Әдебиет

Жүрсін Ерман: Ерлік жыры (өлең)

Ер Жәнібек баһадүрдің 300 жылдық тойына арналған жыр мұшайрасында бас жүлде алған өлең.

Абылайдың қайраулы қанжары деп,

Заманында дауысың жер жарып ед.

Ата жаумен айқасқан арыстандай,

Сенде де арман бар ма екен Ер Жәнібек?!

 

Таралғыда сірі боп қос тақымың,

Жер бермедің жауыңа таспа – тілім.

Намысыңды түйіп ап шүберекке,

Әділ жаннан түңілген хес батырым!

 

Аңыз болып ерлердің көп шындығы,

Күн астынан күңіреніп естілді үні.

Ырғап – ырғап дұшпанға сілтедің – ау,

Ақ найза мен айбалта, көк сүңгіні.

 

Жалтақтамай желі мен көгенді ойлап,

Топқа кірдің Қабанбай, Бөгенбайлап.

Алтын басты бәйгеге тіккен ерсің,

Түспесін деп төбеңнен төмен байрақ.

 

Құр кіжініп, білемей қамшы алыстан,

Ерлер өтті-ау ерліктен енші алысқан.

Сенің туың төбеде желбіресе,

Айға шапты атылып қанша арыстан!

 

Атажұрттың дүбірге бөлеп төсін,

Елі сендей ер туса өбектесін.

Шарапатың тисін деп шаранаға,

Жәнібек деп қоямыз бөбекке есім.

 

Түспеді ме сүйекке нелер таңба,

Үмітпенен қараймыз келер таңға.

Өзіңдей ұл баулысақ арман бар ма,

Тізгін ұшын тар жерде берер жанға?!

 

Алмакезек замана ауысқалы,

Елес болып барасың алыстағы.

Даңқың бірақ дәуірмен бірге жасар,

Дара біткен даланың данышпаны.

 

Батыр туған жиенң Қазыбектің,

Бұл жалғанның сұмдығын сезіп өттің.

Рухыңды еске алып басыңа кеп,

Тәуелсіздік тойыңда тәжім еттім.

 

Асау жылдар басымнан барады асып,

Аласұрған дауылмен араласып.

Көз ағарды телміріп келер күнге,

Көрінбейтін дұшпанмен жағаласып.

 

Алған қазақ аңсаған азаттығын,

Өзі басып қояды өз аптығын.

Бұйырмасты дәметіп күмілжимін,

Азуымды айқасқан қажап тілім.

 

Жанашырды көрмедім тісін жарған,

Жаттан қорқам бүйірден қысымға алған.

Жәнібек боп жарқылдап жау қашырмай,

Кетіп бара жатыр – ау ішімде арман…

Теги: ,

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*