Шежіре

Абақ Керейдің Алтай асуы және «Төрт би, төре заңы»

Тарих қалтарысындағы беймәлім тұстарды елеп-екшеп, оны ақиқат һәм ұлт мүддесі тұрғысынан қорытып, халық қазынасына айналдыру — көкірегі ояу, арда азаматтардың асыл борышы. Осындай азаматтық ұстанымдағы әріптесіміз Қыдырбек Қиысханұлының газетіміздің өткен санында жарық көрген Абақ Керей тайпасының ҚХР-дің СУАР өлкесіне қоныстануы және Абақ Керейдің ережесі туралы мақаласы қазақ оқырманының тарихи танымын арттыратыны талассыз шындық. Десек те, Қиысхан бауырымыздың пейілі оң болғанымен, тарихты тарқата айтуда базбір кемшіліктерге жол берген секілді. «Баба Тарих» қарға тамырлы қазақтың ортақ еншісі болғандықтан, Шығыс Түркістан аумағына Абақ Керейдің қалай ауа көшіп барғандығын, сондай-ақ, ежелгі әдет-ғұрып заңының сарқыншағы «Төрт би, төре заңы» туралы біз де білетінімізді оқырман талқысына салуды жөн көрдік.

«Керей қайда барасың?»

атты толғаудың астарындағы ақиқат

Біріншіден, мақала иесі «Керейдің батыры Жәнібектің отаршылдық саясатқа наразы болып, өз қарамағындағы халықты ертіп Шыңжанға көшкен…» деген деректі нақты қандай дереккөзден алғанын көрсетпепті. Ал С.Толыбековтың: «Әбілмәмбет ханның тұсында, 1742 жылы Орта жүздің беделділері Ресей билігіне қарауға наразы болып, өз қарамағындағы елдің біразын алып, Шығыс Түркістанға көшкен» деген тұжырымына келетін болсақ, бұл тарихи негізі дүдәмалдау қорытынды. Рас, 1742 жылы Орта жүздің билеушілері Ресей патшалығына бодан болуға ант берген. Бірақ, шын мәнінде, Орта жүз халқы Ресейге Абылай ханның өлімінен кейін бағына бастады. Ш.Уәлиханов «Абылай хан» атты зерттеуінде Қазақ хандығының ХVІІІ ғасырдағы саяси ахуалына тоқтала келіп, Абылай хан бірде Ресей патшасына, бірде Қытай боғдыханына бағындым дегенімен, шынтуайтында ешқайсысына бодан болған емес (Шоқан Уәлиханов шығармалары. І том. Абылай хан. 224-231 беттер. «Мәдени мұра» бағдарламасы. Астана 2010) деп тұжырымдайды. Тегінде, Ресейдің әкімшілік жүйесі Орта жүзге 1822 жылы М.М.Сперанскийдің «Сібір қазақтарының жарғысы» реформасынан соң орныға бастады (Қараңыз: Е.Бекмаханов. Казахстан в 20-е и 40-е годы XIX века. Алматы 1991). Оған дейін, Ресей патшалығына Орта жүз халқы сөз жүзінде ғана бағынышты болып келді. Яғни, Қиысхан бауырымыздың XVIII ғасырдың орта шенінде өмір сүрген Керейдің батыры Жәнібектің орыстың отаршылдық саясатына наразы болып, Шыңжанға көшті деген тұжырымы негізсіздеу айтылған.

Ал Абақ Керейдің Сыр бойынан Шығысқа бет түзеп үдере көшуі туралы Ахметолла Қалиұлы «Суфизм тағылымының шығыс өңірлеріне таралуы» атты зерттеу жұмысында: «Абылай ханның оң тізесін басқан қазақтың белді батырларының бірі Бердәулетұлы Жәнібек батырдың жоңғарды түре қуып, бұл өңірге Абақ Керейді көшіріп алып келгендігін айта келіп, ел аузында қалған Бұқар жыраудың «…Керей қайда барасың» деп басталатын толғауынан терең тарихи сыр шертеді: «Абақ Керей осы мекенде (сірә Сыр бойы болса керек. — М.И.) жүргенде бір жылы үлкен той болады. Тойда Абақ елі мен Арғын елі соғысып калады. Соғыста бір қыдыру адам екі жақтан да жараланады. Сойылға жығылғандардың ішінен Арғынның Ақмырза деген жігіті каза болып, жаласы Керейге калады. Араағайындар араға жүріп, бұл дауды казақ заңы бойынша Керейден Арғынға құн алып беріп, Абақтыны Арғынның аяғына жығып бітірмек болады. Бұған Керей жағы: «Біз адам өлтіргеніміз жоқ, Арғынның өз арасында өштік бар. Осы орайда бірін-бірі өлтіріп, жаласын бізге жауып отыр, ағайынның бәрі іргелі Арғынға бұрып сөйледі. Іргеден жау, белдеуден дау шықты, осы қастық қалып, өштік өшкенше мойны ұзақ бір жерге далдалана тұрғанымыз абзал» деп Абақ керей бұл маңнан ауа көшіп жөнеледі. Бұл Чянлүңның 36 жылы екен (қазақ ол тұста Чиң патшалығының Чянлүң ханының жылнамасын қолданған. Ал, бұл 1771 жылы екен). Бұл кез қазақ пен қырғыз арасындағы кақтығыс аяқталып, қырғыз ханы қызы Тұмарды Әбілпейіз ханға беріп, енді ғана тыныштық орнаған кез екен. Ол заманда ел ішінің тыныштығы, іргенің бүтіндігі, ағайынның татулығы елдің ел болуының негізі еді. Осыны ойлаған ел жақсылары көшкен Керейді тоқату үшін артынан қуып барып ақыл айтып қайтаруға Бұқарды жібереді. Бұқар Сыр бойын жағалап көш ізіне түсіп елді қуып жеткен соң, елдің бетін суыққа салған сұрқын байқап «елдің сұрқы суық екен, күш берер түрі жоқ, енді қызыл тілдің күшімен бір іліп көрейін, ілдірсе істің оңғаны, ілдірмесе мыстың құрығаны» дейді де елбасыларының жүрегін шайлықтырмақ, ой салмақ болып:

«Керей кайда барасың?

Сырдың бойын кебелеп

Соңыңнан қуып мен келдім,

Тұлпарымды жебелеп.

Енді алдыңнан шығайын,

Жаңбырдайын себелеп.

Ақмырзамды өлтірдің,

Ақ сойылмен төбелеп.

Танымасаң сен мені,

Арғын деген арыспын,

Азуы кере карыспын.

Сен бұзау терісі шөншіксің,

Мен өгіз терісі талыспын.

Хан алдында бітіссең,

Құдандалы таныспын.

Хан алдында бітпесең,

Атасын білмес алыспын.

Көшің кетер бір жақка,

Малың кетер бір жақка,

Көш соңынан жете алмай,

Есің шығар сол шақта.

Бұл бетіңмен кетерсің,

Басқа лашық тігерсің.

Аузыңнан ас кетер,

Қара көзден жас кетер.

Райыңнан кайтпасаң,

Кеудеңдегі дулығалы бас кетер”, —

деп катаң сөз қозғапты. Сонда Абақтың албырт батырларының бірі үлкендер сөз бастағанша, орағытып алға түсіп:

“Арысыңды айтып аптықпа,

Келеміз біліп сақтықта.

Көрсетпе келе құқай күш,

Жайыңды айт, аттан түс.

Шаңырқапсың шалап іш,

Бітер сон соң калған іс», —

деп дүрсе қоя беріпті. Үлкендер Бұқарды аттан түсіріп, күтіп, қалған елдің бауырмалдығына сүйініп «елдің елдігіне, ердің ерлігіне бас», «Арғынның қылығына тиді-ау, Керейдің малына сұрау болмаған соң өкпелеп аудық, енді қайырыла алмаймыз, көңілдеріңе қаяу алмаңдар» деп мән-жайды ұғындырып, Бұқарды жолға салады. Ауған көш Қалба, Маңрақ, Кішкене тау… деген таулары, Жайсаң көл (орыс тіліне үндесіп, кейін Зайсан көл атанып кеткен), Кішкене көл деген көлдері бар өңірден ірге теуіп, Шығысы Сауыр тауының шығыс тұмсығы, Үліңгір көлі, Үліңгір өзені бойына дейін кең көсіліп орнығады. Әсілі бұл Керей тайпасының Жоңғар жаугершілігі заманынан бұрынғы қара қонысы еді, кейін шапқыншылықтар тұсында ірге аударып, ығысып кеткен-ді. Абақ Керей сол мекенге қайта оралады (Ахметолла Қалиұлы. Суфизм тағылымының шығыс өңірлерге таралуы. Түркістан мәдениеті мен тарихы. Түркістан 2000).

Қытай қазақтарына 2005 жылы сапарлай барғанымызда, Бұқар жыраудың «Керей қайда барасың?» атты толғауын әрбір ауылдың ақсақалы Керейдің шежіресін тарқатқанда жатқа айтатынын естіп көрген едік. Демек, Ахметолла Қалиұлы Абақ Керейдің көші туралы фольклорлық дерекке арқа сүйегенімен, Бұқар жыраудың «Керей қайда барасың?» атты толғауын басқаша қорыту мүмкін емес сияқты. Сондықтан, «Керейдің батыры Жәнібектің отаршылдық саясатқа наразы болып, өз қарамағындағы халықты ертіп Шыңжанға көшкен…» деген тұжырымды тарихи шындық емес деп қабылдаған жөн.

Өр Алтайға Абылай ханның айлакерлігінің арқасында

қол жеткіздік

Екіншіден, мақала иесі: «Ұйғыр тілі ХІХ ғасырда Алтай өлкесіндегі қазақ, ұйғыр, дүнгендердің ортақ тілдерінің бірі болып келген» деп қателікке бой алдырған. Ұйғыр тілі Алтай қазақ халқының ешқашан ортақ тілі болған емес. Автор, бұл жерде шағатай тілімен ұйғыр тілін шатастырып тұрған тәрізді. Ал, шағатай тілі Орталық Азия мұсылмандарының орта ғасырлардағы кітаби тілі болып келгені белгілі. Сонымен бірге, Қиысхан бауырымыз: «Басқа біреудің жерінде жүріп, ол елдің емеуірінен қорықпай, өз жарғысын жасап, өз ішінде билеушісін сайлаған ат төбеліндей қазақ баласының мұндай ерлігі кейінгі ұрпаққа татымды насихат екені сөзсіз» деп Абақ Керейдің құтты қонысы Өр Алтайдың күнгей беткейін қара қытайға телімдей салыпты. Ал Қытайдағы қазақ тарихын терең зерттеп жүрген Н.Мұхаметханұлы: «Чиң патшалығы XVІІІ ғасырдың орта шенінде Жоңғар хандығын жойысымен-ақ, өзінің батыс терістік шекара қарауылын белгіледі. Ертістен Іле өзеніне дейінгі аралыққа тас үйіп қарауыл тұрғызады. Бұл өңір негізінен сонау Батыс Хань патшалығы кезінде қазақтың арғы тегі мекендеген атақоныс жерлері еді» (Н.Мұхаметханұлы. Дипломатиялық қатынастар және қытайтану мәселелері. Алматы 2010. 29 бет) деп, бүгінгі СУАР-ғы қазақ халқы мекен еткен өңірді ежелден ата-қонысымыз болғанын саралап өтеді.

Задында, Жоңғар хандығы 1757 жылы жойылғаннан кейін Абақ Керей мен Найман рулары олардан бос қалған алқапқа Абылай ханның пәрменімен көшіп барып, қоныстана бастады. Абылай хан Іле, Тарбағатай, Өр Алтай өңіріне қазақ көшін агрессиялық жолмен емес, дипломатия-лық жолмен қоныстандырды. Әдепкіде, жоңғарлардан босаған аймақты қазақ руларының иемденуіне Цинь үкіметі ада-күде қарсы тұрды. Абылай хан қазақтың ата-қонысын қайтарып алу үшін Кенжеғара бастаған елшілерін жібергенде, Цинь билеушісі: «Сендер жіберген елшілердің мәлімдемесінде Тарбағатай біздің бұрынғы көшіп-қонып жүрген жеріміз еді. Біз сізден өзіңіздің ілтипатыңызды білдіріп, осы жерді бізге берсеңіз» деген сөздер бар екен. Бұл жерді біз жаңадан тыныштандырдық, күні бүгінгі дейін бос тұр. Әсілі, мен ол жерді қимайтын едім. Дегенмен, сендер бізге енді ғана келіп бағындыңдар, әлі ешқандай еңбектерің сіңген жоқ. Мұндай жағдайда (талап еткен жерді) осылай бере салсақ, мемлекетіміздің тәртібіне сай келмейді. Егер сендер опасыз қылмыскер Әмірсананы ұстап әкеп берсеңдер, онда мен өз ілтипатымды көрсетіп (талап еткен жерді) сыйлар едім» (Мұхан Исахан, Елбол Райханұлы. Қытайдағы қазақ қоғамының қалыптасу тарихы. Қазақстан-Zaman, 13 шілде, 2007 жыл. Цинь патшасы Гаузүун патшалығының орда естелігі. Тайпей. 1964, 548 том, 9-10 беттер) деп жауап қатты. Бұдан кейін Абылай хан ашық ұрысқа бармау саясатын ұстана отырып, бос жатқан өңірге біртіндеп Ұлы жүз бен Орта жүздің кейбір руларын көшіре бастады. Мұны естіген Цинь ордасы, қорғаныс министрі А.Гүйге берген жарлығында: «…дереу әскер жіберіп Тарбағатайға қоныс тепкен қазақтарды шекарадан асырып қуыңдар, Абылайға адамдарын дереу қайтарып әкетуді айт» (Цинь патшасы Гаузүун патшалығының орда естелігі. Тайпей. 1964, 609 том, 18 бет) – деп бұйырды. Ал Абылай хан Алтай мен Тарбағатай және Іле өңіріне көшкен қазақты кері қайтарудың орнына Цинь патшалығына елшілер аттандырып, қалыптасып отырған жағдайды мойындауға шақырады. Осыған орай, 1760 жылы Цинь патшасының ордасы Абылай ханға жауап хатында: «… сенің елшілеріңнің айтуы бойынша жоңғар жері қазір иен бос жатыр. Әбілпейістің қол астындағы Таңатар, Қарқаралы, Есенгелді, Жолымбет рулары Алын, Қаратал, Барлықта тұрып жатыр, сонда сендер патша жарылқаған үстіне жарылқай түссін деп, Ілеге барып, қоныстансын деген екенсің. Тарбағатай өңірі ежелден Жоңғардың жері. Патша ол жерді қалың қолымен барып тыныштандырды. Қазақтар сендердің жерлерің ұлан-ғайыр болғандықтан, біздің шекарамыздан өтуімізге жол жоқ. Тарбағатайды патша саған бермеген еді ғой, сен қалайша өз білгеніңмен шығысқа қарай өріс жайып отырсың. Жоңғарлар ол жерді кезінде күшпен тартып алғанда, сендер олардың маңайына келе алмаған едіңдер. Патша Ілені тыныштандырғаннан кейін, сендер бейбіт өмір сүруге мүмкіндік алдыңдар. Осыны неге қанағат тұтпайсыңдар?» (Цинь патшасы Гаузүун патшалығының орда естелігі. Тайпей. 1964, 613 том, 17 бет) деп жазды.

Цинь патшалығының бұлай шыр-пыр болуынан Абылай ханның елді шығысқа қарай көшіріп, Цинь патшасының мұндағы билігін мойындамай отырғандығын көре аламыз. Цинь патшалығының шекара белгілері ретінде орнатқан бағаналарын мұндағы қазақтар мойындағысы келмеді. Себебі, жоғарыда айтып өттік, Алтай мен Тарбағатай және Іле бойын ежелден қазақтың Керей мен Найман және Албан тайпалары қоныс еткен болатын. Көшпелі өркениетте шекара белгісі болып, ата-бабалардың жатқан зираты саналған. Бұл өңірлерде Керей мен Найман және Албан тайпасының жоңғарлар жаулап алғанға дейін өмір сүрген қаншама ата-бабасы жерленген болатын. Сондықтан да, қазақтар Цинь патшалығының шекара бағаналарына пысқырып та қарамады. Қазақтардың көшіп келіп жатқан қалың нөпірін кері қайтаруға күші келмейтінін түсінген Цинь патшалығы ақырында Алтай мен Тарбағатай және Іле өңірін ресми түрде мұнда келіп орныққан қазақтарға бекітіп берді. Бұл туралы Цинь патшалығының Абылай ханға жолдаған мына хатында айтылады: «…сендер бірнеше ондаған жылдардан бері ептеп ішкерілеп жылжып еніп келесіңдер. Біздің генерал шонжарларымыздың өтініші бойынша әсілі сендерді жазаға тарту керек еді. Бірақ, патша сендерге кеңпейілдік жасады. Сендердің шекара қарауымыздың бер жағында жатқан иен жерлерге келіп мал бағуларыңа рұқсат жарлығын жариялады. Бұның бәрі сендердің бізбен елдескендерің үшін патшаның жасаған шапағаты. Өздерің өсіп-өркендеумен қатар көршілес елдермен де тату тұрып, патшаның мейір-шапағатына мәңгі бөлене беріңдер» (Цинь патшасы Гаузүун патшалығының орда естелігі. Тайпей. 1964, 793 том, 20 бет).

Сөйтіп, Абылай ханның тынымсыз Цинь империясымен жүргізген дипломатиялық қажырлы саясатының арқасында Керей мен Найман және Албан тайпалары өз ата-қоныстарына қол жеткізді. Шамамен араға ғасырға жуық уақыт салып барып, Алтай тауының күнгей тұсы мен Тарбағатай тауы және Іле өзенінің жоғары тұсына дейінгі өңірімен ата-бабаларымыз қайта қауышты. Бірақ, өкініштісі, бұл жеңісті бүгінгі «Қазақстан тарихы» Абылай ханның бағындырған биік асуларының бірі һәм XVIII ғасырдың екінші жартысындағы Алаш баласының оң жамбасына келген сәтті жеңісі ретінде бағалап жүрген жоқ.

Абылай хан өлген 1781 жылдан кейін оның ұлдары Қазақ хандығының тұтастығын ұстап тұра алмады. Әбілмәмбет ханның ұлы Әбілпейіс пен Абылайдың ұлы Әділ сұлтандар Алтай мен Тарбағатай және Жетісу жеріне жеке-дара иелік етіп, сыртқы жағдайда Цинь империясының құзырына кіріптар болды. 1790 жылдардан бастап, Цинь империясына Өр Алтайдың күнгей тұсын мекендеген Абақ Керей руының билеушісі Әбілпейістің ұлы Көгедай хан ғана тікелей бағынышты болды. Ал Қызай мен Төртруылды билеген Әділ сұлтанның ұлы Сама төре Іле провинциясының губернаторына бағынды. Бұл кезде Цинь империясы бұл аймақтарға «Жаңа өлке» (синзянь) деген атау беріп, қазіргі Шығыс Түркістанды ресми иемдене бастады. (Асқар Татанайұлы. Тарихи дерек, келелі кеңес. Шыңжан халық баспасы. 1993 жыл)

Шығыс Түркістанда Тайпиндер көтерілісі болған емес

Үшіншіден, «1850-1865 жылдары Қытайда атақты Тайпиндер көтерілісі болып, ол шүршіт елінің Ганьсу, Нэньси провинциялары мен Шығыс Түркістанды түгел қамтыды» деген деректе де әсірелеу бар. Әсілі, Тайпин көтерілісі Ганьсу мен Нэньси провинциясындағы жергілікті қытай шаруаларының Цинь билеушілерінің отарлық саясатына наразылығынан туын-даған болатын. Бірақ, Тайпин көтерілісі Шығыс Түркістанды түгел қамтыған емес. Зерттеушілер көтеріліс аймағы ретінде Ганьсу мен Нэньси провинцияларын ғана көрсетеді (Қараңыз: Ши Сяоюнь. Тайпин-Тeонгоның көтерілуі және жойылуы. Харбин. 2000). Ал «Шыңжандағы мұсылман көтерілісшілері Алтай, Тарбағатай, Іле қатарлы аймақтардың көп жерін басып алғаны туралы тарихта бар. Көтеріліс шиеленісе бастаған кезде Алтай қазағының кей бөлігі теріскейдегі Қобда бетіне көшуге мәжбүр болды» деген тұжырыммен келісуге болады. Тарихта «Дүнгендер көтерілісі» деп аталатын бұл бас көтеру туралы Зардыхан Қинаятұлы: «1862 жылдан басталған, басында Чин үкіметінің отаршылық саясатына қарсы бағытта өрбіген бұл көтеріліс бара-бара мұсылмандық бетперде жамылып, Батыс Қытай өлкесін жаппай қамтыған еді. Көптеген қазақ ауылдары осы қақтығыстың салдарынан жайылым жерінен айырылып, іштей қоныс аударуға мәжбүр болды. Дүнгендер көтерілісі Шэнси, Ганьсу сияқты Қытайдың батыс аймақтарын, Шығыс Түркістанның кейбір елді мекендерін, Қашқарды қамтып, найманның Байжігіт ауылын талқандап, 1870 жылы Мұңғыл асып, Моңғолияның батыс шебіне аяқ басты» (Зардыхан Қинаятұлы. Моңғолиядағы қазақтар. Дүниежүзі қазақ-тарының қауымдастығы. Алматы 2001. 58-59 беттер) деп сабақтайды. Сонымен бірге, Зардыхан ағамыз Тайпин көтерілісіне қатысып жазаланған қытай шаруалары Шыңжанға жер аударылып, оларға қазақ жайылымдарынан жер бөлініп беріле бастағанын: «Мәнжу-Чин әміршісі Алтайда жер тарыла бастағанына байланысты қазақтың кейбір ауылдарын Алтайдан шеткерілетіп, Тәңіртауға, Еренқабырғаға, Тарбағатайға қоныс аудару туралы жарлық шығарды. Жарлық бойынша Тәңіртауға қоныстану тізіміне тек қана Жәдіктен 800 түтін, Қарақастан 150, Сарбастан 200 түтін ілінген екен. Көшпенді қазақтар үшін Еренқабырға, Тәңіртау өтіп, қытай, дүнгенге қоян-қолтық кіргеннен гөрі Қобда асуы әлдеқайда ыңғайлы, малына жайлы болатын. Сөйтіп, Алтайдың күн бетінде жерден тарлық көре бастаған Абақ Керейдің бір тобы Алтайдың теріскей беті, бұрын жоңғарлар мекендеген кең жайылымға қарай баяу жылжып, малын отарлата жайлап, соңынан қыстап қала бастады» (Зардыхан Қинаятұлы. Моңғолиядағы қазақтар. Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы. Алматы 2001. 59 бет) деп Абақ Керей руының Қобдаға өтуін тарихи тұрғыдан дәл зерделейді. Яғни, «Тайпин көтерілісі Шығыс Түркістанды түгел қамтыды» деген ой-тұжырым әсіре айтылғанымен, осы көтерілістің салдарынан Өр Алтайды мекендеген қазақтардың теріскей Қобда бетіне қоныс аударғаны тарихи шындыққа жанасады.

«Абақ Керей ережесі» емес,

«Төрт би, төре заңы»

Төртіншіден, мақала иесі Абақ Керейдің әдет-ғұрып заңын «ереже» деген атпен беріпті. Сондай-ақ, «1830 жылы төрт орын сайланған» деп, ереженің қабылдану мезгіліне қатысты да жаңсақ дерек көрсетілген. Тегінде, бұл заңнама 1836 жылы «Төрт би, төре заңы» деген атпен қабылданған. Жоғарыда айтып өткен Абақ Керейдің билеушісі Көгедай 1820 жылы қайтыс болғаннан кейін, орнына баласы Ажы төре сайланады. Ажы төре әкесіндей алымды болмаған соң, Абақ Керейдің белді билері ел басқару ісінде төрелердің билігін шектейтін конституциялық монархия түзімін енгізеді. Бұл туралы «Төрт би, төре заңын» зерттеуші Бидахмет Мұқайұлы өз еңбегінде мынадай дерек келтіреді: «Өскен ел ішіндегі Жәдік, Жантекей рулары Ажы гүң жол көрсетіп, Абақ Керейден ел басқаратын билер сайлауды ортаға қояды. Ақыры, Абақ Керейге сүйеніп күн көріп келе жатқан Ажы гүң өзіне қолқанат болмаса ел басқарудың қиынға түсетінін сезініп, 1836 жылы Буырсынның «Ұштас» жайлауында «Төрт би сайлауы» жиынын оздырады. Олар дүние төртке тоқтайды дей келіп, төрт би сайлау бекіміне келген соң, Жантекейдің Көкен Момытұлы, Топан Сатайұлы, Жәдіктен Бейсенбай Дөненбайұлы, Құлбек Жантеліұлы қатарлы адамдары “Төрт биге” сайлайды» (Бидахмет Мұқайұлы. Төрт би, төре заңы. Марқұм тарихшы Елбол Райханұлынан 1949 жылы заңнаманың төте жазумен жазылған нұсқасын 2005 жылғы іссапарымызда көшірмесін алған болатынбыз). Ал Алтай қазақтарының тарихын зерттеуші Қостай Жақияұлы «Буыршынның Ұштас деген жерінде болған «Төрт би, төре заңы» алқалы құрылтайы 1841 жылы болған» деп көрсетеді (Қостай Жақияұлы. Алтай аймағындағы қазақтардың әдеп-ғұрып заңы туралы. Шыңжан қоғамдық ғылымы журналы. № 1. 1992 ж). Әйтсе де, екі зерттеушінің дерегінде хронологиялық сәйкессіздік болғанмен, Абақ Керей тайпасы Буыршынның Ұштасында алқалы жиынды өткізгені анық.

Қазақ қоғамындағы ел басқару ісінде билерге айрықша мәртебе берілген «Төрт би, төре заңының» негізі «Жеті жарғыдан» алынғанмен, бұл заңнама Абақ Керейдің сол кездегі ішкі ахуалынан хабар беретін құнды құжат. «Төрт би, төре заңы» қазақтың ата заңдарының ішінде төре мен қарашаның арасына жарықшақ түсірмей, ақсүйек пен қарапайым жұртшылықты «теңдік» принципіне жүгіндірген тұңғыш заңнама. Сонымен бірге, «Төрт би, төре заңы» көшпелі өмір қатынасын дәуір талабына сай реттеген заңнама болды десек, қателеспейміз. Өйткені, бұл құқықтық құжатта сол кездегі қазақ қоғамының барлық ерекшеліктері қамтылған. Бидахмет Мұқайұлының айтуынша, Абақ Керей тайпасының 1949 жылы Қытайда коммунистік түзім орнағанға дейін «Төрт би, төре заңына» жүгініп келген (Бидахмет Мұқайұлы. Төрт би, төре заңы. Жоғарыда көрсетілген мәтін). Яғни, «Төрт би, төре заңы» — Алтай қазақтарының ғасырдан астам уақыт қоғамдық қатынастарын реттеп келген құқықтық ескерткіш. Демек, бұл заңнаманы баға жетпес тарихи жәдігер деп бағалағанымыз абзал.

Түйін: Тарих еріккеннің ермегі емес. Егер, тарих қойнауына қозғау салғымыз келсе, «Баба тарихқа» оң қабақпен қарап, дұрыс мейірлене білуіміз қажет. Көгедай мен оның ұрпақтарының Цинь патшасынан гүң (князь) мансабын алуы және Абақ Керейдің «Төрт би, төре заңын» қабылдауы, сондай-ақ, өзге тайпалар секілді провинция губернаторына емес, тікелей Цинь патшасына протекторат жағдайында бағына отырып «Сары ноқтаның аты» келісімшартын жасауы, Абақ Керейдің егемендігі бар шағын иелік болғанын көрсетеді. Дәл осындай шағын хандық осы кезде қазақ даласының Батыс өңіріндегі Еділ мен Жайық арасында Ресейге сыртын бере отырып, «Бөкей Ордасы» деген атпен құрылғандығы белгілі. Өкініштісі, «Бөкей Ордасын» бұл біздің хандық, біздің тарихымыз деп білеміз. Бірақ, «Абақ Керей» иелігін біздің хандық, біздің төл тарихымыз деп бағамдай алмай жүрміз. Әсілі, «Қазақстан тарихы» еліміздің бүгінгі шекарасымен шектелмеуі тиіс. Ал оған кең арнада қарай білу, тарихшы қауымның асыл міндеті…

МҰХАН ИСАХАН, “Қазақстан Заман”


Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*