Жаңалықтар

Светқали НҰРЖАН: Ақындар көшсе, – көшеді аққуларға еріп…

29 қараша күні Алматыдағы Қазақстан жазушылар одағында ақын Мұрат Шаймаранұлының “Талпынған шалғайға шайырдың жаны – құс” атты 50 жастық мерейтойына арналған дүбірлі кеші өтті. Кешке қазақ әдебиетінде өз жолдарын салған белгілі қаламгер тұлғалар қатынасып Одақтың киелі төрінің көркін асырды.

Сонау Маңғыстаудан арнайы ат шалдырып, артынан ерген ақын інісіне ағалық мейіріміне қоса жырдан жұпар аңқыта келген Светқали Нұржан ақынның арнау өлеңі.

Ақындар көшсе, – көшеді аққуларға еріп!

Бір рет қана жолықтық, Мұрат Шаймаран,
Көзіңді көрдім – түбінде бұлақ қайнаған.
Сөнбеген көзі жатқандай бабаларымның,
Пәруана болып мен сол бір шырақты айналам.

Жо-жо-жоқ, сені бұрын да көрген екенмін,
Бұлақ пен Шырақ, мен саған шөлдеп өтермін.
Пәруана-маздақ қып қойған, Аруана-боздақ,
Көздегі сөнбес оты еді Ергенеқонның.

Шулаған шүршіт қиқуы – жат дудан жеріп,
Көкей көзіңді тұп-тұнық гәккулі ән көміп.
Бабакүлдіктің көліне дүр етіп қондың,
Ақындар көшсе, – көшеді аққуларға еріп!

Тарымның тандыр-құмында ұлтты қақтатқан,
Яжуж-Мәжуж құриды күрт құлап тақтан!..
Аққу мен Ақын – Тәңірдің әппақ хаттары,
Ібіліс жел боп парағын жыртқылап баққан!..

Тойыңа келдім бағыңды тілеп, қарағым,
Аққулар жатса оралмай, жүдеп қаламын.
Шырақты айналам, ақынның оқығым келіп,
Алланың хаты жазылған жүрек-парағын!..

Сенде де, менде бір арман, Мұрат Шаймаран:
«Алаштың туын қайткенде құлатпай қалам?..»
…Жүрек-параққа үңілші, бір Ақ құс тұр ма,
Сүйінші сұрап шаттықтан жылап сайраған?..

Теги: , ,

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*