«Всякий древний эпос представляет собой своего рода шифр,
ключ к которому давно утерян и должен быть найден заново»
/ В.И.Абаев./
«Аулақпын дерегі жоқ болжамдардан, Әр жұртта ұмытылып олжаң қалған» деп ақын Есенғали Раушанов айтқандай, дерексіз, тиянақсыз сөйлегеннен аулақ екенімізді оқырман қауым білер. Алдыңғы жазғандарымызда біздер дала ауыз тарихы бар халық болған соң, біздің тарихымыздың аңыз-әпсаналарда, жырлар мен қиссаларда, шежіре деректерінде, ертегілерде сайрап жатқанын айтқан едік. «Алпамыс» жырына қатысты зерттеулерін арғықазақ мифологиясы атты ғылымның атасы деген адай-мұңалдық Серікбол Қондыбай марқұм да жариялаған еді. «Қыз Жібек» жыры мен «Алпамыс» жырына қатысты біздер де зерттеулер жүргізіп, пікірлерімізді арнайы мақаларымызда айтқан едік.
Қыз Жібек оқиғасына қатысты – «Жағалбайлы Кіші жүзге қайдан келген?» атты мақаламыз латын әрпімен де басылып шықты. Енді міне, Ресейдегі алтайлықтардың «Маадай Қара» атты жырына зерттеу жүргізіп, алтайлықтардың түбінің адай-қыпшақ екендерін айтпақпыз. Бұл алтайлықтардың бір бөлігінің генотипі R1a – қыпшақтардікіндей болса, енді бір бөлігінің генотипі С3 – Кіші жүздегі Байұлы руларының генотипімен бірдей. Кезінде, түркітанушы ғалым, профессор Сәрсен Аманжолов ағамыз алшындардың тарихи отанының Алтай болғанын, ондағы көптеген жер-су аттарының алшынмен және де оған кіретін ру-тайпалардың аттарына байланысты болғаны жөнінде қорытынды жасап айтқан еді. Шығыс Қазақстандағы жергілікті халық Зайсан ауданындағы Алтай мен Тарбағатай тауларының айқасқан жеріндегі Сауыр, Сайқан деген екі жоталардың атаулары адайлардың екі батырының есімдеріне байланысты екенін айтады. Осымен қатар «Маадай Қара» жырында:
Жеменей Таудың жонында,
Маадай Қара елі бар.
Қысы-жазы қар жаумас,
Көк орай шалғын белі бар,
– деп айтылады. Жеменей дегеніміз Адай тайпасының белді бір руы болады. Адайды бұл жерде меңзеп тұрған жалғыз ғана Жеменей тауы емес, жырда бұдан да басқа табан тірер айғақ болар жолдар бар. Енді, осыны айталық.
Бұл жырда айтылғандай, Маадай Қара деген батыр қартайғанда жаулары оның басынып, Алтайдан алысқа айдап әкетеді. Барған жері Маңқыстау болса керек, батырдың аты Маадай, яғни, бастапқы нұсқасының Ман-Адай Қара болғанда. Бұл жердегі «қара» деген сөз ежелгі, исі адай деген мағына беріп тұр. Бұдан былай батырды осылай атайтын боламыз. Алтайда батырдың жоғалып кеткен алып ұлы Көк-Адай мерген қалған екен. Есейгенде аян алып, әкесін іздеп жолға шыққан Көк-Адай жетпіс қырдан, алпыс таудан асып, қырық ру елдің жерінен өтіп, қарға ұшып жете алмайтын, екі ортадағы даладан сауысқан ұшып өте алмайтын жердегі теңіздің жағасындағы құмдауыт жерге келіп, Алтайдан ауып кеткен әкесі Ман-Адай мен шешесі Алтын-Тарғаны табады. Бұл жерге келгенде Көк-Адай мерген Таз Тарақайға айналып, жаулардың түйесі мен бұқасын ұрлап, киіз үйдің ішінде жоқ қылып, терілерінен тулақ, қап жасап қояды екен. Адайдың Тазға айналғаны жөнінде біздер алдыңғы жазғандарымызда айтқан едік. «Адай мен Таз, үйрек пен қаз», Адай мен Таз егіз, емшектес» деген сөздердің бар екені белгілі. Серікбол Қондыбай болса, ежелгі дай, дах, дас, дася, дегендердің таз екенін, және де Ферғана аңғарында ертеде «жеті қасқа» деген рудың болғанын айтқан еді. Адайлар біздіңше тақыр дегенді «тоқыр» дейді екен. Қытай деректерінде шаштарын тақырлап алып жүрген халықтың яда (ядай-адай), тохар екені айтылады. Міне, осы тохар дегеніміз тоқыр, таз, тәзіке, қытай деректеріндегі дася, дох, дах, дай болса керек. Генетик ғалымдар шежіре деректерінде Адайдың жолдан табылғанын айтып (жиен), осылай болғанда бұлардың генотипінің Байұлының басқа тайпаларымен бірдей болғанына таң қалады. Шежіредегі «егіз» деген сөздерден-ақ біздер бұл екі рудың, генетиктер айтқандай, қаны бір екенін түсінеміз. Ежелгі замандарда небір себептермен бұл бір қауым адай мен таз атанып кеткендей. Алтай жырындағы Адайдың Тазға айналғаны да осыны меңзеп тұр. Яғни, екеуі бір адам деген сөз. Осымен қатар, Маңғыстауда жүрген кездерімде Таздардың ай даладағы түйені айдап кетіп киіз үйдің ішінде жоқ қылып жіберетіндерін естуші едім. Етін жеп, сүйегін киіз үйдің ішіне көміп, терісінен тулақ жасап алып кете берген екен-мыс. Осы сияқты әңгіме аталмыш жырда да бар. Орыс тілінде айтылып-жазылып қалған бұл жырда:
Таз Таракай в единый миг
С верблюда-зверя шкуру снял
И тушу вмиг освежевал,
На части мясо разрубил,
В котел вариться положил.
И быстро сделал два мешка
Из толстой шкуры вожака,
– деп айтылады.
Енді, жырдағы «Қысы-жазы қар жаумас» деген сөзді талдалық. Алтай тауларында қысы-жазы қар жаумайтын жер болмайды. Алтайдың аясында өскен соң, бұндай жұмақ жердің жоқ екеніне сенімдіміз. Сонда, “Жеменей таудың жоны қайда, қар жаумайтын жері қайда?” деген сұрақ туады. Бұл жерді біздер, әрине, Қытай еліндегі Алтай аймағымен көршілес жатқан Жеменей аймағынан іздейміз. Ол жақтан аққан Жеменей деген өзен Зайсан қаласының маңына дейін келеді. Арғы беттегі Жеменей аймағы болса, көк орай шалғын, бір шеті Гоби шөлінің маңында орналасқан. Табиғаты жылы десе болады. Ал енді, Жеменей өзені ағатын жақтағы Зайсан өңірін жер ұйығы деп айтсақ қателеспейміз. Кеңес дәуірінде бұл Зайсанның маңында жүзім өсіретін кеңшар болған. Бергі Шілікті ойпатында қысы-жазы қар жаумайды десе болады. Осы Шілікті аймағы жөнінде Асан қайғы бабамыз: «Әттең, төртінші есігің болса, жер жұмағы сен екенсің!» деген екен. Міне, алтайлықтардың жырында Ман-Адайдың байырғы қонысы ретінде осы Жеменей аймағы, Зайсан өңірі, Шілікті алқабы айтылып тұрса керек. Және де, осы жерлерде Сауыр мен Сайқан деген адайлардың батырларының аты қалған. Бұл маңда Маңғыстаудағы сияқты Кендірлік деген жер-су атауы да бар. Жырдағы Ман-Адай батыр бұл маңда жүрген кездерінде Қарыш Құлақ атты тұлпарына ай мен күн бейнеленген таңбасын басқан екен. Осы жөнінде жырда: «И лунно-солнечным тавром, Скакун помечен с двух боков» деп айтылады. Енді, осы ай мен күн таңбасы жөнінде айталық.
«Орысты жиып ел қылған варяг-қыпшақтар» атты мақаламызда біздер бұл таңба жөнінде толығымен айтқан едік. Яғни, шалқасынан жатқан айшықтың үстінде бейнеленген күн жөнінде. Ежелгі Египет пен Сирияның сақталып қалған барельефтерінен біздер бұл таңбаны көп жерден көреміз. Бұл таңба – ежелгі арийлердің ай мен күннің байланысын білдіретін таңбасы болады. Арийледің діни кітәбі Авестада: «Ең тамаша, ай мен күннің арасындағы байланысқа дұға етелік!» деген сөздер бар. Осымен қатар ежелгі барельефтерден айшықты бұқаның мүйізіне ұқсатылып салынғанын көреміз. Яғни, ежелде күн – бұқаның мүйізінде шығады деген ұғым болған. Біздің туымыздағы күн де, бұқаның мүйізі мен айшыққа ұқсатылып салынған бүркіттің қанаттарының ортасында тұр. Бұл көріністі де, ай мен күннің белгісі деп түсінуге болады. Тіпті, АҚШ долларынан да біздер осы таңбаны көреміз. Онда Дәуіт жұлдызы күнге ұқсатылып, самұрық құстың қанаттары айға ұқсатылып салынған екен. Бұндай таңба – ежелгі арийлердің сакральді таңбасы болады. Ғалымдар қауымы кейінгі сақтар арийлердің ұқпақтары екендерін бір ауыздан мойындайды. Және де адайлардың, яғни, ежелгі дайлардың сақ тайпасы екенінде еш күмән жоқ. Әрине, бұл таңба ай мен күнді дәріптеген Ман-Адай батырға Зороастра дінінен қалған. Бұл діннің пайғамбырының Заратуштра деген есімінің Сары түйе дегенді білдіретіні белгілі. Ол кісі Иранға, яғни, арианға туран-қыпшақ жақтан келген. Өз елінен қуылған деп те айтылады. Және де, аталмыш жырда ай мен күнге қатысты көп айтылады. Жақсының бәрі ай мен күнге теңеледі. Ал енді, Шыңғыс ханның «Құпия шежіресінде» де, ай мен күннің байланысы туралы сөздер бар. Онда қоңыраттық Дай шешен құдасы Есугейге: «Кеше түнде сәуе көріппін, бір ақ шаңқан сұңқар құс шеңгеліне ай мен күнді қатар іліп қолыма келіп қоныпты деймін» деген екен. Енді, Адайдың түбін, Шыңғыс ханның тегінің түбін түсіну үшін тарихи деректер мен шежіренің негізінде мынаны айта кетелік. Негізінде, Шыңғыс ханның шыққан тегіне қатысты ғаламтор мен газет беттерінде отызға жуық мақаламыз жарық көрген еді. Сондықтан осы жазғандарымызға қысқаша шолу жасап өтелік. Жазғандарымызда табан тірер айғақтарымыз тайға таңба басылғандай болып көрініп тұрған соң, біз ары қарай «болса керек», «бәлкім» деген сөзерді қолданбай, тоқ етерін ғана айтатын боламыз. Толық нұсқаны «Шыңғыс хан және қыпшақтар», «Шыңғыс хан – Адай руының ұрпағы» атты ғаламтордағы мақаларымыздан біле жатарсыздар.
Шыңғыс ханның тоғызыншы бабасы Боданжар тұл отырып жүкті болған Алан анамыздан туған еді. Боданжар – бірінен кейін бірі туған үштіктің кенжесі болады. Боданжарға қатысты «нұрдан жаралды» деген лақабты Алан ана өзінің марқұм болған байы Тобан мергеннен тапқан екі ұлынан қорқып таратып жіберген. (З.Қинаят). Өйткені, бұл екі ұл әлгі бөтеннен туған үш ұлды өлтірмекші болған. Боданжар деп қытайлар бұрмалап айтқан есімді қазақ зерттеушілері Бөтен сары деп түсіндіреді. Шежіреші Әбілғазы болса, Шыңғыс ханның ақ-сары бет-әлпеттінің, оның тоғызыншы бабасының нышанынан келгенін айтады. Шыңғыс ханды қияттан, қияннан таратып жүргендер (жалайырлар) шежіреден еш хабары жоқ надандар болмақ. Қияттардың тұқымы Тобан мерген дүниеден озғаннан кейін одан қалған екі ұлымен тоқтайды, не болмаса, басқа сала болып қалады. Шыңғыс хан әулетінің атасы Боданжар жоғарыда айтқанымзыдай Тобан мерген өлгеннен кейін туған. Сонда ол қалайша кият болмақ? Бұл Боданжардың нақты әкесі «Құпия шежіреде» жасырын мағына ретінде «баяут-маалих» деп көрсетілген. Баяут дегеніміз қазіргі Байұлы да, маалих дегеніміз «мұңаллық», яғни, мұңалдық болады. Мұңал дегеніміз өз кезегінде Адайдың кенжесі деген, Шыңғыс ханның таңбасын ұстанған Мұңал руы болады. Парсы тілі мен француз тілінде біздіңше «ң» дыбысы болмаған соң, маңғол тарихын жазған Рашид-ад-дин мұңал дегенді «мовал» деп, маңғолдарға Европадан барған Рубрук «моал» деп жазып, бұл сөздің естілуін барынша жазып келтірген. Егер де сіз мовал, моал десеңіз, бұл сөздердің құлаққа мұң+ал сөзі сияқты естілетіні хақ. «Шежіре түрікті» жазған Әбілғазы баһадүр хан болса, біздер маңғол деп жүрген атауды «мунол» деп жазады. Және де, «мун» деген сөздің мұң екенін айтады. Ал енді, «ол» дегені өзбекше айтылғандағы «ал» сөзі болады. Өзбектердің «алыңыз» дегенді «олыңыз» дейтіндері белгілі. Осымен қатар, Әбілғазы «мунол» сөзінің айтылуы қиын болғандықтан «мугул» деп айтылып кеткенін жазады. Ал енді, бұл рудың мұңал атауы болса, ежелгі шежіре деректерінде «мұғал» деп айтылады. Серікбол да осыны айтқан. Яғни, қазақтың шежіре деректері Әбілғазының айтқанын растап тұр. Осы Мұғал атауынан Моғолстан хандығы аталған.
Рашид ад-дин «Оғызнама» атты еңбегінде маңғолдарды мовал деп, бұл этнонимнің мағынасының: «Әрқашан да мұңлы болып, иттің терісін жамылып, құстың ғана етін жеп, Түркістанда (Туранда Қ.З.) көрінбеңдер!» дегенді білдіретінін айтады. Яғни, бұл халық көңілдеріне мұң алып кеткендер болмақ. Бұл мұң оларға Оғыз хан қудалағанда туған жерлері Алтайдан айырылғаннан кейін қонғандай. Алтайлықтардың жырындағы Ман-Адайдың Алтайдан қуылып кеткен тарихы мен бұл мұңал дегендердің ел арасынан қуылған тарихы үндесіп тұр. Көк-Адайды көргенше Ман-Адай мен Алтын-Тарға да мұңда жүреді. Екі жағдайда да, олар қаны бөлек ханға бағынғылары келмеген соң қуылған. Рашид ад-диннің «құстың етін ғана жеп» дегені – құсы қалың Каспий теңізінің жағасын айтып тұр. Ал енді, «Құпия шежіреде» Боданжардың ағайындарымен сыйыспай ай далаға қуылып «құстың етін ғана жеп» өмір сүргені айтылады. Және де, Боданжардың таңбасы құс аулайтын қаршығаны білдіреді. (қаршыға таңба). Алай да, кейін басқа әкеден туған ағайындарымен бірге үштіктегі ағалары да оны, құстың етін жеп жүрген жерінен елге қайтарып әкеледі. Алтайлықтардың да жырында Ман-Адайды Көк-Адайдың Алтайға қайтып алып келгені айтылады. Адайлардың Алтайға қайта келуі шамамен біздің дәуіріміздегі 5-7 ғасырлар, яғни, Түрік қағанаттарының заманында болса керек. Орхон жазуларындағы «аде-едиз» дегеніміз адай-таз болмақ. Біздіңше, Сырдария өңірінде қоныстанған қият-қыпшақтарды солтүстікке ертіп әкелген адайлар болғандай. Адайлар қайта келгенде қыпшақтармен бірге Сир қағанатын, Найман хандығын құрысып, 13-14 ғасырларда Жетісу, Қаратау өңірлеріне келіп, 16-17 ғасырларда үйреніп қалған Маңғыстау өңіріне қайта қайтып келеді. Енді бір бөлігі қазіргі ойрат-маңғол арасына баят деген атаумен сіңіп кетеді. Одан қалғандары алтайлықтар арасында қалады. «Маадай Қара» жырына арнап алғысөз жазған зерттеуші Аржан Адыров, алтайлықтардың арасында теңіз жағасынан алынып келген бала туралы аңыздың барын айтады. Жазғандарында: «Откуда этот сюжет у самого, казалось бы сухопутного народа? Может быть среди племен Алтая было и такое, которое пришло с моря?» дейді. Міне, зерттеушінің осы қойған сұрақтарына жауап бердік дейміз.
Енді, Жеменей этнонимінің этимологиясын талдалық. Тарихи деректерде джебни, чепни, чеметень деп таңбаланған жеменей этнонимінің бастапқы нұсқасы Ием еней болған. Оның мәнісі мынада. Ежелдегі түрік дастаны мен Рашид ад-диннің жазғандарында Ергене қоң атты жер жұмағы аталады. Серікібол Қондыбай бұл Ергене қоңды «арғы ана қонысы» деген еді. Алай да, мамандығы географ болса да, бұл жер жұмағының георафиялық орнын анықтай алмаған. Мен айтар едім, дүниеден ерте озған соң анықтап үлгермеген. Алай да, арқалы, қасиетті адам болған соң, Ергене қоңды арғы ана қонысы деп дәл айтқан еді марқұм. Кеңес дәуіріндегі көрнекті түркітанушы, қыпшақтанушы ғалым Сергей Кляшторный қазақтағы Қаңлы тайпасының атауының Авестада аты аталған Кангха қамалының атауынан болғанын айтқан еді. Осымен қатар, Сырдария өзенінің ежелгі атауы Канка да, осы қамалдың атынан болған. Бұл қамал туран-қыпшақтардың қамалы еді. Осы жөнінде толығырақ «Орысты жиып ел қылған варяг-қыпшақтар» атты мақаламыздан біле жатарсыздар. Қаңлы тайпасы осы Кангха қамалы мен ежелгі атауы Канка болған Сырдария өзенінің маңында көшіп-қонып жүрген. Ал енді, Бируни болса, өзінің жазғандарында бұл қамалды Ием патшаның салғанын айтады. Ием дегеніміз авесталық кейіпкер, топан судан сақтану үшін ертеде Вара үйін салған адам. Сондықтан да, Авестада бұл Кангха қамалын Кангха-Вара деп те атайды. Негізінде, дұрысы Вара-Кангха болмақ, яғни, кезегі бойынша. Міне, осы Вара-Кангха атауынан қазіргі Фарғана, яғни, Ферғана аңғарының атауы пайда болған. Ергене қоң дегеніміз де осы болады. Кеңес дәуірінде жүргізілген зерттеулердің негізінде «Қазақ совет энциклопедиясында» Ферғана аңғары жөнінде: «Әбден қалыптасқан жоталары дұрыс үшбырышты құрайды» деп айтылған екен. Және де, Ферғана аңғарының картасынан біздер осы дұрыс үшбұрышты көреміз. Дұрыс үшбұрышты таңбаны қазақ арасында «тұмар» дейді. Анығында, бұл үшбұрыш таңба ғылымда: «символ женского начала» деп аталады. Тоныкөктің құлпытасында осы таңба басылған екен. Яғни, әйел ананың жатырын білдіретін таңба болады. Мәселен, Египеттегі барельефтердің бірінен біздер жалаңаш әйелдің күнтимесінің айналасында сызылған осы үшбұрыш таңбаны көреміз. Демек, жоғарғы Ием патша Вара үйін салғанда ырымдап, бұл қамалды әйел ананың жатырына ұқсатып салған. Міне, осы әйел ананың жатырының таңбасына қатысты кейін, Ием патшаның аты Умай анаға айналған. Орхон жазуларынан біздер Умай ананың басындағы тәждің үшбұрышты екенін көреміз. Осымен қатар, кейбір халықтарда бұл Умай ананың аты Ием еней деп айтылып кеткен болса керек. Мәселен, Енисей өзенінің қыпшақша атауы Ене сай, осы Ием ененің құрметіне қатысты айтылғандай. Сай дегені Ферғана қазаншұңқырын айтқандары. Яғни, Ергене қоңнан шығып солтүстікке келген халық өзенді байырғы қоныстарының құрметіне осылай атаған. Сонда, Ене сай, Ием ене, Жеменей, Вара-Кангха, Ергене қоң, бәрі де, әр елдің тілінде әрқалай айтылған, қазіргі Ферғана аңғарының атауының фонетикалық нұсқалары мен өзінше атаулары болады. Ферғана аңғарының Мырзашөлге қараған жалғыз қақпасы ертедегі Вара-Кангха, Ергене қоң қамалының қақпасы болады.
Міне, құрметті оқырман, біздер Жеменей деген атаудың біріншіден жер ұйығы Ергене қоңды айтып тұрғанын, екіншіден – ежелде Жеменей руының Сауыр-Сайқанда көшіп-қонып жүрген жерінің де жер ұйығы екенін түсіндік деймін. Бұл жерге Зайсан атауы жоңғардың Зайсан ноянының атынан берілген деседі. «Ер Жәнібек» атты қоғамдық қордың төрағасы, зайсандық Серік Самарқанұлының айтуынша, Шығыс Қазақстандағы Шілікті, Марқакөл, Зайсан, қытайдағы Жеменей аймағының бәрі де, ертеде адайлардың ата қонысы болған екен. Шіліктідегі сақтардың қорымдары да осыны айтып тұр. Өйткені, жоғарыда айтқанымыздай, адайдың нақты түбі – шежірелік атасы қытай ғұн-түрік емес, сақтар. Әрине, бұның дәлелін біздер археологиялық қазба жұмыстарынан да біле аламыз. Былтырғы жылы осы Серік Самарқанұлы маған телефон шалып, Шыңғыс хан жөнінде кітәп жазып жатқанымды естіген соң хабарласып тұрғанын айтты. Осыдан біраз жыл бұрын Серік ата-бабаларынан аян алып Жеменей өзенінің маңында, Сандықтас деген жердегі үш қорымды тапқанын жеткізді. Алай да, оның айтқанына ешкім де құлақ аспаған екен. Мен біраз араласқан соң, облыс әкімшілігінің тапсырмасымен ол қорымдарға қатысты «Әль-Фараби» атындағы Қазақстан Ғылыми Университетінің археолог маманы Ринат Жұматаев зерттеу қорытындысын жасаған еді. Осы қорытындының «Могильник Сандыктас» деген тарауында археолог: «Заключение. Таким образом, результаты археологической разведки, выполненный методом визуального обследования, следует признать лишь предварительными, они не исключают и не отменяют необходимость проведения контрольных археологических работ и закладки шурфов. По предварительному замечанию могильник относится к сакскому времени» деп жазады. Бұл жерде бір айта кететініміз, бұл қорымдар сақтардың ғұрпымен қойылғанымен, жердің бетінде тұр. Ал енді, сақ дәуірінің қорымдарының жер астынан қазылып, табылып жатқандары белгілі. Және де, сақтардың ғұрпымен тұрғызылған қорымдар 14-ші ғасырлардан бері де сақталап қалған. Яғни, жер бетінде. Біздіңше, бұл қорымдар 800-1000 жылдан бері тұр. Шамамен, Шыңғыс ханның тұсы. Ал енді, былтырғы жылы тарих ғылымдарының докторы, алтын адамды тапқан археолог ғалым Әбдеш Төлебаевтың тапсырмасымен аэродрон аппаратымен жоғарыдан түсірілген фотосуреттерден біздер бұл жердегі қатар тұрған екі қорымның бірінің айшық, екіншісінің күннің формасында тұрғызылғанын көреміз. Яғни, бұл қорымдар ежелгі адайлардың, не болмаса, Жеменей руының таңбасы кейпінде тұрғызылған. Ертедегі қорғандардың бір жағынан қорым, екінші жағынан шекараны білдіретін ескерткіштер екендері белгілі. Сондықтан да бұл қорымдарды ертедегілер қорған (курган) деп атаған.
Қайрат Зарыпхан, шежіретанушы