Кітапхана

Қабдеш ЖҰМАДІЛОВ: КӨРКЕМ ƏДЕБИЕТТЕГІ ОСПАН БАТЫР БЕЙНЕСІ

ОСПАН БАТЫР ИСЛАМҰЛЫНЫҢТУҒАНЫНА 110 ЖЫЛ («Азаттықтың өшпес рухы» атты халықаралық ғылыми-тəжірибелік конференциясында оқылған баяндама)

Оспан батырға менің де азды көпті қатысым бар еді, сол туралы айтсам ба деймін. Жаңа Тұрсекең сөзінде айтты ғой, шекараның ар жағындағы бұ жағындағы қазақтар бір-бірімізді біле бермейміз деп. Сол əрқашан алдымыздан шығады. Жалпы мынау əдебиетшілер, əдебиет сыншылары, əдебиеттанушылар менің творчествомды зерттегенде диаспора тақырыбын, шетелдегі қазақ тақырыбын қазақ əдебиетіне алғаш алып кел- ген жазушы деп есептейді. Оған себеп болған сонау 70-ші жыл- дары жазылған «Соңғы көш», 80-ші жылы жазылған «Тағдыр», «Атамекен» одан басқа да шығармаларды айтатын болу керек.

Сол «Соңғы көш» романының 1-ші томын мен осыдан қырық жыл бұрын, 70-71-ші жылы жаздым. Уақиға негізінен Тарбағатай, Шəуешектің маңайында өтеді. Бірақ сол заманды, сол уақиғаларды айта отырып, Оспанды тастап кету, оны айна- лып өту мүмкін емес еді. Мен шығармамда Оспанның жүрген жерлерін оның оқиғаларын тікелей суреттемеймін. Ол менің принципімде жоқ. Менің творчествомда жалпы бір оқиғаны жазу үшін – соның жүрген жолын, тау-тасын, өзен-көлін, қыл аяғы шөп-шөңге, қараған-бұтасына дейін көріп алып жаза- мын. Сырттай тон пішуге мен өзім қарсымын. Соңдықтан мен Оспан батыр туралы қалай болса солай жазуға барма- дым да, бірақ романға тараулар енгіздім. Менің бір кейіпкерім бар – Нартай батыр деген. Ол Оспанның қоластында бірге соғысады. Сол арқылы шығармадан Оспанға терезе аштым да, Нартайдың тағдыры арқылы Оспан оқиғасы суреттеледі. Ро- манда Оспанның соңғы тергелуі, абақтыдағы қолға түскен кезі, атылар алдындағы сəттер көрінеді. «Соңғы көшті» жазған кез- де «Жазушы» баспасында жұмыс істесем де, кітапты шығару қиын болды. Кітапты жарыққа шығару үшін ең бірінші билік айтатын жер Қазақстан Компартиясының орталық комитеті, со- дан кейін Республикалық КГБ-ның бас кеңсесі, одан кейін Ғылым академиясы. Сондықтан романды 4 дана бастырып, баспа жаңағы аталған жерлерге арнайы хатпен жіберді. Осы кітапты басуға бола ма əлде жоқ па, төрелігін айтыңыздар деп. Сонда осы «Соңғы көшке» төрелік айтатын ешкім табылмады ғой, сенесіздер ме? Осыдан не бəрі 39-40 жыл бұрын болған уақиға. Бəрінен хат келді. «Біз шығарманың көркемдігінде да- уымыз жоқ, мініміз бен сынымыз да жоқ. Бірақ сондағы са- яси ахуал, ондағы кейіпкерлердің тағдыры туралы айта ал- маймыз. Өйткені бізде оны айтатын маман жоқ»,– депті. Та- рих, əдебиет институты да осылай жауап беріпті. Орталық ко- митет те жауапкершілікті мойынына алғысы келмеді. Олардан да жай сипай қамшылаған жауап келді. Оған қарағанда КГБ маған көмек беретіндей жауап айтыпты. «Қазақстанда мұндай шығармаға төрелік айтатын шама жоқ. Сіз шығармаңызды Мəскеудегі Қиыршығыс деген институтқа (яғни Институт Дальный Востокқа) жіберіңіз, онда жапон, қытай, вьетнам ту- ралы зерттейтін мамандар бар. Солар ғана бұл шығармаңыздың ақ-қарасын айырады» деген соң, амал жоқ дереу орысшаға ау- дару керек болды. Төлеу Шаханов, Ғаббас Жұмабаев деген орысшаға жүйрік аудармашыларға жолма-жол аударма жаса- тып, 2-3 айдың ішінде институтқа жібердік. Сол кездегі Жазу- шылар Одағының басшысы Əнуар Əлімжанов арнайы хат жа- зып жіберді. 4-5 айда жауап келді. Жақсы жауап келді. «Роман өте қажет, актуалды, саяси жағынан ешқандай бұрмалаушылық жоқ, қазіргі Қытай саясатын, Қытай шындығын өте нақты көрсеткен» депті. Осы жауап келген соң ғана баспалар мен журналдардың беті бері қарады. 1973 жылдың күзінде «Жұлдыз» журналының 9-10-11 сандарында жарық көрді. Ол кезде «Жұлдыз» журналының бас редакторы – табанының бүрі бар Шерхан Мұртаза болатын. Ол кезде журналдың та- 46 47 рижы 196 мың данамен тарапты. Сөйтіп, «Соңғы көш» менің атымды бірден көкке көтерген шығарма болды. Менің өзімнің топырағым жеңілдігінен бе, менің үстімнен дүркін-дүркін арыз жазып тұратын штатты арызқойларым бар. Кейінгі кезге дейін соңымнан қалмай келе жатыр. Солар романды «Жұлдыздан» оқи салысымен КГБ-ға, Бас цензураға арыз жазған. Сон- да не деген дейсіздер ғой «Қабдеш Қытайдағы Оспан банды- ны жағымды кейіпкер қылып суреттейді жəне Башпай де- ген шіріген байды да оңды адам қылып көрсеткен. (Кезінде Тарбағатайдың уəлиі Башпай, Алтайдың уəлиі Осекең болған ғой). Енді цензурада отыратындарды білесіздер. Роман кітап болып беттеліп тұрған жерінен өндірістен алынып тасталды. Ақыры адам салып жүріп, аталған екі кісінің атын өзгертейік, сонсоң кітап болып шықсын дегенге келтірді ғой. Жəне текс қайта терілмеу үшін адам аттары 5-6 əріптен аспайтын болсын деп тапсырды. Сонан соң, амал жоқ, Оспанды – Қосай, Баш- пайды – Жасыбай деп өзгерттім. Содан кейін ғана «Соңғы көш» жарыққа шықты. Əрине, кейінгі басылымдарда адам аттарын қалпына келтірдім. «Соңғы көш» 80-ші жылдары орысша «По- следнии кочевия» деген атпен, 100 мың тиражбен екі рет басы- лып шықты. Бүкіл Ресейлік кітап базарына түсті. 80-ші жылы Түркияда Хасан Оралтайдың аудармасымен 1-ші томы «Көштен соңыра» деген атпен Ыстамбұлда басылып шықты. Сөйтіп, бұл роман халықаралық таралған кітап болды. Осекеңнің аруағы, басы даулы болса да, мені де біраз жерге сүйреп шығарды ғой деймін.

Бүгінгі жиналыс керек жиналыс. Бұл Осекең үшін емес, осы халыққа керек. Біз батыр бабаларымыздың əруағын сый- лап, соларға тағзым етіп, бір сілкініп алмасақ болатын емес. Кейінгі кезде қазақтың иығы түсіп кетті, жігері құм болып кетті. Ешкімнің бетіне ажырайып қарай алмайтын дəрежеге жетті. Қазір осындағы кірме біреулерге ажырайып қарасаң, «ажырайып қарады» деп соттатып жібереді. Тəуелсіздік алған кезде, азаттыққа жеткен кезде. Мен Оспан батыр туралы толық шығарма жазған жоқпын, ал толық роман жазған адам марқұм Жақсылық Сəмитұлы. Ол үлкенді-кішілі 4 кітаптан тұратын «Сергелдең» романын жазды. Ж. Сəмитұлы тəуелсіздік алған алғашқы жылы-ақ Қытайдағы зейнетақысына да, жағдайына да қарамай көшіп келген болатын. Сонда марқұм айтатын еді, «мені Қазақстанға асығыс алып келген «Сергелдең», Осекең» деп. «Егер мен Қытайда жүрсем Осекең туралы бір ауыз сөз жаза алар ма едім. Осы жаққа тек Осекең туралы жазайын деп келдім. Осы кітапты бітірсем арманым жоқ», деуші еді, сол арманына жетіп кетті. Тағы бір айтайын дегенім, Оспан батырдың атындағы қор болсын, басқа болсын, сол Жақсылық Сəмитұлының Оспан туралы кітаптарын мол тиражбен қайта шығару мəселесін ойластырулары керек. Осында бір жігіттер 5 томдығын шығарамыз деп маған Алғысөз жаздырып алды. Бірақ шыққан кітапты əлі көрген жоқпын. «Алтайдың ақ иығы» деген атпен алғысөз жазып беріп едім.

Ескерткіш тастан да, қыштан да салынады, ең мықты ескерткіш ақ қағазға басылған, қаламнан туған ескерткіш деп білемін. Осекеңнің батырлық бейнесі біздің əдебиетімізде жа- сала беруге тиіс. Рахмет!

Қабдеш ЖҰМАДІЛОВ,

Қазақстанның халық жазушысы,

Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Алматы

Теги: ,

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*