Жаңалықтар

Моңғолиядағы қазақтардың ұлттығына қауіп төне бастады

Моңғолияның батыс шекарасындағы Өлгей қаласы – сол елдегі қазақтың рухани орталығы. Бұл қасиетті мекен халқы аз, аумағы өте үлкен Моңғол еліне қарасты 21 аймақтың бірі.

Баян-Өлгей аймағына 13 сумын, 86 бақ қарайды. Халқының саны 97 мыңнан асып жығылады. Сол 97 мыңның 90 пайызы өзіміздің қаракөздер. Шындығын айту керек, бүгінгі күнге дейін бұл мемлекеттегі қазақтарға моңғол ұлты жат көзқараспен қараған емес. Тек соңғы жылдары ғана жылы көңіл суына бастағандай. Неге? Оған осы елді аралап қайтқан «Алаш айнасының»  тілшісі жауап іздейді.

Баян-Өлгей – қазақша мағанасы Бай-Өлке, Бай-Бесік дегенді білдіреді. Өлгей қаласы таулардың арасындағы жазық алаңқайда орын тепкен. Айналасын қоршаған тауларға қарасаңыз дәп бір бесікке бөленген сәбидей күй кешесіз. 1939 жылы Моңғол елінің әйгілі қолбасшысы, Маршал Х.Чойбалсан Баян-Өлгий аймағында мекен етіп жатқан қазақтардың ауылдарын аралап өз көзімен көрген соң: «Қазақ халқын «бага ястан» – (ұсақ сүйектілер), «хасаг» деп кемсітуді тоқтату керек. Қазақ ұлтының моңғолдардан еш айырмашылығы жоқ. Қазақ халқы моңғол мемелекетінде өзінің ұлт тілінде мектебі, баспасөзі бар дербес бір аймағы бола алады» деген екен. Осы бір ауыз сөз қазақ ұлтының жеке бір аймақ болуына септігін тигізіп, 70 жылдан астам уақыт алаңсыз өмір сүруіне мүмкіндік туғызды. Бірақ, соңғы жылдары көзқарас едәуір өзгере бастаған секілді.

Мәселен, біріншіден, аймақта жоғарғы лауазымды қызмет атқаратын қазақ азаматтары түрлі желеумен жұмыстан босап, олардың орнына «ұранхай» немесе «халха» ұлтының өкілдері қойыла бастапты. Қазір аймақтағы заң орындары мен түрлі деңгейдегі атқарушы мекемелердің тізгінін ұстау құқығы білімімен-білігіне қарай емес, ұлттық сипатына қарай шешілу үрдісі байқалады.

Екіншіден, аймақтағы 40 мектептің 38-і қазақ тілінде дәріс беріп келген. Қазір бұл мектептерде қазақ тілі пәні қысқартылып, оның орнына моңғол тілі оқытылуда. Техникалық пәндердің бәріне дерлігі моңғол тілінде өтеді. 97 мың қазағы бар өлкенің балалары өз тілінде жоғарғы білім алу үшін Өлгейдегі Мұғалімдер дайындау колледжі мен Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан Мемелекетік Университетінің филиалында ғана оқуға мүмкіндігі бар.

Үшіншіден, Моңғол мемлекеті Өлгей қаласының дәл іргесіне арнайы әскери жасақ әкеліп, орналастырып жатыр. Мұны жергілікті қазақтар ұсақ ұлттарға жасалған қысым деп бағалайды.

Әрине, Моңғолияның ішкі саясатына баға беруге хақымыз жоқ. Десек те, Өлгей қазақтарына деген көзқарастың сууының себептерін айтуға құқымыз бар.

Бірінші себеп: Қазақстан тәуелсіздік алып, бар Қазақты тарихи Отанына шақырды. Сол тұста Моңғолиядағы қандастарымыз елге қарай үдере көшті. Осы Ұлы көш екі ел арасын алтынкөпір етіп, рухани, мәдени, әлеуметтік қатынастарымыздың дамуына ықпал етті. Бұл Өлгей қазақтарының саудаға бейімделіп, әлеуметтік жағдайының да жақсаруына ерекше ықпал жасады.

Екінші себеп: Моңғолия қазақтарының кейбірі Қазақстаннан квота алып, қайтып көшіп кетті. Олар сол квотаның қаржысын айналымға салып, жағдайын түзеп үлгерді.

Үшінші себеп: Баянөлгей аймағы Қытай мен Ресей мемлекеттерімен шекараласады. Яғни, бұл өлке екі ірі мемлекетке шығатын қақпа іспетті.

Моңғолдар осы үш бірдей жайттың соңғысына баса назар аудармай отыр. Олар алдыңғы екі себепті ғана алға тартып, «Қазақстан тарапы Өлгейге астыртын көмек беріп тұрады» деп күдік келтіреді.

Ақеділ Тойшан, филология ғылымының кандидаты:

– Өз басым моңғол мен қазақтың арасында қайшылық болады дегенге сенбеймін. Себебі, қазақ пен моңғолдың тарихы, мәдениеті, руханияты ортақ қазанда қайнап келеді. Моңғолия 1961 жылы БҰҰ мүше болып енген ел. Халықаралық адам құқықтары, ұлттар мәселесіне келгенде демократиялық қағидаттарға сүйенеді. 1991 жылы қабылдаған Ата-Заңында да ұлттық аз топтың тілі мен мәдениетін дамытуға кепілдік беретін баптар бар. Бірақ, ол елде будда дінінің қарқын алуы байқалады. Ал, қазақтар тарапынан ислам діні белсенді әрекет ете бастады. Кейбір саяси ойыншылар осындай салдарларды тиімді пайдаланып, ұлттар арасына от тұтатуды көздеуі мүмкін. Ондай қисық қадамдарға бола моңғолдарды немесе қазақтарды кінәлауға болмайды.

Ауыт Мұқибек, ақын:

– Біздің басқа мемлекеттерге «қазақ мектептерін неге жабасың?» деп айтуға хақымыз жоқ. Қазақ керек болса, көшіріп алғанымыз жөн. Бірақ, қазір көш тоқтап қалды. Қазақстанға керек емес қазақты өзгелер қайтсін. Оларды қалай жоқтайсың? Құдайға шүкір, қазақ мемлекеті қазір әлемді таң қалдырып, дамудың даңғылына түсті. Меніңше, қазақтың қазақтығын сақтап қалу үшін Ұланбатыр, Үрімжі, Ташкент секілді ірі қалаларда Назарбаев университетінің филиалдарын ашып, Алтай, Тарбағатай, Баянөлгей секілді қазақ көп шоғырланған мекендерге түрік лицейлері секілді қазақ лицейлерінің іргесін қалағанымыз жөн.

Жүкел Хамай, ақын, Түркітілдес халықтар поэзия фестивалінің лауреаты:

– Моңғолиядағы қазақтар алдағы 100 жылда тілі мен тінін толық сақтап қалады, дәстүрі тіптен жаңғырып, салтанатты қалпына келеді. Моңғолдар тарапынан қауіп күтуге болмайды. Олар көшпенділер дәстүрін жалғастырып, жандандырып жатқан ел. Ол жақта қазақ мәдениетінің сақталуына жақсы жағдай жасалған. Керісінше бар қауіп бізден болып жатқан секілді. Қазақстанға келген ағайындарды орыстандырып жатырмыз. Елге келген қазақтар салт дәстүрін ұмыта бастады. Осыдан сақ болу керек…

Түйін

Әрине, бүгінде жер шарының түкпір-түкпіріне тарыдай шашылған бар қазақтың басын бір арнаға тоғыстыру, тарихи Отанымен қауыштыру аса қиын шаруа болып тұр. Тіпті, түрлі себептерге қазақ көшінің іркіліп қалғаны да рас. Осындай сәтте не істемек керек? Ендігі сауал осы болса керек.

БАҚ.kz


1 пікір

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*