Кітапхана

Зардыхан ҚИНАЯТ: МОНҒОЛИЯЛЫҚ ҚАЗАҚТАРДАН ҚҰРАЛҒАН ИНТЕРНАЦИОНАЛДЫҚ ЕРІКТІ ОТРЯД ШЫҒЫС ТҮРКІСТАНДА

ОСПАН БАТЫР ИСЛАМҰЛЫНЫҢТУҒАНЫНА 110 ЖЫЛ («Азаттықтың өшпес рухы» атты халықаралық ғылыми-тəжірибелік конференциясында жасалған баяндама)

1940-1950 жылдары Орталық Азияның шығыс бөлігі: Монғолия. Шығыс Түркістан географиялық аумағында төтенше саяси жағдай қалыптасты. Шығыс Түркістанда өлкедегі халықтардың ұлт азаттығы үшін күрес басталды. Гоминдаң үкіметі көршілес Монғолия шекарасына қарай шегінген ұлт азатшыларының соңына түсіп Монғол шекарасына батысынан қауіп төндіре бастады. Бұл мəселеге бір жағынан КСРО, екінші жағынан Гоминдаңдық Қытай үкіметі жəне Ұлы Британия, АҚШ қатарлы батыс державалары араласып Қытай мен Монғол аралық қатынастар Шыңжан арқылы халықаралық деңгейге көтерілді. Қытайда Мао Цзе Дун бастаған революциялық қозғалыстың бас көтеруі КСРО, оның көсемі Иосиф Сталиннің назарына ілікті. Сталиннің тапсырмасымен КСРО дипломаттары мен əскерилері Гоминдаң үкіметімен де, Қытайдың қызыл партизандарымен де келіссөздер жүргізіп, барлау қызметін күшейтті.

Кеңестер Одағы Монғолия жəне Орталық Азия республикалары арқылы Шығыс Түркістанда қалыптасқан жағдайларға тікелей араласып, өлкеде орын ала бастаған ұлт-азаттығы үшін күресті революциялық бағытқа бұру арқылы Қытай революционерлеріне Батысынан қолдау көрсетуге əрекеттенді.

Осы мақсатпен Мəскеуде Шыңжандық революционерлер тобын (Ішінде Монғолияда туған қазақ Дəлелхан Сүкірбаев, қырғыз Ысқақбек Мононов т.б.) дайындықтан өткізді. 1944 жылы қарашаның 12-де Шығыс Түркістан Республикасын жариялап, құрамында 16 адам бар ШТР үкіметін құрды. Үкіметті Ташкенттік діни ғұлама Əлихан төре Шəкіров басқарды. Үкімет құрамына жоғарыдағы дайындықтан өткен белсенділердің барлығы да кірді. Үкімет құрамына Монғолия қазақтары ішінен шыққан аса талантты азаматтардың бірі, ол кезде Баян-Өлгий аймағы ішкі істер бөлімінің арнайы қызметкері Құрманхан Мұқамəдиұлы кірген еді.

ШТР үкіметінің іс əрекетіне бір жағынан Кеңестер одағы, екінші жағынан мұсылмандық идеологияның əсері күшті болды. Аталған екі бағыт, екі идеологияның ара қайшылығы жəне Гоминдаңның жергілікті билігінің түрлі айла-шарғылары салдарынан бұл үкімет ұзақ жасай алмады. Оспан Исламұлы ШТР үкіметін əуел бастан мойындамай ұлт-азаттығы үшін күресін одан ары жалғастыра берді. Оспанның бұл əрекеті КСРО басшылығының назарынан тыс қалмады. Бүгінгі конференция осы тұлғаның өмірі мен күрес жолына арналып отырғандықтан мен тарихшы ретінде тұлға жайлы өз пікірімді айта кетуді жөн көрдім. Оспан Исламұлы Шыңжанда мұсылмандық тұрғыдағы тəуелсіз қазақ мемлекетін (хандығын) құруды басты мақсат тұтты. Бірақ Оспанда бұл мемлекетті қалай құру, кіммен одақтасу, кімдерге қарсы тұру керектігі жайлы нақты стратегия, тактика болмағандықтан күрес жолы аса шытырман оқиғаларға толы болды. Оның ерліктерге толы өмір жолында да қайшылықтар көп болды. Ол ШТР үкіметін мойындамады. Алтай аймағын бір жылға жуық уақыт басқарып, оны да тастап кетті. Кейінірек Гоминдаң жағына өтіп, қызыл қытайлардың қолынан қаза тапты. Оспанға ерген көп адам,  қандыбалақ серіктестері қаза тапты. Қайсыбірі тағдырдың тауқыметін тарта жүріп ел-жерінен ауып кетуге мəжбүр болды. Оспанның алға қойған мақсаты игі болғанымен орындалуы мүмкін емес болатын. Сондықтан КСРО да, Гоминдаң үкіметі де жəне басқадай күштер Оспанның күшін уақытша пайдаланып, кейін оны барар жер, басар тау қалдырмай өз
бетімен тастап кетті. Сондықтан оның өмірі мен іс əрекетін бір жақты асыра мақтаудың да, жоққа шығарып, қаралаудың да қажеті жоқ. Оспан Исламұлының өмірі мен күрес жолы тарихтың аса салихалы, салмақты қорытындысын қажет етеді. Оспанды Монғолия арқылы Кеңестер одағы да уақытша пайдаланды. Кеңестер одағы басшылары Оспан бастаған көтерілісшілерді қолдап Гоминдаңға қарсы қойып, революциялық бағытқа бет бұрғызу, тіптен болмағанда оны бейтараптандыру дұрыс деп тауып И.Сталин бұл міндетті МХР-ның премьер-министрі маршал Х.Чойбалсанға жүктеді. И.Сталин осы мəселе бойынша Х.Чойбалсанды 1944 жылы 15 ақпанда Кремльде қабылдап жоғарыдағы мақсатты іске асыру жолдарын талқылады. Оспанға көмектесу үшін қажетті қару-жарақ (400 винтовка, 200 автомат, 30 пулемет, 5 дүрбі жəне 4000 винтовка оғы) арттырып, əскери мамандар мен барлаушы топтарын Монғолияға аттандырды.

Дипломатиялық, барлаушылық, үгіт-насихаттық қыруар іс əрекеттердің негізінде Маршал Чойбалсан Оспанмен ресми түрде екі мəрте жолығып, қазақтардың азаттық күресін қолдайтынын мəлімдеп Оспанға Сталиннің көмегін өз атынан табыс етті. Х.Чойбалсан азаттық үшін күресте тек қару жарақ қана емес, адам ресурсымен көмектесетінін жеткізді. Бұл оқиға тіптен 1939 жылға дейін отан алдында əскери борышын өтеуге шақырылмай келген біздің қазақтардың Монғолияның əскери ісіне араласуына жаңа мүмкіндік туғызды. Қазақ жігіттері əскери училищелерге шақырыла бастады. Əскери бас команданың 1944 жылы наурыздың 4 күні қабылдаған №25 арнайы қаулысы бойынша құрамында 982 адамы бар қазақ ерікті атты əскер тобы құрылды (1). Əскери топ Қобдадағы «ІҮ атты əскер полкі» жанында жасақталды.

Х.Чойбалсан Оспанға берген уəдесін орындап, қазақтың ұлт-азаттығы үшін күреске өз үлесін қосу мақсатында жоғарыда аталған əскери топта əскери өнерге жатылған қазақтардың негізінде 1944 жылы көктемде Монғолиядағы қазақ жігіттерінен жасақталған «Интернационалдық ерікті партизандар отрядын» құрды. Отряд қару-жарақ асынған 462 адамнан құралды (2). Отряд өз ішінен əскери екі топқа бөлінді. Құрамында 200 адамы бар І топты Монғолияның
3839
саяси-қоғам қайраткері Шымшырұлы Ноғай, құрамында 262 адамы бар ІІ топты ол кездегі Баян-Өлгий аймағы əкімшілігінің бастығы Бəжіұлы Қаби жəне Қалқабайлар басқарды. Əскери топтың бас жетекшілігіне Ш.Ноғай, əскери комиссары болып жоғарыда аты аталған Құрманхан Мұқамəдиұлы тағайындалды. Бұл Монғолияны мекендеген қазақтар үшін үлкен оқиға болатын. Отряд туралы:

«Ұмтыл жолда талаптан,

Қаhармандай қайраттан.

Қаби, Ноғай бастаған,

Партизан шықты қазақтан»

делінетін əн шығарылып, əн салт атты қазақ отрядының маршына айналады. Отряд сол жылы жаздың бастапқы айында ол кезде Оспан көтерілісшілерінің қолында болған Шіңгілге барып орналасты. Отряд Оспан бастаған көтерілісшілердің құрамды бөлігі саналды. Отрядқа қатысушы қазағын да, урианхай, монғолын да қазақша киіндіріпті. Отрядқа Монғолияның шекара əскери тобының басшысы генерал Мажиг (Дорж) əскери нұсқау, кеңес беріп отырды. Кейін генерал полковник, МХР Қорғаныс министрі, Монғолияның батыры атағына ие болған осы азаматпен бір іс-сапарда бірге болып əңгімелескенімде ол кісі: «Мен Оспанның үйінде бірнеше рет болдым, өзіміздің əскери отрядқа барғанда қазақ шапан киіп, күміс белбеу буынып төбесіне үкі таққан пұшпақ тымақ киіп баратынмын» деп отыратын еді.

Партизан отряды Алтайда бір жарым жыл уақыт болып Оспан көтерілісшілерімен бірлесіп жəне жеке 11 реткі əскери операцияларға қатысады. Соның ішінде Көктоғайда болған үш шайқас, Сарытоғай, Бурылтоғайды азат ету үшін шайқас, Алтай аймағының орталығы Сарсүмбені азат ету үшін болған шайқастар көлемді əскери қимылдардың қатарына жатады. Тек Сарсүмбе шайқасы кезінде Кəртеңбай, Алтай сомондық Жаңбырбай қатарлы 8 адам мерт болып 5-6 адам жарақат алады. Осы жолғы шайқаста көрсеткен ерлігі үшін руы шимойын найман Ақкөлдік Кəртеңбайға қайтыс болғаннан кейін «Алтай халқының қаhарманы» атағы беріледі.

Монғолияда құрылған қазақ партизан отрядының ерлік жолы туралы Монғолияның əскери мұрағаты, отряд басшысы Ноғай Шымшырұлының «Қырандай қия шыңда шарықтадым» атты естелік кітабы жəне отрядта болған кейбір жауынгерлердің естелігінен айқын көреміз. Бұл туралы материалдар 2006 жылы «Дайк пресс» баспасынан жарық көрген «Қазақстан тарихы туралы монғол деректемелері. Деректемелер мен мұрағаттық құжаттар. ІІІ том.» атты еңбекке енді. Солардың кейбірінен үзінді келтіріп көрелік.

Отрядтың командирі Ш.Ноғайдың оққағары əрі атқосшысы болған Ақмəлікұлы Лүдəрін былай дейді. «Нелер қиян-кескі шайқастарға қатыстық. Бірде Нөкеңнің (Ноғай) құла аты оққа ұшты. Оқтың ортасында қоршауда қалдық. Атымнан түсіп, оған Нөкеңнің мінуін талап еттім. Мінгесейін десем оқ, сайман жүгім ауыр. Нөкең мінген аттың құйрығынан ұстап, шапқан аттың екпінімен құстай ұштым. Қоршаудан құтылдық» дейді. Өз естелігінде Нөкең де мұны растапты (4). Майор Əбілмəжін Шөмеұлының естелігі де партизан отрядының жауынгер жолы жайлы көп мағлұмат береді. 8-айда дейді естеліктің авторы: «Тілеухан, Лүдəрін, Аятхан, Мəңкей, Сейітжағыпармен бірге Шонжыдан азық əкеле жатқан жау взводымен соғысып 80 түйе, 24 қап күріш, 40 винтовкасымен қолға түсіріп, Дəлелхан полкына өткеріп бердік» дейді (5). Тағы да осы естеліктің жалғасы «1944 жылы 12-айдан 1945 жылы 5-айға дейін Давсан Түнх, Сарытоғай, Көктоғайдағы жаудың үш базасын Шонжыдан бөліп тұру міндетін атқардық. Жаудың 5 автомашинасы мен 100- ден астам əскерін жойдық. Дотор Хараада болған шайқаста мен пулемет оғымен жаудың зеңбірегін жойдым. Жаудың 100 əскерін өлтірдік, бізден 2 адам қаза болды» деп жазады. Бір жыл жарым уақыттың ішінде мұндай оқиғалар өте көп болған.

Осы отрядтың қатарында болған қарт жауынгер Тотила ақсақал маған мынандай оқиға туралы айтқан еді. 1945 жылы көктемде Көктоғайда болған күрделі шайқас кезінде 12 атқа оқ тиіп, бір адам өліп, 11 жауынгер жаяу қалып жаудан əзер құтылып топқа қосылғанда комиссар Құрманхан Мұқамəдиұлы борап тұрған жау оғының астында өлген атының үстіндегі ер-тоқымының айылын қиып жіберіп, жүгенін сыпырып ертоқымын алып келіпті. Басқалары 2-3 күн ер-тұрман жетіспей қиналып жүрді. Құрманхан жас болса да нағыз жалын еді деп отыратын марқұм.

Бұл күрес оңайға түскен жоқ. Соғыс кезінде Кəртеңбай, Мұхамет, Абай, Мəжит, Рахат, Бағай, Мамырхан, Лувсандагва, Қатыран, Семейхан қатарлы 20-дан астам азамат қаза тауып, 30-дан астам жауынгер жарақат алыпты. Отряд командирі Ш.Ноғайдың айтуынша «Отряд жаудың 1000-нан астам əскерін жойып, 5000-нан астам винтовка, 11 пулемет, 20 мыңнан астам оқ, 14 слет мылтығы, 150-ден астам түйе, 7 автокөлік, азыққа арналған 300-ден астам өгіз т.б. заттарды олжалап, жаудың 12 адамын тұтқынға алған» екен (6). Күресте көрсеткен ерлігі үшін жауынгер Кəртеңбайға «Алтай халқының қаһарманы» атағы беріліп, С.Тұрғынбай «Алтын жұлдыз», Лувсанвандан «Майдан даңқы», Нұқ, Əбілқас, Татандар «Алтын жұлдыз» орденімен, Төлеухан, Базанайлар «Майдан» медалімен марапатталып, отрядтың баррлық мүшесі Оспан мен Сүкірбаевтың алғыс хатына ие болады. 

Монғолия қазақтарының интернационалдық отряды осылайша аса қиын жолдардан өтіп, алға қойылған міндеттерін ойдағыдай орындап шықты. Алтай аймағының құрылуына үлес қосты. Алтай аймағының губернаторы Исламұлы Оспан, Алтай қазақ полкінің қолбасшысы, подполковник, кейін генерал губернатор болған Дəлелхан Сүкірбайұлы өз қолымен 1945 жылы 13 қазанда жазған алғыс хатында Ш.Ноғай бастаған қазақ отрядының көрсеткен қызметін жоғары бағалап, шын жүректен ықылас білдіріп командирлеріне түрлі сый-сияпат ұсынып еліне шығарып салыпты.

Иə сырттай қарағанда бұл оқиға бір елдің екінші елге, қазақтың бір тобының екінші бір тобына шын ниетпен көрсеткен көмегі сияқты болып көрінеді. Отрядқа қатысып үкіметінің тапсырмасын адал орындап жүріп қаза болған, жарақат алған, алмағандардың еш кінəсі жоқ еді. Оспан да Монғолия үкіметінің бұл көмегін шын ниетімен қабылдап, оларға алғысын білдірді. Бірақ бұл оқиғадан қазақ ештеңе де ұтқан жоқ, керісінше тактикалық жағынан ұтылды. Тек Кеңестер одағы ұтты. Олар Оспанның алға қойған мақсаты орындалуы мүмкін еместігін біле тұра, оның қолына қару-жарақ беріп Гоминдаңға қарсы
айдап салу арқылы Оспан қолын бейтарап жағдайға келтіріп: Біріншіден, Ресейдің одақтасы Монғолияның батыс шекарасын тиыштандырды. Екіншіден, Шыңжандағы Гоминдаң үкіметінің күшін əлсірету арқылы Қытай революциялық армиясы 1949-1950 жылдары Шыңжанға қарсылықсыз келіп кіруіне жол ашты. Шыңжанда Қытай революциясы жеңіске жеткеннен кейін Оспан іс жүзінде əлеуметтік тірегінен айырылып бейберекесіз құбылысқа айналды. Оның ақыры Оспанның тек өз басынын ғана емес, халқының трагедиясымен аяқталды.

Əдебиеттер:
1. Қазақстан тарихы туралы монғол деректемелері: ІІІ том. Деректемелер мен мұрағаттық құжаттар. «Дайк-пресс», 2006, 126-б:

2. МАХН-ын мұрағаты 32-ф, 43, 8-б;

3. Қазақстан тарихы туралы монғол деректемелері. ІІІ том… 130-б;

4. Ол да сонда. 118-б;

5. Ол да сонда. 128-б;

6. Ноғай Шымшырұлы. Қырандай қия шыңда шарықтадым. Өлгий, 1998. 47-б;

 

 

 

Теги:

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*