Төлебай Бөжекұлы Қытай қазақтарына ежелден аты таныс әйгілі ақын. Оның үлкенді – кішілі өлеңдері, айтыстары, дастандары, қағытпалары және басқа жанрда қалдырған шығармалары біреуден біреу естіп, ауыздан – ауызға таралып Қазақ әдебиетінің алтын қорына қосылып отыр.
Төлебайдың аты көп жерлерде Төлеубай деп қата айтылып жүр. Төлебай Бөжекұлы руы Керей ішінде Жантекекй. Жантекей ішінде Шүйіншіәлі, Оның ішінде Қожамжар, Қожамжар ішінде Ботақара, Ботақара ішінде Тыныбек. Тыныбектен Нұра, Нұрадан Апаш, Апаштан Мәмен, Мәменнен Бөжек, Бөжектен Төлебай. Өз тегін ақын былай жырлаған:
Жантекей, Шүйіншіәлі, Қожамжармын,
Ботақара, Тыныбек білсең жайым.
Нұра, Апаш, атам Мәмен, әкем Бөжек,
Айтысқан сеніменен Төлебайың, – деген өлеңдерінен біле аламыз. Ал, шешесінің аты Обиға Өсерқызы. Нағашы жұрты Арғын руы болып, Ырғызбайдан Өскенбай мен Өсер, Өскенбайдан Құнанбай, Одан Абай туса, Өсерден Обиға, Обиғадан Төлебай туған. Үлкендердің айтуында Төлебайға ақындық осы нағашы жұртынан дарыған деген сөз бар. Әйелінің аты Майлыбала, бір ғана әйел алған.
Төлебай Алтай тауының күнгейіндегі Алағақ деп аталатын бөктер жазықта, кейінгі ел «Төлебай шиі» деп атап кеткен аумақта 1855 жылы Бөжек Мәменұлының отбасында дүниеге келген. Бұл туралы ақын өлеңінде:
Атыңнан айналайын патша құдай,
Көңілім бір күн тұнық, бір күн лай.
Елуге келді жасым, жылым қоян,
Көремін қандай заман мұнан былай, – деп жырлайды.
Ттөлебайдың өмірден өткен жылы мен жері талас – тартыссыз 1924 жылы, ел Арал жайлауының Қаңғыты деген жерінде отырғанда, 69 жасында қайтыс болған делінген. Бұл туралы ақын өлеңіндегі:
Алпыстың асып асуын,
Жетпіске таяп келемін.
Немесе:
Жетпіске келем тақымдап,
Ойлағанда кетемін, өліміме жақындап, – деген өлең жолдарынан да аңғаруға болады.Төлебайда бес ұл, бір қыз болған Ақынның ұрпақтары қазіргі кезде Қазақстан, Қытай және Монғолия елдеріндегі қазақтар қоныстанған аумақта тұрып жатыр.
Дайындаған: Ретбек МАҒАЗ