– Ереке, алдымен әңгімені балалық шақтан бастасаңыз?
– Рахмет. Кіндігім кесілген жер, аялап өсірген ел – әйгілі Ағажай Алтай. Алтай қаласына қарасты Шеміршек пен Сарғусын өңірі. Ертіс өзені жағасындағы Кендірлік деп аталатын қыстаулықта өмір есігін 1983 жылы наурыз айында ашыппын. Бойымдағы табиғый еліме сиымды еркелік те, тегеурінді жыр да, тентектік те, мен туған шаңырақтың тектілігінен, Байқабайдың батасынан, Шайбан анамның ақ сүтінен, ақ бесігінен дарыған.
– Демек, ақын болып қалыптасуыңызға туып – өскен ортаңыздың әсері бөлек болған ғой?
– Иа, әрине, өнерімнің өркені менің кіндігім байланған жермен байланысты. Әр бір адамның мінез-құлқы, ішкі жан-дүниесі өзінің туған топырағына тартып қалыптасады ғой. Ертіс бойы не бір ақыл иелерін, өнер иелерін, алып күш пен күй перілерін туғызған, қасиетті өңір екенін дүйім жұрттың бәрі біледі.
Қыстаулығымыз Ертістің жағасы, күрең күзде көлікті аңшы адасатындай күлтелі мекен. Көктем, жаз, күз маусымдарында жағаны жайнатар жыл құстарының жайлы мекені. Ертістің екі жағы тұнған ән, тұмба жыр. Өз кезінде осы маңда Күйші Шақабай шалап домбырадан күй төксе, Асқар мен Боздақ сынды абыздар Алтайдың күн бетінің көркі мен тарихын тебірене жырлапты, жазыпты. Қайысбайдың қара күшіне елі тәнті болып таңдай қағысыпты. Жетпіспай шешен қызыл тілмен дүйім дауды түйіндеп тарының қауызына сидырыпты.
Ал енді жазғы жайлауларымыз масатыдай құлпырған Сарышоқы, аң мен құстың ансамбьліндай көрікті Аңсаты, Алғаш ат жалын тартып мінгенімде, бәсіремді сайлап қасына ертіп алатын атамның жайлауы Асубай, құйқалы мекен Қарасаз деген жерлер еді. Сол Қарасазда сонадайдан көрініп тұратын, көкпен таласқан Темірбақан шыңына талпындырып, еңсесі биік ұрпақ өсірген ел жайлап жататын. Сәбидей пәк, анадай мейірімді, ағадай бауырмал, қарттай толғамды қадірлі сол елдің ішінде салт-дәстүрдің сары қымызын қанып ішіп, ақсақалдар айтатын шежіре мен аңыздың, қара өлеңнің уызына жарып өстік. Жайлау кешінде атамның сақалын жастық қылып жатып тыңдаған ертегілерім әлі есімде жүр. Туған даламның аң мен құсы, бұлағының сыңғыры, өзенінің гүрілі, тұлпарының желісі, самалының кегілімнен өпкені бәрі-бәрі де менің жан-дүниемді суарып, алысқа самғауыма қанат бітірді. Сақ – ғұндардың ескерткіші сақталған қасиетті мекенде туып өскеніме мақтанып марқаямын.
– Ақындық талантыңыз қалай байқалды? Ең алғаш шығарған өлеңіңіз есіңізде ме?
– Ес білгелі өлеңге құмар болып өстім, әріп танымай тұрған шағымда ағам Бақытқан Бұқатқанұлы әкеліп берген кітаптардың ішінен Мұқағалидің “Кең дүние төсіңді аш мен келемін” өлеңі мен Абай Құнанбайдың “Айттым саған қаламқас” өлеңін, екінші сынып оқыйтын апкеме оқытып жаттап алғам. Соныма қарап үйге келген кісілер әкеме: «Әй мына балаң ақын болады-ау» десіп, мыңдайымнан сипап кетеді екен. Ең алғаш өлеңді екі – екі жолдан ұйқассын, ұйқаспасын онысына қарамай айта береді екем. Алайда, үйдегілердің есінде бес жасымда айтқан мына сөзім қалыпты. Әлі айтып отырат.
Сүндетке отырғызып тастап, тамаққа отырған жұртты;
Сүндеттеліп болдым ғой бала жастан,
Ата мені мінгізші қарала атқа, – деп ду күлдіріппін. Жарықтық атам: «үй, мына тентегім ақын болатын ұқсайды»,-деп ақсарбас сойып, ауыл ақсақалдарын шақырыпты.
Жарықтық атам да, әкем Байқабай да дүниеге тарылмаған жандар екен. Шешем де халықшыл, ұзақ жыл ел басқарған ат үстінің әулиесі еді.
– Айтыс сахынасына қалай шықтыңыз? Алғаш талантыңызды ұштаған жандар кімдер?
– 1995 жылы Шеміршек ауылдық жатақты мектебінде бастауыш оқыйтынмын, ол кездері жыл сайын «1-юнь» балалар мерекесінде арнау айтып шығып жүртінмін. Сосын 1996 жылы көктемде Шеміршек ауылдық ақындар айтысы Бесбастау деген жерде өтті. Сол айтысқа қатысып алғаш тұсауым кесілді. Мектептегі барлық ұстаздарыма алғыс айтамын. Ал айтысқа алып шыққан сол кездегі Алтай қалалық мәдениет-денетарбие мекемесінің бастығы мархұм Рүстем Қамзаұлын сағынышпен еске аламын. Жәнеде одан кейінгі өнер жолында қасымнан табылып, ағалық қамқорлықтарын аямаған Төлеген Қарияұлы мен Абдұл Шоңайбайұлына, Қадыр Жұмақанұлы ағама, Жеңісхан Нүсіпұлына алғыс айтамын.
– Өнер жолы қандай жол?
– Өнер жолы күдірі көп, күрделі жол. Өнердегі ағамыз Еркін Ілияс айтқан ғой:
«Ақын болу деген де азап екен,
Тіліне тіршілікті тиек еткен»,-деп. Айтыс сахынасы – “Өлең сөздің патшасы” отыратын киелі тақ. Оған шын талант, тазалық, жауапкершілік керек.
– Мықты әрптес іретінде кімдерді бағалайсыз?
– Гүлсынай Тұқанқызы, Райхан Базенқызы, Айнұр Тұрсынбаева, Сара Тоқтамыова, Жамиға Даулетқызы қатарлы әпке-қарындастарыммен сәтті айтастарым өтті. Әсіресе Жамиға қарындасымның өнерін ерекше бағалаймын.
Ал 1996 жылы он бір жасымда Торғайтыда топ жарған айтысымның орыны бәрінен бөлек. Сол айтыста басымнан сипаған әріптесім Гүлнұр апекеме алғысым шексіз.
– Жолсыздықпен жүлде алған кездеріңіз болды ма? Немесе жолыңыздың кесілген сәттері?
– Мен өмірімде бір басшыға не бір әділқазы төрешіге барып: «Мені анамен, Оны мынамен жұптаңызшы, жоғары нөмір қойыңызшы»,- деп айтып көрмеппін. Кезіккен әріптестермен сыйласып, сырласып, өнегелі айтыс жасауға тырыстым. Жолым кесілген кезлер көп болды. Бір жылдары әр жерде өтетін айтыстарға шақырылмай қалып жүрдым. Әдейі елеусіз қалдырғысы келгендер де болды. Соның кесірінен кезінде алты жыл айтыстан қағылып қалдым. Кейін “Жезтаңдай” айтысында бірақ шықтым.Алайда ешкімге өкпем жоқ, тілімнің тікені, мінезімгің кедір-бұдыры болар деп те ойлаймын. Елім мені алған жүлдеммен емес, айтқан өліңіммен бағалап, «Ерке ақын – Ержанатым» деп төбесіне көтерді. Ел назарына жүргеннен артық силық жоқ қой өмірде.
– Өнер адамы болған соң өзіңіз туралы алыпқашпа сөздерді де естіп жүрміз? Оларға не дейсіз?
– Е, бауырым-ай
Мен жайлы өсектер көп алыпұшпа,
Алтыным ауыспайды сары мысқа.
Домбырам сұңқылдама жазымышқа,
Сарғайған сары күзгі жапырақтай,
Менде бір күн айналам сағынышқа,-деп жазып едім бір өлеңімде.
Арғы бетте қалған ел-жұртыма құрметім биік, сағынышым шексіз. Бел асып кетіп бесігімді, төрге көсіліп есігімді ұмытпайтын таза жүрегім бар. Бақ жұлдызымды жарқыратқан бірінші жаратқынның, екінші ел-жұрттың арқасы. Мен кейде ел арасынан мархұм Асемхан Ғибадатқызын еске алуға арнап өткізген “Арманда сөнген ән ғұмыр” атты кешім туралы айтылатын алыпқашпа сөздерді әр жерден естіліп қалып жүрем. Сұрақтар, ағат түсініктер бар. Мұқтар Шаханов айтқандай: түсінбестік секілді бір көк тұман, Сол көк тұман тудырады көп күман …
– Енді жұртты күмәннан арылтып, әңгіменің мән-жайын ашып айтып бермейсіз бе?
– Бұл кешті өткізгенімде не бәрі 22 жастағы жігіт едім. Не қызметім жоқ, не тұрақты жұмысым жоқ кезім. Сол жылы Сара Тоқтамысова әнші Әділ Сіламханұлының бастауымен елге келіп “Аламан айтыс ауылда” деген екі ел бірлігінде арналған айтыс өткен. Сол Айтыстан кейін қалтама азын-аулақ ақша түсіп, Әсемханға арнап, еске алу кешін ұйымдастырсам деген ойға келдім. Содан Үрімжіден Алтайға келіп, Әсемхан әпкеміздің қайынағасы, Аягөзді бағып-қағып отырған Болатбек аға мен Сәбира тәтемнің шаңырағына келдім. Келсем, дәл сол күні, Қабадан арнайы Асемхан апкемнің анасы, сіңілісі келіп, қатым түсіріп жатыр екен. Қатымнан кейін ол кісілермен ұзақ әңгімелесіп, кеш өткізуге рұқсат алдым. Мархұм Болатбек аға жаны жайсаң жақсы адам еді, менің ісіме сәттілік тіледі. Одан шығып жазушы, қоғам қайраткері Қабдеш Жанабілұлынан, «Алтай аясы» журналының бас редакторы Болат Қазезұлынан арнайы ақыл сұрап, кеңестерін тыңдадым. Тарбағатай, Іле, Үрімжі, Алтай өнерпаздарына хабардасып, хат жолдап, концерттің күнін тұрақтандырдым.
Сол аралықта Алтай қаласы ойын-сауық үйірмесінің мәдениет мекемесі өзіме тіке айта алмаса да, Алтай қалалық театр залын бермеуге бекім жасапты. «Бұл кешті Өзіміз өткіземіз асықпай, жеке араласпасын»,- депті. Албырттығымда болар “Өгізден сүт дәмететін мен емеспін” деп сол кездегі Буршын ауданының секраторы әрі аймақтың орынбасар уәлиі Сүн Бин жолдасқа кезігіп театрды басқаратын қытай бастығына төте тедефон бергізіп сол күні-ақ мәселені шештіріп алдым. Алайда әдетте төрт мың юань төлейтін театр залына неге екені белгісіз жеті мың юань ақша төледім. Мені ала алмайды деп әдейі қымбаттатып жіберген ұқсайды. Шағантоғайда Қуантай Зақанұлына арнайы машина жіберіп едім, Ербол деген азамат түнімен барып бос қайтып келді. Мекемесі рұқсат бермей қойыпты. Концерт кешінде Алтай аймақтық ойын-сауық үйірмесі термеші Айнұр Қалайқызына сахынаға шықпайсың деп жібермей қойыпты. Ал Асемхан Ыбырайқызынада қатаң ескерту берген екен, бірақ жолдасы Айқын Рүстемұлы ағамыз ол тосқауға қарамай, арнайы машинамен алып келді. «Мейлі, осы кешке келгенің үшін жұмыстан қуса қуып жеберсін»,-деп намысына мініп алыпты Айқын аға. Тарбағатайдан, Іледен, басқа ауданнан өнерпаздар толық келді, Алтайдың қарт басшыларына, ауыл ақсақалдарына белетті арнайы қонақ ретінде беріліп, қалған белет сатылды. Бар-жоғы бес жүздей орын ғана. Өнерпаздардың келіп-кетімі, ішіп-жемі, жатағы, сахынаға шығу ақысы, сахынаның жарықтандырлып сәнделуі, Теле арналардың келіп түсіруі, ақпарат құралдарындағы жарнамасы бәрін есептей беріңіз. Соның бәрі өз жанымнан шықты. Өнерпаздардан ұстазым Шакен Рахметоллаұлы, ақын досым Қалихан Қабдірасұлұлы ғана оқысыз өнер көрсетті. Басқаларын риза-қош қып қайтардым.
Асемханның анасына арнайы ақ шылауышын тіктіріп кигізіп, сахынаға әлем таныған балуан Солтыкен Көкішұлына қолтығынан сүйетіп шығарды. Болатбек ағаға, Сәбира татеге ел алдында алғысымды білдіріп, силап гүл шоғын ұсындым. Аягөзге арнайы сахыналық оюлы киім кигізіп, домбыра ұсындым. Ел атынан Қабдеш Жанабілұлына сөз кезегін бердім. Ал өзім сахынада көз жасым көл болып жылап сөйлей алмадым. Сол кезде аман болсам Аягөздың он бір жылдық оқу қаражатын беремін деген сөзді тебіреніспен айттым. Айтқаным рас. Бұл концертте біреуден бір тиын көмек қаражат сұрамадым. Кейін келе талай тар көздер «Ойбай Ержанат ақша жинап айғайлап жүр»,- деп ел арасына өсек таратып жіберді.
– Сонымен кейінгі жылдары уәделі ақшаны беріп тұрдыңыз ба?
– Жоқ, ол былай болды. Концерттен кейін тағы да ақша болмай қалды. Сосын кейінге қалдырғам. Сол кездегі жоқшылықтың салдары ғой. Әтпесе бір баланың оқу ақшасы деген ауыз толтырып айтарлықтай көп ақша да емес. Сөйтіп жүргенімде Болатбек ағамызға «Алтынтау» базарының алдынан кезігіп қалдым. Істің мән-жайын, арнайы түсіндіріп айттым. Ол кісі көңілінде ештеңе жоқ саналы, ақеділ адам ғой: «Е, Аягөз сенің қарындасың, Сәбира екеуімідің баламыз ғой, ол жайын ойлап жүрген жоқпыз, алаңсыз бол»,-деген ақтарылып. Менің жұмыс орыным Буыршында болғанымен негізінен Үрімжі қаласында жүрдім. Буыршындағы ақын аға, апайдарым «Кейін берерсің, ол да азамат болсын, әлі талай уақыт бар ғой»,- деп ақыл кеңестерін айтқан.
– Болатбек ағаңыздың отбасамен араңызда еш кірбеңдік болмаса болды ғой бастысы?
– Мен «бердім» деп жар салмадым. Олар «бермедің» деп ренжіп, арамызға ірткі түскен жоқ. Кейін біреулер «Ержанат Аягөзге ақша беріп тұрам»,-деп жар салып жүр деген өсек таратып, ол өсек олардың да құлағына жетіпті. Бірақ істің мән-жайын түсінген соң ол өсек те арамызға қара бойяуын жаға алған жоқ.
Болатбек аға өмірден озғанда мен Түркияның Стамбул қаласында едім. Телефон арқылы ақын Табыскүл Бөкбайқызына хабарласып тапсырып едім, ол кісі үйдегі үлкен кісілерді ертіп апарып, таныстырып, орнына құран оқытып, бата жасап қайтты.
Ал мен өзім 2016 жылы, 5 айда Алтайға келіп, Сәбира тәтеге көңіл айтып, Болатбек ағаның орнына құран оқып, дастарханнан дәм татып, Жайна қарындасым бәріміз естелік суретке түсіп өткен-кеткенді айтысқамыз. Сәбира татеде, Жайна қарындасымның мені түсініп: «Сенен ақша, тиын дәметіп жүгеміз жоқ, көңіліңе ризамыз, аман жүр, келмей хабарсыз кетсең ренжиміз»,- деген сөздеріне жаным жадырап, қимастықпен аттанғам. 2014- жылы қыста Қаба ауданына барғанымда арнайы Киікбай деген жерде отыратын Асемхан Ғыйбадатқызының туған шаңырағына барып, О дүниелік болған апамыздың орнына құран оқып, көңілімді білдіріп қайтқанмын. Әрі сол кездегі Қаба аудандық халық істер мекемесінің бастығын және ауыл бастығын ертіп барып қарайласа жүруді тапсырып кеткем. Алтайға ат басын бұрған сайын Сақбұлаққа бұрылып барып құран оқытып қайтамын. Үрімжіде тұрғанымда арнап құран қатым түсіртіп тұратынмын. Ал, былтыр осында келе салып, Алматыдағы “Халифа-Алтай” мешітінің бас имамы Тоқтар ағамыз бар мешітте Әсемханға бағыштап қатым түсірдік. Қасымда Мұқаметкәрім Елубайұлы досым да болды. Ал биыл да ақпанның 30- күні сол “Халифа-Алтай” мешітінің имамы Ерланға екі апта бұрын тапсырып, Қырғауылдағы Мұқаметкәрім досымның үйінде бір малымды сойып, құран-хатым түсірдім. Мен бұл істерімді мақтан немесе міндет көріп тізбелеп отырғам жоқ. Ел арасындағы кейбір артық сөздер үшін өзімді түсіндіріп отырмын. Әйтпесе Аягөзді аялап, еркелетіп бағып отырған Болатбек ағамыздың шаңырағындағы Сәбира апайға және Жайна қарындасымызға, жолдасы Санат мырзаға алғысымыз шексіз. Ол кісілерде Аягөздің амандығын, болашақ бақытын ғана тілейді. Ешкімнен соқыр жармақ дәметпейді.
– Ендігі мақсатыңыз не? Айтысқа шығасыз ба?
– Өткен наурыз айында үйленіп, отбасылы болдым. Ендігі мақсатым бұйырған өмірді берекемен өткізіп, ұрпаққа әке, ағаға бауыр, бауырға аға ретінде өнер жолын жалғастыра беру. Ар-ұжданыммен ақын болып туылдым, енді адам болып ғұмыр кешіу. Әлі де оқып ізденіп, ғұмыры ұзақ құнды шығармалар жазсам деймін. Қазір жыр бесігін домбырамен емес қаламмен тербетуге бейім болып кеттім. Осы жағына ден қойып, ізденсем деген жоспар бар.
Әңгімеңізге рахмет, Тәңір жолыңызды оңғарсын!
Әңгімелескен: Ретбек Мағаз