Білім

Адамзаттың Таулы Алтайды қоныстануы және Алтай тілді қауымдар мәдениетінің сипаты

Табиғат жаратылысы. Адамзат, алғашқы тіршілік тынысы жайлы сөз қозғағанда әлемдегі аса қасиетті аймақ, өңірдің қатарында Таулы Алтай жотасы да қоса аталады. Себебі, дүние жүзі ғұлама ғалым, ойшылдарының ортақ тұжырымы бойынша адамзаттың түпкі тегі әуелі Африкада пайда болып, содан өсіпөніп, бұдан екі миллион жылдай бұрын олар Азия мен Еуропаға қарай көше бастайды. Оған Африка жерінен адам эволюциясының барлық кезеңдерінің ең көне қаңқаларының табылуы дәлел болған. Адамзаттың әлгі өзге құрлықтарға қарай селдей жөңкіп тарауы кезінде, сол адамдардың лоблыған үлкен толқыны өзіміз қастерлейтін Таулы Алтайдың көлбей созылған ұлан-ғайыр өңірін ұзақ уақыт құтты қонысқа айналдырыпты.

Ақиқатында да солай болған, оған профессор Н.Г. Калягиннің: «Азияның оңтүстік шығысындағы Ява аралынан Явантроп (1,9-1,5 млн. жыл бұрынғы), Қытайдың Чжокку үңгірінен Синантроп (700000-300000 жыл), Германиядан Гейдельберг адамы (400000 жыл), Алтайдың Улаган ауданынан Уламинка (300000 жыл) т.с.с. полеонтроптардың табылуы, Африкадан басталған алғашқы көші-қон легінің нәтижесі болмақ»,– деп жазғаны айғақ [1, 35; 2, 23].

Бұл маңызды да күрделі мәселеге соңғы кездері ірі ойшыл, ақын О. Сүлейменов бастаған қазақ зиялы қауымдары да назар аудара бастады. Бұл айтқанымызға 2013 жылы тамыз айының соңында Шығыс Қазақстан облысында өткен «Алтай–түркі әлемінің алтын бесігі» атты хылықаралық форумда сол кездегі Мәдениет және ақпарат министрі М. Құл-Мұхамедтің арнайы баяндама жасау барысында ұзақ жылдар бойы адамзаттың шыққан тегі хомо сапиенс ретінде қарастырылып, алғашқы адамдар Африкада пайда болып, жер жүзіне тарады деген теорияның баршаға белгілі екенін айта келіп: «Австралиядан 60 мың жыл бұрын, Африканың оңтүстігі мен орталығында, солтүстігінде 50 мың жыл бұрын, ал Еуропа жерінде 40 мың жыл бұрын өмір сүрген адам табылды. Жалпы адамзат тарихында «история и до история» ұғымы бар. Тарих кезеңі деп тасқа бейнеленген, қышқа, пергаментке, хатқа түскен, бізге жеткен белгілі кезеңді айтады, тарихшылар мұны б.з.б. ІІІ мың жылдықпен шектейді. Біздің кезеңімізден әрі қарайғы 5 мың жыл бұрын – адамзаттың тарихи кезеңі. Оған дейінгі кезең – тарихқа дейінгі кезең саналады. Сонда түркілердің арғы бабасы шумерлер – тарихқа дейінгі кезеңді ұстап тұр. Конференцияға корей және жапон ғалымдары қатысып отыр. Бұл халықтардың тілдері де түркі тілдерімен бірге Алтай семьясына жатады. Олардың ата-бабалары бізбен 5 мың жылдың ар жақ, бер жағында қосылатын туысқандар болып есептеледі. Сондықтан, біздің ата-бабаларымыз әрісі шумер, америка үндістері, корей, жапон, бергісі сақ, ғұн тарихымен тікелей байланысты»,–деген сөзі дәлел [3].

Осы арада еске саларымыз, бұдан бұрын жазылған зерттеу еңбекте Шумер сына жазба таңбалары мен көне түркі руна жазуы арасындағы байланыс, сабақтастықты көптен бері салыстыра зерттеп, бұлтартпас деректер келтіріп, ұқсастық барын көрсеткенбіз [4, 43]. Сондай-ақ, шумерлер мен көне түркі тілдерінде де едәуір ұқсастық бар. Мысалға, шумер тіліндегі «ада» қазақша «ата», ал көне түркі тілінде «дада», ада» деп айтылады. Шумер тілінде «ама» – қазақша «ана», көне түркі тілінде сол сөз «ама», «аба» деп аталады. Шумер тіліндегі «думу» – қазақша «ұрпақ», түрік тілінде «тума» деп аталады. Шумерлер адамды «Ши» деп атаса, түркі тілінде сол сөз «Щи, Чи» деп аталады. Шумерлер шопанды «Шуба, сипа» десе, түркі тілінде шопан сөзі «Чупан» деп айтылады. Шумер тіліндегі «емек» қазақша «тіл» деп аталса, түркі тілінде «емек, емук» деп аталады. Шумерлердегі «Уш» – үш сан атауы түркі тілінде де «уш» деп айтылады. Мұндай ұқсастық тізе берсе жалғасын таба береді.

Осылай түптей талдау жасай келіп бұрынғы жазған еңбекте: «Көне түркі руна жазуы мен Шумер сына жазуы және олардың тілдерінің арасындағы ұқсастықтар көне түркі мәдениеті дүние жүзінде алғашқылардың қатарында қалыптасқанын тағы да нақтылай түседі», – деп тұжырым жасаған едік [4, 43]. Тағы айтарымыз, біздің арғы тегіміз, тілі жағынан ұқсастық ғылыми негізде дәлелденген америка үндістері Аляскаға дейін барып, әрі қарай жаңа өңірде тірлік құрған болса, көне түркі тарихының төркіні тым тереңде жатқанын, өте әріден басталатынын аңғартады.

Алғашқы адамдардың бірнеше толқын легінің Таулы Алтай өңірін мекендегеніне бірнеше нақты мәліметтер келтіруге болады. Атап көрсетсек, Қазақ Совет энциклопедиясында: «Алтай тілдері – түрік, моңғол, тұңғыс-маньчжур тілдерінің тобын біріктіретін тілдер семьясы. Ғалымдар бұған кейде корей және жапон тілдерін де жатқызады. Дегенмен, Алтай тілдерінің өзара жақындығы бірдей емес. Мәселен, түркі тілдері тұңғыс–маньчжур тілдерінен гөрі моңғол тілдеріне жақын»,– деп мілімденген [5, 10]. Осы келтірілген деректерге сүйене отырып, Таулы Алтай жотасын есте жоқ ескі заманда, алғашқы адамдардың әуелгі мекендеген аймаққа сыймай, теңіздей толқыған сансыз көшпенділер өмір сүруге ауа райы, жері қолайлы Таулы Алтай өңіріне көптеп ағылғанын байқауға негіз бар.

Ең бастысы – Алтай өңірінде бірнеше тілдердің пайда болып «Алтай тілдері» атануы – бұл таулы аймақтың алғашқы адамдардың пайда болып, өсіп-өнген тұсында солардың аса көп шоғырланған айтулы ордасына айналғанын көрсетеді. Осы Таулы Алтай өңіріне қоныстанған алғашқы адамдар легі біртіндеп, бұрынғыдан да үдей көбейіп, әлемнің көптеген жақтарына селдей ағылды деуге келеді. Кеңірек түсіндірсек, тілдің түп-төркінін зерттейтін ғылымды глотогенез деп атайды. Сол ғылымның тұжырымдамасы бойынша бұдан 150 мың жыл бұрын пайда болған тілдің алғашқы көрінісін белгілі дат ғалымы Хольгер Педерсен «ностра» (латынша пostra–біздікі) деп атап, 1903 жылы ностра болжамының негізін қалаған еді [6, 108].

Таулы Алтайға жетіп, қоныстанған алғашқы адамдардың үлкен толқыны кейін дүниенің үштен біріндей жерді жайлағанына айқыны рақ ой жеткізіп, көңілге түю үшін Таулы Алтай аймағының географиялық пішініне, ежелден бұл өңірді кімдер көбірек құтты қоныс еткеніне қысқаша назар аударайық. Таулы Алтай – Ресей, Монғол, Қытай және Қазақстан жерлерін қамти алып жатқан, Орта Азия құрлығына Солтүстік батыстан Оңтүстік шығысқа қарай 2 мың шақырымнан астам ұзындықта созылып жатқан Азияның ірі таулы аймағы. Жалпы бедері – әрқилы, негізінен Батыс Сібір ойпатынан Гоби жазығына дейін әр түрлі бағытта көлбей жатқан жоталар мен қыраттардан тұрады. Таулы Алтайдың ең биік жері үш күмбез Мұзтау. Оның теңіз деңгейінен биіктігі 4700 метр.

Алтайдың оңтүстіктегі табиғи шекарасы – Қара Ертіс пен Жайық көлі, ал оның батыс бөлігі саналатын Қолба жотасы Сарыарқадан Шар өзені арқылы бөлінеді. Таулы Алтайды Қатын, Бұқтырма өзендері төртке бөледі. Олар: орта, шығыс, оңтүстік Алтай және Монғол Алтайы деп аталады. Оның ішінде Орталық Алтай сілемдері «Кенді Алтай» деп даңқы жайылған. Мұздық эрозиясына байланысты таулары құзды, қия құлама, шатқалды, жартасты болып келеді.

Алтайдан Ертіс, Обь, Енисей және Орталық Азияның шөлді аймақтарына қарай бұрылған көптеген өзендер бастау алады. Ақиқатында, Алтай тауларын өзендер қатты тілімдеген. Басты өзендері: Ертістің салалары – Қоба, Қамқар Күршім, Нарын, Уба, Үлбі, Обьтың салалары

  • Ануй, Песчанка, Қатын, Бия, Енисей саласы
  • Абакан мен Монғолиядағы Қобда өзендері де Таулы Алтайдан бастау алады.

Алтай түріктері – шығыста Алтай, Саян, батыста – Каспий теңізі, Сыр бойын, Жоңғар, Тянь-Шань тауларын мекендеген тайпалардың алғашқы империясын құрған түркі тілдес халықтардың жалпы аты. Ол кезде түркі тілдес тайпалардың әрқайсысының өзгеше аты болған. Мысалға, Енисей бойындағылар – қырғыз, Монғолияның шығысындағылар–татар, Турфан аймағындағылар – ұйғыр, Арқа мен Орта Азиядағылар – қыпшақ делінсе, Алатау, Ертіс, Сырдария, Қашқар, Балқаш, Жетісу өлкесіндегі қаңлы, үйсін, дулат тайпаларының одағына енген халықтар мен ұлыстар түрік атанған [5, 298]. Таулы Алтай жотасының табиғаты, болмысына кеңірек тоқталуымыздың себебі алғашқы, қауымдық дәуірдегі адамдар көбіне тіршілікке қолайлы аймақтарды, әсіресе, өзендердің бойын күнкөріске ыңғайлы мекенге айналдырған. Мұндай дәстүр кейінгі кезге дейін созылған. Мысалға, шумерлер өмір сүруге қолайлы аймақты іздеп жүріп, Ефрат пен Тигр өзенінің аралығын мекендеп, өз мәдениетін қалыптастырған. Сондай-ақ түркі тектес халықтар, тайпалардың көбісі Енисей, Орхон, Талас, Ертіс, Сырдария, Іле және басқа өзендердің бойын жайлап, өз мәдениеттерін қалыптастырып дамытқан. Сол сияқты, Таулы Алтайдан шығатын Ертіс, Обь, Енисей, Бұқтырма, Үлбі, Қоба сияқты сандаған өзендер бойын алғашқы адамдар күнкөріс аймағына айналдырып, сол өзендер бойын жағалап ілгері қарай жылжи берген, бұл өңірлерді ежелден, қазір де қазақтар мекендеген. Мәселен, Таулы Алтай жотасынан Аққоба, Ертіс өзендері бас алып, Ұлы Ертіске тоғысып, Обь өзені арқылы Солтүстік Мұзды мұхитқа құяды. Демек, Таулы Алтайға қоныс аударған алғашқы адамдар толқыны кейін сол жоғарыдағы аталған өзендерді жағалап, халқымыздың «Өзен жағалағанның өзегі талмайды» дегеніндей, күнкөріс көзіне айналдыра отырып Солтүстік Мұзды мұхит жаққа қарай жылжи берген.

Тарихшылар: «Алтай аймағын ертеде түрік тектес тайпалар мекендеді» деп мәлімдейді [5, 295]. Олай болса, Енисей, оның сандаған салаларын құтты мекенге айналдырған, сөйтіп Сібірде гі самсаған биік қабырға тастарға түркі таңбаларын, руна жазуын түсіріп, бейне-суреттер салып, мәңгілік мәдениетін қалдырған Таулы Алтаймен жалғастыра Енисей, Обь, Ертісті жайлы қонысқа айналдыра отырып ілгері қарай өрлегендер – қасиетті Таулы Алтайға әуелде жетіп тірлік құрған алғашқы адамдар толқынының үлкен легі, солардың ұрпақтары, біздің бабаларымыз деуге болады. Орта Азия құрлығындағы көлбей созылған Таулы Алтай Ресей, Моңғол, Қытай және Қазақстан аймағын қамтып жатырғанын жоғарыда сөз арасында атап өткен болатынбыз. Ендеше Таулы Алтайға үдере көшкен алғашқы адамдар кейін көбейіп Орта Азияға, Сібірге, жоғарыда аталған аймаққа жөңкіле қоныс тепкен. Сондықтан, Таулы Алтайды алғашқы адамдар қалың легінің құт мекені, былайынша, адамзаттың анасы деуге келеді. Сондай-ақ, бағзы заманнан жеткен көне мәдениет, өмір сүру ережелері, дәстүр-салт, мал өсіру, жер өңдеу, сәулет, қолөнері, әшекей бұйымдар, таңба, белгі, бейне сурет, әуен, жыр, шешендік толғау, табиғат құбылысын болжау, дін, наным-сенімді қалыптастыру сияқты өмірге қажетті жәйттердің барлығын Таулы Алтай тілді қауымдар қалдырған тозбайтын мұралар деуге негіз бар.

Бұл күрделі де маңызды мәселе жайлы түркітанушы ғалым Қ.Сартқожаұлы: «1990 жылдардың соңына дейін алтайлық мәдениеттерді үндіеуропалықтарға теліп келді. Демек, 1990 жылдардың соңынан бастап бұл бағыт өзгерді. Арғы алтайлықтардың ұйық мекенін, таралымын, антропология, генетикасын жаңа көзқараспен қарап, ғылым өз орнына қойды. Соңғы ғылыми тұжырымдарды пайдаланып, түп түріктердің арғы бабалары алтайлықтар жасап кеткен мәдениет мұраларының бірлі-жарымын ғана мысал ретінде атап өтелік», – деп ең көне заманнан қалған бірнеше мәдениет ошақтары жайлы қысқа мәліметтерді назарға ұсынады [7, 40]. Әрине, бұл оның өзі тікелей араласып жүріп жария еткен ғылыми жетістігі емес, көбіне Ресей ғалымдары мен археологтары ашқан жаңалықтар төңірегінде сөз қозғайды.

Оның сол тың мәселеге көңіл аударуының аса тиімді реті бар. Оған Қ. Сартқожаұлының: «Кельт пен Түрікменстанның батысындағы ДемДам-Чешме (б.з.б. Х-ХІІ мыңжылдық), одан кейінгі Жебел мәдениеті ошақтарын жасауға алғы алтайлықтар үлесі мол екенін профессор Н.В. Калягин дәлелдейді. Үндіевропалық ғалымдардан мұндай ұсыныс білдіріп, алтайлық тектің мәдениетін мойындағандар аз болған. Бұл өзгеріс іргелі ғылыми институттар мен ғалымдар Алтай текті халықтың өткенін, олардың жасаған мәдениетін мойындап бас ие бастағанының куәсі болмақ», – деп жазғаны толық дәлел [7, 41]. Ол бұрын оң шешімін таптырмайтын жәйттің беті бері қарағанына ризалық білдіреді.

Алтай тілді қауымдар қалдырған мәдени ошақтар мен мұраларды тауып жария етуде кеңес дәуірінің археолог ғалымдары елеулі жұмыстар атқарды. Мысалға, атақты ғалым М.Е. Массон мен В.Н. Сарианиди, В.Н. Каракұловалар жария еткен «Сивилизация шапағы» деген еңбекте Түрікмен жеріндегі «Жейтун, Анау мәдениетінің» құрамына енетін Намазға, Геоксюр, Алтындепе ошақтарындағы қазба мұраларды алтайлық қауымдар жасағанын ғылыми негізде дәлелдеген. Алтайлық қауымдар диханшылықты игеріп, бидай мен арпа егіп, кесектен құйған үйлер тұрғызып, қызыл бояумен өрнектелген қыш ыдыстар жасаған. Сөйтіп қалалық үлгідегі мекендерді қалыптастырған. Қола құралдарды пайдаланып, мыс балқытуды игерген. Ұсталық, зергерлік өнерді дамытқан. Бұған қоса қой, ешкі, сиыр өсірген. Өлген аруақтарды құрметтеп, қабірханалар тұрғызғын [8, 8-10].

Сондай-ақ, «Андронов мәдениеті» (б.з.б. VІ-ІІІ мыңжылдық) жайлы маман ғалымдардың зерттеп тұжырымдауынша бұл мәдениет ошағын әр түрлі далалық тайпалардың бір-бірімен ықпалдасуының нәтижесінде жасалған ортақ мәдениет үрдістері деп ғылыми пайымдау жасалған. Бұл зерттеуші Е.Е.Кузмина пікірі болып табылады [9, 8].

Шығыстанушы мамандардың бәріне ертеден таныс, бірақ құпиясын ішіне бүккен «Көнеқорған мәдениеті» (б.з.б. ІV-ІІІ мыңжылдық) жайлы белгілі ғалым Н.Я. Мерперт –шығысы монғол жерінен бастап, Енисей, Алтай-Саянды жайлап, қазақ жерін бойлай өтіп Днепрге дейінгі Еуразия далалық аймағына кең тараған мәдениет екенін дәлелдеп берді. «Көнеқорған мәдениеті» алғашқы іргесін Қазақстанның батыс аймағында қалағанын қоса мәлімдеді [10, 123]. Мұның тұжырымын өзге осы сала ғалымдарының көбісі қолдады.

«Көнеқорған мәдениетіне» қатысты ерекшеліктерді жинақтап білдірер болсақ, бастыбасты даралығы: ондағы қабір щұқырларының бұрышын иіп, кең етіп қазу; қабірдің қабырғасын ағашпен, бөренелермен шегендеу; табанына қамыс төсеу, немесе, ағаш қабығын, ши төсеу; басын шығысқа, немесе шығыс-солтүстікке қарату; Сондай-ақ дүниеден өткен адамды жерлеуде онша қолдана бермейтін әдет – мүрдені шалқасынан жатқызып, бір тізесін бүгіп жерлеу, мүмкін бұл әрекет қайтыс болған адамның денсаулығына, дене құрылысының қалыптасуына байланысты мәжбүрлікпен атқарылған әрекет шығар. Сондай-ақ, мұнда мәйіттің сүйегі мен көрдің табанына қызыл жоса төгу; көрдің бе тін ағаш бөренелермен жабу; үстін қорған таспен қоршау сияқты әрекеттер жүзеге асырылған. Адамды жерлеуде қолданылған бұл салттың кейбірі қазақ халқының дәстүріне сай келеді. Осы аталған мәліметтер архелог Н.Я. Мерперт жазған еңбектен алынды [10, 123-125].

Негізінде, «Көнеқорған мәдениеті» ерте дәуірдегі сол аймақ тұрғындарының тіршілігі, кәсібінен де хабардар етеді, жинақтап айтсақ, Көнеқорған тұрғындары көбіне мал шаруашылығы кәсібімен айналысқан көшпелі тайпалар, бұл жағынан қазақ халқының ежелгі тіршілік көзімен сәйкес келеді. Ғалымдардың ұйғарымы бойынша Еуразияның шалқар даласына жергілікті халық мал жайып, көшіп-қонып жүрген. Аймақ табиғатының өзіндік ерекшелігіне орай мал өсіру кәсібін жетілдіріп, төл басын сақтау бағытында көшпелі тіршілікті өз жағдайларына бейімдеп дамыта түсіп, ұйымдастыру әрекеттерін қалыптастырған. Сонымен қоса, еске сақтайтын жәйт – көнеқорғандықтар өлікті жерлеуде қорған жасау мәдениетін дамыта түскен екен. Қысқасы, бұл аталған мәдениет Еуразия даласының төрт бұрышына тараған деуге болады. Әсіресе, сол мәдениетке тән қорған мұралар көптеген аймаққа тараған. Өмір талабына орай, арба пайдалану, көлікпен жұмыс атқару ісін де жүзеге асырған.

Бұл орайда еске саларымыз белгілі ғалым П.И. Пучков осы мәселе төңірегінде кеңірек зерттеу жасау барысында: «Алтай тілді қауымдар әуел бастан-ақ еуропеоид тектес топқа жатқан. Бұл өзгешелік көрініс, бәрінен бұрын түркі халықтарында басым сақталған. Бұған қарама-қарсы моңғол, тұңғыс-мәнжүр, корей, жапон халықтары арғы тектерінің күншығысқа қарай қоныс аударып, әлгі аймақта ұзақ уақыт тұрақтап қалуы нәтижесінде олар өздерінің алғашқы еуропеоидтық қалыптарын, бұрынғысынша сақтап қала алмаған», – деп тұжырым жасайды [11, 38]. Екінші, ойға қайта-қайта оралған жәйт, қазақ ұлттық ғылымында көне түркі руна жазба мұраларын зерттеуге бастаушылардың бірі болған (оның бойындағы ұлттық рухқа ризамыз) Қ. Сартқожаұлы жоғарыда оның еңбегінен келтірілген дәйексөзде «соның ішінде түрік этносына» деген сөз кездеседі. Сондай-ақ, ол осы еңбегін де «Байырғы түрік жазуының генезисі» деп атапты. Осындағы «түрік» сөзі оның зерттеу тақырыбының шеңберіне сәйкес келіңкіремейтін болып көрінеді.

Біздің бабаларымыз жасаған мәдениет пен кәсіп әлемнің озық мәдениетінің қатарына барып қосылғанына бұлтартпас мәлімет, дерек «Ботай мәдениеті» болып табылады. Кешегі кезге дейін қазақтарды бүлікшіл, ұрыншақ, жартылай жабайы санап келген еуроцентристік көқарастағы зерттеушілер өз ойларын өзгертуге мынадай көне түркілер жасаған соны жетістік себепші болды. Шын мәнінде, ежелгі аталар жасаған байырғы мәдениетті дер кезінде зерттеп, танып, игермегендіктен, сөйтіп, үстем елдердің көзін жеткізбегендіктен әлгіндей келеке, қорлау сөздеріне тап болдық. Мысалға, ілгерідегі Еуропа саясаткерлері О. Шпенглер мен Н. Даниловский Орта Азия халықтары варварлық сатыдан шыға алмады деген байлам жасаған болатын.

Бәрінен сорақысы, әлгіндей пиғылдағы шетел ғалымдарының бірі А. Тойнби: «Бұл бүкіл әлемдік динамикалы экономикалық қоғамда үнемі біртектес сатылардан өтетін, тұйық шеңбер бойымен үнемі және өзгеріссіз қозғалысты қайталайтын көшпелілер одағының жетілмеген өркениеті мен тоқыраған экономикасына орын жоқ», – деп қатал үкім айтты [12, 9]. Сондай-ақ, Ресей империясы боданындағы елді жаныштап, рухани жағынан қорлап ұстау үшін сол кезде гі есімі көпке танылған дуалы ауыз тұлғаларды жандайшап ретінде тиімді пайдаланды. Сондай желеуде болған академик В.В. Бартольд: «Қазақ – қарақшы, бүлікшіл, ұрыншақ деген мағынаны білдіретін түрік сөзі», – деді [13, 535]. Оның бұл пікіріне қарсы кезінде ешкім аузын ашпады. Соның салдарынан «қарақшы», «варвар» деген сөз Кеңес дәуірі – Қызыл империя тұсында қазақ жұртының лақап атына айналып кете жаздады.

Мынандай жөнсіз кемсітуге шыдамаған белгілі ақын, ойшыл О. Сүлейменов: «Ресми ғылымның ұғымында көшпелі халық қытай, иран және араб мәдениетінің емшегін сорған Мәңгілік Тағы тұрпатында деп саналды. Түркілердің жазуы ешбір дәлелсіз ирандықтардан алынған деген желеуге иек артты. Менменсіп теріс қарау деген осы емей немене», – деп күйіне жазды [14, 192]. Қазақ халқы кешегі егемендік алған тұста тағы да Россия империясының шашпауын көтерген бұрандалы бұлбұлдардың бірі А.И. Солженицин: «Қазақтар мал жайып өткен жерінің бәрін өзіндік санай берген», – деп «сәуегейлік» танытса [15], 2005 жылы 18 қаңтарда екі ел басшылары мемлекеттік шекараны бекіту туралы шартқа қол қояр сәтте В. Жириновский: «Путин «нағыз орыс жерлерін» қазақтарға беріп қойды. Қазақ ұлты жоқ, Қазақстан Республикасының түгел территориясы Ресейдікі», – деп есалаңдарша сөйледі [16].

Сонымен, «Ботай мәдениеті» (б.з.б. VІ-ІІІ мыңжылдық) ұзақ жылдардан бері шетел ғалымдары назарын аударып, әсіресе археологиялық тұрғыда зерттеліне бастады. Атап айтқанда, әлемге танылған ғалымдардың бірі В. Зайберт 1981-1983 жылдар аралығында Көкшетау жерінен «Ботай» қонысын тауып, қазба жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде «Ботай» атты көне белгінің өзінен 70 мың жылқының сүйегі табылған. Бұл мәліметтің өзі Ботайлықтар негізінен жылқы өсірумен айналысқанын көрсетеді.

Біздің бабаларымыз атты көлік ретінде пайдалануда темірден құйып үзеңгі жасап, әлем мәдениетіне өз үлестерін қосқаны баршаға мәлім. Сонымен қатар, жылқыдан алынатын сүт өнімдерін де игілікке тағам ретінде пайдалануды алғаш игерген де көне түркілер. Сол сияқты, жылқыны көлік ретінде пайдалануда, сол жануардың мінез-құлқын игеру де жаңа әлем құпиясын ашумен теңестіретін жетістік. Халқымыздың қазақ пен жылқы мінезі ұқсас деп топшылауында елеулі сыр бар.

Әдебиеттер

  1. Калягин Н.В. Происхождение цивилизации (социально-философскии аспект). – М: 1996. – 230 с.
  2. Калягин Н.В. Человек и история. – М., 2002. – 185 с.
  3. Төр Алтай – түбі бір түркі жұртының басын қосты // Егемен Қазақстан. – 2014.
  4. Еңсегенұлы Т. Көне түркі руна жазба поэзиясы / К. 1. Көне түркі руна жазба өлеңдері. – Алматы: Білім, 2007. – 350 б.
  5. Қазақ Совет энциклопедиясы. – Т. 1. – Алматы, 1972.
  6. Лингвистический энциклопедичекий словарь. – М., 1990. – 612 с.
  7. Сартқожаұлы Қ. Байырғы түрік жазуының генезисі. – Астана: Арыс, 2007. – 301 б.
  8. Массон В.М. Заря цивилизации. – М., 1972. – 280 с.
  9. Кузьмина Е.Е. Происхождение индоиранцев в свете новейших археологических данных // Этнические проблемы историй центральной Азии в древности. – М., 1981. – 101 с.
  10. Мерперт Н.Я. Древнейшие скотоводы Волжско-Уральского междуречья. – М., 1974. – 258 с.
  11. Пучков П.И. Дивергенция языков и корреляция между языком и расой // Народы и религия мира. Энциклопедия. WWW. СVООК. Ru.
  12. Еңсегенұлы Т. Көне түркі руна жазба поэзиясы. – К. 2. Орхондағы түркі руна жазба өлеңдері. – Алматы: Білім, 2008. – 348 б.
  13. Бартольд В.В. Сочинения. – Т. 5. – М.: Наука, 1968.
  14. Сүлейменов О. Аз и Я. – Алматы: Еңбек сауда үйі, 1992. – 250 б.
  15. Қозыбаев М. Қазақ тарихы – дала өркениетінің құрамды бөлігі // Егемен Қазақстан. – 1998.
  16. Жас Алаш // 1 ақпан 2005 ж.
Авторы:  Еңсегенұлы Т.
Теги: ,

1 пікір

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*