Тәуелсіздікпен бірге халқымызға қайта оралған есімдердің бірі – Қожаберген жырау есімі.
Қожаберген Толыбайұлы – өз заманында сан қырлы талантымен танылып, қазақ халқының ерекше құрметіне бөленген аса дарынды мемлекет қайраткері, үш жүз қолының сардарбегі болған асқан батыр қолбасшы, Әз-Тәукенің тұсында қазақ мемлекетінің нығаюы мен дамуына өлшеусіз үлес қосқан ірі саясаткер, Бұқар жырауға ұстаз болған теңдессіз сөз зергері, Абылайға кеңес берген көреген би, өзінің ақындық және батырлық мектебін қалыптастыра білген ұлт қаһарманы.
Халқымыздың ХVІІ – ХVІІІ ғасырлардағы аласапыран арпалысқа толы өмірінің тұтас трагедиялық панорамасын жасаған «Елім-ай» жыры, «Елім-ай» күйі, «Елім-ай» әні – Қожаберген жыраудың төл шығармалары. Қожаберген бабаның ақындық мектебіне Бұқар жырау, Дәстем сал, Ақтамберді, Үмбетей, Тәтіқара, Махамбет, Сегіз сері сияқты дауылпаз ақындар қатарын жатқызсақ, батырлық мектебінен ерлік жорықтарда баба жолын үлгі тұтқан халқымыздың арыстан жүректі ұлдары Бөгенбай, Бақсары, Жәнібек, Ақпанбет, Асқап, Жанай, БалтаКерей Тұрсынбай, т.б. батырлар легін көреміз.
Осындай алып данамыздың, асыл бабамыздың есімі өткен ғасыр соңына дейін неге аталмай келді? Тереңдей үңілсек тағы да сол Ресей саясатының салқынын аңғарамыз. Өйткені сол замандағы орыс саясаткерлерінің бірді-бірге айдап салатын, араағайын болғансып, отқа итеретін сұрқия саясатын Қожабергендей ашық сынаған адам болған жоқ. Бұл туралы академик Манаш Қозыбаев: «Қожаберген баба орыс империясына ашық қарсы, оның «Елім-айы» – империяға қарсы туынды. Онда ол орыс империясы қалмақтарға қару сатты, қолдады деп айыптайды» дей келе, отаршылық кезінде Қожаберген жырау туралы ешкімнің ауыз аша алмағанын, тіпті кешегі кеңес өкіметінің тұсында компартияның қабағынан сескенген Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсіреповтердің де бұл тақырыпқа белсеніп кірісе алмағандығын айтады.
Әдетте, тарихи тұлғалар туралы шындықты қалпына келтіру барысында біз атаулы адамның іс-әрекеттері мен ерекше қызметі, өмір жолы жайлы оның өз тұсындағы замандастарының сөздерінен дерек іздейміз. Қазақ сахарасында мұндай дереккөз иелері ақын-жыраулар болғаны анық. Өйткені жазу-сызуы кең қанат жаймаған дала төсінде шыншыл ақпарат ауыздан-ауызға таралды. Барлық тарихи деректер, шежірелер ақын-жыраулардың жыр-дастандарында қамтылды. Осы тұрғыдан алғанда Қожаберген жыраудың «Елім-ай» дастаны сол қиын замандағы тарихи шындықты қалтқысыз бейнелеген теңдессіз жәдігер деп қарағанымыз дұрыс. Мұнда сол кездегі заман қасіреті ғана емес, Қожаберген жыраудың өз өмірі, болмысы, таланты, ақындығы мен батырлығы, көсемдігі, көрегендігі, ұлтшылдығы туралы толық мағлұмат берілген. Сондықтан бүгінгі күнде осындай дана бабамыздың тарихтағы орны мен қайраткерлік тұлғасына күмәнмен қарау орынсыз. Өйткені Қожаберген жырау өзі туралы өзі айтып кеткен. Өзгелердің ол туралы айтқаны да жеткілікті. Мысалы, Бұқар жырау, Дәстем сал, Сегіз сері, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, т.с.с. алғыр ойлы ақиықтар Қожаберген есімін жырға қосқан. Оның ерлігі мен талантына тәнті болған.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, Қожаберген жыраудың ақиқат шындығы оның өз сөздерінде жатыр. Тағы да академик М.Қозыбаевтың пікіріне сүйенетін болсақ: «Дауылпаз Қожаберген – дүлдүл тарихшы. Біріншіден, тек «Елім-ай» дастанында ғана бүкіл дәуірді суреттейді. Жоңғар империясының дәуірлеп, күшею себептерін ашады. Екіншіден, жоңғарлардың орыстар мен қытайларға арқа сүйегенін көрсетеді. Орыс империясы өзіне көрші қазақ елін тұқыртып, жоңғарларға кіші зеңбірек жасауды үйретіп, құтыртып, екі түркітілді халықтарды өзара қырып салуына мүмкіндік жасағанын ғажайып суреттейді. Үшіншіден, түрікпен, Қоқан, Хиуа, Бұхардың қазақ еліне деген қастандық саясатын, өзбек пен тәжіктің жаттығын әшкерелейді. Төртіншіден, Әз-Тәукеден кейінгі қазақ хандығында болған текетірес, бақталас берекесіздіктің бетпердесін ашады. Бесіншіден, ақтабан шұбырынды қалай болды, халық қалай, неге тозды деген сауалдарға жауап береді».Академиктің бұл пікіріне қосарымыз: Қожаберген жырау «Елім-ай» тарихи жырында 1723 жылғы үлкен апаттың тек қазақ халқына ғана емес, әрі туысқан, әрі көрші ноғай, қарақалпақ, қырғыз, Шалабай башқұрттары, Сібір татары халықтарына да кенеттен келген зор қасірет екенін ашық та дәлелді түрде баяндайды.
«Қожаберген жырау» кітабының құрастырушысы С.Жұмабаев кітап соңында берілген түсініктемеде нақты ғылыми деректерге сүйене отырып, төмендегідей бұлтартпас мысалдар келтіреді: «Қожаберген ақынның «Елім-ай» дастанын дұрыс та жоғары бағалаған көрнекті, білгір адамдардың бірі – халқымыздың әскери қайраткері, білімпаз да аса дарынды, қадірлі жазушысы, атақты батыры, есімі әлемге әйгілі Бауыржан Момышұлы: – Керей Қожаберген жыраудай бұрынғы-соңғы өмір сүрген қазақ ақындарының бірде-біреуі қазақ жұрты жерінің көлемін, шекарасын айқындап берген емес. Ол кісінің «Елім-ай» жыры – әскери дастан! Жас бала кезімде оны әншілердің аузынан талай рет естіп едім. Шіркін, сол әскери дастан қайда бар екен?– деген болатын. Ал қазақ халқының аса көрнекті ғылым қайраткерлерінің бірі, тарих ғылымының докторы, профессор Ермұхан Бекмаханов: «Көшебе керей Қожаберген ақын Толыбайсыншыұлының «Елім-ай» дастаны – тарихи эпопеялық жыр. Әрі сол «Елім-ай» ерлік хиссасының бірінші бөлімі – 1723 жылғы «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» атанған ірі апаттың суретін ел көзіне елестеткен бірден-бір тарихи құжат!» деп тұжырып еді. Осы мазмұндас бағаны академик-жазушы Ғабит Мүсірепов, академик Әлкей Марғұлан, академик Ақай Нүсіпбеков, тарих ғылымының докторлары Бек Сүлейменов пен Төлтай Балақаевтар да кезінде шегелеп айтқан еді».
Жыр басында өзіне дейінгі тарихта жоңғар-қалмақтардың қайдан шығып, қайдан келгендігін саралай келе, олардың соғыс жорықтарын Алтай, Тарбағатай өңірінен бастағанын, жолдарындағы Сағай, Меркіт, Оңғұт, Боржіген, Барабы, Барын, Ескер, т.б. татар тайпаларын, қырғыздың шор, тұба, хас, саха елдерін аяусыз қырып, Түмен, Том қалаларының тұрғындарын қызыл қанға бояғандығын тілге тиек етеді. Осы тұста автор жоңғар мемлекетінің әскери күші неліктен артқандығын, неліктен өзі қатарлы елдерді жау көріп, баса-көктеп келгендігін зерделеп, оның басты себептерін ашуға тырысады. Қожабергеннің пайымдауынша, жоңғарлар сол заманда адамдық мораль, этика тұрғысынан да, әдеп, өнер, білім жағынан да өзгелерден көп кейін қалған ел еді. Олар ХVІІ ғасыр соңындағы халдан Бошохтың тұсында орыстармен және қытаймен ауыз жаласып, соғыс өнерін игере бастайды. Орыстарға да керегі сол еді, Алтай аймағы мен батыс Сібірді мекендеген түркі халықтарын
өз жерінен ығыстырып шығарудың оңтайлы жолы табыла кетеді. Жоңғарларды арнайы шақырып, арқасынан қағып, ақыл айтып, зеңбіректермен қаруландырып, өзі тектес халықтарға айдап салады. Жоңғарлардың ұзақ жылдарға созылған шапқыншылық жорықтары осылай басталған. Бұл соғыстың барлық кінәсі орыстың ашкөз саясатында жатқанын Қожаберген аяусыз шенейді.
Сібір татарлары Ресей атқамінерлеріне хат жолдап, елші жіберіп, көмек сұраған. Қалмақтарға тыйым салуын өтінген. Орыс саясаткерлері болса, татарлардың салық төлеуден бас тартқанын желеу етіп, қалмақтарды одан сайын айдап салған. Нәтижесінде, Сібір татарлары адам айтқысыз қырғынға ұшырап, елінен, жерінен безіп, Омбы өзені жағасындағы керейлерге келіп паналайды. Арада он жылдай уақыт өткенде, жоңғарлар Керей еліне келіп килігеді. Керейлерге шаппас бұрын Сыбан Рабтан орыс пен қытайға мол дүние беріп, олардың білгір мамандарын жалдап, әскери соғыс қимылдары мен қару-жарақтың жетілген түрлерін үйретіп, он жыл дайындалған екен.
Бұл тұста «көрші екі ел» деп Қожаберген Ресей мен Қытайды айтып отыр. Бақайшағына дейін қаруланып алған жоңғар әскерлері қазақ жеріне ауыз салады. Ежелден ат үстінде соғысып үйренген Керейдің батыр ұлдары қарулы жауға сойыл-шоқпармен, қылыш-найзамен қарсы шабады. Зеңбіректі жауды састырып, бірнеше дүркін тойтарыс береді. Омбы өзені бірнеше рет қолдан-қолға өтеді.
Қазақ жауынгерлерінің жанқиярлық ерлік істері Қожаберген жырау сөзімен кеңінен суреттеледі. Керейлер мекендеген Сібір жерінің әрбір төбесі, әрбір өзен-көлі үшін кескілескен ұрыстар болғанын аңғартады. Қарастырылып отырған жырда жер-су, тоғай-төбе сияқты географиялық атаулар көптеп кездеседі. Жырау солардың әрбірін тәптіштей айтады. Бұл көркемдік әдіс келешек ұрпаққа тарихи шындық толық жетсін деген ниеттен туындаған болса керек.
Дастанды оқып отырғанда тағы бір аңғаратынымыз, Тәуке хан тұсында қазақ елшілерінің қару-жарақ сатып алу мақсатында Ресейге барғандығы туралы деректер. Бірақ жоңғарды әдейі айдап салып отырған орыстар келісім бермейді. Қытай мемлекеті де қару беруден бас тартқан. Қарулы қалың әскерге найза, қылыш, садақпен қарсы барған қазақ қолы аяусыз талқандалып, амалсыз шегінуге мәжбүр болады. Зеңбіректен тынымсыз оқ жаудырған қалмақтар қазақтарды күн сайын қырып отырып, арқаға, оңтүстікке қарай ығыстырып кете барды. Ал ойындағысы орындалған орыс саясаткерлері босап қалған жерлерге мұжықтар мен әскерилерді еркін қоныстандырып, бекіністер салып жатты. Өзгенің қолымен от көсеп, жазықсыз халықтарды қынадай қырып, жер бетінен із-түзсіз жойып жіберуді ашық мақсат еткен Ресейдің қанқұйлы қарақшылық саясаты бүгінге дейін айтылмай келді. Өзінің бір адамын шығын етпей, бүткіл Сібірді, оның ішінде алты алаштың ата-қонысы болған Түмен, Том, Омбы, Ор, Челябинск, Орынбор, Қорған, Барнауыл қалаларын маңайымен қоса өз меншігіне айналдырған орыс отаршылары ақиқатты қайдан қаласын?! Сол шындықты шырқырата айтқан Қожаберген жырауды орыс саясаты қалай жақтырсын?! Ақ патшаның тұсында да, кеңестік кезеңде де Қожаберген жыраудың аты аталмағанының басты себебі осында жатыр. Қожаберген Толыбайсыншыұлының «Елім-ай» дастанынан өзге де қалдырған мұрасы мол. Сан қырлы талант иесінің ерлікке толы өмір жолы мен қазыналы шығармашылығы келешектегі «Қожабергентану» ісінің сарқылмас көзі боларына сеніміміз мол.
aikyn.kz