Кітапхана

Тұрсынбек КƏКІШҰЛЫ: НОҚТАҒА БАСЫ СЫЙМАҒАН

ОСПАН БАТЫР ИСЛАМҰЛЫНЫҢТУҒАНЫНА 110 ЖЫЛ («Азаттықтың өшпес рухы» атты халықаралық
ғылыми-тəжірибелік конференциясында оқылған баяндама)

Қазақ халқының азаттық аңсаған күресі ғасырлар бойы толастамаған. Соның нəтижесінде ерлігін қанымен жазып, ел есінде есімі мəңгілік сақталған айтулы тұлғалар дүниеге келді. Əне сондай боздақтардың бірі, орыс пен қытай арасын- да ат ойнатқан əйгілі қолбасшы, Шығыс Түркістан ұлт-азаттық көтерілісінің көсемі Оспан батыр Исламұлы.

Оспан батыр біздің заманымызда өмір сүргеніне қарамастан, қайталанбас ерлігімен, өзіне тəн өрлігімен есімі аңызға айналған тұлға. Бұл бүгінгі тарих мойындаған ақиқат.

Жоңғар шапқыншылығына қарсы күрестерде асқан ерлігімен көзге түсіп, Абылай ханның сенімді серігіне айналған əйгілі қолбасшы Ер Жəнібек батырдың елінен бүгінгі ел аңызға айналдырған Оспандай оғыланның туылуы кездейсоқтық емес. Арада екі ғасырға таяу уақыт өткенде ел мен жердің азаттығы үшін ұрандап атқа қонған Оспан батырдың Ер Жəнібектің ақтуын көтеріп, «Жəнібектеп!» жауға шабуының өзі көп сырды аңғартады.

Жан-жағынан анталаған қалың жауға қарамастан, көзсіз ерліктерге барған Оспанның айдауға жүрмей, айтқанға көнбей дегенін істеуі оның табиғатына сай мінезі болса керек. Жалпы сон- дай өр, бірбеткей мінезімен керей елінің көп жағдайда басқаның қолтығына сия бермейтінінің талай мəрте куəсі болып келеміз.

Тағы бір ашып айтатын əңгіме, Оспан батырдың өмірі мен ерлік-күрестері туралы тарихшылар жақсы біледі. Əсіресе, Қытайдан, Монғолиядан келген бауырластарымыз осы тұрғыдан көптеген ізденістерге барып, зерттеулер жасады. Дей тұрғанмен, осы зерттеушілеріміздің Оспан батыр туралы бір байламға келе алмай, əр түрлі пікірлерде болғандары бізді ойлантады. Əрине, бұл көзқарастың қалыптасуына, кезінде өз мүддесіне жеңдіру үшін Қытай саясатының салқыны тигені ай- дан анық. Құдайға шүкір, тəуелсіз ел болдық қой, өшкенімізді жандырып, кеткенімізді қайтаратын уақыт жетті емес пе. Сондықтан, келешек ұрпақ адаспас үшін, Оспан батыр өміріне байланысты нақты тарихты айқындап, бір адам турасындағы шынайылықты көрсеткеніміз жөн. Сонда ғана Оспан ба- тыр өмірі мен ерлігінен енді ғана хабардар бола бастаған біз бағдарымыздан жаңылмаспыз.

Қазақ халқының азаттығы үшін күрескен Оспан батырдың Қытай елінде ақталып, əлі күнге саяси мəртебесін алмағаны өкінішті. Сондай қарсылықтар мен кедергілерге қарамастан Оспан батырды қазақ елінің қайталанбас тұлғасы есебінде ұлықтап, жас ұрпақ санасына ерлік өнеге сіңіретін осындай елдік шаралар ұйымдастырып жатқаны құптарлық жəйт. Бұл бастаманың ұзағынан болғанын қалаймын.

Шетелдегі қандастарымыздың қайғы-қуанышын бөлісіп, олардың өзіне тəн қалыптастырған салт-дəстүрін, əдет- ғұрпын, мəдениеті мен əдебиетін, тарихын кеңінен насихаттап көрсетуді елдігіміз есебінде түсінетін кез келді. Кеңес үкіметі саясатының санамызда қалған сарқыншағының салдарынан шетелдегі қандастарымызды кезінде жан сауғалап қашып кет- кен, еліміз тəуелсіздік алғаннан кейін келіп жатыр дейтін то- лып жатқан кейісті ойдағы ағайындарымыз жоқ емес. Ондай əңгімелерді естіп те жүрміз. Бұл өз бауырын өзекке тепкен ба- рып тұрған сорақылық. Құдай-ау, үш қазақтың біреуі шетелде өмір сүріп жатқан жоқ па?! Олардың маңдайына жазған тағдыр талайы солай болды. Ал, ел болып кереге жайғаннан кейін өз мекенінде өз қазағыңды сыйдырмау қандай масқара! Ондай болса елдігіңнен не қайыр, кеңдігіңнен не пайда?!

Барлығы да қазағыма болсын деген пиғылдан айтылып жатқан ой, бабалар ерлігі балаларымызға жұғысты болсын, ағайын!

Тұрсынбек КƏКІШҰЛЫ,Əл-Фараби атындағы ҚазақҰлттық университетініңоқытушысы, филологияғылымдарының докторы,профессор, академик.

Теги: ,

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*