Білім

Дәулеткерей КӘПҰЛЫ: СЕГІЗ СЕРІ ӨМІРІ МЕН ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ

Біз Сегіз серіден сөз қозғауымыз керекті. Алайда, қазіргі баспасөзбеттеріндегі аталмыш серінің айналасындағы дау-дамай біз айтар әңгіменің қисынына кедергі болары хақ. Бірақ даудың басы – Сегізді өмірде болды- болмады деуге бір тіреледі де, екінші қайта өмірде жасаған серінің шығармашылығына бір күмән келтіреді. Даулардың тәңірегінде дақпырт көп. Айтылған уәждердің айғағынан күмәні басым болғандықтан біздің айтар әңгімемізге тосқауыл бола алмайды. Өйткені, Сегізді жоққа шығарушылардың келтіретін уәждерінің ешбірі де ғылыми тұрғыда мойындалмайды, әншейін “солай болмаққа керек-ті” деп келтіретін жорамал ғана. Себеп Әлкей Марғүланның жазғанын (1,331) жоққа шығарғысы келеді. Ғұлама ғалымды “сегізтанушылар сендірді” (2, № 31) дейді. Бұл қисын ба? Егер академик Әлкей әркім айтар әңгіменің әсерімен тарихи, әдеби тақырыптарда адасушылыққа жол берсе ертерек ескертпес пе еді? Біз Сегіздің қазіргі әдебиет тарихында қалыптасқан өмірбаянына әзірге тоқталмай тұра тұралық. Даудың басында И.Кенжалиев дейтін тарихшы тұр. Алайда бір қызықты да күмәнді жайт 1970 жылдардан соң Сегіз сері хақында деректер айтыла бастағанда “Қазақ әдебиеті” газетінде (3, №9) “Тағы да Сегіз сері туралы” деген мақала жарық көреді. Мақала авторы тарихғылымының кандидаты И.Кенжалиев. Бұл жазбада өнерпаздың сегіз қырлылығына барынша тоқталған автор ел аузындағы әңгіме-шежірелердің ақиқат, құнды дүниелер екендігін баса айтып, Исатай-Махамбетке де қатысына еш күмәнсіз дерек келтіреді. Келесі жылы Солтүстік Қазақстан облыстық газетінде аталмыш тарихшының “Сегіз серінің туған жерінде” (4, №15) атты ғылыми зерттеу мақаласы жарияланады. Солтүстіктегі серінің туған ауылы Айымжанда болған зерттеуші артына өлмес мұра қалдырған ақын ұрпақтарымен кездесіп, көптеген құнды деректерге жолыққанын бұлтартпас айғақтармен дәлелді түрде келтіріп жазады. Содан араға 18 жыл салып “Жалын” журналында “Сегіз сері деген кім” атты (5, №9-10) қарсы мақала шығады. Өзі халыққа кеңінен насихаттап жазып жүрген тарихшы И.Кенжалиев аяқ астынан Сегіз серіні танымай, тулап шыға келгені өтекүдікті жайт болды. Өзін-өзі жоқка шығарушы Исатайдың уәжі М.О.Әуезов атындағы әдебиет және өнер ииститутының қолжазба қорындағы деректерге күмәнділігі. Тарихшы ғалым неге өзінің көзі жетіп, көңілі сенбеген іске қалам тербегендігі түсініксіз. Осы дауға қатысты дәлелді де бұлжытпас айғақты деректерге толы қарсы мақала республикаға кеңінен тарайтын “Сарыарқа” журналында (6, №7) “Тағы да Сегіз сері хақында” деген тақырыпта жарияланды. Бірақ, қарсы топ мұндай уәжді, байыпты пікірлер мен қарсы мақалаларға көңіл аударуға жүректері дауаламайды. Пікірталасқа қатысушы адам өнер зерттеушісі, Республикалық музыка қайраткерлері Одағының мұшесі Қайыржан Байпақұлы Мақанов. Кейінгіосы төңіректегі дау-дамайдың әңгіме шеңбері И.Кенжалиевтен бастау алады да Қ.Мақановтың пікірімен санаспайды. Сегізді жоққа шығарушылардың осындай сыңарезулігі таңдандырады. Кенжалиев бастаған күмәншіл де кінәмшіл топтың әрекеті жыл өткен сайын ел санасында нық қалыптасқансері жөнінде алыпқашпа, дәлелсіз, дүдәмал уәждерінен шыққан қорытындыны біз көре алмадық.

2000 жылдан бастап “Анатілі” газетінде (7, №30, 31) Б.Кәртен дейтін автордың “Сегіз сері ертегісі” атты көлемді мақаласы шықты. Бұл автордың айтар түпкі ойының әлгі Сегіз сері төңірегіндегі дауды бастап жүрген И.Кенжалиевтің заңды жалғасы екендігін аңғару қиынғасоқпады. Өте ыждаһатты түрде дайындалған, ұйымдасқан тірліктің түп мақсаты әдебиет тарихынан Сегіз серіні мүлдем аластатып, халық санасындағы өнерпазға деген қошаметке көлеңке түсіргісі келетін кертартпа, көкезулердің қылығы екендігін бірден әшкере етіп алды. Осы тақылеттес тақырыпта тағы да біраз қарсы мақалалар дайындалып баспа бетінен көрінді. Филология ғ.д., әдебиетші ғалым Ш.Керімің “Өкінішті әрекет” атты мақаласында (8, № 14) тіпті Сегіз сері өмірде болмаған адам, оны “сегізтаңушылар (?) қолдан жасап жүр” дейтін де уәжге барды.

Ш.Керімнің болжамынша “Жас Алаш” газетіндегі (9, №21) “Екі кісі бір жақ, екі жүз кісі бір жақ” тақырыбындағы Б.Кәртен мен И.Кенжалиевтің қара күйелі мақалаларына жауап жазбаны да “сегізтанушылар” дайындап, Петропавл қаласының тұрғындары Қайролла Мұқанов пен СоциалЖұмабаевтардың атынан берді деп сырттан тон піше сөйлейді. Шәмшиден Керім, шын мәнінде, аталмыш авторлар Қызылжар қаласының қарт тұрғындары екендігінен де, сол өлкенің қазіргі сөз білер, өткен бабалар мұрасын жиып-теріп жүрген ұлт рухына барынша адал қызметшілер екендігінен де бейхабарлығын көрсетті. Себебі, біз де осы жұмысымызды зерттеу барысында 2001 жылы Омбы қаласына арнайы барып, Қызылжар, Гүлтөбе-Маманай қоныстарындағы шежіреші қарттармен жүздесіп, Сегіз серінің, Қожаберген жыраудың төңірегіндегі әңгімені туған топырағындағы ұрпақтарынан барынша байыппен тыңдағанбыз, керегін жазып алғанбыз. Осы сапарда көзіміз жеткен бір ақиқат – СолтүстікҚазақстан облыстық өлкетану мұражайында құрылған “Асыл мұра” орталығының кезекті жиылысында “Қожаберген жырау” атты кітаптың түсаукесері.Құрастырушылар: Ғалым Қадырәліұлы, Қайролла Мұқанов, Социал Жұмабаевтар еді. Кітап қазақ-орыс тілдеріндегі зерттеу мақалалар мен құнды деректерден тұрады. Авторлардың қатары тарихшы ғалымдармен толыққан Ш.Керімнің жалалы мақаласындағы авторларға таққан кінәсі негізсіз екендігіне көзіміз содан жеткен. Ш.Керімнінтағы бір негізсіз бай- баламдарының бірі “сегізтанушылар” деген тырнақшалы терминінің астарын байқап көрелік. Сегіз сері жайында алғаш сөз бастап айтқан қүдіретті қалам иесі Ғ.Мүсірепов, әрі жерлесі. “Ұлпанды” былай қойғанда (себебі, қаралаушы топ “Ұлпанды” көркем шығарма деп қана таниды) Ғабиттің күнделігіне (10,177) үңілуге қарсы топтың ары жібермейді. Қойын дәптерінде Ғабең білер әңгімесінің бас-аяғын тәптіштеп жазбаған. “Сегіз сері – ақын” деген тақырыппен «Сері, ақын, әнші, балуан..», «Гауһартас», “Жылы ой”, “Ғайни”, “Әйкен-ай”, “Топқараған”, “Қарғаш”, “Мақпал” әндерін шығарған” – деп бітіреді. Әрмен қарай 1835 ж. Көтібар, Арыстанныңауылы… т.б. деп кетеді, бұл басқа әңгіменің арқауы.

Келесі Сегіз сері жайында жазған адам әдебиет зерттеушісі, ф.ғ.к. Есенкелді Жақыпов (11, 35-40). “Дастаннан драмаға” атты қазақ драматургиясын зерттеу еңбегінде “Айман-Шолпан” жырының авторы ретінде Сегіз серіні танитындығын ашық түрде тәптіштеп жазады. Сол уақытта бұл ақиқатқа күмән тудырған ешбір қаламгер де, көлденең оқырманда болмаған! Одан кейін “сегізтанушылар” “сендірген” адам академик Ә.Марғұлан. Бұл жөнінде әңгімеміздің басында айтылған. “XIX ғасырдағы қазақ поэзиясы” атты кітапты Қазақ ССР Ғылым Академиясы, М.О.Әуезов атындағы өнер институты дайындаған. 1985 жылы “Ғылым” баспасынан жарық көрген. Бұлжинақ хрестоматия. XIX ғасырда жасаған ақындар шығармаларына орын берілген. Сегіз серінің он шақты өлеңдерін ұсынған. Ескеретін жай осы жинақтардағы барлық ақындардың дерлік өлең-жырлары институттың қолжазба қорынан дайындалғандығы. Кітапты құрастыруға қатысқандар Ә.Дербісалин, Б.Ақмұқанова, С.Дәуітов, М.Жармұқамедов, Ө.Күмісбаев, Ж.Тілепов, Қ.Сыдиқов, Г.Тұрсынова.Әрмен қарай “сегізтанушылар” қатарынан тағы да (!) әдебиетші ғалым ф.ғ.к. М.Жармұхамедов 1988 жылы “Ғылым” баспасынан жарық көрғен «XIX ғасырдағы қазақ ақындары» атты жинақта “Сегіз сері Шақшақовты” бүгешігесіне дейін жазып, оқулыққа кіргізеді. Бұл тараушада Жармұқамедов (12, 103-117) Сегіздің төкпе ақындығымен қатар, сал-серілік дәстүрі, әнші- күйшілік, шешендік өнерін кеңінен сөз қылатын қаламгер-зерттеушілерді тізіп береді. Олар: С.Әліпов, К.Жексенов, С.Барқытов, Ж.Бектұров, Қ. Мұқамедқанов, М.Болатов, Б.Кенжеғозин, Е.Қалданов, Е.Рахмадиев, I.Жақанов, Н.Әбуталиев, Ә.Марғұлан, М.Жармұқамедов секілді зерттеушілер дейді. Осы кітаптың редакциялық коллегия мүшелері З.Ахметов, М.Базарбаев, Ә.Дербісалин, Жармұқамедов, Қ.Сыдиковтар да еш күмәнсіз Сегіз сері тараушасын кітапқа жіберген. Ал қарсы топ бұл кітапты да назардан тыс қалдырып отыр. Ал, ендігі кезекте “сегізтанушылардың” қатарында, дау-дамайдың бел ортасында қалған автор ф.ғ.к. Төлеш Сүлейменов. Бұл қаламгердің 1991 жылы “Өнер” баспасынан жарық көрген“Өнер тақырыбындағы туындылар” сериясымен “Сегіз сері” кітабы болды. Тарихи-ғұмырнамалық хикаят етіп Сегіз серіге қатысты ел аузындағы барлық әңгімелер мен әдебиет институтындағы барлық қолжазба деректерді кеңінен пайдаланған қаламгердің тың туындысы оқырмандар тарапынан тамаша қызығушылыққа ие болады. Автор бұл хикаятында замана талқысымен қатпарлы жылдардың сағымына оранып, аумалы-төкпелі кезеңдер дүрбелеңінде жұртымыздың зердесінде көмескі тартып, ұмытыла жаздаған, халқымыздың тарихы мен өнерінде ойып орын алар біртуар тұлға Сегіз серінің асқақ бейнесін халық санасында қайта жаңғыртуды мақсат тұтқан. Қозасы өшкен қоламтадан қайта үрлеп, сері бейнесін сомдауға тырысқан қаламгердің бұл қажырлы еңбегін бағалаудың орнына қарсы топтың тырнақ астынан кір іздегені – халықтық өнерпазғадеген қошаметсіздік емес, авторға деген жеке бастың көзқарастарынан туындап отыр. Мәселе автордың көзі тірісінде жазған еңбегіне құрметпен қараған кей қазақтар кейін ол кісі дүниеден озғаннан соң “Сегіз сері” кітабын тәрк еткісі келетіндігінде. Б.Кәртен “Сегіз сері” туындысын “Ертек кітап” деп атайды да, авторын “Фантаст жазушы” дейді. Сосын бір ескертерлік жайт пікір қайшылығы бір басқа, қарсы топ баспа мәдениеті дегенді тіптен естен шығарған. Бұл да басқа әңгіменің арқауы шығар.

Ал, енді біздің келесі “сегізтанушымыздың” бірі белгілі драматург жазушы әрі Сегіз серінің, Қожабергеннің мұраларын мұқияттап жинаушы НәбиденӘбутәлиев “Сегіз сері” кітабын шығарды. Осы тақырыпта драмалық шығарма жазды. Қаншама ғылыми негізді мақалалар жариялады. Махамбет Өтемісов атындағы сыйлықтың иегері Н.Әбуталиев Қазақстан Ғылым академиясы, Әдебиет және өнер институтының Ғылымикітапханасының қолжазба қорында сақталған материалдарды жинаған, тапқан адам. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы (1857-1931) жазбаларының Қожаберген жырауға арналған жолдарынан, Асанбек шешен Нұрғожаұлы (1752-1846), Жанақ Сағындықұлы (1770-1845) және басқалардың жырларынан құнды деректер алған. Жиырма жылдан астам уақыт ізденістің арқасында фольклоршы ғалымдардың қолына түсіп, академиялық институттың қолжазбалар қорында, кітапханаларда сақталған Сегіз серінің шығармаларын жинап, 1991 жылы “Жалын” баспасынан жарыққа шығарған, Нәбиденнің “Өттің, дүние!” пьесасы және оның спектаклі арқылы Махамбет бейнесін жасауы өзінен бұрынғы Ығылман Шөрекұлы, академик Қажым Жұмалиев сияқты қаламгерлердің де арманы жүзеге асты деп білемін – деп ағынан жарылған қаламдасы Сапабек Әсіп “Егемен Қазақстан” газетінде “Қоламтадан от тұтатқан қаламгер” атты көлемді мақала береді. Б.Кәртеннің кезекті күйелі мақаласына “Жас Алаш” газетінде өзінің тиянақты уәжін берген де осы Н.Әбутәлиев.

“Мамандығы әдебиетші болмаса да сөз өнеріне талғамы күшті, ұзақжылдар бойында фольклор мен ақындар поэзиясының асыл үлгілерін жинап, жариялап, елеулі іс тындырған, бүгінде жасы сексеннен асқан еңбек зейнеткері Сейітқали Қарамендин де сол қатардағы қадірлі қарияларымыздың бірі. Ол – қазақпоэзиясының асқар шыңы Абай туып-өскен, сөз өнерін кие санаған елдің перзенті. Жасынан ақын, жыршы, шешендер сөзін көп естіп, зердесінетоқыған, …жадында сақталған ақық сөздер мен аңыз әңгімелердің бәрі болмаса да көбі хатқа түсіп, баспасөзбетінде жарияланып, кейбіреулері кітап болып шығуы да аз олжа емес. С.Қарамендин жинаған және оларды Әдебиет жәнеөнер институтының қолжазба қорына тапсырған, мақала ретінде жарияланғандары да баршылық. Солардың қатарында “Бөгенбай батыр”, “Еңлік-Кебек”, “Қалқаман-Мамыр”, “Төрт Бөгенбай”, “Көбей би” “Наурызбай-Фатима”, “Сегіз сері”, “Бұғыбай батыр”, “Шежіре туралы шындық”, “Өліге құрмет – тіріге міндет” тәрізді жарияланымдарды көрсетуге болады” – депжазады “Қазақ әдебиеті” газетінде академик Р.Бердібаев (13, №41).

Аталмыш авторымыздың ауыз әдебиеті үлгілерін жинаудағы орасан зор еңбегін біз академиктен артық айта алмаймыз. Енді осы адамның Әдебиет және өнер институтының қолжазба қорына тапсырған ұшан-теңіз әдеби жәдігерлерін біздің фольклорист ғалымдарымыз ел кәдесіне қалай асырып жүргендігі бір төбе әңгіме де, Сегіз серіге қатысты жазбалары “іске жарамсыз” деп табылады. С.Қарамендин жинаған мұралардың барлығыхалық қазынасы болып табылады да, ішіндегі Сегіз серінің өлең-жырлары неге татымсыз болып шыға келеді? Бұл, яғни Сегізді мансұқтаушылардың сыңарезу, біржақты пікірі. Қазақта “жақтырмаған бақсының демі сасық” деген мақалды осы тұста Сегіз серінің әдебиет тарихындағы бүгінгітағдырын сергелдеңге түсірушілерге айтуға тура келіп тұр. Әдебиет тарихынан Сегіз сері Шақшақовты мүлдем аластатқысы келгендер саны аз болса да күйесі мол боп тұр.

Әңгіме Сегізге қатысты болған тұстарда Арқада 1845 жылы Сәтбай Шөтіқұлының үйіндегі қуаныш Имантайдың шілдеханасында қазақтың барлық игі жақсылары мен Сегіз сері де қонақ болса керек. “Ақиқат” журналында әдебиетші ғалым Ш.Сәтбаева “Сегіз Серінің мадақ өлеңдерінің тарихилығы” атты тақырыпта үлкен еңбек жазған. Сегізді тарихтан сызып тастап жүрген азаматтар Сәтбайдың тұқымы, ғұлама ғалым Қаныштың қызы, профессор, қазақ әдебиетінің тарихи мәселелерімен айналысқан Шәмшиябанудыңбұл еңбегін назарларынан тыс қалдырады. Сегіз серінің Имантайдың атын қойыпты дегенге мұрындарын шүйіріп қараушылар енді Қаныштың қызы жазған ақиқатқа қалай қарайтындығын Алла білсін.

“Сегіз сері Шақшақов пен Сәтбай Шөтікұлы (1823-1902) жүзбе-жүз кездесіп, сыйлас-қадірлес болған. Мүмкін Сәтбайдың да әкесі де, атасы да бүкіл ауыл Шақшақовтармен бұрын таныс болуы, өйткені арғы аталары – Толыбайсыншының ұрпақтары қолөнер, аңшылық, құсбегілік-саятшылық, емшілік өнер иелері болған, әрі оларға ақындық батырлық та дарыған деседі” (14, №3). Бұл – Ш.Сәтбаеваның өз ата-баба тарихынан жазған бір үзік сыры. Бұдан әрі әдебиетші ғалым Ш.Сәтбаева Сегіздің өз атасына айтқан арнауөлеңінің түп-төркінін талдап, өлеңдегі аты аталатын қазақтың игі жақсыларының қадір-қасиеттерін тіл құдіретімен суреттеуін саралап береді. Арнау-батаның өн бойындағы сөз болған қазақтың сол уақыт пен ілгерісінде ғұмыр кешкен батыр-бағландарының, би-шешендерінің тарихи тұрғыдағы салмақ дәрежесін Сегіз сері өлеңімен өрілген өрнекті тұстарын талдайды. “Сегіз серінің бұл өлеңінде талай тарих сырлары ашылған. Шығарма ұлы ғалым Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың атасы Сәтбай отбасында шығарылуымен құнды. Бұл арнау өлеңде Сеігіз сері “Сәтбай атаң секілді сабырлы бол”, – депСәтбай атын бірінші рет өлеңге қосуы, ол кезде Сәтбайдың жас та болса бойында байсалдылық, сабырлылық қасиеттері қалыптасқанын айтады. Кейін Сәтбаевтардың бірсыпырасымен аралас-құралас болған белгілі металлург, академик Евней Арыстанұлы Бөкетов “Сөнбес жұлдыздар” мақаласында: “Сәтбай тұқымынатән салқын жігер…” – депті. Бұл еңбектің ғылыми салмақ дәрежесі де дұрыс ниетті зерттеушіге таптырмас құнды екендігін айту орынды секілді. Егер алдағы уақытта Сегіз серінің толық шығармалар жинағы жарық көретін болса, Сәтбайдың отбасында айтылған осы бір ұзақ толғаудың да шығатынына бек сеніп кетіпті әдебиетші ғалым Ш.Сәтбаева.

Қазақтың ғалым қызының Сегіз сері туралы жазған еңбегі тек бір ғана бұл емес. 1999 жылы жарық көрген “Сәулелі әулет” кітабында, 2000 жылы оқырман қолына тиген “Уақыт шуағы” кітабында да Сегіз серінің шығармашылық келбетіне кеңінен тоқталған. Мысалға, Қазақстан Республикасының Ғылым академиясының хабарларында Ш.Сәтбаеваның “Ода сыры” атты мақаласында (15, №4) былай делінген: “Оданың негізі – өмір, ондағы қуаныш, сән-салтанат болғандықтан талай халықтардың көркем сөз саптауларында, ой-түйіндерінде, әдебиетінде осы жанрдың кездесуі заңды дүние. Қазақ поэзиясында мадақтау, дәріптеу жырлары фольклордан жыраулар, ақындар шығармашылықтарынан бастау, негіз алып, XIX ғасырдақалыптасты да, кейінірек біршама дамыды. “Ораз ақынның Балқы Базарды мадақтауы” сияқты өлең- жырлар баршылық десек, қазақ поэзиясында өткен ғасырда оданың дамуына Сегіз сері ақын да едәуір үлесқосты”. Ғалымның осынау ғылыми негізді еңбегі де әдебиетті әр қырынан саралап жүрген жандардың көзіне ілігетін дүние емес пе?

Сегіз серінің ғұмыры мен шығармашылығы жайлы қаншама ғылыми зерттеу мақалалар мен екі кітап шыққан еді. Осы еңбектер негізінде серініңэнциклопедиялық өмірбаяны да жарықкөрді. 1999 жылы “Білік” баспасынан “Қазақ әдебиетінің энңиклопедиясы” Сегіз серінің өмірбаянын былай келтіреді: Мұхаммед-Қанафия Баһрамұлы (1818, қазіргі Солт. Қаз.обл Жамбыл ауд. “Благовещенка” с-зы – 1854, сонда) – ақын, әнші-композитор. Он жасынан бастап әншілік, ақындығымен аты шығады. Ескіше, орысша білім алады. Сегіз Серінің “Топқараған”, “Үкілім”, “Көкем-ай”, “Қаракөз”, “Ғайни қыз”, “Жылы ой”, “Әйкен-ай”, «Гауһартас», “Мақпал”, “Қалқаш”, “Қарғаш”, “Бесқарағер” әндері халық арасына кеңінен тарады. Сегіз сері сонымен қатар “Ғұмыр”, “Әсем арман”, “Туған жер”, “Қыз келбеті”, “Қыз сипаты”, “Қашқын келбеті”, “Дүние-ай”, “Не ғаріп”, “Туысы жақсы қандай-ды”, “Мұхит-Жамал”, “Ғайнижамал”, “Шолпан қыз”, “Сайра да зарла қызыл тіл”, “Көрініс” т.б. өлең-жырлар шығарған. “Ер Сәтпек”, “Ер Жасыбай”, “Айман-Шолпан”, “Қыз Жібек”, “Ер Тарғын”, “Қозы Көрпеш-Баян сұлу” т.б. тарихи лиро-эпостық жырларды айтумен қатар, Шығыс тақырыбында ғашықтық сюжеттерді де өз бетінше жырлаған. Сегіз сері шығарды деген “Тұлпар”, “Қос кыран”, “Алмас қылыш”, “Көк найза”, “Семсер”, “Болат қанжар”, “Садақ”, “Ақ түйе”, “Бозжорға” деген күйлер халық жадында сақталған. Біржан сал, Жаяу Мұса, Кемпірбай сияқты белгілі айтыс ақындары Сегіз серіні ұстаз тұтқан. Нұржан Наушабаев “Ер Сегіз“ атты дастан жазған. Бірқатар шығармалары ҚР ҰҒА-ның қолжазба қорындасақтаулы. Осындай ғылыми негіздегі ақын шығармашылығы мен ғұмырыақиқат болып танылуға, өкінішке орай кейбір жаны ашымас адамдардың кісіліксіз қылығы кедергі болуда.

Қазақ поэзиясының екі мыңжылдық тарихын қамтитын, біздіңзаманымыздан бұрын өмір сүрген Заратуштра, Анахарсис бабаларымыздан бастап бүгінгі жас ақындарға дейінгі қазақ даласының ең талантты тұлғаларының жауһар жырлары қамтылған “Екі мыңжылдық дала жыры атты жинаққа біз сөз етіп отырған Сегіз сері ақынның да өлеңдерібекерден-бекер еніп отырған жоқ! (16, 297). Осы кітаптың “Әнші-ақындар сазы” айдарымен қазақ даласында XIX ғасырдағы салдық-серілік дәстүрінің бірегей өкілі ретінде Сегіз серіге көшті бастатқан құрастырушылар да құрсезімге бағынбаған шығар:

 

“Гауһармын” таразыға салынбаған,

Қылышпын қынабынан алынбаған.

Керейдің Сегіз атты саңлағымын,

Секілді жанған оттай жалындаған.

Көп жігіттің топ бастар серкесімін,

Ортасында биігі – өркешімін.

Сал-серінің жетекші өнерпазы,

Үш жүздің бұл күндегі еркесімін, –

депөз бағасын өзі білген сері ақынның бүгінгі тағдыры неге сергелдеңге түсуі керек еді? Бұл шумақ жоғарыдағы “Қазақ энциклопедиясы” шығарған кітаптан алынып отыр.

Сегіз серіні тарихтан сызып тастаушылар бізге сері ақынның шығармашылығынан дерек беретін қазақтың Сегізден кейінғі әнші-ақындарының қалдырған жыр мұрағаттарына да күдік келтіреді. Қазір, құдайға шүкір, тәуелсіз Қазақстанның қаншама рухани құндылықтары түгенделді, Кешегі Абайдың айналасының өзі қолжазба қорында күні бүгінге дейін архив боп қатталып келіп, енді ғана жарыққа шыға бастады. Қарағандыуниверситеті қолға алып Нармамбеттің жеке шығармашылығын жинақ етті. Қостанайдан Нұржан Наушабаевтың жеке жинағы “Алаш” боп елінің қолына тиді. Семей елінен Жанатайдың Кекбайының өлең мұрасы құнтталып халық кәдесіне жарап жатыр. Айта беруге мысалымыз жеткілікті. Осының бәрі архивке өткізген құймақұлақ шалдарымыздың жазбаларынан алынып, сараланып, саптыаяққа құйған астай ел игілігіне айналған жоқ па? Арқадағы Сегіздің сән-салтанатты ғұмыры кейінгі өнерпаздардың үлгілі соқпағы екендігін ақындарымыз өздері жырлап жеткізген.Н.Наушабаевтың “Алаш”жинағындағы “Сегіз сері” дастаны соның дәлелі. (17, 108). Ф.ғ.к. М.Жармұхамедов 1984 жылы осы Н.Наушабаевтың “Сегіз сері” дастанын жариялап, талдай отыра былай деген: “Осы тұста мына мәселеге көңіл аударған жөн. Нұржан ақын осы дастанында “Айман-Шолпан”, “Қобыланды”, “Қыз Жібек”, “Қамбар” сияқты жырларды Сегіз “шығарды” деген сыңай білдіреді. Шындығында, Сегіз бұл жырларды “шығарды” ма, оны зерттеп, ақиқатына жету – болашақтыңісі. Сонымен, ойымызды қорыта айтсақ, Н.Наушабаевтың осы аталған “Сегіз сері” дастаны – фольклормен әдебиеттануда кейбір мәселелерді қайта қарауға мұрындық болатындай бағалы шығарма”. (18, №13). Қазақтың “бір жоқты бір жоқ табадысы” тағы рас. Осы Н.Наушабаевтың шығармашылығы жөнінде кандидаттық диссертация қорғалған. Онда Сегіз ақын да әңгіме арқауына ілінеді. К.Жанатайұлының ақындығынан ғылыми еңбек жазып, ақынныңшығармаларын жүйелеп, құрастырып халыққа ұсынған ф.ғ.к. Жандос Мағазбекұлы Әубәкір дейтін азамат.

Осы кітаптан орын алған Көкбайдаң “Жүсіпбек Шайқыисламұлына” (19,29) атты өлеңінен Сегіз серіге қатысты ақиқаттың бір ұшығын аңғартады.Жүсіпбектің қазақ ауыз әдебиетін жиып, бастырушысы болғандығын әдебиетші қауым жақсы білсе керек. Өлеңде:

 

…Қожа, сен қулығыңды асырыпсың,

Қазанда бұл қиссаны бастырыпсың.

Өзіңе өз қылмысың майдай жағып,

Бойыңнан ар-иманды қашырыпсың.

…Бұл қисса Орта жүздің Керейінен,

Қазақтың Сегіз сері мерейінен.

Шығарған осы жырды кім екенін,

Білмесең елге айтып берейін мен.

Наурызбай – Ханшайымқыз елдің ері,

Шығарған дастан етіп Сегіз сері.

Сегіздің көп қиссаны шығарғанын,

Әлі де ұмытқан жоқ қазақ елі, —

дей келе Жүсіпбектің әрекеттерін әшкере етеді. Рас, Сегіз серінің шығармашылық тағдыры сөз болғанда сонау Қазан қаласында баспа ісімен айналысып, қисса-дастан, жырларды жиып, өз атынан бастырған Ж.Шайхыисламұлыныңосынау оспадар қылығына кейінгі ақындардың наразы жырларына кез боламыз:

…Әбілхайыр хан әулеті ұлық болған,

Кәсібі кей төрелер қулық болған.

Ер Сегіз бен Науанды жек көрген соң,

Қысқартып бұл дастанды бұзып қойған.

Құлатар сені халық жанған отқа-ай.

…Жыраудың сөзі шындық атқан оқтай,

Арнаған осы өлеңді кім десеңіз,

Шәкіртімін Абайдың, атым – Көкбай, – (20, 30)

деп жырлаған ақын жырынан көрер көзге мен мұндалап тұрған ақиқат бар секілді. Көкбайдың осы кітабында “Наурызбай-Фатима” атты ғашықтық дастанында:

…Ел басшысы Тілеуқабақ деген кісі,

Шатақпен әрқашанда болмас ісі.

Өткен жылы үлкен қызы қайтыс болып,

Жалғыз-ақ сол себепті өртенді іші.

деген шумақпен Науан мен қыздың сөз таластыруында бір сыр бар:

Қыз: Ашпадым жездей келмей қабағымды,

Балдыз деп иіскелейтін тамағымды.

Серіні келеді деп мен отырмын,

Етіп жүр кімдер ермек қарағымды?

Балдызбен сөйлеспей ме сырын ашып,

Кететін жөні бар ед амандасып.

Апамның өліп кеткен күйігінен,

Кетті ме батыр жездем Хиуаға асып?

Мына жолдардан байқайтынымыз: Тілеуқабақтың үлкен қызы Патшайымға Сегіз сері ғашық болып сөз салғандығын, серінің оған арнаған тамаша “Патшайым” атты өлеңі барлығын дерек көздері бізге жеткізгенді. “Маңғыстау облысындағы халық қазынасын жинаушы ділмар қартымыз Шоңай Алшын Меңдалиевтің айтқандары негізінде жазылды” дейтін “Адай” шежіресінде мынадай дерек бар: “Кіші жүздегі ақылды апаларымыздың атынкейінгі ұрпаққа жеткізу жолында айрықша үлес қосқандардың бірі – атақтыСегіз сері… Патша өкімдерінің қудалауында жүрген Сегіз сері бір ауылда екі-үш күннен артық тұра алмайды. Кіші жүз өлкесін аралапжүргенде ол Табын тайпасындағы Тілеуқабақ байдың еліне келеді. Тілеуқабақтың Әли, Мұса деген ержүрек екі ұлы, Патшайым, Ханшайым атты екі сұлу қызы бар екен. Ханшайым кәдімгі Наурызбай Қасымұлынаүйленген қыз. Сегіздің ерлігіне, өнеріне сүйсінген қыз әкесі Патшайымды бермек болады. Бұған көңілі тасыған Сері атақты «Тілеукабақты» шығарады. Осы сапарында “Патшайым”, “Қаракөз” әндерін шығарады. “Қыз Жібек” операсында да, фильмінде де Төлегеннің негізгі әні болып жүрген “Ақ сұңқарым, Жібегім” дейтін әндердің шын қайырмасы:

Аққу құсым, Жібегім,

Жалғыз сенде тілегім.

Соңғы кезде қашқын боп,

Шерліболды-ау жүрегім.

Оу, Сүмбіл шаш, сенсің уайым,

Сәулетайым, түскенде сен есіме не қылайын? – деп бітеді…

 

Бұл ән біздің Кіші жүз өңіріндегі ақылды апаларымызға арналган. Әркімге бір телімей бұл әнді өз иесіне қайыруымыз керек” (21, 136). Осы дерек пен Көкбайдың жыры дәлме-дәл келіп тұрған жоқ па? Көкбайдың жыры былай аяқталады:

Менсұлу екі асылдан қалған екен,

Күнімжан бауырына салған екен.

Сол қызды бойжеткен сон қалың беріп.

Сегіздің Мұстафасы алған екен…

…Қазақтың Сегіз сері данасы да,

Жырлапты мұны өзі, баласы да.

Жырладым сол ерлерден басқаша етіп,

Ел-жұрттыңқалмау үшін жаласына.

Сабалақдеген атпен даңқын жайдым,

Әулетін өлең қылдым Абылайдың.

Шәкірті Абай аға, атым Көкбай,

Еркесі ем Тобықтыда Жанатайдың,(22, 115).

Ал енді осындай қисынды дәлел, дерегі мол Көкбайдың бұл айтқандарын біздің Сегізден “секемденушілер” қайда қояр екен? Белгілі ауыз әдебиетінін білгірі, Абайтанудың алғыры Сейітқали Қарамендин құрастырған Көкбай ақын, “Абылай” жинағында да бұл жырдың толық осы нұсқасы берілген. Кітапсоңында құрастырушы былай дейді: “Мен 1950 жылдары Қазақ ССР Наркомзем және Мемлекеттік Бақылау комиссариатында қызмет істеп, командировкаға барғанымда Қызылжар қаласында төре қыздарын көзімен көрген, Мұстафа батырдың туған інісі Мұсайын ақынның баласы – Нұрмұхаммед(1873 жылы туған) ақсақалмен жолықтым. Ол кісі: “Наурызбай – Ханшайым” жырының үш түрі бар” деп айтты: 1 – Сегізсерінікі; 2 – Сегізсері баласы Мұсайындікі; 3 – Көкбай ақындікі. Үшеуін де Нұрмұхаммед ақсақал толық біледі екен.(23, 101).

Бұл да шындықты шырақ алып іздеуші жан болса айдай ақиқат.

Сегіз серіге арналған толғаудың бірі “Ер Сегіз” атты Жаяу МұсаБайжанұлынікі. Осы туралы С.Қарамендин кезекті бір зерттеу мақаласында былай жазады: “Мұса тоғыз жасқа келгенде, оны қызылжарлық (петропавловскілік) Көшебе Керей Итемір Барлыбайұлы мырзаның саудасын жүргізіп жүрген, немере ағасы Шымыр Тайжанұлы алып кетіп,Қызылжардағы медресеге оқуға береді. Мұса ол медреседе атақты Сегіз сері ақынның ағасы имам Көрпеш жырау Баһрамұлынан екі жыл дәріс алып, араб, парсы, шағатай тілдерін және орыс балаларымен бірге жүріп орысша тіл үйренеді. Қызылжар базарында Сегіз сері тобының өнерін көріп, тамашалаған жас бала Мұса солардай сал-сері, өнерпаз болуды армандайды” деп бір түйеді. Ақыры арманына жеткен МұсаСегізге шәкірт болған деседі. 1854 ж., яғни барыс жылы тамыз айының аяғында белгілі өнерпаз Сегіз сері ауырып, өз жайлауы – қазіргіСолтүстік Қазақстан облысы Тимирязев ауданындағы Докучаев атындағы Дос бөлімшесі орналасқан жердегі, Дос көлінің жағасында қайтыс болғанда, ұстазы Шақшақов ақынға арнап оның қырық бес шәкірті жоқтау өлең шығарған. Сол өлеңдердің бірінің авторы – Жаяу Мұса. Осы реттегі Жаяу Мұсаның “Ер Сегіз” дастаны бізге толығымен жетпегендігін айтқан С.Қарамендин, үзінділерді ел аузынан жинап алып, қолжазбаға тапсырғандығын, өзі де бір мақала арнаған: “Биыл атақты әнші-ақын, композитор Жаяу Мұсаның туғанына 155 жыл толды. Сондықтан Байжанұлының “Ер Сегіз” атты әнмен айтылатын өлеңін оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік” деп сол дастанды баспаға ұсынғанекен.

Жігіттер, өнер қусаң Сегізгеұқса,

Шәкірті ем Сегіз сері атым Мұса.

Қазақтың ел қорғаны мақтаныш қой,

Үш жүзде Ер Сегіздей көп ұл туса, –

 

бұл “Ер Сегіз” дастанының басталуы (24, 1991).

Бұл деректерге біздің басқадай алып-қосарымыз жоқ. Қайта Сегіздің жинағын әзірлеу тұсында кітапқа кірғізіп қойғанмын. Біздің біршама қарастырғанымыз Сегізге қатысты ақын-жыршылардың өлеңдері болды. Енді тарихшы, шежіреші ғалымдар еңбегіне аздап тоқталсақ. Тарих ғылымының докторы, профессор, қазақтың этникалық, жүздік, рулық шежіресімен айналысқан Марат Мұқановтың еңбегінде Сегіз серінің өмір дерегі анық беріледі. Біздің Сегіздің жалпы өмірін де мансұқтаушы ағайындарымыз мұндай тегеурінді еңбекті қарауға қорқыныштары басым болса керек. Сөзіміз дәлелді болсын, тарихшыға сөз берейік“…К XIX веку шежире Кереев дошло в единственной рукописи. В первой четверти XIX в. ее дополнили образованные люди из Кереев, такие, как Табей сын Барлыбая (1783-1863),Шонке сын Маманая, Сексен сын Шакшака, Есиней сын Естемиса (1787-1870), записав родословные из уст Итеке батыра, Тленши батыра, Шакшак бия, Токсан бия, Киикбай бия и дополнив своими сведениями.

Особое место среди летописцев принадлежит Сегиз сери (1818-1854), человеку образованному, интересной и нелегкой судьбы. Сегиз был шестым сыном Бахрама и внуком известного в степи своим красноречием,справедливостыо и неподкупностью Шакшак бия. Сегиз родился в 1818 году на берегу озера Букпаколь (современные ориентиры – Пресновскийрайон Северо-Казахстанской области).

Несмотря на раннюю смерть отца, Сегиз с помощью родственников окончил аульскую школу, медресе в Кызылжаре – кчетырнадцати своим годам. Затем он обучался по-русски в кодетском корпусе в г.Екатеринбурге, закончил его в 1835 г. и получил квалификацию переводчика (тілмаш). Одаако он не стал чиновником, а, пробыв неделю в ауле, уехал на Сырдарью в кочевья родов Берш, Байбахты и Жагалбайлы Младшего жуза.

В августе 1985 г. на одном тое Сегиз сери выступил борцом от имени Среднего и Младшего жуза в состязании с палуаном из племени конрат, выставленного Кокандским ханом. Сегиз сери победил, получил богатые призы. На этом празднике он познакомился с Бахтияром, который пригласил победителя себе в аул в местность озера Айманколь. Там он и встретил красавицу Макпал. Молодые полюбили друг друга. Весь приз, полученный за победу, ушел на уплату калыма. Сегиз сери получил согласие Бахтияра на брак с его дочерью. Сегиз сери сочинил в ее честь песню. К сочинениям Сегиз сери принадлежат так же песни “Жылы ой”, «Каргаш», которые были распространены в народе известными акынами, как Нияз сери и Биржан сал”. (25, 14).

Осы келтірілген үзіндіден байқағанымыз тарихшы ғалымныңөзайтарына сенімділігінде тұр. Дерексіз сөйлемес тарихшымыздың Сегізге арнаған жазбасы тіпті қандай шығармаларының тағдыр, талайы болмасын шежіреші қарттарымыз айтатын әңгімелерге дөп келіп тұр. “С. Мұқанов егер Сегіз сері жерлесі болса неге жазбайдының” – астынаалып жүрген байбаламның жолы енді бола қоймас. Марат Сәбит Мұқановтың ұлыболғандығынан ғана емес, айтқаны ақиқатты болар. Ғылыми соқпағы бар, тарлан тарихшы ретінде мойындалған. Сонымен қатар аталған еңбегіндеСегіз серінің шежіресін де таратып береді.

Серікбай Қосанның “Ана тілі” газетіндегі “Әдебиет ардың ісі” атты мақаласында мынадай сөйлем бар: “…Әрине, көзі ашық оқырман, әсіресе, ғалымдар Мемлекеттік Жоғарғы сараптау комиссиясынан өткен, ғылыми кеңестерде қорғалған заңды құқығы бар еңбектерге сене ме, әлде әдебиет ғылымынан аулақта жүрген фольклор жинаушыларына ден қоя ма? Оны өздері білсін. Сондықтан біз де бір білгенімізді жазып байқайық…” (26, №11).

Әрине, ол да өз білгенін жазған. Сонда Серікбай Қосан әдебиеттің, ең алдымең ұлтымыздың көркем тарихы екендігінұмытқаны ма? Алдымен, Сегіз серіні әдебиеттен аластатқысы келетіндер әуелі оны тарихтан да өшіріп алуды ұмытпаса керек! Сегіз серіге архивтік құжат талап етеді. Мәскеудің тарих-архив институтын тәмамдаған, еш уақытга дерексіз ауыз ашпайтынжазушы Амантай Сатаевтың мұрағаттан тапқан деректері мынадай: Қазақстан Республикасының мемлекеттік орталық тарихи архивінің 338 фондысында Сыртқы округтерде қазақтардан сұлтан, старшын және заседательдер сайлау туралы құжатта 1837 жылы 7 қаңтарда “көшебе-керей болысының управителі Табей Барлыбаев, оның орынбасарлары Қырғыз Малдыбаев, Итемер Барлыбаев, Отыншы Жанұзақов”. 13 наурызда “старшина Чакчак Кочуков” сайланғанын көрсетер құжат. Ал, Шақшақтың Сегіз серіні оқытқан атасы екендігін білеміз. Айтарымыз, атасының құжаты шыққан соң баласының жазбасы да бір архивтерден табылар, тек соны жабыла қараламай, ел болып қолға алсақ ол күнге де жетерміз деген ақеділ тілек бізден. Омбыдажарық көрген “Очерки истории казахов Омского Прииртышья” кітабының “Просвещение казахов в XVIII – началеXX вв.” атты тарауы бірден Сегіз серіден басталыпты. 1789 жылы Омбыда тілмаштар даярлау үшін Азия мектебі ашылған. 1790 жылы оқыған 25 шәкірттің жетеуі қазақ болыпты. “Среди окончивших азиатскую школу числился Мухамет Шакшаков (Сегиз сери). В школу он поступил в 1830 году. К моменту ее окончания в 1836 году она была преобразована в особый класс восточных языков училище сибирского казачьего войска.

Историк и поэт в гневных стихах он изображает генерал-губернатора Горчакова разорителем казахского народа, не желая участвовать в корательной экспедиции против восстания Кенесары Касымова, онбежал из Омска в Младший жуз» (27, 27). Авторы Омбыдатұратын, сол елдегі қазақтардың тарих жолын білер азаматтың бұл жазбасын да тәрк етуге кімдер ғана баруы мүмкін?). Сөзді қысқарта айтсақ, Сегіздің сергелдең тағдыры әлі де болса зерттеу нысанамызда. Сөз болып жүрген деректерден жиналғаң, әр алуан кітап, газет-журнал беттерінде ертелі-кеш жарық көрген Сегіз ақынның әдеби мұраларын жинап, саралап, баспаға “Гауһартас” атты жинақ дайындадым.

Қазақтың ел қорғаған батыр, арманы асқақ ақындары мен небір көсем ұландарына қашанда қошеметі әр кезеңнің ақын-жазушыларының шығармашылығынан орын алып жататыны ақиқат нәрсе. Ел санасындағы ердің, азамат ақынның есімі кейінгі ұрпақтарының тіліне тиек, өлең-жырына арқау болғандығы анық. Осы ретте Сегіз сері жөнінде жазушы Б.Тоғысбаев “Сегіз сері” атты тарихи баян жазғаны, зерттеуші әрі драматург жазушы Н.Әбуталиевтің “Сегіз сері” атты пьеса жазғаны, талантты ақың Е.Асқаров“Сегіз сері” атты дастан жазғаны еріккеннің ермегі емес. Тек ұрпақ санасында мәңгі өнерінің елмес елесі боп сақталған бабалар ғана мұндайқұрметке лайық екендігін ескерткім келеді. Сегіздің шығармашылық қыры әлі де болса айшықтала түсетініне мен имандай сенемін.

Дәулеткерей Кәпұлы

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері.

Дарын Мемлекеттік жастар сыйлығының  лауреаты.

Теги:

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*