Әдетте біз Алаштың азаттығы жолында болған ұлы күрестер мен оны бастаған батыр-баһадүрлер турасында сөз қылғанда қазіргі Қазақстан шекарасынан шиырлап шықпай жатамыз. Ақиқатында қазақтың азаттығы үшін басын оққа ілген батырлар кеңестік Қазақстан өңірінен тысқары өлкелерде де аз болмаған. Солардың бірегейі — Шығыс Түркістан қазақтарының еркіндігін құру жолында шәйіт болған Оспан батыр Ісләмұлы.
Оспан батыр бастаған XX ғасыр ортасындағы қытай басқыншыларына қарсы күресті XIX ғасыр ортасында Кенесары хан бас болған орыс отаршылдығына қарсы бағытталған ұлт-азаттық қозғалыстың жалғасы деп пайымдаған жөн. Оспан батыр – хан Кенеден кейінгі қазақтың тәуелсіздігі жолында құрбан болған соңғы қолбасшы. Оспанның да ақтық демі хан Кененің тағдырына ұқсас. Азаттық үшін аһ ұрып 12 жыл бойы ат үстінен түспей қол бастаған Оспанды 1951 жылы 28 сәуірде Үрімжі қаласында коммунистік қытай өкіметінің жендеттері ел көзінше атып тастайды. Батырдың балалары да аяусыз өлтіріледі. 18 жастағы өрімдей қызы мен 14-тегі ұлын аналарының көзінше турап өлтірген. Ал 11 жасар ұлын құдыққа тастап шәйіт қылған…
Арғы бетте ғұмыр кешкен Алаштың аса күрделі тағдырлы қолбасшысы Оспан туралы ақиқат та, аңыз да аз айтылмайды. Солардың біріне сенсек, Шығыс Түркістан қазақтарының азаттығын құруда қосқан өлшеусіз үлесі үшін республика басшылығы Оспан батырды елдің ең жоғарғы атағы – «Халық қаһарманы» орденімен марапаттауға шешім қабылдайды. Бірнеше генерал орденді табыс етуге Оспан батырдың ауылына ат басын тірейді. Сонда дала батыры генералдардың меселін қайтарып, «мен сөлкебай тағатын қатын емеспін» деп «Халық қаһарманы» орденін әйелінің алдына қарай лақтырып жіберіпті.
Батыр туралы баспа бетін көрген еңбектер де баршылық. Оспан батыр тіпті Моңғолия, Қытай, Түркия, АҚШ, Ресей ғалымдарының да еңбегіне арқау болды. Әйтсе де, ұлт жолында құрбан болған дала батырының өмірі мен өткен жолы әлі де зерттелуі керек. Жарты ғасырдан астам уақыт өтсе де, қазақ батырын қытай өкіметі ресми түрде ақтаған жоқ. Жаңа қоғам салтанат құрғанымен, қытай өмірінде батыр Оспан «банды Оспан» атынан әлі арыла алмай келеді. Батыр қазақтікі. Сондықтан оны ақтатуға алғашқы қадамды ресми Қазақстан жасауы керек деп санаймыз.
Біз төменде Оспан батырдың көзін көрген моңғолдың генералдары мен ғалымдарының батыр жайындағы естеліктерін жариялап отырмыз.
Сталин Оспанға қару берген
Лхамсүрэнгийн БАТОЧИР, тарих ғылымдарының докторы:
– 1943 жылы Шыңжаннан қашқан Оспан тобы және оларды қуған гоминдан қытай әскері біздің елдің шекара жауынгерлерімен қақтығысып, Байтаг Богд маңында кіші Хавтаг тауы, Алтай жотасы, Сары говь Бага даваа деген жерлерде неше рет шайқасып қалысты. Монғол үкіметінің төрағасы, маршал Чойбалсан 1944 жылы 7 қаңтарда Ұлан-Батырдан автокөлікпен жолға шығып, одан пойызға мініп, 14 қаңтарда Мәскеудің теміржол бекетіне келіп түсті. 22 қаңтар күні Кремльде Чойбалсан мен Иванов Сталин мен Молотовқа жолығып әңгімелесті. Әңгіме қызғанда Чойбалсан Оспан туралы өз ойларын еркін білдірді: «Алдымен Оспанға қажетті қару-сайманмен көмектскен жөн. Ол — Алтай қазақтарының белді рубасыларының бірі. Оспан 1939 жылдан бері азаттық үшін қытайлармен тұрақты соғысып келеді және осы уақытта көтеріліс басшыларының көбі өліп, көбі тұтқынға түсіп, жалғыз Оспан ғана аман-есен қалды. Ол 300 отбасынын мыңдай адамын ертіп жүр. Жуықта 100 үйді өзіне қаратты және оны қолдайтын қазақтан басқа өзге ұлт өкілдері де мол. Олар басқаларға шабуыл жасап тонағанмен, Оспан ондай іске кіріспейтінін айтып жүр. Рас, өтірігі белгісіз. Не де болса, Оспаңды қару-жарақпен қамтамасыз етіп, Алтайды қытайлардан тазартса, басқадай ұлт-ұлыстар да азаттық алар еді. Оңда өмір сүретін моңғолдар да еркіңдік алар еді», – деп, Чойбалсан картадан Моңғолияның батыс шекарасы, біздің отряд, заставаның орналасқан жерін, Оспан жасақтары қоныстанған мекенді көрсетіп берді. Чойбалсан пікірін тыңдаған соң Сталин: «Оспанға көмектескен дұрыс екен. Сендер неге жәрдем жасай алмай отырсыңдар? Мылтық-сайман жоқ па?» — дегенде Чойбалсан: «Біріншіден, бұл жақтан рұқсат күтіп жүрдік. Кешігіңкіреп мақұлдаған жауап келгенімен, қару-жарақ бүгінге дейін жеткізілген жоқ», — деп жауап берді. Сталин: «Сол Оспан неше адамды жасақтай алады? Қанша қару қажет?» — дегенде СРО-ның Монғолиядағы елшісі М.Иванов әңгімеге кірісіп: «400 адамды дайындай алады. Оқ-сайманның жеткілікті болғаны жөн. Мылтық мығым болса, олар да көп адамды жасақтай алады», — деді.
Сталин дереу армия генералы А.Антонов пен Байкал сыртқы округінің командирі М.Ковалевті шақырып, мәселені түсіңдіріп, Оспанға 400 винтовка, 200 автомат, 6 дана сирағы бар пулемет, 30 қол пулемет, 5 дана дүрбіні Чойбалсан құзырына беруге тапсырды. Бұл қару-сайманды Оспанға жеткізуге әмір беріп: «Қару-жарақпен қатар оны үйрететін мамаңды да Оспанға жөнелту керек. Бұл жөнінде Чойбалсанға жаксы жәрдемдесу кажет», — дегенде М.Ковалев: «Қару-жарақты үйрететін адамды Қобдада орналасқан моңғол әскери дивизиясынан береміз», — деді. Осылайша Оспанмен іс бабында кездесуге рұқсат сұраған Чойбалсанның пікірін мақұлдаған сон, «бұл бағытта Иванов осал жұмыс істеп отыр» деп Молотов пен Сталин оған сын-сөгіс айтты.
1944 жылы ақпан айының орта шенінде Чойбалсан нөкерлерімен бірге Қобда аймағы Бұлғын сұмынына барды. Содан Чойбалсан мен Иванов Оспанмен алдымен оңаша, содан көппен бірге бірнеше рет кездесіп, байланыс жасады. Оспанның өкілдері Бұлғын сұмынына барып, көмекке әкелген қару-жарақты 105 түйеге артып-тартып ризалықпен аттанады.
Чойбалсан осы істің барысында И.Сталин бастаған Кеңес Одағының ресми жетекшілерімен тұрақты байланыс жасап, ақылдасып отырды.
Чойбалсан 1944 жылы 6 наурыз күні И.Сталин жолдасқа радиошифр арқылы жеделхат жазады: «Мәскеу, И.Сталин жолдасқа. Мұнда келіп, Оспанның жағдайымен терең таныстым. Оларға көмекке әкелген заттарды табыс еттім. Оспандар зор қуанышпен қарсы алып, сый-қошемет көрсетті. Оспан мен оспандықтар Алтайды азат ететініне толық сенім бар. Бұл туралы туған жерді мадақтаған, сағынған әндерді көптеп шығаруда. Оспанды мадақтаған әңдер де туып жатыр. Тағы да қазақтың ежелгі батырларын мақтаған жырлар да көп айтылуда. Орыс пен моңғолға достық ниетте болуды көздеуде. Бұл бағытта іс-шаралар көп»…
1947 жылы 1 маусым күні Чойбалсан денсаулығына байланысты Орталық комитеттің саяси бюросының шешімімен Кеңес Одағына емделгелі отбасымен бірге Ұлан-Батырдан аттанды. Ол тамыз айында Қаратеңіз жағалауындағы Сочи қаласында орналасқан үкіметтің нөмірі бірінші шипажайында 90 күндей демалады. Сәті түсіп Сталинмен бейресми кездесіп, әнгімелеседі. Екеуі Қытай мен Моңғолияның елшілерін ауыстыру мәселесін талқылайды. «Сендердің шекарадағы дауларың не болды? Әлгі Оспан қайтті?» деген Сталиннін сұрағына Чойбалсан: «Негізінен шекара дауы бәсеңдеп келеді. Байтаг Богд тауының маңында аздап талас-тартыс бар. Ол жер толығымен біздің елдің мекені екеніне жан-жақты дәлел бар. Оспан сатылып, қашып кеткендіктен, ол орналасқан жерден гоминдан әскері бері өтіп, тыныштықты бұзуда», — деді… («Чойбалсан» монографиясы, ҰланБатыр, 1996 жыл)
Оспан-аса сақ адам
Пунцагийн ШАГДАРСҮРЭН, Чойбалсанның хатшысы:
— Уәделі сағатта Оспан қаруланған он батыр қорғаушысымен бірге аса айбынмен бізге келді. Келіссөзге Оспан өзінің жан досы Сүлейменмен бірге қатысуға рұқсат сұрады. Олар үстіне ішік, басына түлкі тымақ киіп, ағаш қапты маузер мылтық асынған, қара сақалды, кесек денелі келіскен қазақ азаматтары еді. Біздің тараптан кездесуге маршал Х.Чойбалсан, КСРО-ның МХР-дағы елшісі И.Иванов, аудармашы қызметіне Баян-Өлгей аймағының басшылығында және мемлекеттік кіші құрылтайда жауапты қызмет атқарған Ш.Ноғай мен Кеңес Одағынан Жапар аудармашы ретінде қатысты. Кездесуде хатшылық қызметті мен атқардым.
Маршал: «Қазақ ежелгі тарихы терең, аса қуатты елдердің бірі еді. Сендердің азаттық үшін күрестерің нәтижелі болады дегенге сенемін», — деп әңгіме өрбітіп, олардың жасын, әлеуметтік тегін сұрастырды. Оспан «Мен 45 жастамын. Егін егіп тіршілік еткен диқан едім» деді. Сүлеймен «52 жастамын, бұрын мал баққанмын» деп өзін таныстырды. «Сізбен кездескенімізге ризамыз. Біз сауатымыз кемшін болғандықтан, сіздін кейбір сауалыңызға, достық райдағы пікіріңізге дұрыс жауап бере алмасақ, айып етпеңіз» деді.
Оспан маршалдын сөзін аса зейін қоя тыңдап, ризашылығын білдіріп, қандастарының тұрмыс-тіршілігі, күресі туралы өз кеңесшісіне баяндатқызды. Ол сөзінің соңында Қытайдың қуғын-сүргін талауына ұшырап, оған қарсы күресіп келе жатқан ел-жұртынын, ұлт-ұлыстардың жағдайынын аса ауыр екенін ескертіп, қару-сайман мен заттай көмекке мұқтаж екенін айтып, жәрдем сұрады. Маршал бұлардың әңгімелерін ықыласпен тындап, кейбір мәселелерді анықтап білгеннен кейін: «Сендердің жүргізіп отырған бұл күрестерің Алтай қазақтары және олармен бірге өмір сүретін басқа да ұлт-ұлыстардың шайқасып, азаттық алуына ықпал ете алатын әділетті күрес екені хақ. Сендердің тілектеріңе орай, біздің үкімет пен халық күрестеріңе рухани қолдау көрсетумен бірге, қару-жарақпен де кемектесуге шешім қабылдады» деді.
Кездесуден кейін маршал Чойбалсан Оспан мен онын нөкерлерін қонағасына шақырды. Дастарханды моңғолдын ұлттық ас-мәзірімен сәндеп, қойдың құйрық май-ұшасын бітеу асып тарттық. Бастапқыда тосырқағанымен, Оспанның көңілі көтеріліп, бірге келген әншілері ән айтып, күй тартып, қилы-қилы қызықтарды көрсетті. Бір қызықты жайт, Оспан өзінің жас батырларының біреуін шақырып алып, дастарханда тұрған семіз еркек қойдық құйрық майын іркілместен тұтастай жеп бітіруді бұйырды. Ол жігіт білегін сыбана түрегеп тұрып, бітеу асылған құйрық майды кідірместен қомағайлана асап жеп тауысып, құр сүйегін көрсеткенде қайран қалдық. Алтайдың тегене құйрық тайыншадай еркек койының майлы құйрығын жүрегі айнымай, бір демде жеп қойғанына қайран қаласың.
Кездесу аяқталған соң, дастарханға отырардың алдында Оспанның бас ауруы ұстап, қорғаушыларының біріне жіңішке қайыс таспамен басын буғызып, мазасызданды. Оны көріп, жаны ашыған маршал басы ауырғанда өзі ішетін шипалы дәріні Оспанға ұсынғанда, ол күдіктеніп ішпей қойды. Мұның өзі Оспанның әсіре сақ адам екенінің дәлелі сияқты.
Ертеңінде оларға берілетін қару-сайманның әрбірін үстелдің үстіне қойып тамашалатып, барлығы төрт жүз винтовка, екі жүз дана «ППШ» автоматы, алты ауыр пулемет, отыз жеңіл пулемет, екі мың гранат, төрт жүз мың винтовканың оғы, бес дана дүрбіні табыс етіп, бұл саймандарды меңгеруді арнайы мамандар үйрететінін ескертті. Маршал содан кейін Оспан тобына біздің елдің әскери әуе күшінің қолбасшысы, генерал М.Зайсановтың ИЛ-16 ұшағын тамашалатты. Зайсанов ұшақтың күш-қуаты туралы мәліметтерді қазақ тілінде баян етіп, одан кейін әуеге көтеріліп, жауынгерлік неше түрлі мәнерлерді жасады. Зайсанов жерге келіп қонғанда, Оспан мен оның батырлары қайран қалып, ыстық ықылас танытып, мәз болысты. Маршал еліміздің жастары, оның ішінде қазақ азаматы қазіргі заманның озық техникасын біліктілікпен игергенін көрсету үшін М.Зайсановты ұшағымен бірге бұл сапарға әдейі ертіп әкелген еді. («Мен білетін Чойбалсан», мемуар, Ұлан-Батыр, 2000 жыл)
Оспан мен Чойбалсанның кездесуі
Батын ДОРЖ, Моңголия батыры, армия генералы:
— МХР үкіметінің төрағасы, әскери істер жөніндегі министрі, армияның бас қолбасшысы, маршал Х.Чойбалсан 1944 жылы 15 ақпан күні Ұлан-Батырдан машинамен шығып, 23 ақпан күні кешкі 7-де Қобда аймағының Бұлғын ауылының Алагтолғой деген жерінде орналасқан біздін далалық қосынға келіп, тыныс-тіршілігімен танысты.
Маршал Чойбалсан шекаралық әскери бөлімшелерді аралап, кездесулер өткізгеннен кейін «Оспанға жолығайын» деді. Мен Оспанға «маршал кезікпекші» деп хабар бердім. Оспан бұл пікірді ризашылықпен құптады. Маршал Чойбалсан осылайша алғаш рет Алагтолғой заставасында Оспанмен кездесу жасаған еді. Біз мемлекет басшысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін және Оспанның сеніміне селкеу түсірмеу үшін қару асынған әскердің көзге түспеуін қалап, кездесу болатын үйдің маңына окоп қазып, оған қарулы жауынгерлерді тасалап қойдық.
Оспан маршалға кездескен соң, өз елінің қалаулы адамдарын гоминданның тұтқындағанына наразылық білдіріп:
— Жерімізден айырылғандықтан, сіздің өлкеде уақытша отырмыз, — деді.
— Менің сізге оңаша айтатын өте маңызды мәселем бар. Сізбен жеке кездесуге бола ма? — деп сұрады Чойбалсан. Сонда Оспан:
— Сізбен екі адам кездеседі, – деді.
— Мен тек сізбен ғана кездескім келеді.
— Өлсек, бір шұңқырда қаламыз, жеңсек, бір төбеде боламыз деген антымыз бар еді. Сізге Сүлеймен екеуміз жолыққымыз келеді, — дегенін маршал құп алды.
— Сендер келешекте қалай өмір сүретін ойларың бар? — деді маршал.
— Біз қамауда отырған ұлықтарымызды гомиңданның әскери билеушілерінің абақтысынан құтқарып, атамекеніміз — Алтайда еркін өмір сүргіміз келеді. Сіздің елден әскери және материалдық көмек, қару-жарақ алғымыз келеді. Бізге осындай көмек беруіңізді сұраймын, — деді Оспан батыр.
Осы оқиғадан кейін көп кешікпей, 1944 жылы 5 наурыз күні Оспанның өкілі Келес, ұлы Шердиман маршал Чойбалсанды қонаққа шақырып келді. Маршал бұл тілекті құптап, нөкерлерімен бірге Бұлғын өзенінің Майхантолғой деген жерінде орналасқан Оспанның үйіне барды. Олар маршалға арнайы үй дайындаған екен. Оспанның қару асынған серіктері үйдің екі босағасына қаз-қатар сапқа тұрып. Оспан өзі әскери қолбасшыларымен бірге есік алдына шығып, маршал бастаған меймандарды зор салтанатпен қарсы алды.
— Моңғол елі басшысының мені сыйлап, үйіме қонаққа келгеніне бәріміз ризамыз,— деді Оспан батыр. — Біз моңғол елімен қарым-қатынасты нығайтып жатқандықтан, сізге бірнеше мәселені таныстыра кеткім келеді. Гоминданның Шартохой деген жерде орналасқан әскери бөлімшесі мен басқарған отрядқа соққы беремін деген сылтаумен сіздің елдің мемлекеттік шекарасына баса-көктеп енуге жоспар құрғанын анықтап білген көтерілісшілердің қарулы отряды Шартохойдағы қытайдың әскери полкіне шабуыл жасап, оларды орналасқан жерінен ойран-топырын шығарып қуып, 550-дей әскерін атып ұшырып, саптан шығарғанда, гоминдандықтар қаза тапқан әскерилерінің өлігін мұздың жарығына тастап жіберіп, тым-тырақай қашып жоғалды. Тағы бір мәлімет айтатын болсам, Шыңжаңның Тарбағатай аймағының Қобық сайыр ауданында орналасқан 14 ауылдың 10-ы ереуілге қамтылып, 200-дей қарулы отряд жасақтаған екен. Бұл көтерілісті ұйымдастыру ісіне интернационалист отрядтың қарапайым өкілі Гашигаагийн Читке, Жамбын, Аюурлар ерекше міндет атқарды. Сондықтан біз атамекеніміз — Алтайдың жерін гоминдан басқыншыларынан тазарту үшін күресімізді күшейтіп, пәрмендендіре түскіміз келеді. Осы мақсатта біз кейбір мәселені ретке келтірдік. Олар мыналар:
Біріншіден, өзіме қарасты бүкіл халықты жинап ақылдасып, олардың пікірінің негізінде көтерілісшілердің орталық ұйымы – әскери кеңесті орнаттым.
Екіншіден, Алтайдың азат халқының уақытша өкіметін орнатып, құрамын бекіттім.
Үшіншіден, біздің мұсылмандарға сыйлы, абыройлы, сіздің елдің оқып-тоқыған білімді азаматтары — Ш.Қаби, Ш.Ноғай, О.Қалқабай секілді жолдастар интернационалист бригада орнатып, біздің көтеріліске үлес қосатынын мәлімдегені — өте-мөте игілікті іс. Мен осы азаматтардан жұмыс барысында ақыл-кеңес алып тұратын боламын.
Төртіншіден, көпшіліктің пікірі бойынша, мені Алтай халкының уақытша үкіметінің бастығы қызметіне ұсынып отыр.
— Әрбір күрес жеңіске жету үшін ұйымдастыру ісі мен бір орталықтан басқару ауа мен судай қажет екенін барлык төңкерістердің тарихы дәлелдеді. Сіздің көтерілістің күшін бір арнаға тоғыстырып басқарғаныңызды мен өз басым дұрыс деп санаймын,— деді маршал Чойбалсан… («Отан үшін соққан жүрек», мемуар, Ұлан-Батыр, 1981 жыл)
Моңғол тілінен ықшамдап аударған Ақеділ ТОЙШАНҰЛЫ
“Сайгез”