Кітапхана

ХХ ғасырдағы Қытай әдебиетінің Ләйлісі

ХХ ғасырдағы Қытай әдебиетінің Ләйлісі

Жаңагүл Қадайқызы

Ол өзінің жан құрсағынан бұлқынып туған ‹‹сәуірдің таңы өзіңсің, мынау ғапыл жалғанда›› деп келетін жыр жолдарындай таяу заман Қытай әдебиетінің әйдік ‹‹Ләйлісіне›› айлана білді. Оның нәркес жанарынан күн шуағы төгіліп тұратын.  

Оның жас сәбидей үлбіреген жүзінен жан дүниесінің кіршіксіздігі мен аңғал мінезі менмұндалайтын.  Оның он бесінде толған айдай әсем ажарынан тәп-тәтті сезім мен мейірдің табы өшкен емес. 

Оның өлеңі өлең емес, өзінің тұла бойы тұнып тұрған өлең сынды қатарынан озған сәмбі тал-тұғын. Ол өлең жазды, өзі де өлең болып өрілді ; ол сурет салды, кесене-храм қазбалады, сол еңбегінің арқасында ақыры өзі де заманының идеял ару мүсініне айналып оқырман санасында қалып қойды. Ал оның тармақтай ұйқасып та, ұштасып та кете барған талай-тағдыры шығыс топырағында мың жылда қайталанбас хас сұлудың махаббат хикаясын өнер әлеміне зерделеді.

1

Әлқиса, ескі салттың құндағынан арыла қойм аған заманда ата-бабаларының бәрі қағаз қаужаған білімдар әулетте өмірге келген тұрымтайдай қызды ата-әжелері өз тәрбиелеріне алды. Туған анасының хат танымайтын сауатсыздығы үшін бар ғұмырын ашшы азап, сайқы-мазақ арқалаумен өткергенін көзі көрді, білді. Хан қызындай ханша ғұмыр кешкен сұлудың бір кем бақытсыздығы, қараша мұңы болса, ол да осы әке-шешесінің алауыз тірлігі еді. ‹‹Шию-шию›› деген әңгімесінде: ‹‹туған әке-шешесінің көзі тірі болса да, тас жетімнен бетер жалғыздық тартып, арқа сүйенішсіз күн кешті. ››

‹‹Әкем де тасбауыр-ақ, анам ашушаң болса да, оның бар ғұмыры жапаға жегілумен келмеді ме? Ол дімкас ауыру еді ғой. Сен оның алты құрсақ көтергенін, солардан менің ғана жер басып тірі жүргенімді білесің де, бұрын түн болса-ақ шиеттей шетінеген сәбилерін жоқтап азаланса, таң қабырғасы сөгілісімен-ақ күйбең тірлікке жегіліп кете баратын, мүлдем бөтен жан еді, мінезі де Жібектей-тын. ›› деп таусылады. Бұл оның бақытты һәм бақытсыз бала күнінің айна-қатесіз өзі болатұғын. Алайда ол кейіпкері ‹‹Шию шию›› сынды тас жетім тағдыр кешпеді. Ел санасы ашылмаған түнек заманда жапоннан білім алған әкесі оның басынан құс ұшырмады, оқытты, білім берді, шетел асырды.

Он алтыға енді толған балғын қыз Англияға кетіп, университетке түседі, оның өнер-білім жолындағы тұсауы осылай кесілген-ды. Сол жылдың сартап күзінде тұма махаббатын ұрлаған таңғажайып ақын Шұй Жымоны Лондонда жолғастырды ; ақиқатын айтқанда, ‹‹Қытай поэзиясына тың серпін әкелген›› ақын жүрегінің пернесін дүп басқан жаны да, заты да сұлу заманының сұңғыла ‹‹Жуйыңтайын›› өңінде жолықтырды демек оң. Бұл қыз ‹‹уылжып піскен шаптолдай›› ақын жырына жаңа тыныс берді, сағындырды, аңсатты, ғашықтық ғазапқа салып, отына күйдірді. Ақыры аяғы тұсаулы албырт ақын озының атастырып қосылған жарынан безініп, ұясын тастап кетті. Өкінішті-ақ! дегенмен, ‹‹еһ, Кембриж›› деп аһ ұрған ақынның кешігіп жолығысқан кінәсіз махаббаты өзінің алқынған өлең жолдарына ескексіз қайықтай жерленіп қана қала берді. Бала күнінде шаңырақ ұстар ұл сүйдіре алмаған кінәсынан сан соққы жеген анасының бақытсыз тағдыры қыздың аңғал сезіміне бұғау салды ; жан жарасына айналған балалық шағының көлеңке тұсы оған әйел үшін оттан ыстық махаббаттың да қасырет сыйлайтынын ұғындырған еді. ‹‹Жоң лұй›› дейтін шығармасында ол әлде бір ақынға ес-түссіз ғашық болған ләйлі қыз Жұң Лұйдың айдында тербелген қайық үстінде мәжнүнінің соңынан іздеп бақиға аттанып кете барғанын майдалап жазды. Оның саусақпен санап аларлық әңгімелерінде өзінің жан сезімі, қиялы, қимасы мен өкініш арманының бәрін сыналап жазғансын ба, қай шығармасы болсын онда көлбеңдеп өзінің елесі жүрді. Тым қарапайым. Солайда, әр бір әріптері қытай тіліндегі сөз-сөйлемдердің байырғы үрісін жалғастырды. Жинақы, қысқа қайырым табатын сөйлемдері сол замандағы қолданысқа түскен әріптердің сөздігіндей еді. ‹‹Қымсыну›› да жазғанындай, ол рухтас ақын екеуінің арасын кесіп түпсіз шыңрау көлбеп жатқанын, бұл шыңырау екеуіне өткел бермесін қымсына отырып қағазға түсірді. Қапыда жолғасқан аңғал сезімі үшін ұяттың отына да өртенді. Болмаса өмірінің соңғы күндерінде ақын жарының дидарын көріп, кешірім сұрау ақық арманы болмас та еді. Бірақ, оның кінәсі қаны. . . Өмірдің оң-солын ұғынып үлгермеген бала қыздың осынау күнәлі һәм күнәсіз сезімі тек қаламына шабыт сыйлады. Сонсын да, 20-ғасырдың басындағы Қытай әдебиетіне ол екеуі сан ғашықтардың жүрекжарды сырына айналған тәтті лирикаларды Әкелді, адамдардың жүдеу тартқан жанына іңкәрлық сыйлады. Кереметі осы да!

‹‹Қоштасу! бұған қалай иландырарсың мені?! Ойыма оралса болды, жынданып кете барамын. Бізді байлап тұрған сезім талшықтарын кәне кім шорт қиып кете барар екен. Көз алдым тек қара тұман. . . ››

Міне осылай ләйлсіне жылай сәлемін жолдады ақын. Алайда олардың бақыттары басқа бағдар тапқанымен, тағдырлары бәрібір тамырласып кете барды. ‹‹Көкке қонған мөлдір шықтай›› деп музасына балаған профессор қыздың лекциясына бара жатқан сапарында ақын ұшағы құлап қапыда мерт болды, дәриға! Әлде, бір жолы ‹‹ертең таңғы алтыда ұшамыз, бұл сапардан аман ораларым белгісіз! ›› деп тілкімдей қағаз қалдырып кеткен ақын шынымен сапарынан оралған жоқ! Сыршыл қыз өмірлік жары, қол ұстасқан серігі Ляң Сычың алып келген ұшақтан қалған қиқымдай ‹‹қасыретті›› сынықты жатын бөлмесіндегі төсегінің басына ғайыптың құсындай үрке ұшқан сезімі үшін де бәлкім ақын құрметыне іліп қойған деседі.

2

‹‹Қолыма қонса бақытымнан, ұшып кетсе тағыдырымнан көрермін›› деп Ляң Чичауға хат жазған ақынның музасын шынымен тағдыр-талайына жазбады. Дегенмен қыздың келте ғұмырының екінші бір парағы оның ақыл-парасатының шырқау биігі болды.

Қытай тарихында иделогия саласында тың дүмпіу тудырған бір дәуірдің ұлы ойшлы, философы һәм ағартушысы аталатын Ляң Чичау әулетіне түскен қыз енді өзінің алған білімі бойынша еңбек етті. Ляң әулеті қаракөк тұқымы еді, сол әулеттің Жапония топырағында дүниеге келген жаңалыққа ынтық ұланы Ляң Сычың екеуі бала күнінен етене өсті. Былайша айтқанда ертеден-ақ тел қозыдай қатар жүрді. Бірге білім алды. Шаңырақ көтергеннен кейін де қол ұстаса осынау ұлан-ғайыр жұмыр шардың жартысынан астамын кезді. Ішкі құрлықтағы ескі храмдар мен жұрттарды зерттеді, хаттады, естелікке алды. Сонымен қатар Қытай топырағындағы Индия мен қытай мәдениетінің өзара тоғысуының туындысы бұдда мәдениетінің соңғы сарқыншақ құрылыстарын, бұд-бұрһан ескерткіш мүсіндерін қазбадан аршыды. Олар жайында естелік, эссе, мақалалар жазып ескі үрдіс пен жаңа ағымның тоғысында идеология толқынысы бұрқап тұрған мезгілде адамдарға көне мәдениетті қорғап сақтап қалуды ұғындырды.

Ғұмырының соңғы минуд-дақылына дейін бар зейін-зердесін отырықты мәдениеттің ізі өшкіндеген архитектура саласына арнаған сәулетші қыз иық сүйер отағасымен бірге ағылшын-қытай тілдерінде ‹‹Қытайның сәулет өнері тарихын›› хатқа түсірді. Қытайдағы білім ордасы Чиңхуа университетінің құрлыс факултетінің шаңырағын көтерісіп, уығын қадасты. Тіптен дімкәс тартқанына Қарамастан Қытай Халық Ресрубликасының ‹‹Елтаңбасы›› мен ‹‹Құрбандар ескерткішін›› жобалауға сәулетші ретінде қатынасты. Жиырмасыншы ғасырдың алғашқы жылдарында тебіндеген жаңашыл жастардың қатарында олар қол ұстаса көш бастаса, тарих бетіне сәулет өнері саласындағы маман ретінде өз есімдерін ойып жазды. Бейне олар өз ордаларының шаңырағын көтергенде қыз таңдауының қалай өзіне түскенін суыртпақтаған Ляң Сычыңға ‹‹алда бар ғұмырыммен жауап беретін боламын›› деп уәде еткеніндей озының ең ұлы махаббатын ұясы мен отанына арнай білді. Содан күш-қуат алды, шыңға өрледі, өсті, дана болды.

Жарты ғасыр тірлік көріп, әсем ғұмыр кешкен қосағын жер құшағына жерлеген соң ляң Сычың екеу ара ант-уәделерін адда етті, қыз басына өз қолымен жобалап құлыптас тұрғызды, бұл құлыптас махаббат пен сүйіспеншіліктің, інкәрлық пен құрметтің, һәм арман мен мұраттың тоғысы болған қос тұлғаның үндестік тапқан соңғы кесенесі-тын.

Мінеки, затын асыл жаратқан жаралмышына ол адал болды, өз қолынан шыққан әйдік сәулет жобаларындай ғұмыры да көркемдене көз тартты, нұр-шұғыла шашты, әрине тағдыры да оны сүйе білді, махаббаттан кенде етпеді. Оған көңілі құлаған заманының дегдәр философы жин юелин жалғыздық дертін тартса да, соңғы тыныс-деміне дейін аңсаған сезімін өзге жанға аманат етпеді, қызды тосты, қолдады, қорғаныш бола білді.

Сәуірдің ызғырық тартқан түнінде он бесінде толған ай әдебімен ғана көк жүзіне көтерілгенде мен үнемі тәгөрдің қасында өлең оқып тұрған қыз сұлбасын көремін, көркем, такаппар, солай да жан біткенге мейірлі. Оның боталаған жанарынан тек махаббат, інкәрлық қана елес береді, осынау шығыс топырағында мың жылда қайталанбас сезім лирикасы да оның пендауи тағдырын сызды, жұлдызын жарқыратты, ‹‹сәуірдің ақидасын›› жырлап мұңданған бұл ару шығыс аспанында жарқырап туған шолпан-жұлдыз ‹‹мингөдағы төрт сұлудың бірі›› аталған сәулетші, ақын керім Лин хұийын еді де.

 

Теги: ,

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*