Құрмантай Нүсіпұлы. 1963 жылы ҚХР, Алтай аймағына қарасты Буырылтоғай ауданының Қарамағай ауылында туған. 2005 жылы тарихи отанына қоныс аударған. Қазір ШҚО Тарбағатай ауданы, Ақжар ауылында тұрады. Өлеңдері мерзімді басылымдарға басылып, Тарбағатай ақындарының алманағына кірген. Ақжар ауылы қоғамдық кеңесінің мүшесі. «Шынайы сый халқыма» атты жыр жинағының иесі.
Дастанбыз
Азулымыз, ақылдымыз, асқанбыз,
Ғұмыр кешіп, сан бұраң жол басқанбыз.
Достар үшін ыстық құшақ ашқанбыз,
Дұшпандарды кеудесінен басқанбыз.
Бұл өмірге екі келмес дастанбыз.
Сезімі сел сері болып өскенбіз,
Сейілер деп саз кешуді кешкенбіз.
Кезігер деп бізге тағы көктем – қыз,
Үміттеніп тау самалын өпкенбіз.
Жүрекке алау, көңілге гүл еккенбіз.
Түсіне алмай өмір жолын бастан біз,
Оқып жүріп мектептен де қашқанбыз.
Адасқан түн, ашылған күн – аспанбыз,
Құпиялап қазынаны басқанбыз.
Кейінгі ұрпақ зерттейтұғын дастанбыз.
Ашуым түссе ақпанмын…
Ашуым түссе ақпанмын,
Шытынап мұздай қатқанмын.
Мейірленсем шілдемін,
Ағарып таң боп атқанмын,
Жеті қат жерді қақтармын.
Ағыным түссе өзендей,
Тасың тұрмақ тауыңды,
Қопарып бірақ тастармы.
Ақылым түссе жарқырап,
Айдын көл болып тоқтармын.
Аққуың болып саңқылдап,
Елдің жоғын жоқтармын.
Қаруым етіп өлеңды,
Хас дұшпанға оқтармын.
Артығыңды асырып,
Жоғыңды жауып тастармын.
Тілімді алсаң ағайын,
Адамдыққа бастармын.
Кейінгі түсін жастарым,
Сөзімнің терең астарын.
Нағыз адам
Адам болу бір қасырет адамға,
Көкірегін тұман басқан наданға.
Сол қасырет көп жабысты маған да,
Өмірдегі көп ақымақ саған да.
Адам болу бір қиын іс адамға,
Маған дағы, анығында оған да.
Біз көретін адамдар көп жаһанда,
Нағыз адам кезікпейді адамға.
Адаммын дер біреу байлық – асымен,
Адаммын дер біреу ұзақ жасымен.
Біреулер дер алкеуделі күшімен,
Енді біреу артық қылған ісімен.
Кей біреулер билік, мәнсап тасымен,
Қай біреулер ақылымен, есімен.
Ойлаңдаршы ақылы бар ағайын,
Бар адамдық шектеле ме осымен.
Нағыз адам ұқсайтұғын асылға,
Мүмкін менің жүрген шығар қасымда.
Елі үшін еткен ісі үлгі боп,
Жалғасады ғасырлардан, ғасырға.
Көңілім менің
Көңілім менің көк теңіз,
Теңіздің сыры көп деңіз.
Жағасында оның сайран сал,
Алайда түсіп кетпеңіз.
Көңілім менің көк теңіз,
Өткелін таппай өтаеіз.
Көк теңіз кейде толқйды,
Сол сәтте мені сөкпеңіз.
Көңілім менің көк аспан,
Ғарышқа шексіз жол ашқан.
Тауларды сүйем сондықтан,
Көк аспан менен таласқан.
Көңілім менің нөсер, жел,
Тек кетпес жерге төккен тер.
Еңбегім енді өтелсін,
Көктей бер майса көктей бер.
Ауылда малшы бабаңмын
Жайлауда жүріп мал бақтым,
Малыммен әйтеу жан бақтым.
Құрыштан құйып қажымас,
Санама діңгек орнаттым.
Жалына жылқы жармасып,
Орғытқам талай жарды асып.
Менменсіген мықтыға,
Тоқымды беріп жалғасып.
Мың түрлі сырын ғаламның,
Санамен сезген адаммын.
Табиғаттан бәрін оқығарн,
Ауылда малшы бабаңмын.
Қайта оралшы балауса бала кезім
Дала төсін шимайлап, дара көшім,
Етек – жеңім жамалып кіргенде есім.
Алақанға салып ап әлпештейін,
Қайта оралшы балауса бала кезім.
Шарпымаған тап – таза сананы мұң,
Қайда, қайда іздеймін дара күнім.
Артық – кемі есеп жоқ балалығым,
Жасырылмас болды енді қаралығым.
Қайта оралшы балауса бала кезім.
Керуенім барады дала көшіп,
Қалдың қайда алыстап бала кезім?
Даналықтан таба алмай сендей шешім,
Ауысқандай болады кейде есім.
Қайта оралшы балауса бала кезім.