүбiрлеткен көшпендiлер өркениетiнiң тiрi қалған бiр өкiлi! Бiз барлық болмыс-бiтiмiмiзбен Абайға, Мағжан, Қасым, Мұқағали, Жұмекендерге жақын болсақ, ол бiзден гөрi Бұқар Жырау, Сүйiнбай, Орынбай, Тезек, Түбек, Исаларға жақындау, көрiнгенге бас имеген Көк Түрiктiң – өр заманның өкiлi, бiр кезде бай-бағлан, шынжыр балақ, шұбартөс болған ата-бабаларымыздың аузынан түскендей жыршы-жырау, бүгiнгi бiздiң күйкi тiршiлiгiмiзге мүлде кереғар, көне заман, көшкен мәдениеттiң перзентi! Сондықтан бiз оны аялап сақтап, ардақтап ұстауымыз керек. Ұлы дала жырының уызына жарыған Одан айырылсақ, онымен бiрге ұлтымыздың бүтiндей бiр ұлы мәдениетi көзiмiзден бiр ұшуы мүмкiн. Тәңiрi Баянғалидың ғұмыр жасын баянды қылып, Алаш пен Манастың арасын айыра көрмегей! (Бұл эссемдi Арқадағы айтулы айтыс ақыны, айтыстан докторлық диссертация қорғаған Қойлыбай Асанға арнадым. Неге арнағанымды Қойлыбай да, Баянғали да iштерiнен жақсы бiледi…).
Серiк АҚСҰҢҚАРҰЛЫ