«Желтоқсан» дүниені сілкіндірді,
Бұғаудағы отанды бұлқындырды.
Қырғынды ұнататын империя
Өз қолымен өңешін қылқындырды.
Ірі «Кеңес» іргесін сетінетті,
Не азат күнді көрер, не түнекті.
Көк тайғақта көп жауға қарсы керді,
Көк түріктен жалғасқан көкіректі.
Желтоқсанда майданға жастар шықты,
Себебі, жұрт сенімін жасқа артыпты.
Сесі өр, серті семсер хас батырлар,
Жылы-жұмсақ ажалдан бас тартыпты.
Қасқайып қыздар шықты қан майданға,
Қарамай қандай жора, қандай заңға.
Жас жанымды жұртыма тіктім депті,
Қазағына қара бұлт айланғанда.
Желтоқсан қисыны емес қызбалықтың,
Қолын қол, бұтын бұтын қып бұзды алыптың.
Отаршы ел жарты әлемді жаулағанда,
Тұқымын тұздай құртқан жүз халықтың.
Ұлт біткенді айырды болмысынан,
Бодан елдің ертеңі болды тұман.
Желтоқсанның айтқаны күллі әлемге,
Соңғы қаһар, соңғы сөз, соңғы шыдам.
Дәл бүгін түкпіріне жүрегімнің,
Естіледі сондағы сүрені ұлдың.
Естіледі қыздардың жан айғайы,
Түн ұйқысын ұрлаған Кіремілдің.
Олар оңай арнады әз жандарын,
Егемендік ــ елдікке жазды арманын.
Жане терең сезінді жат орданың
Шаңырағы түсуге аз қалғанын.
Арыстардың денесін құздарға атты.
Арулардың денесін ызғар жапты.
Бауырына басып ап батырларын,
Алатаудың жүрегі сыздап жатты.
Мықтап сенді жүрегі сезгеніне,
Сиғызып нұрлы ертеңді көздеріне.
Ескерткіш қоятынын білді елінің,
Ескерткіш боп қалды олар өздері де.
Қарсы жүзген боздақтар өр ағынға,
Тастай суық кек қонған қабағында.
Жайраң қағып дәл қазір жүр-ау, солар
Жаннаттағы «желтоқсан» алаңында.
Алатаудың сыр айтты төсі бір тың,
Сағынды олар мұндағы досын, ұлтын.
Ақтық демін арнаған боздақтарын
Ақтап әлі болмаған осы жұртын.
Естіді олар жеңістің асқақ әнін,
Естіді олар көшкенін Астананың.
Рухымен сезінді бұл қазаққа,
Ақиқаттың бас изей бастағанын.
Буырқанып тіл қатты бұл төңірек,
Төкті жасын қалаға бұлт еңіреп.
Мүмкін алаң болып жүр алашынан,
Тым ұмытшақ, кең пейіл жұрт еді деп.
Күтті олар бір болашақ елден нұрлы,
Ертсем деп қылықты қыз, көргенді ұлды.
Аялай сүйейікші тағзым етіп,
Көп қанның бодауына келген күнді.
Ерге бітпес ерлікке кім қазыпты ор,
Сом темірге байланды тым нәзік қол.
Тыңда жігіт, әуелі, ақынсың ба,
«Желтоқсан» жастарына жыр жазып көр.
Ол жыр болсын көп жырдан айбаттырақ,
Көрсін ел Ләззатты анық, Қайратты нақ.
Теріс тарих көмсе де көп шындықты,
Жалғыз ғана Жаратқан айғақ бірақ.
Көк тудағы көк рең ــ ол көк аспан,
Алтын күн ــ қалған мұра алты Алаштан.
Ал, қыран құс ــ желтоқсан рухы екен,
Алатаудың биігін аңсап асқан.