«Күшікбай кезеңі» Семей қаласынан Абай еліне дейін 60 шақырымдай, Арқалық тауынан асатын тұста. Семей мен Шыңғыстау арасындағы Абай сан рет тоқтап, басында түнеген бекет. Арқалық тауының биік төбе басында Күшікбай батыр жерленген. М.Әуезов «Қорғансыздың күні» деген әңгімесінде Күшікбай кезеңінде болған қайғылы оқиғаны шынайы бейнелеген.
Күшікбай – ХVІІІ ғасырдың соңында өмір сүрген қазақ батыры. Орта жүз Уақ тайпасынан шыққан. Батыр жайындағы нақты деректер мардымсыз болғанымен, ел ішіндегі аңыздан мәлімі, қоныс еткен жеріне тосыннан шабуылдап, ауылдастарының малын тартып әкеткен ойрат-қалмақтардың соңынан түре қуып келіп, осы жерде айқасқа түскен. Өн бойына шешек қаптап, ауыр халде жатқанына қарамастан, атқа қонған ол жаудың бетін қайтарғанымен, жарақаты ауырлап, жасы 20-дан енді асқанда осы жерде найзасына сүйеніп тұрып жантәсілім еткен.
«Күшікбай батыр 21 жасында дүние салған екен. Ерте күннен батыр атағын алған. Ол қолбасы атанған тұста шешек тиіп, көп уақыт қозғала алмай жатып қалады. Осыны білген дұшпандары оны қапыда алмақшы болады. Кек буған батыр жалаңаш денесіне желбегей жамыла салып, жауға атой беріпті. Жауын жеңген ол осы асуда ат үстінде найзасына сүйенген қалпы жантәсілі етіпті. Батырдың көп мұратына жете алмай, жас күнінде қуаты қайнап, долданып өлгендігінен моласы тұрған биіктің бауырынан боран, ызғар айықпайтын болған екен…» – жазушы Мұхтар Әуезов: «Күшікбай асуын» осылай суреттейді. Жазушының жазықсыз зорлық көрген Ғазиза қыздың тағдырын суреттеген әңгімесіндегі осынау шағын үзінді уақыт өте келе Күшікбай батырдың тарихта қалуына түрткі болды.
Күшікбай Жоңғар басқыншыларына қарсы күрескен белгілі батырлардың бірі. Ол батырлығына қоса нашарға қайырымды, әділдігімен аты шыққан адам.
Семейден ұлылар мекенін бетке алып, Қарауылға жол тартқанда алдымен көзге түсетін өзгеше мекен бар. Ол – дерекке бергісіз аңыздарымен әйгілі Күшікбай батыр бұлағы. Қойнауына қасиет тұнған қарт Шыңғыстауға жол ашатын қақпа іспетті көрінетін бұл жердің өткен-кеткен жолаушы үшін жөні бөлек. Себебі ұлы Абай топырағына аяқ басқан жан алдымен осы Күшікбай бұлағының басына аялдайды. Жай ғана тоқтамай, тұнық суды қасиет тұтып, арнайы ыдыстарына да толтыра алып кетіп жатады. Тау бауырынан сарқырай ағып жататын бұлақтың ерекшелігі сол – қыста қатпайды, жазда да суы бір толастамайды.
Алғаш рет ел аузындағы Күшікбай бұлағының баяндалуы М.Әуезовтің «Қорғансыздың күні» әңгімесінде көрініс табады. «Қорғансыздың күнінде» баяндалған оқиға 1914 жылы болған екен, М.Әуезов оны 1921 жылы жазған.
Кейіннен Шыңғыстау сырының құпиясын ашар кілт іспетті Күшікбай батыр бейітінің басына монумент қойылып, көпшілік көкейіндегі игілікті іс жүзеге асты. Күшікбай батырға қойылған белгі – жалпы қазақ батырларына көрсетілген құрмет. 20 шақырымнан көз тартатын батырдың дулығасы пішіндес монумент Маңғыстаудан әкелінген ақ таспен көмкерілген. Маңдайшасындағы қазақтың домбырасы мен еркіндікке ұмтылған аққудың да өзіндік айтар сыры бар. Ал дулығадан сәл кейінірек қойылған белгітастың оң қапталына найзасы мен қалқаны орналастырылған. Ертістің жағалауынан әдейілеп әкелінген алып тастың бетіне ақын Т.Жанғалиевтің батыр жайындағы толғанысы бедерленген. Тұғыртасы мәрмәрмен қапталған монументтің дулыға пішіндес болып иіліп келуі ұлылар мекеніне апаратын қақпа бейнесінде де көрінеді. Монумент эскизінің авторы – Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, СМПИ көркемсурет-графика кафедрасының меңгерушісі М. Сексенбаев.