Жаңалықтар

ҚАРШАДАЙ ҚАЗАҚ ҚЫЗЫ ҚЫТАЙ ӘСКЕРИ КЕМЕСІНІҢ ТІЗГІНІН ҰСТАДЫ

Бұл – «Ляонин», Қытайдың ұшақ таситын əскери кемесi. Мұндай авианосец əлемнiң санаулы алпауыт елдерiнде ғана бар. Демек, Қытай үшiн оның маңыздылығын айтпаса да түсiнікті шығар.

Ал бұл әскери кеме тізгінін ұстаған – Жадыра Қабылқызы. Қытайдың Шыңжаң өлкесінде дүниеге келген қазақ қызы. Бүгінде жасы – 25-те. Чанжи колледжінің экономика және менеджмент мамандығы бойынша оқуын аяқтаған Жадыра 2015 жылы әскерге шақырылған. Көзге түскен ержүрек әрі зерек қызды шенділер Қытай әскери теңіз флотының сарбазы етіп қызмет өтеуге алған.

Енді осы сүйріктей сұлу қыз Қытай флотының ең айбарлы кемесі «Ляониннің» тізгінін өз қолына алған. Дәлірек айтсақ, штурвалға иелік етіп, кемені жүргізіп жүр. Бір қайыққа иелік етудің өзін ауыр санайтын қазекем мұндай миссияның қаншалықты қиын екенін іштей сезіп отырған болар.

Құрамында 2000 мыңға жуық адамы бар, оның ішінде 520 офицер қызмет ететін, 50-ге жуық ұшақ пен тікұшаққа аэродром болған, қыруар қару-жарақ тиеген әскери кеменің теңіз бен мұхиттағы еркін жүрісі Жадыра Қабылқызының шеберлігіне байланысты.

Тарихтан қазақ қыздарының батырлығы туралы талай естідік. Олар пулеметiн арқалап соғысқа аттанған, истребительге мiнiп жаудың ұшақтарын қиратқан, қару ұстап қамал алған. Кейінгі жылдары «К700» тракторына мiнiп жер жыртып, озат шопан, үлгiлi дихан да атанған. Бірақ алып әскери кемені жүргізіпті дегенді естімедік.

– Менің  жасымдағы көптеген нәзік жандылар көлік тізгіндей алады, ал мен алып теңізде кеме жүргізіп, дүлей дауылдармен  тайталасамын, – дейді Қытай журналистеріне берген сұхбатында Жадыра Қабылқызы.

«Ляонинде» Жадырадан басқа 100 шақты нәзік жанды ер азаматтарға тән қызметтерді атқарып жүр. Жігіттерге қарағанда олар техниканы тез меңгеруге бейім. Жадыра компьютерлік есептеуге жүйрік, сондықтан кеменің қозғалыс траекториясын жылдам есептей алады.

Бұл фоторепортажды Қытайдың әскери фотографы Чжан Лэй түсірді. 30 жылдық кәсіби мансабында Чжан 16 мыңға жуық фото түсірген екен.

aikyn.kz

Теги: ,

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*