Шежіре

Шәміс Құмарұлы: «Үкілі бейт» немесе «Зәурен-ай» күйі

2016 жылы жазда Морида едім. Сейітхан, Жанас, Қабылқақ деген азаматтар Қалибек ағаның отбасына қосып, біздерді Баркөл мен Моридың шекарасындағы Ақшоқыға алып барды. Мұнда Мори ауданына қарасты тамаша демаліс үйі бар екен.

Бұл жерге «Үкілі бейт» жақын деп естушы едім. Қасымдағы Жанастан «Үкілі бейітті» білесің бе? -деп сұрадым.

– Білемін, осы жерге жақын,-деді.

– Қасына барып көрдің бе? -дедім.

– Дәл қасына барған жоқпын. Жол бойында көп тас бейт бар. Қайсысы «Үкілі бейт» екенін білмеймін,-деді.

Көп жылдың алдында Шіңгілдің Қарабура деген жерінде өткізілген Алтай аймағының ақындар айтысына барған едім. Айтыс кезінде көрермендер айтысты тыңдап, басқа көнцерт болғанда бытырап демалады екен.

Осындай жұрт демалғанда бетте отырған қарияға көзім түсті. Қасына келіп сәлем бердім, ақсақал менің қолымды алып:

– Шәміс, сен Морилықсың ғой, сыртыңнан танимын,-деді. Әңгіме арасында:

– Сенің жеріңде «Үкілі бейт» деген жер бар, білесің бе? -деді.

– Білемін, бірақ барып көрген жоқпын,-дедім.

– Көрмесең сол «Үкілі бейт» біздің Шалап деген атамыздың қызы Зәурен деген апайымыздың бейті екен. Сол Зәурен әпекеміз әкесі сияқты күйші болған екен. 1907 жылы, қыс ішінде ауырып сол жерде қайтыс болыпты.

Жазында көк таскірпіштен қабыр тұрғызып, төбесіне Зәуреннің домбырасының сабын орнатып қойыпты. Домбыраның үкісін алмапты. Содан ел ішінде бұл зираттық «Үкілі бейт» атаныпты. Осы қызының өліміне болған күйігін басу үшін, Шалап атамыз «Зәурен-ай» күйін шығарыпты. Сол жылдарда әйелі ауыраяқ екен. Үйіне бір Қызай жігіт келіп қонып жатқанда, әйелі босанып ұл туыпты. Қызай жігіттің:

– біздің Қызай елі өскен елміз,-деген сөзі бойынша ұлының атын Қызай қойған екен. Сол Қызайдың әулеттері түгел осы шіңгілде,-деді.

– Шалап деген күйші Мори жеріне келді дегенді естіген жоқ едім, қалай барған екен? -деп сұрадым.

Ақсақал аз ойланып отырған соң:

– Шалап сегіз ағайынды, әкелері Саудагер ертеректе Алтайдың Ақши деген жерін мекендеген екен. Кейін Шіңгілге келіп мекендепті. 800 жылқысы бар екен, 1890 жылдарда Шіңгілде ауыр құрғақшылық болып, жылқысына Боғдадан жер іздепті. Ылаңса деген жерге келсе, ол жер иен екен. Ұзын тобылғы сапты қамшысының бүлдірге жағын қарға сұғып, бүлдіргеге ілесіп шыққан шөптің ұзындығын көріп, жылқыма қыстау болады екен деп, жылқысын Ылаңсаға салыпты. Сол жылы Қайтпай ауылын көшіріп әкеліп, Ылаңсаны он жылға жуық мекендепті. 1900 жылдарда Саудагер:

– Жасым ұлғайды, Алтайға барып жатамын,-деп Шіңгілге келіп, Шаңқанда қайтыс болып, сол жерге қойылыпты.

Шалап Моридағы Шақабайлардың ішінде қалып,  1909-жылдарда Шіңгілге қайтып келген сияқты,-деп дүдәмәл сөзін айтты. Бұл қарияның сөзіне онша сенген жоқпын, өйткені, ол заманда көк таскерпішті қайдан алды? -деп ойладым. Бұл кісінің атын сұрап алған едім, қазір ұмытып қалдым.

Қасына келген соң бейтті коргім келді. Морида ешкім бұл бейттің тас кірпіштен жасалғанын білмейді екен. Көп сұрадым, қасымдағы жолдастарға айтып едім, олар да бейтті білгенімен неден жасалғанын білмейді екен, бәрі де барып көргісі келді. Жанас, Қабылқақ үшеуіміз, дереу «Үкілі бейтке» бардық. Көп тас бейттің батыс жақ алдында қазып тастаған, көне бейттің орны жатыр. Көк таскірпіштер шашылып қалыпты. Алтын, тағы басқа дүние іздегендер қазып тастаған секілді. Екі жағында үйілген топырақтардың астынан тас кірпіштердің мұрты көрініп жатыр, бір уақытта Жанас:

– Шәке, міне, домбыраның сабы жатыр,-деді, келіп қарасам, расында, домбыраның сабы екен. Қурап жарылып аз бұралыпты. Бүлінген бейіттің орнын, домбыраның сабын суретке тартып алдым.

Домбыраның сабы

Ақыры сол Шіңгілдегі қарияның сөзі шын болып шықты. Шіңгілде Яқи деген жездем бар еді, сол арқылы Қызайдың ұрпақтарынан Нұрбол деген жігітті тауып, суретін жіберіп бердім. Әлгі қарияның өңі, түсін, жас мөлшерін айтып беріп едім, атын олар тауып бере алмады. Қайтыс болып кеткен секілді. Кейін Жанасқа кезігіп қалғанымда сол жерге жақын Бұрқансу деген жерде кірпіш өртеген құмданның орны бар екенін айтты.

Ауылдағы ақсақалдардан сұрасам, сол заманда сол бейтке жақын Бұрқансу деген жерде екі үй қытай отырыпты. Моридан 35 шақырым шығысындағы Үшбөлақ деген жерде қалашық болыпты. Сонда бір Қызай жігіт қызмет істеген екен. Шалаптың ұлы Қызай Мори жерінде туылғаны шын болды, қазір Моридың шығысындағы көп жердің аты, Саудагердің бес сайы, Ысқақбай сайы, Кәбидің қағы, Қайысбай сайы сияқты Шақабай руының адамдарының атымен аталады.

Қазыр бұл жерлерде, олардың ұрпағынан адам жоқ. 1930 жылдарда Гансуге және Алтайға ауып кетіпті. Міне, бұлар Шалап Саудегер ұлының «Зәурен-ай» күйінің күмбірінен төгілген деректер іспетті.

Теги: , , ,

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*