Қостанай облыстық Ілияс Омаров атындағы қазақ драма театры “Ботақара-Шешенбике” тарихи драмасының тұсаукесерін Моңғолияның Баян-Өлгий қаласында өткізді. Театрдың көркемдік жетекшісі Әлия Баймахан сахналаған – ақын, драматург Әскерхан Ақтайдың туындысы өте жоғары деңгейде қойылды. Ел мен жер, бірлік тақырыбын ту еткен драма өзгеше ой салады. Мұнда қазақ пен қалмақ арасындағы соғыс қана емес, бейбітшілікке ұмтылыс, достық, шынайы махаббат суреттеледі. Сөз кезегінде театрымыздың директоры Сабыралы Кемелбаев ынтымақ, татулық тәуелсіз Қазақ елінің де басты ұстанымы екенін атап өтті.
Ботақара батыр мен жоңғар тәйжісі Шешенбикенің есімі ғасырлар көгін көктей өтіп бүгінгі ұрпаққа жетіп отыр. Өйткені, олардың көксеген мақсаты қай дәуірде де маңызды. Қарағанды облысы, Бұқаржырау өңірінде Ботақара мен Шешенбике тауы бар. Ботақара батыр өмірін қазақ даласын жаудан азат етуге арнады. Оның арманы киіз туырлықты көшпелі ел қазақ пен қалмақтың басын қосып, келісім орнату еді. Бұл ойын жоңғар тәйжісінің қызы Шешенбике де қолдады. Драма міне, осынау тарихи оқиғаны арқау еткен. Қойылымды Баян-Өлгийдегі бауырлар өте жақсы қабылдады. Кәсіби сыншылар да жоғары бағасын берді. Әртістерге көрермендер орнынан тік тұрып қошемет көрсетті. Ел азаматтары ұжымға, осынау сапарға қолдау жасаған Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов пен мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақовқа зор алғысын білдірді. Басты рөлдерді сомдаған Асылан Кенжетай мен Мөлдір Құбаш Моңғолияның “Мәдениет саласының үздігі” төсбелгісімен марапатталды. Баян-Өлгийдегі гастрольдік сапар әлі жалғасады.
Қостанай облыстық Ілияс Омаров атындағы драма театрының Бай-Өлке өңіріне гастрольдік сапары аясында Моңғолияның “Абақ Керей Ботақара” қоғамдық бірлестігі зор қолдау көрсетті. Абыз қария, ел ағасы Шерхан Зәйтінұлы, Сьез Хазезұлы Hazez Siez ағаларымыз бастаған Бақытхан Бақыт Солтанбай , Батырбек қажы Қадысұлы қатарлы бірқатар танымал азаматтар, Ботақара ұрпақтары театр ұжымын марапаттап, түгелдей сый-сыяпат көрсетті. Ақ дастархан жайып, ән әуелеп күй күмбірледі. Зор алғыс!
“Ботақара-Шешенбике” драмасына келген қауымның рухы оянып, түлеп қайтты.