Жаңалықтар

«Сұлубайдың әні» кітабы төрт тілде жарық көрді(Видео)

Алматы қаласында Ғалым Жайлыбайдың «Сұлубайдың әні» кітабының тұсаукесері өтті. «Ер Жәнібек» халықаралық қоғамдық қорының қолдауымен жарық көрген кітап қазақ, түрік, орыс және ағылшын тілінде жарық көрген.

«Сұлубайдың әні» атты дастанның тұсауын Халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов, академик, дінтанушы Әбсаттар қажы Дербісәлі, көрнекті жазушы Марал Ысқақбай, мемлекеттік сыйылықтың иегері Сәбит Досанов, Жазушылар Одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, ұйғыр әдебиетінің ақсақалы Ахметжан Әшири, ардагерлер кеңесінің төрағасы Хамит Біржановтар кесті.

Бұдан бөлек шараға қоғам қайраткерлері, көрнекті ақын, жазушылар, академикатер Балташ Тұрсынбай, Дандай Ысқақ, Ханкелді Әбжанов, Бибігүл Иманғазина, Күләш Ахметова, Ислам Жеменей, Тынымбай Нұрмағанбетов, Бейбіт Қойшыбай, Жақау Дәуренбек, Уәлихан Қалижан, Темірхан Тебегенов, Нұртілеу Иманғали, Кенжехан Матжан, Жұмабай Баяхмет, Жәди Шәкен, Алмас Ахметбек, Мағиза Құнапия сынды азаматтар мен Алматы әкімінің кеңесшісі Мамай Ахлет және кітапханалар жүйесінің қызметкерлері, ЖОО-ның түлектері қатысты.

Ғалым Жайлыбай, ақын: «Сұлубайдың әні» кітабының жазылуында Қытай қазақтарынан жетіп жатқан түрлі хабарлар әсер еткен болу керек… Мен енді ол жақты көп аралаған қазақтың бірімін. Сұлубай деген ақын өткен. Оспан батырдың көтерілісіне қатысқан. 37 жасында опат болған. Сол кісінің:

« Басында мәуесі жоқ қу қайыңның,

Жігітке пайдасы жоқ уайымның.

Сан жердің дәмін татып, суын іштім,

Білмеймін қайда аларын құдайымның. Қайқая шапқан қарагер, Қайрылар ма екен қара жер» – деген әні бар. Сол қатты әсер етті. Жалпы, мен көп іздендім. Сегіз бөлімнен тұратын поэма жазып шықтым. Бұның ішінде көп дүние бар деп ойлаймын.

Жүрсін Ерман, ақын: Бүгін қазақтың көрнекті ақыны Ғалым Жайлыбайдың «Сұлубайдың әні» деген кітабының тұсауын кесейін деп тұрмыз. Ғалым кітап шығармай жүрген адам емес. Соңғы жылдары шығармалары молынан жарық көріп жүр. Мына кітаптың ерекшелігі, бұл төрт тілде жарық көрген кітап. «Сұлубайдың әні» деген дастаны қазақша, түркіше, орысша, ағылшынша басылып, баспадан қанат қағып ұшып, халықтың қолына тиіп жатыр. Бұл дастанның тақырыбы да күрделі. Қазір біздің арғы беттегі қандастарымыздың басына күн туып тұрған кезде дер кезінде жазылған кітап. Қазақтың арғы бетте де біраз батырлары болған. Кешегі Оспан батыр, Зуқа батырлар Тәуелсіздік үшін арпарысқан. Мына Сұлубай да батыр, сері, сал, тағдыры шерлі адам. Сол себепті бұны шерлі дастан деп атауға болады. Сол Сұлубайдың бізге жеткен әнінің негізінде ақынның жүрегіне шоқ болып түскен. Бұл әлі талай әңгімеге арқау болатын дастан. Жалпы, Ғалым дастан жазуға бейімделіп жүрген үлкен ақындарымыздың бірі.

Жеңіс Түркия: «Ер Жәнібек» қорының президенті: Бүгін шығып отырған «Сұлубайдың әні» кітабы өткен ғасырдың 1930-1940 жылдары Қытайдығы қазақ халқының тағдырын бүгінмен ұштастырған кең көлемде жазылған үлкен шығарма деп отырмыз. Жалпы, бұл поэма, тарихи роман емес. Сондықтан онда адамның сезімі, табиғаты, ерлігі туралы толық баяндалған деп айта аламын. Қазақи жүрегі бар адамдарға бұл өте түсінікті, тың туынды.

qazaqtimes.com

Теги: ,

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*