Шежіре

Қайрат Зарыпхан: Жер ұйығы Жеменей

(Жалғасы. Басы мына сілтемеде)

Қазіргі Тарбағатай, Зайсан, Жеменей аймақтары ежелгі Найман хандығының территориясы болған еді. Найман шежіресінің бір нұсқасында күллі найманның анасы деген Ақсұлу – адайдың қызы деп айтылады. Осымен қатар, шежірешілер Найман хандығын адайлардың да құрысқандарын айтады. Найман елінің бір тармағының атасы Елтай еді. Бұл Елтай шеттен келген бала деседі. Найман шалдың жесірін алып Елата атанған екен-мыс. Кейін, Елтай-Елата Найман шалдың ұлы  Белгібайдың балаларымен сыйыспай Кіші жүзге кетіп қалды деп айтылады. Адайлар болса, шежіресінде осы Елтайдан тарап тұр. Міне, осы шежіре деректерінен біздер найман мен адайдың араларында тығыз байланыстың бар екенін аңғарамыз.  Екі тайпа да, асқан жаугершіліктерімен ерекшеленеді. Найман шежіресін де, Адай шежіресін де талай зерттеген едім. Құнанбай қажылардың Меккеден әкелген шежіресін де, шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлының да шежіресінен де көп нәрсені аңғардық.   Бүгінгі қазақта мен білмейтін шежіре жоқ. Ал енді, менде болса, қазақ білмейтін шежірелер де бар. Алай да, дала ауыз тарихының дерек беруіндегі шежірелік тәсілді түсінбеген адамға шежіре дегеніміз Серікбол айтқандай – далбаса.  Адайда Серікболдан асқан ғалым болмаған. Иманғали Тасмағамбет жарыққа шығарған оның жазғандарын екінің бірі түсіне алмайды.  Сондықтан да, арғықазақ мифологиясы атты ғылымды енгізген Серікболға қатысты Серікболтану ғылымын енгізгеніміз жөн болар.  Серікболдың еңбектерімен таныспай  тұрған  кездерімде мен шежіретанушы да, шежіреші де емес, әлдекімдер сияқты, білген шежіремді  оттап жүрген біреу едім.

Енді, аян, қасиет жөнінде бірер сөз. Психолог ғалымдар адамның құлағына естілетін дауысты, сол адамның миына дауыс ретінде келетін өз ойлары екенін айтады.  Ал енді, бұл адамның осындай ерекше ойлары оның миына қанындағы гендік ақпараттан келеді. Яғни, аян адамның қанынан келеді, өйткені, оның бойындағы қанында ата-бабаларынан келе жатқан ақпарат сақталады. Сондықтан да, әккі бақсылар «аруақ айтты» дейді. Серік Самарқанұлы да, әлгі қорым туралы аянды ата-аба рухынан (қанынан) алған. Серіктің нағашы жұрты меркіттің де түбінің адай екенін генетикалық зерттеулердің негізінде айтқан едік. Міне, бойында қасиеті бар Серікке бұл аян нағашы жақтан келген еді. (нағашының қанынан). Осымен қатар, Көк Тәңірінен де, яғни, ғарыштан да аян келеді. Бұндай аянды әдетте абыз-ақындар алады. Болашақты осылар ғана тұспалдап айта алады. Серікбол Қондыбай жұлдызшы болғандығынан аянды ғарыштан да, гендік ақпараттан да алып отырған.  Сондықтан да, тіпті өзі де нақты түсіне алмаған заттарды жазып кеткенінде: «Неше том кітап жазып тастасам  да, бір белгісіз табалдырықтан аттай алмай тұрғанымды сеземін» деген еді. Ол кісі өзінің жазғандарында «Ілкі төр», «Төретам» деген ұғымдарды айтса да, Ілкі төрдің Ферғана аңғары екенін анықтай  алмай кеткен. Сондықтан да, осылай деп жазған. Ілкі төр дегеніміз рухани орталық, қазақтың, қыпшақтың туған жері Ергене қоң болады. Серікбол айтқан арғы ана қонысы, біз айтқан Ием еней, жер ұйығы Жеменей. Біздер көптеген тарихи деректерді көтеріп осы Ергене қоң оқиғасының қай заманда болғанын нақты айта алмадық. Серікбол: «Кангха, немесе Кангдиз – мифтік арийлықтардың терістік жағында тұратын турандықтардың қамалының атауы, елді мекені. …Кангханы иман жүзді, пәк адамдар мекендейді, яғни ол – киелі мекен»  деп Авестаның негізінде айтады. Яғни, бұл мекен болған, алай да, Рашид ад-дин, Әбілғазы, түрік дастаны айтқан оқиғалар болған жоқ. Біздіңше, бұл аңыз – қият-қыпшақтардың зороастра дінінде болғанын айтып тұрған жалған миф. Сондықтан да, арқалы ғалым Серікбол Қондыбай осы Кангха-Вара, Ергене қоң жөнінде: «Қазақ дегеніміз – исламның суфийлік және ханифалық ағымы мен қыпшақтанып кеткен ежелгі Вара-Ұрым идеясының бір рухани арнаға тоғысуынан шыққан пенде» деп жазып кетеді. Біздіңше, Серікбол бұл сөздерді аянмен алған. Авестада бұл Вара-Кангха үйіне Заратуштраның дінін халыққа жеткізу үшін көктің құсы Каршиптаның  келіп жүргені айтылады.  Бұл кәдуілгі періште болады. Ал енді, қазіргі Ферғана аңғарындағы Сүлеймен тауға да періштелер келіп жүретіні айтылады.  Ежелгі Вараның бүгінгі Ферғана аңғары екенін осыдан да ұғуға болады.  Бұл қасиетті жер  болған соң, көптеген зеттеулерді оқып, орыстардың, буряттардың, маңғолдардың Стамболдағы түріктердің Ергене қоңды болжаған жерлеріне көңілім тоймай сарылып жүргенімде, қасиетті Рамазан айында, таң намазының алдында бұл киелі мекенннің орналасқан жерін меңзеген, маған да аян келген еді.

Белгілі археолог ғалым, профессор Әбдеш Төлебаев алтын адамды қасиетінің арқасында тапқанын айтады.  Кезінде, «Казмұнайгаз» басшылары археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізуге Әбдеш ағамызға қаржылай көмек көрсететінін айтқанда, ол кісі Шілікті  жазығындағы екі жүзге жуық  қорымның қайсысына қаржыны жұмсарын білмей ойланып қалады.  Өйткені, бұл қорымдардың бәрі десе болады, кезінде тонауларға ұшыраған еді. Жұмсалған қаржының зая кетуі де мүмкін болды.  Міне, сол кезде ғалым аян алады.  Осыдан кейін, қасиеті айтқан Бәйгетөбе қорымынан, тіпті ертеде едәуір тоналған болса да, алтын адамды тауып алады. Екінші белгілі археолог ғалым Зейнолла Самашев  Алтайдағы Берел қорымдарына неше жыл қазба жұмыстарын жүргізіп жатыр.  Ол кісі де, түнде ұйықтағанда аян алған соң, қаз деген жерді қазса, сол жерден алтын бұйымдар табылып жатады екен.  Осы сияқты, бойында қасиеті бар Серік Самарқанұлы да, Жеменей өзенінің маңындағы қорымдарға қатысты  аян алған еді.  Алай да, Серікке аян алтын деп емес, нағашы бабаларың деп келген екен. Нағашы жұрты меркіт болған соң, Шыңғыс ханды меркітке санайтын Серік, Шыңғыс ханның тарихымен айналысып жүрген мені іздеп табады.  Бір қызығы, осы қорым жөнінде Серіктен ұялы телефон арқылы естіген Әбдеш Төлебаев, Фемистокль деген жергілікті бір өлкетанушымен бірге Зайсан қаласының  дәл іргесінде тұрған осы қорымдарға барамын дегенінде нөсер жауып, әлгі өлкетанушы қарадай адасып, керек жерді таба алмай қайтыпты.  Өлкетанушының күнде көріп жүрген жерінен адасуы, әрине, ғажап дүние. Міне, осыдан кейін Әбдеш ағамыз Серік Самарқанұлымен бірге барып қана қорымды көре алады.

Енді, тұмар таңбаның, мұңалдың, Ием енейдің, қасиетті үшбұрыштың мағыналарын ұққанымыз соң, меркіттің түбі адай дегенімізге арнайы тоқталайық. Орыс зерттеушілері меркіт руының түп-тамырын жете зерттеп, анығын біле алмаған екен. Анығында, меркіттің түбін бұл жалған дүниеде ешкім де біле алмаған. Меркіт руы қазір Керей тайпасының құрамында сақталып қалған. (абақ керей). Меркітте Мұңлы деген тармағы да бар.  Шежіреде абақ-керейдің шешесінің Әппақ ана екені айтылады. Осы ананың атынан  абақ сөзі пайда болған.  Әппақ деп бұл жерде жап-жарық Күн Тәңірі айтылып тұр.  Қазақ жеріндегі арийлердің заманынан қалған тастардағы суреттерден біздер Күн Тәңірін әйел кейпінде  көреміз. Күн Тәңірінің Әппақ ана аталуы осыдан.  Алдыңғыда, ежелгі адайлардың Күн Тәңіріне, қият-қыпшақтардың Ай Тәңіріне табынғандарын айтқан едік. Шапыраштының адайлармен қаны (гены С3) бір, абақ-кереймен түбі бір екені де белгілі. Шапырашты Қазыбек бек Таусарұлының шежіресіндегі: «Мен Меркіт – Шапырашты баласымын, Үйсін, Керей екеуінің таласымын» деген сөздерде терең мағына жатыр.  Шежірелік Абақ, Шапыраштының жоғалып кетіп Керейге сіңген баласы екенін білген кейбір надан шежіресымақтар: «Меркіт абақ-керейге кірме болғанда, ол қалай Шапырашты баласы болады?»  деп айтады, өйткені, екеуінің де арғы түбін білмейді.  Рашид  ад-дин меркіттерді мағол тайпасының бір бөлігі екендерін айтқан еді.  Мағолымыз мұғал-мұңал болғанда, Рашид ад-дин бірдеңені біліп айтқандай. Бір анығы, қазіргі ойрат-маңғолдарға меркіттердің еш қатысы жоқ. Ғалымдар меркіт дегенді қазіргі маңғол тіліндегі «мэргэд» дегеннен болғанын айтады. Бұл сөз мерген дегенді білдіреді. Сонда, мэргэд деген этнонимнің бастапқы нұсқасының мерге+уд болуы әбден мүмкін. Өйткені, көптеген солтүстіктік ру-тайпалардың атауларына «ут» жалғауы қосылып айтылады. Мәселен, олхон+ут, бур+ут, байджи+ут, тайджи+ут, боген+ут, белгун+ут, т.с.с.  Бұл жердегі  «ут» жалғауы қыпшақ тілінде – от, ошақ, яғни, әулет деген мағына береді. Сонда, мэргэд, мергеут дегеніміз мерген әулеті болады. Және де, ежелгі меркіттердің құрамында «удуит» деген ең көп бөлігі болған. Осы «удуит»  дегені анығында адай+ут, яғни, адай әулеті болса керек. Мұңалды еске салып тұрған мұңлы деген тармағы тағы бар. Башқұрт ұлтының құрамына  сіңген меркітттедің (таза меркіт)  галлогруппалық таңбасы  Байұлынікіндей С3.  Осымен қатар, алтайлықтардың жырындағы Көк-Адайдың есіміне  мерген атағы қосарларып отырады.  Біздіңше,  эпостағы Көк-Адай мерген дегеніміз – адайлар Алтайдан ауғанда жұртта қалып, ру атауын жасырып меркіт (мерген) атанып кеткен  солардың бір бөлігін білдіріп тұрған символдық тұлға.  Иә, Серікбол айтқандай, миф дегеніміз жасырын мағыналы мәлімет болады.  Бұл эпоста Ергене қоңға да меңзес бар. Кезінде, Әлкей Марғұлан Ергене қоң тарихын зерттегенде бұл жер жұмағына Каспий бойынан да халықтардың келгенін айтқан еді. Біздің ойымызша, адайлар қаңлылармен қосылып Маңғыстаудан Ергене  қоңға, яғни, қытай деректерінде «Батыс өңірі» деп таңбаланған Ферғана аңғарына жұмақ дәурен өткізіуге кетіп қалғандай.  Сондағы түрік дастанында Ергене қоңға кетіп қалды деген Кайан – каи-қаңлы да, Тоғуз – тохар, яғни, адай-таз болмақ.  Қытайлардың Ферғананы Даюань деп жазғандарында «дай» және «уаң» деген сөздер бар. Яғни, дай патшалығы деген сөз. (адай). Бұл жөнінде жоғарыда аталған мақалаларымызда толық айтылған.  Ал енді, алтайлықтардың  эпостарында  солардың  тілінде айтылғанды орысшалап келтірген Дьер-Дьюмар деген жартастың аты аталады. Онда: «К зловещим скалам Дьер-Дьюмар, Приехали к закату дня» деп айтылған. Көк-Адай әкесі Ман-Адайды іздегенде теңіз бен құмдауыт даладан кейін осы жартасқа келеді.  Бұл жердегі «к закату дня» дегені – батысты айтқаны. (Батыс өңір).  Жырдағы зловещая скала, яғни, қатерлі жартас жөнінде: «Две расходящихся скалы, Две вмиг сходящихся скалы» деп айтылған.  Яғни, бұл жартастардың арасында қысылып қалу қаупі тұр. Бұл жартастар біздерге мектеп қабырғасынан белгілі «Одиссей» жырындағы жартастарды еске салып тұр.  «Қайнар» университетінің ректоры Еренғайып Омар, «Одиссей» жырының оқиғасы Ергене қоң оқиғасымен үндес екенін бекер айтпаған.  Бұл екі жырда  да  Ергене қоң, Вара-Кангха қамалының  жалғыз қақпасы айтылып тұрғандай.  Ал енді, жырдағы орысшалап айтылған Дьер-Дьюмар дегеніміз – Жер-Тұмар, яғни, үшбұрышты Ергене қоңның енді бір атауы болады.  Қырғыздың «Құрманжан датқа» атты фильмінен біздер,   қырғызға сіңген жағалбайлының қызы Құрманжан датқаның, қоқандықтарды Ферғана аңғарына кіргізбеу үшін  жалғыз қақпасына әскер қойғанын, ол әскері жартастардың үстінде тұрып алып қоқандықтардың үстіне  жоғарыдан үлкен домалақ  тастарды  құлатып жолдарын бөгегендерін көреміз. Яғни, бұл қақпаның күзеті шеттен келгендерге қатер төнгізеді. Қатерлі жартас, яғни, «зловешие скалы» дегендері осы болмақ.  Ергене  қоң оқиғасында да, үлкен жартас тау арасына, сайға кірерге бөгеу ретінде аталады. (завалили скалой). Көк-Адай  мерген бұл жартастардың үстінен атымен қарғып өтсе, Одиссей тиіп-қашып жартастардың арасынан өтіп алады да, арғы жақта көп жылға жоғалып, яғни, адасып кетеді.  Арғы жағы Ферғана сайы болғанда, оның Одиссей деген атының қыпшақша нұсқасы Адас+сай болса керек. Бұрынғы қазақ-совет  ғалымдары Одиссей тарихының,  шұңқырда (қазаншұңқыр) көп жыл отырып еліне қайтып келген Алпамыстың тарихымен де үндесетінін айтқан еді. Сонымен, алтайлықтадың жырынан біздер Ергене қоңды да тауып отырмыз. Біздің ата-аналарымыз бала кезімізде мойнымызға сақтам үшін тұмарды тағып қоятындары мен сақ патшайымы Томиристі қазақтардың Тұмар атағандарының себебін ұқтық дейміз. Тұмар – сакральді таңба, жер-аналық сақтам, қазақ жұртын  қалыптастырған  киелі, рухани ортаның символы болады.  Ежелде біздің ата-бабаларымыз Жер-Тұмардан кеткенде сол жердің бір шымшым топырағын үшбұрышқа ұқсатылып тігілген бұлғары дорбашықтарға салып алып кеткен болса керек. Міне, осыдан бері салтымызда тұмардың ішіне  туған жердің бір шымшым топырағын салып беру үрдісі қалғандай.  Жер-Тұмар дегеніміз осы болады.

Мақаламыздың аяғында, адайлардың батыстан Алтайға қайтқанын айтқан «Ман-Адай Қара» жырынан үзінді келтірелік:

Тут славный воин Кок-Адай

Сказал отцу Маадай Кара:

«В пределы родины своей

Нам кочевать пришла пора.

В сереброкаменный Алтай,

Где травы летние густы,

В благословенный мирный край,

Где горы вечно золоты.

Туда гоните белый скот,

Где самый пышный травостой.

И расселяйте там народ,

Где есть в достатке сухостой.

Сел на коня алып верхом,

И золотую шапку снял,

И оглянулся он кругом,

Народу весело сказал:

«Неволи кончились года,

Кочуйте вольные, туда,

Откуда вас пригнал каан (Оғыз қаған. Қ.З.).

В страну прекраснее всех стран,

В страну которая одна,

Поскольку родина она».

Богатой шапкой помахал,

В края Алтая поскакал.

Как вновь родившийся народ –

Освободившийся народ,

Как будто в темных небесах

Луна взошла – возликовал,

Или в бессолнечных краях

Явилось солнце – весел стал.

И сами двинулись  стада

К обильным пастбищам родным,

Отары потекли туда

И табуны как белый дым.

И люди двинулись туда,

Где ждал их долгие года

Благословенный отчий край –

Сереброкаменный Алтай.

Бұл жердегі: «И золотую шапку снял», «Богатой шапкой помахал» дегендері, адайдың байырғы тарихи отанынан  Әбдеш Төлебаевтың  тапқан алтын адамының басындағы, сақтардың алтынмен апталған шошақ төбе бөрігін айтып тұрғандай.  Шіліктіден табылған алтын адамның бөрігінің маңдайында Мұңал мен Шыңғыс ханның алтын таңбасы жарқырап тұр. Қолындағы аса таяғының үстінде Күн Тәңірінің символы – алтын Архар тұр. Шыңғыс ханның ұраны  осы  Архар болған еді. Күн Тәңірінің енді бір символы Архардың да заты әйел екенін біздер ата-бабаларымыз біздер үшін салып кеткен қола дәуірінің петроглифтеріндегі сурттерден  көреміз. Қашаған жыраудың: «Шыңғыс туды Архардан» дегені, оның осы Күн Тәңірінің нұрынан жаралды деген мифке сай айтылған.  «Маадай Қара» жырында Көк-Адайдың тұлпарының күн таңбалы болғаны айтылады. «Заржет – летит в долины гром, Отмечен солнечным тавром» дейді. Сонда, шығыстағы жер ұйығы Жеменейдегі ай мен күн бейнеленген  қорымда  кімдер  жатыр екен?

Қайрат Зарыпхан, шежіретанушы

(соңы)

Abai.kz

Теги:

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*