Шежіре

ҚАЗАҚТАРДЫҢ АЛТАЙ РЕСПУБЛИКАСЫНА ҚОНЫСТАНУЫ

Қазіргі Алтай Республикасы территориясындағы қазақтар соңғы екі ғасыр бойында осы аумақта алтай, орыс халықтарымен бірге тұрақты өмір сүруде Алтай Республикасының Қошағаш ауданындағы қазақтар өзінің тілін, салт- санасын, дәстүрлі мәдениетін ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырып, ұлттық болмысын  
сақтап отыр. Себебі, мұндағы қазақтар белгілі бір аумаққа шоғырлана орналасып, ауданның басым бөлігін құрайды. Қошағаш ауданының төрағасы болған Әуелхан Жазитұлы: «Ресей  құрамындағы Алтай Республикасы әкімшілік бірлігіне қарайтын Қошағаш ауданы орташа есеппен теңіз деңгейінен 2000 м, биіктікте орналасып Моңғолия, Қытай, Қазақстан елдері және Тыва республикасы, Усть- Кокса, Онгудай, Улаган аудандарымен шекараласқан 20 мыңдай гектар алқапты иеленіп жатыр. Жер көлемі 19862 шаршы шақырымды алып, Алтай Республикасы территориясының 21,3 пайызын құрайды. Ондағы 12 территориялық-әкімшілік  бірлікте (елдімекендерде) 20 мыңдай адам өмір сүруде. Осының 60 пайыздан астамы қазақтар», – деп көрсетеді [1]. Ал Алтай қазақтарын зерттеушілердің бірі ғалым Е.Октябрская: «Қошағаш қазақтары аудан халқының 10200 адамын, яғни 53,37%ын құраса, ал Таулы-Алтай республикасының астанасында 1250 қазақ өмір сүріп, өлкедегі халықтың 2,23% -ын  алып жатыр»,депжазады[2, с.27 ]. Жалпы Алтай Республикасы бойынша қазақтар сан жағынан орыстар
мен  алтайлықтардан  кейінгі  үшінші  орынды  алады.  Аймақтағы  қазақтардың
80%-ы Қошағаш ауданының бес елді мекендері: Қош-ағаш, Төбелер, Жаңа-Ауыл,
Джазатор, Теленгит-Сортогойда қоныстанса, 15 %-ы Усть-Кан ауданының Тураты
селосында, қалғандары республиканың басқа аудандарына орналасқан [3, 94].
Қазақтар  Алтай  аймағын  ежелден  мекендегенмен  де,  қазіргі  Алтай
Республикасында  тұрып  жатқан  отандастарымыздың  қоныстануының  өз
тарихы  бар.  Кейбір  зерттеулер  мен  ел  арасынан  жиналған  материалдар  ХІХ-ХХ
ғ.  Орталық  Азия  мен  Ресейдің  шығыс  бөлігін  мекендеген,  бүгінде  негізгі  бөлігі
Қошағаш  ауданында  өмір  сүретін  Алтайдағы  қазақ  диаспорасы  Ресей  және
Цинь  империясының  геосаяси  мүдделерімен  байланысты  этносаяси  үдерістер
нәтижесінде қалыптасқандығын дәлелдейді.

Жазитов  Әуелхан  өзінің  аудан  тарихына  қатысты  қолжазбасында  қандаста-
рымыздың  ауданға  қоныс  аударуы  жөнінде:  «Қазақтар  Қошағаш  аймағына  яғни
Шүй даласына екі бағытпен: бірінші Қазақстаннан, екінші жолы Моңғолия жері
–  Қызылкезең, Қалғұты арқылы келген. Қазақтардың бұл аумаққа қоныстануы-
на сол замандағы саяси, экономикалық және әлеуметтік жағдайлар 1750-1770 ж.ж.
аралығындағы Патшалық Ресейдің қазақ жерінің шекаралық өлкелеріне қамалдар
мен бекіністер салып, әскери гарнизондар орнатып, жазалаушы әскери отрядтар
санын молайтып, күш-қуатын нығайтуы ықпал етсе, сонымен қатар сол маңайдағы
олардың  қыстау  қораларын,  жаз  жайлау,  кең  өрісті  жайылымдарын  өз  билігіне
алуы  еді»,  –  деп  жазады  [1].  Ақиқатында  Ресейдің  қазақ  жерін  отарлау  саясаты
қытай жағына қауіп төндірді. Бірақ, бұл кезде ішкі қайшылықтарға байланысты
қытай империясы жаңа өлкені игеруге еш мүмкіндігі жоқ еді. Соны пайдаланған
Орта жүздің Керей, Найман тайпаларының бір бөлігі Ресей отаршыларының қы-
сымынан ығыса көшіп 1757-1830 жж. аралығында Алтайдың оңтүстік өлкесін ием-
денді»,-дейді [1]. Бұл өлке қытай империясының иелігінде болғандықтан осында
келіп қоныстанған қазақтар да солардың бодандығында болып есептелді. Алайда
нағыз шындыққа жүгінсек, осы жылдар ішінде қазақтар тек қағаз жүзінде ғана Қы-
тайдың қоластында болды. Оның басты себебі – Мәнжі-Чин патшалығы жаңадан
қоныс тепкен қазақтарға әуелінде «ұзын арқау, кең тұсаумен»  қарап «кеңпейіл-
ділік»  сыңай  танытса,  1830-жылдардан  басталған  шетелдердің  қауіпті  қысымы,
«Апиын соғысы», т.б. соғыстар мен көтерілістер, ішкі қайшылықтар Мәнжі-Чин
империясы мен Патшалық Ресей арасындағы шекараны қалайда жеделдетіп бел-
гілеуге, «шекара келісімін» жасап, осы аумақтағы халықты бөліп тұрақтандыруға
мәжбүр етті.
Бұл істі екі держава Ресей мен Қытай 1864 жылы «Шәуешек келісімін», 1881 жылы
«Пекин-Петербург  келісім-шарттарын»  жасап,  қазақ  жерін  өз  қалауларымен  бөліп
алғанымен шекара бойындағы қазақ халқын бөлісуге келгенде әлде де бірнеше жылдар
күте тұруға тура келді, үнемі көшіп-қонып жүрген қазақтар қай елдің қарамағына
өтуді бір жылдың ішінде өздері шешсін деген қаулы жасайды [4, с. 720-729]. Ә.
Жазитұлы: Осындай ұлы империялардың отарлаушылық саясатының әсерінен
Алтай жотасының оңтүстігіндегі Керейлердің бір бөлігі 1865 жылдардан бастап
Моңғолияға өтсе, олармен бірге бүгінгі Шүй даласындағы Наймандардың біразы
Моңғолия жерін басып Қызылкезең, Қалғұты арқылы, ал қазақ жеріндегі (Шығыс
Қазақстан)    Қотанқарағай,  Марқакөл  Наймандарының  бір  бөлегі  Шыңғыстай,
Аршаты  арқылы  осы  аумақтағы  Шүйге  келген,  –  деп  тұжырымдайды  [1].  Ал
зерттеуші  Е.  Шмурло  өз  еңбегінде:  «ХІХ  ғасырдың  ІІ  жартысынан  кейін  Ертіс
өңірінен,  Монғолия  мен  Қытайдан  оңтүстік  Алтайдың  (Алтай  республикасының
Қошағаш  ауданы  территориясы)  шекаралас  аймағына  қазақтардың  көші  ағыла
бастайды.  Бұл  аймақ,  негізінен,  200  жыл  бойы  (XVIII–XIX  ғ.)  Өскемен  уезі
Бұхтарма өзенінің оң жағалауындағы қазақтардың қыстауы болды. Кейінірек
алтай  теленгиттерінің  келісімімен  Шу  болыстығының  жерлерін  жалға  ала
бастайды. Сөйтіп, олардың ішкерілей енуі бірнеше ондаған жылдарға созылады», –
деп жазады, с.17-23].   Бірақ орыс өкіметі мұсылман-қазақтардың Алтай өлкесінде
көбейіп,  күш  алып  кетуінен  қорқып  әртүрлі  саясат  қолданып  бақты.  Мәселен,
діни миссия мақсатымен мұсылмандарға қарсы 1880 жылы бөлім ашып, көптеген
шіркеулер салынды. Аумаққа қоныс аударған қазақтардың бір бөлегінің христиан
дінін қабылдап, шоқынғаны жөнінде де зерттеулерде аз айтылмайды. Мәселен, 1872
жылы  шоқынған 114 адамның 32-сі қазақ, 29 жұптың христиан дінінде қиылған
некесінің 8-і қазақ, осы дінде жерленген 24 адамның 12-сі қазақ болды [6, с. 85].
ХХ ғ. басында шекаралас аудандарда қазіргі Улаган және Қошағаш аудандарында
бірде-бір мешіт болған жоқ, есесіне 6 православиелік шіркеулер болды [5, с.17-23].
Әрине, қазақтардың кейбір тобының шоқыну себептері, олардың этникалық және
этномәдени ерекшеліктерін анықтау қосымша зерттеуді қажет етеді. Сондықтан ол
өз алдына бөлек тақырып.
Жоғарыда  келтіргендей  қазақтармен  басқа  да  халықтар  жоғарыдағы  екі
империялардың  үстем  мүдделеріне  бағынышты  болып  жайылым  жер  үшін
салық  төлеу  т.с.с.  қысымшылық  көріп  отырды.  Таулы  Алтайда  тұрып  жатқан
қазақтардың  ата-бабасы  Шу  даласына  сонау  ХІХ  ғасырдың  80-жылдары  келді.
Шекаралас  аймақтардағы  ашық  шекара  жағдайы  аумақтағы  халықтардың
ырықсыз көші-қонына ықпал етті. Сондықтан да кейде қытай иелігіндегі қазақтар
салықтан жалтарып ресей иелігі аралығында да көшіп-қонып жүрді. Оларды көбіне
қошағаштықтар не шу қазақтары деп атады.
1912-1913 ж. Шу өзенінің солтүстік жағалауында қазақ болыстығы құрылып,
оның иелігіндегі ер адамдар саны 672, оның 462 сарғалдақ (найман руынан), 210
қатон қазақтары болды [1].
Қазақтардың ауа көшуінің тағы бір себебі халықтың мал шаруашылығының
ыңғайы  еді.  Отаршылардың  озбырлығынан  өз  жерінде  өгейлік  көріп,  ата
қонысынан,  мал  жайылымнан  айырылып,  әлеуметтік-экономикалық  жағдайы
қиындаған  қазақтар  малға  да,  жанға  да  жайлы,  өрісі  мол  бос  кеңістік    іздеумен
де  көш  бағытын  өзгертіп  отырды.    Мәселен,  Қытайдың  Алтай  жағына  көшкен
қазақтар енді жерсініп келе жатқан шақта «Қызылаяқ» шапқыншылығына ұшырап
әрі  мал  жайылымынан  таршылық  көріп,  қайтадан  бұрынғы  жұрты  Шыңғыстай,
Аршатыға келеді. Бірақ бұл өлкені казак-орыстар иемденіп, жайылым жерлердің
көбі  егіндікке  айналғандықтан  қазақтарға  бұл  жерлерге  тұрақтауға  қолайлы
болмады.  Сондықтан  Найман  ішіндегі  азғана  Қаратай  ұрпақтары  сол  кездегі
«кабинеттік бос жерлер» деп аталған Ресейдің Алтай аумағындағы Қалғұты, Үкөк,
Жазотыр, Зерлікөл, Аюты, Шағанбұрғысын, Дарқыты, Қаратал, Қарашатқал деген
жерлерге келіп мекендеп қалды [7].
Қазақтардың Қошағаш аумағына ауа көшуі ХХ ғасырдың бас кезінде одан әрі
қарай  жалғасын  табады.  Мәселен,  Монғолияның  Қобда  округінде  билікті  жеңіп
алған Джалама ойраттардың тәуелсіз мемлекетін құру мақсатында басқа этникалық
топтардан  құтылуды  көздеді.  Оның  бұйрығы  бойынша  қазақтар  мал-мүлкінен,
жайылымынан  айырылды.  Әбден  қысым  көрген  қазақтар  орыс  шекарасына
қарай  қашты.  Бірақ  қазақтардың  Ресей  иелігіне  қарай  ығысуына  қарсы  болған
орыстар қазақтардың Монғолияға қайта көшуін үгіттеді. Қайта көшкісі келмеген
қазақтардың бір бөлегі Шығыс Қазақстанға және Томск губерниясына, ал енді бір
тобы Алтай округіне қоныс аударады.
1900  жылы  Ресей  иелігіне  өту  қарсаңында  Шу  даласындағы  қазақтардың
үй саны 110-ға, ал 1907 жылы 150 үйге жетті. Онгудай орманшынының мәліметі
бойынша  1912  жылы  Шу,  Джазатор,  Колгуты  және  Ак-Алахи  жеріне  446  үй
қазақтар  оның  199-ы  шыңғыстай  және  247-сі  сарғалдақтар  болды.  Шу  даласын
игерген қазақтар жеке  болыстықты құруды талап етеді [2, с. 32].
ХІХ  ғасырдың  аяғы  ХХ  ғасырдың  басында  Шүйде  екі  болыстық  құрылды.
Бірінші  Шүй  болысы:  Дарқыты,  Шағанбұрғысын  суын  өрлей  Жазотырға
дейінгі аумақты  алса, екінші Шүй  болысы Шүй  өзенінен  өрлей  Дұздытқа  қарай
орналасқан.  Бұл  жерлер  ол  кезде  Тілеуіт  (алтай)  халқына  беріліп  қойғандықтан
келген  қазақтар  бірінші,  екінші  болыстардың  зайсандарына  сый-сияпат,  тарту-
таралғы  беріп  және  50-100  сом  салық  төлеп,  жайлау,  қыстау  алып  тұрған  [1].
Бірінші Шүй болысының зайсаны Сама, екінші Шүй болысының зайсаны Очуржап
деген тілеуіттер болған. Ел аузындағы әңгімеге қарағанда қазақтардан алғаш Шүй
жерін  мекендеген  адам  Қыранбай  делінеді.  Ол  жалғыз  атпен,    екі  әйелін  алып,
жерінен  қашып  Сама  Зайсанға  келіп  паналап,  оның  сарлығын  бағып,  бақташы
болған  деседі.  Осы  өлкеге  жер  шолып  келген  Құлжабайдан  тараған  Бекбаудың
балалары Балық пен Назарға жолыққан Қыранбай Сама Зайсанның жерін көрсетіп
жіберген дейтін мәліметтер де кездеседі  [8]. Ал Қалғұтыға Есембайдың кенже ұлы
Алыбайдың балалары Бақат пен Боздың ұрпақтары келіпті. Оларды «Жұлдыздың
Сарғалдағы» деп атаған. Дегенмен, «Шүйге (Қосағаштың айналасына) алғаш елді
бастап келген кім?» деген сұрақ туса, бүгінгі күні әркім өз ру, ата-бабаларын атай
бастайды. Мысалы, ақсақал Абылаш Ақбасұлының айтуынша, бұл өлкеге алғаш
аяқ басқан адам Жабайұлы Шегір. Ал, Құлжабай ұрпақтары Абдолда Қалдекеұлы
десе Самай-Жетіген ұрпақтары Атшабар Құқайұлын, Дәулет ұрпақтары Тоқтамыс
Мұңалыұлын атайды. Біздің ұғымымызша – Тоқтамыс Мұңалыұлы Дәулеттің биі,
атағы елге әйгілі, аса беделді, Дәулет ауылының берекесі, қорғаны болған адам.
Ол кісі қайтыс болғаннан кейін қарауындағы елді оның ұлы Нұрсолхан басқарған.
Бірақ олар Шүйге келмеген, Жазотыр маңайында өмір кешкен. Атшабар  Құқайұлы
–  Самайдың  биі,  шешен,  мықты  адам  болған  деседі.  Бұл  кісі  де  Жазотырда
тұрақтап,  бертінде  ғана  Шүйге  келіп,  осында  дүниеден  өткен.  Қабірі  Қаратал
қамырынан жоғары, Дарқыты өзенінің оң жағында, «Би сүйегі» деп аталады. Бұл
А.Н. Самойловичтің [9] зерттеу еңбегі мен Мінәт және Дүйсенұр ақсақалдардың
әңгімесінде Абдолда Қалдекеұлы бастаған Құлжабайлар 1880-жылдар шамасында
Жұмалы, Шаған бұрғысын, Дарқыты арқылы келген. Бірақ алғаш жер көріп, шолу
жасап келгендер жоғарыда айтылған Бекбау балалары Балықпен Назар» екендігін
көрсетеді [7]. Бүгінгі Қошағаш қазақтарының арғы аталары Мұналыұлы Тоқтамыс
бастаған Дәулет рулары және Құқайұлы Атшабар бастаған Самай, Жетіген және
басқа  да  рулар  Қазақстанның  екі  бөлек  жерінен  Семей,  Өскемен,  Шыңғыстай
болыстарынан,  ал  екінші  тобы  –  Бекбау  ұрпақтары  мен  Қалдекеұлы  Абдолда
басқарған  Сарғалдақтар  Қытайдан  Моңғолия  арқылы  келген  екен  деседі  [10].
Алтайға  қоныс  аударған  қазақтардың  негізгі  бөлігі  найманның  сарғалдақ  және
самай рулары еді. Оңтүстік Алтайда наймандардан басқа абақ-керейлер мен уақ-
шағайлар болды [11, с. 5].
1898 жылы зерттеуші ғалым Е. Шмурило экспедициясы осы өлкемен жүріп
өтіп, Алтай стансасынан Қошағашқа дейінгі сапарының жолын белгілеп отырған.
Осы  құжатта  Е.  Шмурило:  «Үкөк  және  Қалғұты  –  бос  кабинеттік  жерлер.  Осы
жерлерде  көп  жылдар  мекендеп,  көшіп-қонып  жүретін  Шыңғыстай  болысының,
Өскемен уезінің қазақтары жайлайды. Укокте 11 үй Дәулеттер, Бітеу Қанаста 20 үй
Сарғалдақтар, Қалғұтыда 18 үй Дәулеттер (рулар) күздейді. Осы 49 үй Қалғұтыда
Ақалақы  суын  жағалай  қыстайды.  Қазақтардың  екінші  бөлігі  Зерлікөлде,
Жазотырда, Жұмалыда жайлауда болса, Шүй мен Дарқыты өзені аңғарында, яғни
Семей  обылысының  шекарасынан  әрі  қарай  шығыс  жақта  қыстайтын  болған
[5, с. 12-17].
Жалпы  Қошағашқа  қазақтар  қай  жылы  қандай  ауыл,  қандай  адам  алғаш
тұрақтап  қоныс  тепкені  туралы  ел  аузында  әртүрлі  деректер  кездескенімен,
олардың  алғаш  қоныстануы  1865-1870  ж.  деген  тұжырымға  саяды.  Аталған
аумаққа басталған көші-қон үдерісі 1930-жылдарға дейін жалғасады. Дегенмен де,
А.Н. Самойловичтің [9, с. 729-736], экспедициялық баяндамасында және Қошағаш
өлкесінде  болған  саяхатшы  ғалымдардың  жазып  қалдырған  мұралары  мен  сол
кездегі әкімшіліктік органдардың ресми іс-қағаздарындағы мәліметтерге жүгінсек,
Қошағаш өлкесіне қазақтар 1870-жылдардан жер шолып, жаңа қонысқа қолайлы
орын  болжау  мақсатымен  өз  шолғыншыларын  жіберіп,  бірен-сарандап  келіп-
кетіп жүреді де 1875-1880 ж. аралығында Қосағаш, Шүй бойына түбегейлі қоныс
аударады деген түйін жасауға болатын секілді. Сондай-ақ, Әуелхан Жазитұлы өз
қолжазбасында: «1927 жылы маусым айында Қошағашқа барған Мінәт Шамов және
Дүйсенұр  ата-бабасының  54  жыл  бұрын  Қытайға  қоныс  аударғандығын,  соның
ішінде қаратай, самай және қаракерей найман ұрпақтары болғандығын жазады. Бұл
кезең 1873 жылға сәйкес келсе, қытайдан 10 жылдан кейін аз-аздан көшіп, біртіндеп
Қалғұты,  Үкөк,  Жазотыр,  Жұмалы,  Аюты,  одан  бері  Дарқыты,  Чағанбұрғысын,
Қаратал, Төбелер, Қарашатқа келдік дегені 1883 жылға, ал Құлжабай ауылы Шүй
өзеніне 35 жыл бұрын келгеміз дегені 1892 жылдарға жатады», – деп көрсетеді [1].
Сонда қазақтар аймаққа тек Монғолия мен Қазақстаннан ғана емес, Қытайдан де
келгендігін көрсетеді.
А.Н.  Самойлович  өзінің  еңбегінде:  «1905-1914  жылдарда,  Дүйсенұр  және
Мінәттің  айтуы  бойынша,  тілеуіттердің  болыстық  өкілі  Ақы  Бұйдаханұлын
қазақтардың мөрсіз уәкілі етіп тағайындаған», – деп жазады [9, с. 721-725]. Сол сияқты
архив құжатында да: «1908 жылы қазақтардың өтінішіне сәйкес Губернатордың
шешімімен Шүй өзенінің сол жағын қазақтарға, ал тілеуіттерге оң жағы бекітіліп,
1912 жылы жер өлшеушілер (землемерлер) келіп қазақтарға жерді белгілеп берген
деген деректер бар [12, л. 42-54]. Алайда жер алу жұмысы оңайлықпен бітпеген,
көптеген дау, тартыс, шағымданулар да болмай қалған жоқ. Бұған мысал ретінде
Екінші  Шүй  болысының  рулық  старостасының  1900  жылы  Бийск  3-учаскенің
шаруашылық  бастығына  жазған  рапортын  назарларыңызға  ұсынайық:  «Еркін
зайсан Абдолда Сарғалдақов және Семей, Өскемен уезі, Шыңғыстай болысының
қазақтары    Ресей  империясының  жер  аумағындағы  екінші  Шүй  болысының
аймағын 15 жылдан бері мекендеуде.  Үш-төрт жыл бұрын (1887 ж.) Манарше
атына  262  адам  арыз  жазып  бодандығын  алуды  тілеп  өтініш  берген.  Мұндағы
жер малға ыңғайлы және кең болған соң, олар қайта қоныс аударғысы келмейді.
Қазақтар мал өсіреді және атпен, түйемен сауда істеп шұғылданады. Жеке куәлік,
ешбір құжаттары жоқ. Еркін зайсан Абдолда Сарғалдақовтың қол астында 110 үй
бар.  Екі  ұйым  Шыңғыстай  болысының  қазақтары  Нұрсолтан  Тоқтамысұлының
басшылығында 94 үй, Атшабар Құқайұлының қол астында 54 үй бар. Бұл ел бұрын
Жазотыр,  Үкөк,  Қалғұтыға  келіп,  кейін  болыстықтың  ішкі  жағына  ауған.  Бұлар
бізді әбден ығыстырып тастады. Біз бірнеше рет бастықтарымызға көшпенділерді
қайта жер аударуға өтініш жазғамыз, бірақ жауапсыз қалды» [13].
Мұхтасыров  Пионер  ағаның  жинаған  материалында  «…Орыс  жеріндегі
Дарқыты  алқабын  біз  кешке  жақын  басып  өттік.  Түнейтін  ауылымызға  дейін
жеті  шақырымдық  жер.  Жол  бойы  жергілікті  халықтың  байлығы  көзге  ұрады.
Мыңғырған қой отарлары мен жылқы үйірлерін кездестірдік. Бұл халық  Құлжабай
деген атадан тарайтын ел. Олар Орыс жерінде тұрғанымен Қытай бодандығында
болған.  Олардың  аталары  бұрыннан  бері  Шыңғыстай  мен  Аршатыны  мекен
еткен.  30  жыл  бұрын,  1865-1866  ж.  жоғарыда  аталған  жерлер  Қытайға  қарап
тұрғанда олар шеттетіліп қысым көріп, оңтүстік жаққа Қобдаға (Моңғолия) асқан.
15  жылдан  кейін,  1880  жылы  қайта  оралып  бірінші,  екінші  Шүй  болыстарына
келген. Бірақ соңғы кездері жер иелері – тілеуіттер көшпенділерді қуып, оларға
жерді  жалға  беруден  бас  тартқан.  Жайлаулары  мен  қыстауларынан  айырылып
қалудан  қорқып  құлжабайлықтар  1887  жылы  ресми  түрде  Ресей  қоластына
кіргісі келетінін мәлімдеп, Ұлы Ағзамның атына өтініш те жіберген. Бірақ жауап
қайтарылмағандықтан  бұл  іс  күні  бүгінге  дейін  созылып  келеді.  Бұл  мәселені
шешуге  байланысты  құжат  Ішкі  Істер  Министрлігі,  императорлық  Ұлық  Ағзам
кабинеті Шетел Істері министрлігіне жіберілген. Құлжабайлық зайсан өз ағайын-
туыстарының жанұялық тізімін жасаған. Еркін қазақ зайсаны Абдолда Қалдекеұлы
Сарғалдақовтың қарамағындағылар жанұя тізімінде бәрі де «Сарғалдақов» деген
фамилиямен  аталады.  1893  жылы  жасалған  тізімге  77  жанұя,  оның  ішінде  105-і
ер адам және 124-і әйелдер тіркелген. Содан бері тағы 3 үй қосылды. Сондықтан
қазіргі  уақытта  Ресей  патшалығының  қоластына  кіреміз  деп  тілек  білдірген
барлық құлжабайлықтар 80 жанұя. «Құлжабайлықтар» деп олар үлкен аталарының
атымен  аталады.  Осы  барлығы  80  жанұя  қазіргі  уақытта  Дарқытының  өңірінде,
Жазотыр, Жұмалы өзендері мен Зерлікөлде жайлайды. Ал қыстауларына келсек,
Дарқыты  өзенінің  төменгі  сағасына  30  үй,  Шағанбұрғысын  өзенінің  сағасында
50 үй орналасқан. Олардың ауылдары бөлек болыс болып мекендеп отыр. Өзінің
ішкі  басқару  жүйесінде  олар  толық  автономияны  пайдаланады.  Сондықтан
Құлжабайлықтар  әкімшілік  ауылдарға  бөлінуді  білмейді.  Олар  тек  қана  рулық
ауылдарға  бөлінеді.  Зайсанды  –  болысты  ешкім  тағайындамайды,  туған-
туыстардың сайлауы бойынша басқарады. Қазіргі зайсан Абдолда Сарғалдақов
21 жасынан бері 20 жыл бойы зайсан дәрежесінде қызмет еткен»  делінеді [7].
Құлжабайлықтар егін екпейді, қыста киіз үйлерде өткізеді, ағаштан үй салмайды.
Малды  жыл  бойы  жайылымға  жаятындықтан  шөп  шаппайды.  Е.  Шмурило:
«Рулық  байлығы  2  500  жылқы,  15  000  қоймен  өлшенеді.  Бийск  және  Өскемен
саудагерлері  жылында  олардан  2  000  қой  сатып  алады,  бірақ,  жылқы  сатып
алмайды, ал айырбас сауда арзан. Қойдың бағасы 2 сомға дейін, жылқы 20 сомға
жетеді», – деп жазады [5, с. 225-227].
Қазақтардың  көші-қонына  қарсы  орыстар  мен  алтайлықтар  жоғары  жаққа
үнемі  шағым-өтініш  білдіріп  отырған.  Осы  жөнінде  1908  жылы  27  қаңтарда
Томск губерниялық басқармасы император Ағзам кабинетінің Ведомствосындағы
Алтай округінің бастығына жазылған хатта: «Бийск уезі екінші Шүй болысының
рулық старостосының рапортына қарағанда Шүй болысының тілеуіттері өздеріне
пайдалануға берілген жерлеріне Сарғалдақ руы қазақтарының орналасуына қарсы
болып отыр. Өйткені қазақтар Шүй өңіріндегі ең жақсы жерлерді иеленіп алып,
жергілікті тұрғындарды яғни телеуіттерді орманға ығыстырып тастады. Екіншіден,
қазақтардың  арасында  барымта  мен  қарақшылық  өріс  алған.  Аталған  қазақтар
бұрынғыдай  Шүй  болысының  телеуіттер  мекендеп  отырған  жерлерінде  көшіп-
қонып жүр. Онымен қатар олар екінші Шүй болысының ру басқармасына жерді
пайдалану үшін жылына 500 сом жер ақысын төлейді. Бірінші Шүй болысының
ру старостасы тілеуіт жерінен қазақтарды жер аударып қайта қуып салу туралы
мәселені  қайта  көтермек»,  –  деп  жазылған  [13,  с.  3216].  Берілген  құжаттарға
қарағанда «Қосағаштың қазақтары 1880 жылдары көшіп келсе де тек 1902 жылы
Ресей  азаматтығын  алған,  1908  жылға  дейін  меншікті  жерге  ие  бола  алмаған.
Бірақ  қазақтардың  жер  мәселесінің  жауабы  1908  жылы  31  маусымда  шешіліп,
губернатордың  нұсқауы  бойынша  Шүй  өзенінің  сол  жағы  қазақтарға,  оң  жағы
тілеуіттерге берілсін делінеді. Ал 1912 жылы жер өлшеушілер комиссиясы келіп
тілеуіттерден қазақтарға,  яғни 672 адамға жер бөледі. Бұл 1912 жылы қазақтың
саны 672 адам болғанын дәлелдейді», – деген нақты қорытындыға келе аламыз.
Негізінен 1928 жылға дейін Жазотыр жері Қазақстанға қарап тұрды да тек 1928
жылы  Үкөк  өзенінен  бергі  жер  Таулы  Алтайға  қосылды.  Ал  Жазотыр  ауылы
1930  жылға  дейін  әкімшілік  жағынан  Қазақстанның  билігінде  болды.  Қазіргі
Жазотырдағы  алғашқы  мектепті  Қазақстан  жағы  1928  жылы  салдырған  [14].
Әуелхан  Жазитұлының  айтуынша  арғы  атасы  (Жазиттің  әкесі)  Жатқанбай  1931
жылдары осындағы ауыл советтің төрағасы болып істеген екен.1928 жылға дейін
Жазотыр-Укок жерлері Омск губерниясына, Семей уездіне, Шыңғыстай болысына
қарап  тұрған.  Бұл  жерлер  Мұңалыұлы  Тоқтамыстың  ақ  патшадан  ағайын-
туыстарына  сұрап  алған  жерлер.  1928  жылы  шекараны  нақтылау  барысында
Қазақстан  Республикасына  ресейдің  Усть-Кокса  аумағынан  орысша  атауымен
Фыкалканы (қазақша Бекалқаны) ал оның есесіне Укок Жазотыр жерлерін Ойрат
автономиялық облысына қаратқан.
Ресейлік Алтайдағы, Қошағаштағы қазақтардың санын ұжымдастыру науқаны,
одан  туындаған  1932  жылғы  ашаршылық  онан  әрі  толықтырды.      Жандәрмен
бас  сауғалаған  талай  азаматтар  Қытайға,  Моңғолияға,  Ресейге  қашты,  жолда
қырылды, барған жерлерінде де ажал аранына түсіп, көбі өлім құшты, айдалды,
атылды. Сол бір зобалаңы көп зауалды жылдарда бірталай жанұялар Қошағаштағы
ағайындарына келіп бас сауғалады.
А. Шәкіртқажы 1911 жылдан Патша үкіметінің әкімдеріне Шүй бойындағы
ағайындарының атынан өтініш жазып жүріп Екінші Шүй болысын Қазақ болысы
атандырған тарихи рөлі зор тұлға.
Сол  кездегі  тілеуіт,  Моңғол  Алтайдың  әрбауырында  мекендеген  тайпалар
мен  рулар  арасындағы  барымта-қарымта,  басқа  да  себептерден  туындаған  дау-
шарға ерте араласып, талай тартыстарда тапқыр кесім айтып, әділ шешім жасап
отырған.  Керей  ағайындар  Шәкеңнің  батылдығына,  шешен,  тапқырлығына
сүйсініп, «Найманның жарау қарасы» атандырған. Үлкендердің айтуынша ол кісі
дау-дамайды шешетін жиындар да малдасын құрған күйі таңертеңнен кешке дейін
қозғалыссыз отыратын, қашан дұрыс кесім жасалғанша орнынан тұрмайтын адам
болған екен.
Шәкіртқажы  Абдолдаұлы  1924  жылы  Қосағаш  қазақтарының  атынан
Қазақстан  Үкіметіне  арыз  жазып,  олардың  атажұртқа  көшіп  барғысы  келетінін
жеткізген. Арызда: «90 үй көшіп барамыз. Бізге бір жер берулеріңізді өтінеміз», 
делінген екен. Сол кезде Нұролла Бақырбаев деген адам:
Есенбайда Шәкең би,
Қалды-ау, мынау қайран Шүй!
Күркір айға көшем деп,
Жазылған анау тоқсан үй, – деп өлең шығарған.
Қазақстан Үкіметі  арызды қабылдап, Үкөк маңынан жер береді де оған 90
үй  көшіп  барып  орналасады.  Бірақ  1928  жылы  Үкөк  өзенінен  бергі    жер  Таулы
Алтайға  қарап  кетеді.  Содан  «Енді  бізге  бәрібір,  Шыңғыстайға  онсыз  да  бара
алмаймыз»  деген  шешімге  келіп,  қайтадан  Шүй  өзенінің  жағасына  көшіп  кеп
орналасады. Шүй қазақтары содан бері, 1991 жылға дейін іргесін бұзбай өмір сүріп
келді  [1].    Осындай  себептермен  қоныс  аударған  қазақтардың  саны  Қосағашта
жыл сайын көбейе берді. 1893 жылы Е. Шмурилоның жазуынша, бұл өлкеде 129
үй қазақ, әр үйде орта есеппен 4 кісіден деп есептесек, мөлшері 576 адам болса
[5, с. 277], 1912 жылғы мұрағат құжаттарында қазақтың саны 672 шамасында [12]
көрсетіледі. А.Н. Самойловичтің еңбегінде 1927 жылғы маусым айында Қосағаш
қазақтарының саны 2408 адам, оның 1233-і ер адам, 1175-і әйелдер саны көрсетіледі
[9, с.156]. Жалпы, кейінгі берілген статистикалық мәліметтер бойынша Қосағаш
ауданындағы қазақтар саны ұдайы өсу көрсеткішін береді. Мәселен, 1959 жылы
3575, 1970 жылы 6006, 1979 жылы 7253, 1989 жылы 8882, 2002 жылы 9517, 2010
жылы  10019-ға  жетеді  [15].  Қазақ  санын  аумақтар  бойынша  көрсететін  болсақ,
Барнаул қаласында – 980, Рубцовск қаласында – 263, Славгород қаласында – 313,
Яровое қаласында – 61, Алтай ауданында – 26, Благовещенский ауданында – 597,
Бөрлі ауданында – 1542, Волчихинский ауданында – 165, Егорьевский ауданында
– 191, Құлынды ауданында – 558, Михайлов ауданында – 1488, Углов ауданында
– 711, Хабар ауданында – 129 адам саны болған [15]. Жалпы қазақ санының өсуіне
де, азаюына да Ресейдегі саяси-экономикалық жағдайлар өз әсерін тигізді.
ҚАЛШАБАЕВА Б.К.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, тарих, археология және
этнология факультетінің профессор м.а., т.ғ.д.
Теги: ,

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*