2019 жылдың 4 сәірі мен 5 сәуір күндері Шығыс Қазақстан облысы Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен Семей және Өскемен қаласының мәдениет сарайларында, қазақтың дәстүрлі және халық әндерін кеңінен насихаттап жүрген Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті – Елбасы қоры сыйлығының лауреаты, Мемлекеттік стипендияның иегері, дәстүрлі әнші Ерлан Рысқалидың «Маңмаңгер» атты шығармашылық кеші өтті. Кеш «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында ұйымдастырылған болатын.
Кештің иесі Ерлан Рысқали бабадан қалған асыл мұра дәстүрлі ән өнерін бойтұмардай қастерлеп, Англия, Лондон, Франция, Брюссель, Германия, Италия сынды Европа мен Азия елдерінде жеке концертін өткізіп, қазақтың дәстүрлі ән өнерін өзге жұртқа кеңнен нәсихаттап жүрген өнерпаз.
Шығармашылық кештің ашылуы Байжігіт атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрінің орындауында Байжігіттің «Көксерке» күйімен басталды. Одан кейін Ерлан Рысқалидың орындауында А. Құнанбаевтың «Көзімнің қарасы», М. Жагорқызының «Дудар-ай», Е. Зейіпханның «Көк тудың желбірегені», Ақан серінің «Балқадиша», «Маңмаңгер» сынды халық арасында кең тараған әндерімен жалғасын тапты. Шығармашылық кеште Әділ Тұрғанбаевтың жетекшілігіндегі шығыстың өнерпаздары «AnSalDar» тобының орындауында және жас дарынды әншілер Алпыс Жақиянов, Абылайхан Бақыттың әсем әндерімен жалғасты. Кеште көрермендерге бабадан мирас болған қазақтың салт-дәстүрлері мен тіл, музыка мәдениеті, әдеби жоралғылар мен өнеге-өсиеттер жеткізілді.
Концерттік кешке келген Өскемен қаласының ақсақалдары мен әжелер қауымы, Әлеуметтік қорғау мен Білім басқармаларының, «Үлбі» орталығының, Қазақстан жазушылар одағының, қалалық өндіріс зауыттарының ұжымдары және Ұлан ауданы мен Нұрлыкөш кенті тұрғындары үлкен-кішісі аралас тамашалады.
Шара соңында облыс әкімінің атынан арнайы ықылас гүлі табысталып, көрермен қауым ризашылықтарын білдірді.