Тоқсаныншы жылдың басы ма, әлде сексен тоғызыншы жылдың аяқ кезі ме екен, Моңғолиядағы қазақтар тұратын Баян-Өлгей аймағында шығатын «Жаңа Өмір» деген қазақ тіліндегі гәзеттің моңғолша қосымшасында «Хараал ерөлөөр солигдох нь ч бий» деген шағын мақала шықты.
Оспан Исламұлының туғанына 120 жыл толуына орай
(тарихи эссе)
Бірақ, осы шап-шағын мақаланың әсері керемет болды. Себебі, қырық жылдай уақыт бойы Қытайда да, Моңғолияда да «банды, қарақшы» деп, айыпталып қара халыққа солай насихатталған Оспан Исламұлы туралы алғаш рет нақты шындықтың баспасөзде шығуы «коммунистік идеологияға» уланған елдің санасын селк еткізіп, ақиқат көзін ашып жібергендей болды.
Өйткені, Совет елінде басталған «жариялылық» атты баспасөз еркіндігі Моңғолияда да «ил тод байдал» деген атпен әсер ете бастаған кез еді. Бұған дейін елдегі коммунистік баспасөзде ел ішіндегі шындық та, өткен шақтағы тарихи оқиғалар да жазылмайтын-ды. Қызыл партияның жиналыстары мен қияли жоспарларының өмірден алшақ қасаң қағидалары ғана басылым бетін толтыратын-ды. Соған әбден еті үйренген халыққа мына мақаланың мазмұны ашық күні жай түскендей әсер еткені анық.
Мақаланың авторы сол кездегі армия офицері, қазіргі белгілі қаламгер ақын Сұраған Рахметұлы еді. Мақаланың тақырыбын сөзбе сөз аударсақ «Қарғыстың алғысқа айналтын кезі келді» болатын. Ал, мазмұны әрине, «Банды деп жүргеніміз батыр болып шықты» дегенге саяды. Расында, Шығыс Түркістан өңіріндегі қазақтардың ата мекені саналатын Алтай, Іле, Тарбағатайды дүр сілкіндірген «ұлт азаттық көтерілістің батыры» Оспан батыр туралы қырық жыл бойы ауызға алынбаған ақиқат алғаш рет сөйтіп көпшілікке жария болды.
Ал, ондай көтерлістің шығу себебі, Сталинмен ауыз жаласқан сол кездегі Шыңжанға бүтіндей өкімін жүргізген гоминдан өкіметінің жандайшабы Шың Сый Сай сондағы қазақтың елбасы ақсүйектерін ұлы құрылтай болады деген аярлықпен Үрімжіге шақырып алып, түгел түрмеге қамап, жазықсыз жазалай бастауынан туындады. Оның арам пиғылында, бассыз қалған елге Қазақстандағы қазақтарға жасалған «геноцидті» жасамақ жоспар жатқаны анық болатын. Алайда, бұған дейін де Манжурия билігіне сырттай бағынышты болып, ішкі билігін сақтаған, намысы мен ділін, дінін таптатпаған шығыс қазақтары бұндай өктемдікке көне салмады.
Шығыс қазағының рухани көсемі Ақыт қажыдан бастап, елбасы хан тұқымы Жанымхандармен қостап жүздеген жақсы-жайсаңдар ұсталып кетсе де, артында солардың оң қолы секілді ақылы мен алғырлығы сай ел азаматтары да аз емес еді.
Солардың бірегейлері Ақтеке би, Ноғайбай сынды ел ағалары алғаш рет қарулы көтерілісті бастап кетті. Қазақ жұртын «жабайы» санайтын Шың Сый Сай қатты састы, «келісімге келу» деген аяр-қулыққа көшті. Алайда, дұшпан мен досты айыра білетін дана көкірек көшпенді жұрты өліспей-беріспейтін шақтың туғанын, аумалы-төкпелі кезеңнің келгенін нақты білгендіктен, «Оспан батырдың көтерілісі» жалғасып, қазақ жадынан өшпейтін әйгілі ерлік тарихы басталған-ды.
Бірақ, осы даңқты көтеріліс туралы Советтік бодандықта қалған Қазақстандағы қалың қазақ жұрты ұзақ жыл бойы хабарсыз жатты. Алпысыншы жылдары Қытай шекарасынан асып өз еліне оралған жүз мыңдаған саналы қазақтар бұл туралы тіс жармай, бүкіл сырды ішіне сақтайтын.
Бір қызығы Оспан батыр туралы моңғолиялықтар жақсы білетін еді. Жақсы білетін дегенде кейінгі «социалистік» буын өкілдері «банды, қарақшы» деп, бұрынғы ескі көз адамдар «хас батыр» деп білсе де, іштей тынатыны белгілі жәйт қой.
Сөйіп, Моңғолияда жетпісінші жылдары «Хил дээр» («Шекарадағы шайқас») деген көркем-фильм отандық кино өндірісінен экранға шыққан болатын. Әрине, көркемфильмде шекаралық соғыста қаза тапқан моңғолиялық шекарашылар Тэгшээ, Даваажав секілді әскерлердің ерліктері насихатталғаны белгілі. Алайда, бұл фильмде Оспан батыр туралы бірнеше эпизодтың шындық бойынша көрініс табуы көрерменнің есінде қалғаны анық.
Оспан батыр өз соғыс тәсілінде ақ боз атымен жаудан қашқан болып көрініс жасаған сайын, артынан қуа атқандарды алдау үшін ат бауырына түсіп кетеді екен, қуғыншылар оқ тиді деп мәз болып қала береді, міне әлгі кинода осы көрініс жақсы шыққан еді. Екіншісі, Оспан батыр өзі қосынынан он есе көп қытай әскері қоршауға алмақ болып ұмтылғанда, елу әскері елу жаққа сай-салаға бытырай қашып, қайсысын қуарын білмей топтана аңырып қалған жау тобына қайта қоршай шабуыл жасап, құралайды көзден ататын дала қырандары ат үстінде шауып келе жатып, әрбірі оншақты жау әскерін көзді ашып-жұмғанша жалманынан түсіріп, бүтін отрядты қырғындап кете барады…
Ал, Қазақстандағы қалың қазақ жұртының Оспан батырдан хабардар болуы тек қана тәуелсіздік кезеңі басталған тоқсаныншы жылдардан кейін ғана мүмкін болды. Тоқсаныншы жылдың ортасында «Жұлдыз» журалына жазушы Сейітхан Әбілқасымұлының «Оспан батыр» атты романы жарияланды. Журналдың қалың оқырманы және қазақтың қаламгер қауымы да осы роман арқылы алғаш рет Оспан батыр туралы нақты мағұлмат алғаны даусыз (Кейін «Ана тілі» баспасынан 2001-жылы жеке кітап болып шықты).
Сейітхан Әбілқасымұлы Қытайдағы «мәдени төңкеріс» нәубетінен қудаланып жетпісінші жылдары Моңғолияға шекара арқылы қашып өткен адам. Сол елдің астанасы Уланбатыр қаласында жиырмадай жыл тұрғанда «Қара боран» («Хар шуурга») атты роман жазып моңғолиялық оқырмандарға танымал болды.
Ал, марқұм жазушының «Оспан батыр» туралы романының жөні тіпті, бөлек десе болады. Өйткені, Оспанның қосынында болып, талай соғысты бірге бастан кешкен сарбаздармен Секең жігіт шағында бетпе-бет кезігіп, жанды оқиғаларды жадында сол қалпы сақтағаны роман оқиғасынан анық көрінеді. Оспанның қандыкөйлек достары Ырысхан, Сүлеймен, Бүркітбай, Жылқайдар, Қапас, Қабай, Әселбай, Мұса, Келес, Жәмшитхан, Тоқтаған, Зенков, Рахадыл… бастаған адал, ержүрек сарбаздарымен бірге он жыл бойы алпауыт жаумен қайыспай соғысқан ерлік жолы бұл романда жанды күйінде шынайы кестеленген. Оспан батыр өзінен он, жүз есе көп, қаруы сай жазалаушы армиямен қалай тең дәрежеде соғыса алғандығының талай құпиялары ашылады.
Көтерісшілердің ең негізгі қаруы қолындағы бесатар бердеңкелері болса да, одан да артық қаруы иесінің ыңғайын қалт жібермей танып шұғыл қимыл жасауға шебер астындағы ақылды жарау аттары екенін айтпауға болмайды. Алайда, одан да артық қару-тәсілдері көтерілісші ерлердің жер жағдайын жіті білетін, соған сай ілезде көз жаздырып не тап беріп бас салатын көшпенді ұрпақтарына ғана тән алғыр қимылдары еді. Бірақ, одан да артық қару-тәсілдері діні мен ділін қорғауда, халқы үшін жанын құрбан етуден тайынбайтын кез-келген сәтте бетпе-бет ұрыста арыстандай ақырып тап беретін батырлығы еді.
Көтерілістің бастау алған өлкесі Қара Ертіс өзені жартастарына шапшып ағатын, қия-жартас пен сай-салаға толы асқақ шың-құзды әйгілі Алатай таулары болғандықтан, бұл гоминданның жазалаушы отрядтары үшін үрейді ұшырған алдырмас қамал секілді көрінетін. Ал, арнайы казармасы мен штабы жоқ көтерілісшілер үшін бұл олардың сенімді бекінісі әрі қай кезде де ас-сусыз қалдырмайтын панасы іспетті еді.
Міне, «Оспан батыр» романында төрт мезгілдегі табиғаты бір-біріне ұқсамайтын әрі қатал, әрі қайырымды осы Алтай өлкесінің ғажап суреттері мен сондағы болған қиян-кескі соғыстар дәл уақытымен, әскер санымен, қандай ұрыс тәсілдерін қолданғандығымен түгел айна-қатесіз суреттеліп жазылған.
Жоғарыдағы фильмде қысқаша сөз етіп кеткен, көшпенділерге ғана тән шайқас тәсілдері, мәселен арнайы жоспар жасап, кәсіби әскер басшылары басқарып келе жатқан ауқымды жаудың қарсы алдынан олар кездейсоқ ұшырасып қалған секілді көрініс жасайды. Содан тау жастана бөктерге қарай асығыс қашып, өздері қоршауға түсіп қалғандай әсер қалдырып, сөйтіп жауды алдандырып, алдын ала келісіп қойған өздері жақсы білетін жасырын тау сілемдері мен кезеңдерден ілезде асып, екі топқа бөлініп алады да, бірі өздерін қуған жаудың артынан тап бергенде, келесі тобы қолайлы тұрғыны иеленіп алып, ең әуелі әскерлерден киім киісі бөлек көрінетін қолбасшысын көздеп атып, басқарушысыз қалып есі шыға ұйлыққан жазалдаушыларды бір-бірден қадап атқылап осылайша өздері ешқандай шығынсыз аман қалған кездері өте көп.
Кейде көтерілісшілер тау етегінен жазыққа қарай тым-тырақай қашқан көрініс жасап, өздері білетін тақыр даланың қойтастарына дейін жауды таятып алып, ашық алаңда андағайлып келе жатқан жауды оқтары жерге түспейтін қыран көз ерлер түгін қалдырмай жусатып салатын еді…
Көтерілістің алғашқы жылдарының бірінде Шын Сый Сай көтерілісшілерді бас көтертпей тас-талқан етем деген дәмемен, арнайы маманданған атты әсер полкін Көктоғай өңірінде қорғаныста жатқан Оспанның қару-жарағы әлсіз, саны аз қосынына арнайы жібереді. Екі-үш күн атыста біраз сарбазы шығындап қалған Оспан келген жаудың қатерлі екенін біле қояды. Сондықтан, дереу басқа тәсіл қолданып, Ышқынты деген оңаша биік шоқыға қарай бір топ сарбазын әдейі жібереді. Аңдып жатқан жаудың атты әсері оларды түре қуып, олар шоқы басына жеткенде әскерінің көптігімен төмен қуып түсіріп өздері ең биік қолайлы тұрғыны иемдендік деп, мәз болады. Көтерісшілер шабуыл жасаса болды, арнайы мергендер арқылы баудай түсіріп құртамыз деп, ойлайды. Оспан батырдың да көздеген мақсаты осы еді. Енді, өздері шоқының етегін түгел қоршап, үн-түнсіз жатып алады. Полктың төменге күзетте қалған аз әскерін жау-жаламға келтірмей жайпап тастайды да, қалдырған ат-көлігі мен азығын иемденіп алады. Полк генералы сонда ғана алданғанын біледі, шоқы басында бес күн бойы қоршауда аштық пен шөлде қалған әскерлер, Бала Ертіс өзені жақтағы ашық қалған кетікпен шұбырып түсе бастағанда етекте аңдып жатқан мергендер ілініп-салынып шаршаған әскерді баудай түсіреді. Тірі қалғандары Ертіс өзеніне тоғытылады. Оспан бұл жолы жазалаушы полктің әскер басын өз қолымен өлтірген. Бұл ерекше жеңіс көтерілісшілерді одан әрі рухтандырса, жауды мүлде састырған еді.
Міне, мұндай біріне-бірі ұқсамайтын ұрыс тәсілдері кітаптың басынан аяғына дейін сериалдай көз алдыңыздан өтеді.
Осындай қаншама отрядтарынан айырылған қытайдың әскери басшылары тығырыққа тірелді. Өздері «жабайы қарақшы, банды» деп атаған адамдардың алғыр ақылына, алдырмас тәсіліне, қайсар ерлігіне еркіксіз тәнті болады, енді шын келісімге келуге ұмтылды, жауынгер қазақтарды өз әскерінің көптігімен, өкіметінің күштілігімен жеңе алмайтынына көздері жетеді.
Міне, бұл Оспан батырдың шын жеңісі еді. Он жыл жалғасқан ұлтазаттық көтеріліс шығыс қазақтарының даңқын дүниежүзіне жайды. Әрі жас баладан, қарапайым халыққа дейін намысын таптатпайтын ерлікке тәрбиелеп елдің рухын асқақтатты.
Бұл аралықта өзінің жауыздығыменен дүниенің үрейін ұшырған Коминтерннің басшысы Сталиннің өзі Оспан батырды бағындыру үшін қазақтың өз ішінен тағайындалған генарал Дәлелхан Сүгірбайұлы арқылы тіл табысуды қолға алған «Шығыс Түркстан Республикасы» дейтін аса күрделі тарихи оқиғалар да өтіп жатты…
Алтай елінің шығысында жатқан тәуелсіз ел болып саналатын Моңғолияның сол кездегі атақты маршалы Чойбалсан арнайы келіп, Оспан батырмен ресми келісімдер жүргізіп, тең дәрежелі дипломат қатынас жасауының өзі, әлем тарихында қалған атақты көтерілісшілерден де кей жағдайда қазақ көтерілісшілерінің артық болғанын көрсететін сирек оқиға десек артық айтқандық емес.
Расында, Оспан батырдың ұлт азаттық көтерілісін Ливияның ұлт батыры «Шөлдің арыстаны» деген даңққа жеткен, басқыншы Италияндықтармен жиырма жыл бойы соғысқан Омар Мұхтарға ұқсатуға болады. Ол да асындағы ақ тұлпарымен, қолдарына бердеңке ұстаған жанкешті сарбаздарымен бірге Италияның танк, бронды әскери мәшинелерімен қаруланған армиясына үнемі күйрете соққы береді. Ақыры италяндық басқыншылар адамшылықтан ада әрекет жасап, көтерілісшілерді азықсыз қалдыру үшін бүкіл Ливия ауылдарын тікенді тормен қоршайды. Осындай масқаралық жолмен ғана көтерілісшілерді қоршауға түсіреді. Қолға түскен Омар Мұхтар дараға асылар алдында «Мен, бізге Құдай нәсіп еткен жерімді қорғау үшін соғыстым және тағы мендей Омарлардың туып азаттыққа жетуі үшін соғыстым» дейді.
Ал, Оспан батыр алты аласы, бес бересі жоқ қазақ жерін басып алған басқыншылармен ғана соғысып қойған жоқ, дінсіз қызыл коммунистердің зорлығына бас имей, асыл дінін де қорғап бұл дүниедегі кез келген пенделердің жете бермейтін ең биік шәйт дәрежесінде бақиға аттанды.
Жауы да оның рухының биіктігін іштей мойындап, ұрпағына да, артында аман қалған қандыкөйлек сарбаздарына да тиісуге батылы бармады, міне бұл Оспан батырдың көздеген мақсатына жеткендігі еді.
Артында аман қалған адал халқы Оспанды өз жүректеріне жерледі, асыл бейнесін, даңқты ерлігін ұмытпай кейінгі ұрпаққа қаншама дастан, жыр, әңгіме, зерттеулермен жеткізді.
Бодандық қамытынан жаңа шығып, құлдық құлықтан енді-енді арыла бастаған қазақ деген жанкешті халық біз, өз асылдарымызды шын танитын күнге жетсек, халқының азаттығы үшін жанын пида еткен Исатай-Махамбет, Кенесары және большевик қырғынында халқын қорғап советтік идеологияның кесірінен аты ел есінен әдейі ұмыттырылып белгісіз қалған қаншама батырлар мен Алаш арыстары сынды қаһармандардың қатарында Оспан батырдың да тұруға тиісті екенін білер едік.
Егер, сондай саналы ұлт бола алсақ, мектепте өзіміз тарихтан оқыған басқа елдердің көтеріліс басшылары Спартак, Пугачевтерден артық болмаса кем түспейтін Оспан батырға «Тау барысы» деген ат беріп, ұлттық идологиямыздың жалауларының бірі етіп қояр едік, Құдай қаласа…
Абай Мауқара