Есенғали Раушановтың «Шықтың өлуі» атты өлеңі сонау тоқсаныншы жылдардың аяғынан бері қарай оқырман қауымға таныс. Жұрт жүрегінен орын алып, сана түкпіріне сақталып қалған өлең. Мұнда ақын таң мен түннің арасындағы қас-қағым сәттегі шықтың жоғалу сәтін, өз сөзімен айтқанда «Түні бойы көз ілменген мөлдірліктің, Ақ пен Қызыл арасындағы» өлімін және оның Нұрлар табанында тапталған бейкүа мүрдесін жүректің түбіне жеткізе, елжірете жазады.
«Мен тұрмын ұстап бейбақ жүрегімді,
Шаншиды,
Ауырады ол.
Нанасың ба?»-дейді. Шынымен де қолқа-жүрегің бір шым ете түседі.
Ал жақында Несіпбек Айтұлының да «Таңғы шықтың тағдыры» деген атпен бір топ топтама өлеңі оқырман назарында жүрді. Ол кісінің шық туралы толғанысы үш-ақ шумақтан тұратын қысқа ғана өлең. Мөлдіреп өлген сұлулықты, өзінің кәдуелгі әдетімен мөлдірете жырлай салыпты.
«Кімді бірақ толғандырар,
Таңғы шықтың тағдыры?..» деп өлең соңында оқырманға ой қалдырып та үлгерген ақын.
Ендігі айтқалы отырған үшінші бір өлеңді осыдан бірнеше жыл бұрын оқығам.Тамаша әсер алғам. Тұрдыхан Айдарханұлының өлеңі. Оның да тақырыбы «Таңғы шықтың тағдыры».
«Сенің титтей шараңа сияды аспан,
Барқыт түннің сезінсе сөгілгенін»,-дейді ақын. Жанарына шексіз әлем сиған бір түйір тазалықтың өлімі. Алдыңғы өлеңді оқған соң есіме түсіп қайта қарап шықтым. Есенғали көкеміздің өлеңіндегі ой желісін бұдан да аңғарғандай болдым. Соңында, арғы-бергі беттегі сөз маржанын терген қазақ жұртына мектебі әлдеқашан қалыптасып үлгерген ақынның ой лебі Тұрдыханның жырынан үп етсе несі айып деген ойға келдім.
Таңғы шықты жаны мөлдір қай ақын жырына қоспады, барлық ақыннан тауып алуға болатын дүние. Деседе, солардың арасынан бір – бірімен тамырласып жатқан үш өлеңді топтастырып, ел назарына ұсынуды жөн көрдім.
– Ретбек МАҒАЗ
Шықтың өлуі
Есенғали Раушанов
Маусымның он үшінші жаңасында,
Өзен жағасында,
Шалғын арасында,
Мөлдір шық…
Кірпік ілмей түніменен,
Көз жұмды таңға жақын
нанасың ба?
Нұрлар аппақ,
Түнді адақтап,
Жамырап бара жаты,
Өлген шықты
Асығыс аттап өтіп,
Қырға қаптап.
Қырға қаптап,
Ей, нұрлар, барасыңдар мүрдені аттап.
Лап қойған ақ тасқынды бөгей алмай,
Дәрменсіз қарай берем Күнге алақтап.
Маусымның он үшінші жаңасында,
Өзен жағасында,
Шық өлді.
Ақ пен қызыл арасында.
Мен тұрмын ұстап бейбақ жүрегімді,
Шаншиды,
Ауырады ол.
Нанасың ба?
Таңғы шықтың тағдыры
Несіпбек Айтұлы
Жарық дүние жалғасындай,
Ай нұрынан тамды сүт.
Қара түннің көз жасындай,
Мөлдіреген таңғы шық.
Сезетіндей көп тұрмасын,
Дірілдейді тізіліп.
Жел тербесе шөптің басын,
Жерге түсер үзіліп.
Бар тіршілік шөл қандырар,
Төгілгенде таң нұры.
Кімді бірақ толғандырар,
Таңғы шықтың тағдыры?..
Таңғы шықтың тағдыр
Тұрдыхан Айдарханұлы
Таң мен түннің жаралған арасында,
Таңғы шықтай ғұмырым нанасың ба?
Тамшы тірлік гүлдердің таңдайында,
Мөлдірейсің бұлақтың жағасында.
Мөлтілдеген мөлдірім төгілмегін,
Төгілгенің үзгенің өмір демін.
Сенің титтей шараңа сияды аспан,
Барқыт түннің сезінсе сөгілгенін.
Сенің титтей шараңа сияды аспан,
Кінәң болса паш қылар қия басқан.
Жұдырықтай, жол сілтер жүрегіңе,
Жұмыр жердің бетінде жиі адасқан.
Тыныштықтың тыңдатып шырын әнін,
Тіптен бізге ұнайды тұнығаның.
Тағдырыңнан таңғы шық алаңдаймын,
Қызыл желі соққанда құбыланың.