Әдебиет

Талапбек АЗАНБАЙ: БАБАЛАРМЕН СЫРЛАСУ (Лирикалық поэма)

Ешбір егей ашпастан жанға сырын,
Жоғалмаған мұрада бар ма шығын.
Жатқан мынау аузы ашық аңырайып,
Ескі мола куәсі сан ғасырдың.

Жел мұжып жеп мүрдеңді кемірсе де,
Болған еді бақытты өмір сенде.
Ұлы өлкем деп ұрандап жанын қиған,
Бабаларым емессің тегін пенде.

Талай сартаң атырып кезінде ерен,
Ері бар ма ел үшін езілмеген.
Қабіріңнің басына келіп тұрмын,
Сырласайын деп баба өзіңменен.
* * * *
Қылышыңнан жарқылдап отар кілең,
Бұзып жаудың қамалын топ жарып ең.
Қаратамақ найзаңды қолыңа алып,
Ен далаңды қорғадың шоқпарыңмен.

Ауып талай болсаңда шұбырынды,
Ұмытпадың туған жер – тұғырыңды.
«Елім- ай» деп әніңді жылап айтып,
Ұрпағым деп арнадың ғұмырыңды.

Тусада енді бұл күнде ғұлама мың,
Құлағында осы айтқан тұра ма әнің.
Жүрегінде өйткені зары қалған,
Сонау өткен «Алқакөл сұламаның».

Быт – шыт болып ой мынау бытыраған,
Батыр баба рухың тұғыр маған.
Сен түспеген от бар ма күйіп–жанып,
Сен басылып тас бар ма ұрылмаған.
* * * *
Оза шауып бәйгені алса дүлдүл,
Ұсынатын ұлыңмын жар сап бір гүл.
Жалған айтсам жайқалған дер шағымда,
Қылша мойным үзіліп талша қырқыл.

Ғасыр аунап шер төккен ығысып сан,
Бабам куә өткен сол ұлы сыңнан.
Аман қалдық Азия құрлығында,
Дұшпандардың қан тамған қылышынан.

Бермес сірә бір соқса дауыл тыным,
Арман алыс қоятын ауыр сынын.
Сол бабадан ұрпақпыз қалған артта,
Ұша жүре жетілткен қауырсынын.

Алапатты айқасқан ғасыр менен,
Кім бар бүгін асатын асыл сенен.
Аққан тарих күркіреп арнасынан,
Қанды толқын кешегі басылды ерен.

Мені баба құласам қолда құздан,
Талай сайыс тумай ма ортамыздан.
Белес екен бұл да бір жаңа келдім,
Кемел кезге өзіңдей орда бұзған.

Төкпесекте басыңа құрап ырыс,
Тұрмай ма алда қашанда сынап ұлыс.
Өң – сыйқы жоқ бүлінген табиғатты ,
Көрсең егер жатпассың, сірә, тыныш.

Қанша биік десекте санасы тым,
Біле алмайсың ақымақ, данасы кім?
Ұяласың көргенде әкесіне ,
Жау боп шауып жатқанын баласының.

Тұрсада ұйтқып соғып жел азынап бір,
Қысы қысаң болса да, жазын жақтыр.
Шертпек едім алдыңда ақтарылып,
Ақын ұлың болған соң азырақ сыр.

Мұң шақты деп маған бұл кейіме сен,
Мұра болар артымда кейін көрсең.
Өзің тіккен әділдік туыңды ұстап,
Арманым не алдыңда мейлі өлсем.

Бірақ құрғыр келтірмей соған күйім,
Деп қорқады,жетпейді оған миым.
Еңіреген елім деп азаматқа,
Берер бір күн өзіндік қоғам сыйын.

Көрінгенмен бұл ғұмыр келте бізге,
Күнде осындай күйбіңмен өтеміз бе?
Не деп жауап береміз ұл деп туған,
Артыңыздан барғанда ертең сізге.

Дәуір ғана көрсетіп өрелігін,
Шаттық өмір бағышта келелі күн.
Бетке айтатын адам аз осы күнде,
Қара қылды қақ жарып төрелігін.

Аттамайтын ауылдың ала жібін,
Қайда өзіңдей пәк жанды дана бүгін.
Өзінің төл не дейміз тумасына ,
Ұқтыра алмай жүрген соң ана тілін.

Өмір үшін бес күндік ауыспалы,
Жер жарса да ысқырған дауыстары.
Күйкі тірлік баяғы өз қамын жер,
Бар осындай адамның сауысқаны.

Ақын өлең жазбайды ермек етіп,
Ащы тері көрген жоқ селге кетіп.
Кейбіреулер жәтте кеп бұлданады,
Қауым көпке кеткендей бергені өтіп.
Басып сыңар мінезге алақызба,
Жүз араздық туғызып арамызға.
Әлімізді ағайын білмей тұрып,
Ашкөздікпен асқынып барамыз ба?!

Айтқаныңды білетін кеш түсіне,
Сөз ұқтырып қайтесің естісіне.
Алқакөл боп арақтан мерт боп жатыр,
Белі кеткен айғырдай бестісінде.

Тасқын судай лайланып тұнымаған,
Осылардың ұнамас бірі маған.
Туған елдің күткен зор үмітінен,
Шыға алмаған ұрпақтың күні қараң.

Тура сөзді жеткізіп айта алмадық,
Бір сарын ән келеміз қайта салып.
Егер баба келсеңіз бұл пәниге,
Екінші рет не дер ең қайта айналып.

Саған қалай тартпаған көп мінезі,
Ұрпағыңның емес пе өткір көзі.
Деп айтқызбай ұқпайтын керең құлақ,
Ойланатын мінеки жетті кезі.

Кеудеге әкеп тақсада өрден мүсін,
Жақсылардың жабығып өлгені үшін.
Көндіре алмай сөзіңе жүрміз міне,
Ана отырған алкеуде төрдегісін.

Енді азамат сендерге қонар ақыл,
Десек те надандық кеп тонап жатыр.
Не ойлап жүр білмейсің жанталас көп,
Түсінбейсің қандай күй болар ақыр.

Жақсы болсаң адам көп осы күнде,
Қасыңа әкеп тігетін қосын бірге.
Пәле бір күн торласа басыңа кеп ,
Жоламайды бір жүрген досың бірге.

Не боп кеткен адамы бұл ғаламның,
Көкжиектен көрсетер құр баранын.
Жекпе-жекте егесте жалғыз шыққан,
Иесі едің кезінде бір дараның.

Өз мұңы деп шаққаны айыптама,
Ескек керек судағы қайыққа да.
Толмай жүрген көңілге бүгінгі істер,
Алдыңызға салғаным жайып қана.

Шығарып зар күйі мен дауысын жыр,
Қаншалаған ай өтті, ауысып жыл.
Сіз аңсаған пейішті көзбен көріп,
Күн болар ма тұратын қауышып бір.

Жеп жаныңды осындай сұрақ қысқан,
Бірақ арман қол бұлғап тұр алыстан.
Бақытты деп өзіңді санар едің,
Егер жатса алдыңда құлап дұшпан.

Төңкерілген көк аспан шатыр биік,
Өскен сенде сан алуан батыр сыйып.
Келе жатқан көміліп көкейіңде,
Қатып қалған шемен боп жатыр күйік.

Енді ғана атқандай таң түріліп,
Талай заман өтті ғой сан құбылып.
Құлағымның түбінен естіледі,
Сол баяғы дауысың жаңғырығып.

Жоқ бұрынғы заманың кері кеткен,
Бәрін қазір басқарар «келіні өктем».
Тұлыбының түбі кең қайда азамат,
Ерекше бір еліне сенімі өткен.

Ақ-қараны болғанша айырып шын,
Алар бізді желкелеп қайырып сын.
Ашылмаған шежіре жатыр әлі,
Аңыратар арнасын тарихтың.

Адал, ащы арқамнан тер төгілген,
Көп пенденің бірі едім жерде жүрген.
Сіздер құсап баса алмай өксігімді,
Кім біледі кетем бе менде өмірден.

Іштен еріп жүргенде, іштен тынып,
Шөлмектер бар кезінде түскен сынып.
Тағдыр солай әркелкі жаратқан ба,
Біреуді әлсіз, біреуді үстем қылып.

Жеткізбейді келеміз арман қуып,
Жетем деген жігер жоқ қалған суып.
Ақымақ боп алжасып кетеміз бе,
Адам едік жаралған ардан туып.

Талай дана, данышпан ерді өсірген,
Туған далам қойның құт кең көсілген.
Жабықсам да. сәбидей мәз болсам да,
Тыныс алып келемін менде өзіңнен.

Қайғысы жоқ семірер қара суға,
Десек те оның тетігі ар-асуда.
Ауыздары қызыл қан пенделерің,
Бір жем үшін арбасып таласуда.

Етек жиып адамдар ес білгелі,
Деген ел жоқ ерлерім кетсін кері.
Көз алдымнан кетпейді арпалысқан,
Қайшылықтың жойқын күш кескіндері.

Көзбен көріп содан біз ұқтық бәрін,
Жеп дәніккен әлсізді мықтыларың.
Барлық малын жұтатқан байдай болдық,
Ұмытпайтын ақсүйек жұт жылдарын.

Түссек тағы бел шешіп дара сынға,
Кейде айналып қалады жала шынға.
Қайшылықпен бұл өмір өтеді екен,
Арамдық пен адалдық арасында.

Атырамын дөңбекшіп таңымды кей,

Жүрген жандай өзінің әлін білмей.
Бастырылып ұйқыдан оянамын,
Билеп алды қорқыныш жанымды үрей.

Не қылсаңда өзің біл жасағаным,
Сенен қайтып, о,тәубе, аса аламын.
Толқын тірлік лақтырып бір күн егер,
Жағаға атса білмеймін бас аманын.

Қашан бітер пенделер тағылымың,
Құлқындарың қозбасын тағы бір күн.
Зарлы күйін ортаның естігенде,
Қайтіп жүрсің жансада бағың бұрын.

Екшеп ұрпақ ертең-ақ шығар алып,
Сонда ғана барлығын ұғар халық.
Сұңқылдаған аққудай шырылдатып,
Шындықты айтып отырмын сыңар қалып.

Бұл ғаламның не деген сыры бөлек,
Бірін таңдап көрмеппін, мыңын елеп.
Жазу үшін тек сені мүлт кетірмей,
Отты орамды ақынның тілі керек.

Жалғап бүгін қол созған биікке үміт,
Маңдайымнан бейбіт күн сүйіп тұрып.
Қабіріңнің алдында Баба саған,
Осылайша тұрғаным күйді ұқтырып.

Шиырлаған жол жатыр алда мынау,
Биік еді талдаған талғамың тау.
Шер тарих кешегі шертіп келген,
Әкеп бізге мұраңды жалғадың-ау!

Екшеп ұрпақ ертең-ақ шығар алып,
Сонда ғана барлығын ұғар халық.
Сұңқылдаған аққудай шырылдатып,
Шындықты айтып отырмын сыңар қалып.

(Соңы)

Автордың мекен-жайы: Алматы облысы, Ескелді ауданы .

Теги: ,

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*