Ат пен кекілік
Омарғазы Айтанұлы мен Ғани Саржанұлы екеуі кезіксе болды бірін-бірі әзіл-қалжыңмен қағытпалап отырады екен. Сәли Садуақас, Шәміс Құмарлар бар бір дастарқанда қуырмаштың етін теріп жеп, қарбыта асап жатқан Ғаниға Омарғазы:
– Қарды тебе жайылатын, міністен енді босаған ат секілді қарайғанын қалдырмай сыпырдың, – ғой десе Ғани:
– Қар астынан жұтап шыққан кекілік секілді сен құсап шұқыланамыз ба? – депті қолма-қол жауап қайтарып.
Бір пұшпағын ұйқалайық
Жұмағали Құйқабаев бастаған бір топ ақын автобуста арақ ішіп келе жатыпты. Жұкең бөтелкені өзі алып басқаларға көп бермей, шалқи түседі екен. Арақ құйылмағанына ыза болған айтыс ақыны Бердіқан Абайұлы:
Бере тұр Жұмағали Құйқабаев,
Біздағы бір пұшпағын ұйқалайық.
Ауызың мен мұрының бірдей ішіп,
Бөтелкенің құр түбін сипамайық, – деп өлеңдетіпті.
Тамсану
Арт-артынан бірнеше романы басылып, кітап сатудың әуресін аз тартпаған жазушы Сағатқан Таңқайұлы бірде мешіттің алдына намазға жиналған қара нөпір адамды көріп, қатты қызығып «Па, шіркін, недеген қалың адам-ей!?» дей беріпті. Қасында тұрған біреу:
– Сақа, неменеге сонша тамсанып тұрсыз? – десе, Сақаң:
– Мына қалың адамға кітап сата қоярма еді, – деген екен.
Құрама өлең
Шарықтап, шалқып өлең өлең оқып отырған бірнеше жас ақын:
– Физика, математика, химия, тарих, әдебиет, биология бәрін қамтыған өлең құрайық! – десіпті дүрілдеп. Ақындар қалай құраса да бұл талаптан шыға алмапты. Сонда орталарында отырған белгілі журналист Серік Тұрдыбайұлы:
Алтайда күз айналса қыс болады,
Кемпірді безендірсе қыз болады.
Натриға хлор қосса тұз болады,
Мұздатқышқа су қойса мұз болады,
Егеуді егей берсе біз болады.
Жайсаң жерге су сепсе сыз болады,
Батпақты басып қалса із болады,
99-ға 1-ді қосса 100 болады, – деп соқтырта жөнеліпті.
Болашақ пен тарих
Мектептегі мұғалімдер «Алтай аясы» журналының бір санын талқылап, ондағы тарихи шығармалардың көп екенін әңгімелеп тұрыпты. Сонда қаламгер Сайполла Баяндин «е-е-е, болашақтарың күңгірт болған соң, өткенді жазбай қайтесіңдер! – деген екен.
Дайындаған: Мұрат Алмасбекұлы