Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы бүгін Алматыда «Атажұрт» баспа орталығынан 2013 жылы жарыққа шыққан кітаптардың тұсаукесерін жасады. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитетінің «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша жарық көрген 8 кітаптың бірі Арғынбек Апашбайұлының «Жыр-ғұмыр» деп аталатын өлеңдер жинағы.
«Арғынбек Апашбайұлы Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданы Ақарал ауылында өткен ғасырда дүниеге келген. 10 жасында әкесі қайтыс болып, әкесін жоқтаған бала Арғынбек сол кезден өлеңнің соңына ерген. Тақырыбы – тіршілік, дін, атамекен, ұлттық рух, азаматтық құндылықтар. Ең бастысы Шыңжаң қазақ әдебиетнің іргетасын көтерушілердің бірегейі деп айтсақ артық емес», – дейді Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы төрағасының 1-орынбасары Талғат Мамашев.
Ақын мұралары Қытай, Моңғолия, Түркиядағы қандастар арасында және Қазақстанда шығыс өңірінде кең тараған. Арғынбектің аты өшпесін, мұрасын осы Қазақстандағы жұртшылыққа таныстырайық деп үлкен еңбек етіп, құрастырған жазушы, ҚР Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Уақап Қыдырханұлы болып отыр.
ДҚҚ баспасөз қызметі
1 пікір