Жаңалықтар

Тұрсынбек Кәкішев. «Өзі адасқаннан аман ба?» деп алаңдаймын…

Тұрсынбек КӘКІШЕВ, әдебиеттанушы-ғалым:

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы «Дін мен дәстүр» атты жаңа жобаны бастап, оның 1-ші кітабын жарыққа шығарған екен. Бұл игі бастаманы Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы өзі қолға алып кіріскенін сезіп отырмыз. «Істің қалай біткеніне емес, қалай басталғанына қарар болсақ», көңіл қуантарлық жоба екені көрініп тұр. Қолымыздағы 1-ші кітаптың бас-аяғына көз жүгіртсек, бес параграфтан тұратын оқулық формасында жазылыпты. Аздан көпке, таяздан тереңге дамытқан ой-пікірлер ұғымды, жеңіл, түсінікті тілмен баяндалыпты. Аяттар мен хадистер орынды келтірілген. Қазақ халқының өмірімен, тіршілігімен тығыз сәйкестендіріп үйлесімділік тауып тұр.«Қолыңыздағы кітап сондай игі бастаманың жемісі. Мұнда қазақы әдет-ғұрыптардың басым бөлігінің имани ұстанымнан алынғандығы туралы әңгімеленеді», – депті Бас мүфти Ержан қажы. Өте орынды. Ислам діні өмірге келгелі 1400 жылдан асты десек, біздің ата-бабаларымыз өз қалауымен дін ретінде қабылдай бастағалы 1200 жыл шамалы уақыт болыпты. Жеті өлшеп бір кесетін біздің ел бірден «елп» ете қалған жоқ. Өзінің өмір сүру ережесімен, салт санасымен, дәстүр-әдетімен санасып барып, қабылдап еді. Әсіресе, бір тәңірлік, бір құдайлық сенімінің дәл келуі бұл дінге деген құрметін оятқан болатын. Сол күнге дейін айтып келген көк тәңірісі сол Алла екеніне көздері жеткен соң, «Алла – бір, Кұран – шындық, пайғамбар – хақ» деп кәлимаға тілдерін келтіріп, «Алладан өзге тәңір жоқ, Мұхаммед – оның елшісі» – деп серт еткен. Міне, содан бері хақ жолды тапқан халқымыз адаспай, айнымай келе жатыр. Ешкім де «біз қателесіппіз, былай еді…» – деген емес. Өйткені исламның ұстанымдары қазақтың ұстанымына, дәстүріне, дүние-танымына бірдей еді, ешбір қайшылық тудыратын алауыздықты көрген де, айтқан да жан болған жоқ. Бұл жол 1200 жыл барысында өмірімізге дендеп кіріп, біте қайнасып кеткен болатын. Мақал-мәтелдеріміз, ізгі амалдарымыз Құран құдіретіне жақындап қанымызға, жанымызға сіңіп кетті. Ғұлама имам Әбу Ханифаның мазһабы біздің діттеген жерден шыққандықтан да, ақылды бабаларымыз Ханифа мазһабын жол ретінде таңдады. Әдет-ғұрыптың дінге қарсы келмейтін өнегесінен пайдалану мәселелерге үкім шығарғанда, ұлттық ерекшелікпен санасу халықтың қажетіне жарады.

Жастардың топ-тобымен кәлимаға тілін келтіріп, өткен заманның зардабынан құтылып жатқанын көріп қуанып жүргенде, бойымызды үрей билейді. Ендігі жерде дінге келген жастарды көрсек «өзі адасқаннан аман ба екен?» – деп алаңдайтын болдық. Дінін жоғалта жаздап, қайта тауып жатқан ұлтымыздың ту сыртынан карап отырған әлдекімдер қысылып тұрғанда, қамтып қалғысы келіп, тап берген екен де, өздерінің өтпей жүрген идеяларын базарға салып, біраз бауырлардың басын ауыртыпты. Оқып келгені бар, тартылып жатқаны бар, олар ғұрып-әдетімізге, өмір-салтымызға қарсы шығып, бара-бара ұлтты тәрк етуге дейін барды. Тарихты асыл дінімізді зерттеп үйренудің орнына қожайындарының бұйрығына әдеттенген әпербақандар елді ала тайдай бүлдіріп, қалыптасқан асыл дінімізге кір келтірді.

Міне, осындай кезде қарап отырмай, ел болып, билік болып бүлікке, бөлшектенуге қарсы «майдан» ашты. Бұл өте құптарлық. Діни басқарма шұғыл кірісіп, имамдардың қызметін, уағыздың жүйесін реттеді. Жер-жердегі молдаларды бірауыздылыққа келтіріп, мешіттер жұмысын бір дін, бір мәзһаб жүйесіне келтірді. Осындай оңды бастамалардың жүруі үшін көптің көзін ашатын, ойын тұрақтандыратын сапалы кітаптар керек еді. Осы мәселенің де дер кезінде қолға алынғанына да куә болып отырмыз. Қолымыздағы «Дін мен дәстүр» атты кітап осы сөзімізге дәлел. Кітапты көбейту арқылы сауатты мұсылмандардың санасына жеткізе беру керек.

Бұл кітаптың өзге діни кітаптарға қарағанда өзгешелігі – ұлттық сипатында. Біздің өмірмен сұрыпталған ғұрып-әдеттерімізбен, таңдаулы дәстүрлерімізбен діннің бірлігін түсіндіріп, қазақ халқының әуел бастан тура жолда екенін, өткен ғасырлардағы сахабалар жеткізген діннің шып-шырғасы бұзылмай сақталып келе жатқанын дәлелдейді. Мыңдаған мақал-мәтелдерге сіңіп кеткен имандылық рухы – өнегеміз, ұстанар қағидамыз. Жүздеген ақын-жырауларымыз қалдырған толғаулар мен дастандар асыл дініміздің таптырмас нәсихаты. Бұқар жыраудың «Бірінші тілек тілеңіз, Бір Аллаға жазбасқа» – деп басталатын даналығынан бастап, барлық арғы-бергі ақын-жыршылардың өлең жолдарынан үзінділер келтірілген. Әр бөлімін оқыған сайын ризалық сезіміне бөленесің.

Құранда: «Әй, адам баласы! Шүбәсіз сендерді бір ер, бір әйелден (Адам ата мен Хауа анадан) жараттық. Сондай-ақ бір-біріңді тануларың үшін ұлттар, рулар қылдық. Шынында, Алланың қасында ең ардақтыларың – тақуаларың. Алла толық білуші, әр нәрседен хабар алушы» (Хужурат сүресі, 13 аят) дейді. Көріп отырғанымыздай, Алланың өзі айтып отыр: біздің қазақ болуымыз да Алланың қалауы. Әрі тегіңнен айнып, өзге ұлтқа айнал деген жоқ. Өз орныңда, өз ортаңда ақиқатты таны, адамша өмір сүр. Тақуа, шыншыл бол деп отыр.

Бізге Мұхамед пайғамбардың (с.ғ.с.) жолы, Ханафи мәзһабы үйлеседі, ол тарихтың сынынан өткен. Міне, осы іздеген нәрселерімізді қолымыздағы кітаптан табамыз. «Жас келсе, іске» – деген оңды бастамаларыңыз орындала берсін. Діни бірлік – тәуелсіздігімізге, ел ертеңінің жарқын болашағына нық қызмет етсін!

Abai.kz


Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*