Baq.kz – Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық өлкесінде туған ақын-жазушылар арасында шығармалары ең көп басылғандар көшін Таңжарық Жолдыұлы, Омарғазы Айтан, Жұмабай Біләл, Оразхан Ахмет бастап отыр.
Бұл туралы Шыңжаң өлкесіндегі қазақ тілді кітаптар шығаратын 12 баспаның басын біріктіретін «Шыңжаң» халық баспасы корпорациясы бас редакторының орынбасары Шәріпхан Абдалиұлы ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында айтты.
Оның айтуынша, аталған ақын-жазушылардың шығармалары осы уақытқа дейін баспалардан 4-5 реттен жарық көрген. Оның ішінде әсіресе, ақын Таңжарық Жолдыұлын ерекше атап өтуге болады. 1903 жылы 15 наурызда Іле аймағындағы Күнес ауданында өмірге келіп, 1947 жылдың 6 тамызында туған жерінде дүниеден озған қаламгердің туғанына биыл 110 жыл толды. Ол 1935 жылы Қытай қазақтарының тұңғыш баспасөзі – «Іле өзенін» шығаруды ұйымдастырып, 1940 жылдың 2 ақпанына дейін оның бас редакторы қызметін атқарған және Бейімбеттің «Шұға» пьесасын сахналаған.
«Шыңжаң өлкесінде туған жас ақын-жазушылардың ішінде ең танымалы Бауыржан Шормақ пен Мәдениет Мұқатай. Ал қазақстандық қаламгерлердің шығармаларын шығару бізде әлі бір жүйеге түспеген. Оған шетелдік авторларға қаламақының төленбеуі және олардың өздері мен шығармаларын басып шығарған қазақстандық баспалармен байланыстың әлсіздігі өз ықпалын тигізіп отыр. Дегенмен осы уақытқа дейін Абай Құнанбайұлының, Мұқағали Мақатаевтың, Әбдіжәміл Нұрпейісовтың және тағы басқа да бірқатар ақын-жазушылардың кітаптар жарық көрді», – дейді Ш.Абдалиұлы.
Оның сөзіне қарағанда, соңғы жылдары аударма ісі жолға қойылып, Мұқағали Мақатаев сияқты кейбір ақын-жазушылардың туындылары қытай тілінде жарық көрген. Сондай-ақ, өзі де қызығушылық білдіріп Сайын Мұратбековтің – екі, Дидахмет Әшімханұлынан бір әңгімесін аударған.