Мұхаметжан Ғабдулкаримұлы Юсуп Батыс Қытайдағы Тарбағатай аймағының орталығы Шауешек қаласында 1897 жылы (құжатта 1896 жыл деп көрсетілген) ескіше 1-қаңтар, жаңаша 14-қаңтарда дүниеге келген. Әкесі Ғабдулкәрім (лақабы Керімтай) XIX ғасырдың 70-75 жылдарында Бұхарадан Құлжаға барып, одан 90- жылдары Шауешекке келген. Шешесі Зульхижа найманның қаракерей табының тума жұртынан. 1902 жылдан бастап медіресе де, 1907 жылдан бастап Шәуешек қаласындағы орыс мектебіңде оқыған. 1915 жылы фотоға түсіруді үйренген. 1918 жылы көкек айында Шәуешекке барған А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Р.Марсековты және Ә.Найманбаевты суретке түсірген. Жастар арасындағы ойын-сауық ұйымдастыруға белсене қатысқан. 1920-1925 жылдары “Тарбағатай” шеркетінде ұйымдастырушы, 1925-1928 жылдары сауда жөніндегі сенімді өкіл, 1928-1935 ресми фотограф, 1935-1945 жылдары қалалық дәріхананың бастығы болған. 1938-1940 жылдары Үрімжі абақтысында отырған. 1945 жылы Тарбағатай аймақтық денсаулық сақтау мекемесінің бастығы болған. 1951-1952 жылдары қудаланып, 1955 жылы Кеңес одағына қоныс аударды. Бішкек шаһарында 1975 жылы қайтыс болды. Күнделікті баспаға дайындаған қызы — Никар Мұхаметжанқызы Бафина мен жиені Әмина Сейітқызы.
1937 жылы қазан айының аяқ кезінде Шығыс Түркістанның (Шыңжаңның) астанасы Үрімжі қаласында Қожанияз қажы бастаған бір топ адамдар: “Үкіметке опасыздық көрсетіп, импералистік мемлекеттердің пайдасына шпиондық жасағандары үшін”, — айыпталып, Шәуешек халқының жалпы жиыны алдында жария етілді. Осы хабардан кейін бірнеше күн өткен соң Тарбағатай аймағының әкімі (дутыңы) — Жау ди шу қолға алынды. Бірер күннен соң тағы да Шәуешек ауданының әкімі — Мансұр шаңжаң (аудан әкімі), білім беру мекемесінің бастығы —Хәй-и жу, ертеректе ел басқарған Ши Ғалданның үлкен ұлы — Капу жәй абақтыға қамалды.
Үрімжіде — Хұсайын бай Чанышев қолға алынғандықтан да, Чанышевтердің фирмасының Шауешектегі бас кеңсесі мен барлық қамбалары жабылып, есігіне мөр басқан қағаз ілінді. Хұсайын бай (жай көрініс үшін) бостандықта өз жұртында қалды. Осы оқиға елге өте ауыр әсер етті.
1934 — 35 жылдарға дейін Шығыс Түркістанда әр түрлі саяси мекемелер, полиция құрылымы болмағандықтан да, бірер тосын жағдайлар болмаса, мынадай көрнекті адамдарға саяси жақтан күмән тағылып, қолға алынып, ауыр жазаға душар болғанын көрмеген болатын. Көрші мемлекеттегі (Россиядағы) төңкеріс салдарынан онда абақтыға жабылып, әр түрлі жазаланғандардың болғанын естіп-білсе де, бұл жақтағы ел: “Мың жылдап үйренген ескі өмір салты сол қалпында жалғасын табады. XX ғасырда асқан жылдамдықпен ауысып келе жатқан әр қилы жаңалық-өзгерістердің бізге әсері болмайды”, — деп санап, тыныш ұйықтап, жайлы түс көретін еді.
Алайда, осы жылдары орнаған үкіметтің саяси істер басқармасы ( гоминдаң жүйесі) белсенділікпен іске кірісті. Үрімжіде қолға алынғандар негізінен бай адамдар болғандықтан да, мұндағы дәулетті адамдарды да ептеп ойға қалдырды. Әр кім өз басынан қорқа бастады. Аузына не келсе соны іркілмей айта беретіндер, енді айналасына сақтықпен қарап, өзінің бір сенімді адамы болмаса, өз пікірін көрінген жерде айтудан калды.
Полиция мекемесі ұйымдастырған арандатушылар мен тыңшылардың көбейгенін сезіп, халықты үрей биледі.
Шауешекте қолға алынған — Жау ди шу, Мансұр, Хайс жу, Капу жайлардың қол-аяқтарына кісен салып, оларды Үрімжіге әкеткендігі туралы хабар тез тарады. Осыдан кейін ел іші біраз уақыт жым-жырт болды. Аздан кейін: Құлжада көп адамдардың, негізінен ұйғыр байлары мен мекеме бастықтарының абақтыға жабылғандығы, мұнымен бірге – Алтай, Алтышаһар тұрғындары ішінен де қолға алынғандардың бар екендігі туралы хабар тарады
Үрімжіге алып кеткен Тарбағатай аймағының өкімі Жау ди шудың (ол христиан дінінің католик мәзһәбіндегі кісі болатын) орнына Үрімжіден — Жау жән фән деген кісі келді. Бұл өте сыпайы, білгір саясатшы болатын. Келе сала қаладағы белгілі адамдарға барып, олардың хал-ақуалын сұрастырып, көңіл аулап жүрді. Өзінше елді тыныштандырмақ болды. Алайда жергілікті халық алаңдаумен күн өткізді.
Арада біраз уақыт өткенде Мансұр шанжаң атынан оның Шауешектегі інісі — Хажы ахун қажыға жеделхат келді. Онда ағасы Мансұр: өзінің бостандыққа шығып, үкімет қызметінде жүргендігін, кейбір мәселелерді анықтау үшін інісі Хажы ахунға Үрімжіге келіп кетуін өтініпті. Осы мағынада тағы да бірталай адамдарға жеделхат тапсырылды.
Үрімжіден жеке сауда жұмысымен келген Хайдар әфенді Сайрани біздің үйге келді. Бүл азамат 1911 – 1914 жылдары Шауешекте марқұм мұғалім Мұқип ұлпа Хабибуллинге көмекші болып бала оқытқан. Сол кезден бастап бізбен ағайын-туыстай болып кеткен. 1928 — 1929 жылдары болса керек, Хайдар әфенді белгілі көпес Бұрһан әфенді Шаһидидің қарындасына үйленіп, Шауешектегі Хисан, Бауин үшеуі саудамен коммерциямен айналысты. Хайдар әфенді Троицкінің “Расулия” медіресесін бітірген болатын. Хайдар әфендінің түрінен абыржығаны, қайғырғаны білініп тұрды. Ол кісіні де жеделхат арқылы Үрімжіге шақыртыпты. Бірден өзінің жағдайы жөнінде айта бастады: “Бұл шақырудан ешқандай жақсылық күтпеймін, бұл – қулық, басқалар сияқты камаққа алу үшін құрылған тұзақ”, – деп сөзін жалғады. Жағдай өте күрделі. Бұрынғыдай жан сауғалап, бұл жерден басқа жаққа көшудің қисыны тағы жоқ. Қожанияз қажы жөнінде әр түрлі өсек-аяңдар көп. Сайып келгенде, үкімет: өлкедегі мұсылман – түрік нәсілділерді (әсіресе көзі ашық зиялыларды) арадан аластау саясатын ұстанып отыр. Қазіргі өмір көрінісінің өзі менің сөзімнің шыңдығын байқатып отыр”, — деді.
Ел абыржуда. Көпшілік бұрын емін-еркін жүрсе, енді алды-артын жинақтай бастады. Арада төрт айдай уақыт өтті. Әр күні алаңдаумен болдық.
1935 жылы бірінші болып Шауешекте дәріхана аштым. Дәрі-дәрмек, басқа да медицина жабдықтарын алу үшін “Совсинторгпен” болған шартты өз атыма жасаттым. Кейін Құлыншақовтарды серіктес етіп алдым. Мал ішектерін экспорттау шартын да Құлыншақовтармен бірге істедік.
Ескі — 1937 жыл аяқталып, жаңа — 1938 жыл келді. Шартты жаңартып, керекті жаңа дәрілермен қоса басқа да керек дүниелерді сатып алу мақсатында қаңтардың басында Ғани Құлыншақов екеуміз “Совсинторг” мекемесіне бардық. Олар әдеттегідей жылы қарсы алды. Керек дәрілерді алу үшін жаңа шарт жасау керек болды. “Совсинторгтың” директоры маған қарап: бұдан былай шарт тек Құлыншақовтардың атына жасалатындығын, Юсуповтың атына жасалмайтындығын айтты. Себебін сұрағанымда, қанағаттандырарлықтай жауап ала алмадым. Амалсыздан Құлыншақовтардың атына шарт жасап шықтым.
Ақпанның орта шені. Үйде бала-шағамызбен отыр едік, екінші қызым Никара тұрып: “Мен бүгін түс көрдім. Түсімде үйге бірнеше қытай әскері келіп, әкемнің басындағы бас киімін алып, жерге лақтырып тастады”, — дей бергенде, өзіме ұнамаған бұл сөздерді тыңдағым келмей, сөзін бөліп жібердім. 24-25-ақпанда мен де түс көрдім. Түсімде: ескі танысым, алтайлық мұғалім Кәрім Дүйсебай екеуміз абақтыда, яғни, қамауда дастарқандас болып отыр екенбіз. Түсімнен шошып ояндым, садақа берген болдым. Үйдегілерге: Ғани Құлыншақовтан күманданатынымды айттым. Олар: “Түске не кірмейді, алаңдама”, — дегендей пікір айтты.
Ақпанның 26-сынан 27-не (сенбіден жексенбіге) қараған түні: “Совсинторгпен” болған бұрынғы мал ішектері мен дәріхананаң дәрі-дәрмектерінің есептерін, Құлыншақовтармен серіктестіктің есеп-қисабын тексеріп ұзақ отырып қалдым, содан кейін балалардың жанына барып жаттым.
Марқұм апам қайтыс болғаннан кейін (31-желтоқсан) біз Әннәсі (әйелім) екеуміз балалардың жанына жатушы едік. Балаларым (ұлдарым) — Найль, Надир, Насим бар, ал Тойшы төрт айлық болатын. Марқұм апам Зұлхиша балалармен бірге жататын. Біз басқа бөлмеде ұйықтайтынбыз. Қарсы бөлмеде қыздарым Райхана мен Никара бірге жататын.
Көзімнің ілінгені сол еді, Райхана мені оятып, қақпаны біреулер қатты-қатты қағып тұрғанын айтты. Өте кеш болса да электр әлі жанып тұр екен. Қақпаның бейуақыт қағылғаны бізді күдіктендірді, әрине, жақсылық күтпедім. Тез-тез жеңіл киініп, Әннәсі мен Райхана үшеуміз сыртқа шығып, қақпаның жанына келіп: кімдердің, не үшін келгендерін сұрадық. Қақпаның ар жағында бірталай адамның қимыл-әрекеті, сөздері естілді. Сол кезде ар жақтан өзбектің шаңзұңы (ақсақал сияқты мансап) Әминтай Измайылбаевтың дауысы естілді. Ол: “Мұқа! Қорықпа! Біз жай бір іспен келіп тұрмыз. Қақпаны ашыңыз, кіріп сөйлесейік”, — деді. Мәселе түсінікті болды. Түн ортасы ауған кезде жай жұмыспен жүрмес болар. Әлбетте, мені қолға алуға келді…
Қақпаны аштық. Құрал асынған полиция әскерімен қоса басқа да көп адамдар (негізінен қытайлар) баса-көктеп кіріп келді. Келгендердің арасында қалалық гәнәнжұй — полиция бастығы — Ло и ту, мұсылмандардан жалғыз Әминтай шаңзұң бар еді. Әминтай: “Кәне Мұқа, жақын бөлмеге бастап жүр”,— деді. Біздің шағын жатын бөлмеміз (бұрын апамның өз бөлмесі еді) келгендермен лық толды. Сүйікті көз қарашығым — балаларым төсектерінде ештеңе сезбеген күйі тәтті ұйықтап жатыр еді.
Әминтай сөз бастады: “Мұқа! Әкім мырзаның сізде бір өте маңызды жұмысы бар екен. Соған сізді шақырып келдік”,— деді.
Мен: “Шаңжұң! Мұндай уақытта қалжың сөзге орын жоқ. Әкім мырзаның түн ортасында менде қандай жұмысы болсын. Баланы алдағандай қалжың сөзді доғарып, шындыққа көшейік. Әлбетте, мені қолға алуға келдіңіздер. Барлық қимыл әрекеттеріңіз соны дәлелдейді. Менен қарсылық жоқ” — дедім.”Ондай болса қалың киініп, төсек-орныңды және біраз ақша ал”,— деді Әминтай.
Мен тез-тез киіне бастадым. Қасымда қорыққан, сасқан, қайғырған, өзін жоғалта жаздап Әннәсі мен Райхана тұр. Қызметшілер қораның басқа жағында, өз бөлмелерінде ұйқыда жатыр. Киініп жатып, костюмымның қалтасындағы естелік дәптерімді Райханаға тапсырып беру үшін Лу и пудан рұқсат сұрадым. Лу и пу дәптерді алып, өз қалтасына салып қойды. Райхана жалынып сұраса да дәптерді бермеді. Мен киініп, бөлмеде ұйықтап жатқан сүйікті балаларымды құшақтап бәрін сүйіп шықтым. Осы кезде Найль оянып кетіп, айналасындағы адамдарға қарап: бұлар кім, неге келген? — деп сұрады. Мен: “Менде жұмыстары бар екен. Алаң болмай ұйықтай бер, жаным”, — дедім.
Әннәсімен қоштастық. Ол өте қайғырып, азаптанып тұр.
Райханамен қоштасқанда, ол мойныма асылып, дауыстап жылай бастады. Мен оған қарап: “Райхана! Сен былай жылап өзіңді жоғалтпа. Қайратқа бас. Әмина апайың (Райхана апай әжемнің қызымын деп, әкесін — абзи, шешесін — апай дейтін — Н.Б.) сені бұл халде көрсе оның жағдайы не болады. Әмина апайыңа көмекші бол. Балаларға көмектесіп, бас бол. Сен үлкенсің ғой. Алла аман сақтап қайтып келсем, балалардың жүріс-тұрысын, тәрбиелерін сенен талап етемін. Інші алла куә! Үкіметке қарсы істеген қиянатым жоқ, уайымдамаңдар”, — дедім. Менің сөздерімнен кейін Райхана біраз өзіне келді және: қарсы бөлмеде ұйықтап жатқан Никаріңізді де сүйіп шығыңыз, — деп өтінді. Мен Никардың маңдайынан өбіп (сүйіп) шықтым да әскерлерге: “Мен әбден дайынмын”, – дедім. Көрпе-төсектерімді алып шығып, қақпаның алдында тұрған жүк машинаға отырдық. Жанымда 4-5 мылтықты әскер бар, жүргізушінің жанына бастықтар жайғасты. Тура жаңа жамбылға (полиция мекемесі) тарттық. Кіріп келгенімізде сол мекемеде істейтін Ілияс деген татар алдымыздан шықты. Ол — бүтін қалталарымды тінтіп, қалам, қарындаш, бәкі, бумажниктерімді алып қалды да, бір әскерге: бәлендей нөмерлі камераға алып бар — деп бұйрық берді. Ілиястің қылықтары өте өрескел, тұрпайы еді. Мені тіпті қол-аяғыма кісен салып, байлап тастар ма екен деп те үрейлендім. Ондай іс болмады. Сонда да: А, құдай, енді қайда, қандай камераға апарып қамап қояр екен, — деп мазаландым.
Барған камерамның есігі ашылғанда көргенім: кішкентай бөлмеде сығырайған электр лампасы жанып тұр екен. Үш қабат сәкінің ең үстінде малдастарын құрып отырған ташкенттік Ғұлам қари Тиллашайхов пен қашқарлық саудагер Қадірқажы Тұрдиевті көрдім. Олар менің төрге шығуымды өтінді. Олар өздерінше мені жұбатты. Бір-біріміздің жағдайымызды ұғысып, қолға алғандағы көріністер жөнінде әңгімелестік. Мен өмірімде абақты дегенді естігенім болмаса, онда отырып көрмегенмін. Қорыққандықтан жүйкелерім құрысып, кіші дәрет қыса бастады. Кіші дәретті сол камераның бір шетінде тұрған керосин құятын бидонға сындырады екен.
Мен барғаннан 10-15 минуттан соң хотандық Фазыл ахун бай, бір аздан кейін Миряхия әкә Мирзашатбаев, Александр Кашкаров, сағатшы Уалихажы Юсупов, мұғалім Хисам Бауин, Германиядан келіп сауда істерін жүргізген “Фауст” фирмасының қызметкері Шаляпин, Акрам хазірет Мұнасипов т.б. келе бастады. Біздің жатқан камерамыздың дуалында тесік бар екен. Сол арқылы екі жақтағы камерадағылармен сөйлесіп қоямыз. Бір жақта —Мирхамит Мирзаитбаев, Уахап Сағитов, Ғабдырахман Тұрдыбаев, Хафиз ахун Шитан, Мақсұт қажы, өкпе ауруына шалдыққан Мұқамет қари, Рақымжам Сасықбаев, Әлімғазы болыс және басқалар бар екен. Екінші жақта — осыдан үш жыл бұрын Шауешектен Алтайға Шәріпханның шақыруымен кеткен семейлік мұғалім Кәрім Дүйсебаев бар екен. Ол бұдан көп бұрын Алтайда қолға алынып, жақын арада ғана Шауешекке әкелініпті.
Бізбен бірге қолға алынғандар: 1. Әкірем хазірет Мұнасепов; 2. Ғұлам қари Тиллашайхов; 3. Миряхия Мирзаһитбаев; 4. Хотандық Фазыл Ахун бай; 5. Хасанбай Шанышев; 6. Уалихали Юсупов (сағатшы); 7. Мұғалым Хисам Баулин; 8.Рақымжан Сасықбаев; 9. Әлімғазы Бафин; 10. Мұхаметжан Юсупов; 11. Мирхамит Мирзаитбаев; 12. Ғабдырахман Тұрдыбаев; 13. Қадыр қажы Тұрдыбаев; 14. Мырзахмет; 15. Ғафиз ахун Шитан; 16. Уаһап Мырсағитов; 17.Ғабдулхақ Бектемиров; 18.Мұхаммадкари (Мақсұтхажылар); 19. Шаляпин; 20. Александр Кашкаров; 21. Шәуешек коммерция банкісінің бастығы (қытай, хотандық) 22. Жау ди шан (бұрынырақ қолға алынған, Тарбағатай аймағының әкімі Жау ди шудың інісі, католик).
Жоғарыдағылардан басқа Кеңес одағынан Шауешекке 4- 5 ай бұрын келгендерден: Ғұмар ахун және Тұрды Алимов (үйғырлар). Ташкенттегі Шыңжаң өлкелік үкімет елшілігіндегі елші найб, ақ сулық Нияз Даутай —Ташкенттен келе жатып шекараға келгенде қолға алынып, біз жатқан абақтыдағы Кәрім мұғалым жатқан камераға кіргізіліпті. Алтайдан қолға алынған Кәрім Дүйсебаев мұғалым және бірталайдан бері абақтыда жатқан зайсандық Ибырайым Сайфуллин. Барлығы – 27 кісі.
Бәріміздің де сасқандығымыз байқалады. Көңіл-күйіміз өте нашар. Камерамыздың екі жағындағы тесіктер арқылы сөйлесеміз. Осылай бір мезгілде көп адамның қолға алынуын түсіне алмаймыз. Таң қаламыз. Көпшілікпен бірге болғандықтан да, өзімізді азды-көпті жеңіл сезінеміз. Бір-бірімізді үміттендіріп, жұбатамыз. Қаланың осылайша мәртебелі адамдарын қолға алып, абақтыға жауып, барлық жұртты қыра ма? Үкіметке де жұмыс істеп, байлықты көбейтетін адамдар тегінде керек болар — дегендей әртүрлі оймен өзімізді жұбатамыз.
Қайғырып, азаптанып тыныш ұйықтай да алмадық. Әйтеуір көздің шырымын алдық. Таңды атырдық.
Таңертең әр камерадағыларды бөлек-бөлек дәретханаға шығарды. Күн суық. Алды-артымызда, үйдің үстінде мылтықтарын бізге қаратып ұстаған әскер. Қорқа-қорқа дәретке отырдық. Құдықтың зәрлі суық суымен бетімізді жуған болдық. Қайта камераға кіргізіп, бекітіп қойды. Сыртқа шығып келгеніміз үрейімізді үстемелей түсті. Осыншама құралды әскердің бізді күзеткенінде қандай мағына жатқанын білмей дал болдық. Ғажап! Біз сонша үрей тудырарлықтай кімбіз?
Біраздан кейін әрқайсымыздың жан ұямыздан тамақ, шай келе бастады. Біздің үйден — қою сүтті шай, тоқаш, шекер, сары май, тосап келді. Тамақ ішуге тәбетіміз жоқ. Күштеп бір-екі кесе шай іштік, тамақтан дәм таттық.
Бесінде тамақ келді. Жағдай жоғарыда айтқандай. Бір-екі қасықтан артық жеуге көңіл тартпады.
Осындай жағдайда 2-3 күн өтті. 2-наурыздың кешінде Хасанбай Шанышевті әкеліп Кәрім Дүйсебаев жатқан камераға кіргізді. Әкірәм хазірет тесік арқылы сөйлесті. Біраздан кейін Ташкенттегі Шыңжаң елшілігінде көмекші елші жұмысын атқарған Нияз Даутаевті алып келді. Ол да Хасанбай жатқан камераға кіргізілді.
Бірер сағаттан кейін сақшы қызметкерлерінің бірі (қытай) камераға кіріп, әрбір мәхбуске (абақтыда жатқан адам) дәптердің жарты бетіндей қағаз бен қарындаш беріп: “Үйлеріңізге тілек өтініштеріңізді жазыңыздар. Керектеріңізді алдырыңыздар. Ертең 3-наурызда таңертең Үрімжіге кетесіздер”, — деді. Асығыста ойға келген қоштасу хатын жаздық. 3-4 сағаттан кейін көпшіліктің үйінен жолға азық-түлік, киім-кешек келе бастады. Біздің үй — майлы бауырсақ, қазы, құрт жіберіпті. Бірталай адамдардың үйінен ақша да келді. А дегенде біз онша сенбеген едік: жай көңіл жұбатқандары шығар, — деп шештік. Бірақ жазған хатымызға жауап ретінде келген дүниелер бізді біраз тыныштандырды.
Сол арада камераға — Миряхия ағайдың тәрбиесінде болып, оқытып жеткізген, 1935 жылы Ташкентке жіберіп, мекемелерді басқару жұмысы курсында оқып қайтқан Нурмәди кіріп келді. Көпшілікке қарап: “Ағалар, аталар, әсіресе Яхия ағай! Тынышталыңыздар, мына көңілсіз оқиға, қамаққа алыну — үкіметтің уақытша бір саясаты ғана. Үрімжіге барып, біраз уақыттан соң қайтасыздар. Қайталап айтам, ренжімеңіздер. Орынсыз әртүрлі ойға берілмеңіздер. Аман барып, қуанышта сәлемет қайтыңыздар”, — деп шығып кетті. Біз таң қалдық.
Сақшы мекемесінің біздерге істеген тұрпайы қарым-қатынасы мен жанұямызбен кездесуге рұқсат бермегенін ойлап, Нұрмәдидің сол жендеттердің ортасынан өтіп, көңілімізді көтерерліктей сөздер айтқанына өзімізше әртүрлі мағына бердік. Қалайда, Нұрмәдидің бұл сөздері бізге тұмандау болсада біраз үміт тудырып, жұбаныш болды.
Сонда Ғұлам қари Миряхия ағайға қарап: “Молла Миряхия, Нұрмәди сіздердің тәрбиелеріңізді көріп, адам болды. Бала-шағадан айырылған мынадай ауыр сағаттарымызда, біздің от басымыздан, туған-туысқандардан, жақын ағайындардан, достардан бір адам мына тозаққа өтіп келе алмағанда, оның бір-екі минутқа болса да кіріп, жағдайымызды біліп үміттендіруі, мейлі оның айтқаны келер, я келмес, бірақ келгені — жеген тұзын ақтағаны”, — деп қойды. Яхия ағайға мына сөздер қатты эсер етті. Көздеріне жас алды.
Ел-жұрттан, сүйікті от басымыздан айырылдық. Алдымызда бізді қандай зауал күтіп тұрғанын бір құдай тана біледі. Түні бойы әр түрлі ой мазалап, ұйықтай алмадым.
Таңсәріден заттарымызды жинастырып, далаға шығуға бұйырды. Асып-сасып сыртқа шықтық. Аулада үш тонналық екі жүк машинасы тұр. Айналасы, төбесі ақдабымен (мата) жабылған. Арты ашық. Тез-тез машинаға шығып отыруға бұйырды.
Мен отырған машинада — Әкірәм хазірет, Миряхия атай, Ғұлам қари, ақсулық Нияз Даутай, Ғұмар ахун, Жау ди шан және бірнеше тұтқындар жайғасты. Машинаның арт жағына екі сақшы (ұлты— солаң) шығып отырды. Екі машина толған тұтқындар, барлық тағдырымызды бір аллаға тапсырған күйде, Үрімжіге қарай бет алдық.
Жолда машиналарымыз Дөрбілжіңнен өтіп, Еміл өзенінің жағасына тоқтады. Дөрбілжіңнен тағы бір машина қосылды. Ішінде — Шейх дамолла, Ғұмәр ахун және бірталай тұтқындар бар. Енді үш машина болып жолымызды жалғастырдық.
Дөрбілжіңнен 15-20 шақырым шығып, “Көрти” қараулына келіп машиналар асхананың алдына тоқтады. Сақшылар тамақ ішуте асханаға кетті. Машиналарды қарауылдап бірнеше әскер қалды. Асхананың айналасында ақ матамен жабылған үш машинаны көріп қызықтаған жұрт жиналып қалды. Осы кезде Ғұләм қари машинаның арт жағына келіп отырып, екі аяғын кезек-кезек көтеріп (аяғына мәсі кигендей) әрекеттер істеді және бізді де сондай әрекеттер жасауға шақырды. Біздер оның себебін сұрағанымызда: “Ана тамашалап тұрғандар, өздерінің көргендерін телефон — телеграфтың жылдамдығымен бірдей өзге елге жеткізеді, олар Шауешекке, ел-жұртқа, ағайынға, әсіресе, өзіміздің от басымызға жеткізеді. Сонда біздің қолымызды байламағанын, аяғымызда кісен жоқтығы мәлім болады”, — деді.
Жолда қар қалың болғандықтан, машиналар жылдам жүре алмады, бірнеше жерде түсіп түзге отырдық. Кешке Маупаңға (Толы) келіп, сондағы дендегі (бекет) бір үлкен бөлмеге үш машинадағы адамдарды бір-ақ орналастырды. 4-5 күннен бері бір-бірімізді жақыннан көріп жүргендіктен — жақындасып, хал-жағдайымызды білістік.
Кешке Шихудан екі бекет бері Шипейзыға келдік. Мұнда да бәрімізді бір бөлмеге орналастырды. Сол үйдің жанындағы асханадан тамаққа тапсырыс беріп, алып жеуге рұқсат етілді. Бәріміздің бір жерде болғанымызды пайдаланып ұзақ әңгімелестік.
5-наурызда таңертең Шихуға жақындағанда машина бұзылып, жүргізуші жөндей бастады. Осы уақытқа дейін машинаны жүргізуші кім екенін білмеп едік, машинаны айналып жүрген Мирюсуп Мирзаһитбаевтың машинасын айдайтын Ахад екенін білдік. Ахад машинаны жөндеп, бізге жақындаған кезде Ғұлам қари ағай естірліктей етіп: “Ахад бауырым, қожайының Мирюсупке Үрімжіге барғанда біздің абақтыға алынғанымыз жөнінде хабарлап қой. Біздің ақуалымыздан хабар алып тұрсын”, — деді. Ахад: “Қожайын абақтыда”, — деп ақырын жауап берді.1936 жылдың аяғынан бастап 1938 жылдың басына дейін Мирюсуп және һашым шаңзун Измайыловтар транспорт серіктестігін құрып, Шауешек, Үрімжі, Құлжа, Іле арасында көлік жүргізіп тұрған. Транспорт істерін басқару бас кеңсесі Үрімжіде болатын.
Осы хабарды естуіміз, бөрімізді алаңдатып, ауыр әсер қалдырды. Әсіресе Миряхия ағай: “Барлық ауыртпашылық біздерге Мирзайтбаевтарға келген екен”, — деп жылап алды.
Ауа ашық, айналамыз қар, күн суық. Шихудан кейін Үрімжі — Құлжа арасындағы тас жолмен кетіп барамыз. Манас қаласына жақындағанда жолда үш-үш қатардан (мүмкін торт шығар, менің есімде солай қалған) тізіліп бара жатқан жүзден артық атқа мінген әскерлерді көрдік. Мінген аттары семіз, әскерлердің үстінде теріден тігілген шолақ тон, құрал-саймандары жетерлік. Алдарында командирлері бар. Олар Кеңес одағының әскерлері еді. Шығысқа қарап Үрімжіге кетіп барады. Ғұлам ағай мына әскерлерді көре сала: “Ағайындар! Біздің келешегіміз қуанарлықтай емес екен. Мына жерге шет елдің әскерінің бара жатқаны тегін емес, мемлекетте кездейсоқ бір жағдай болған, соған байланысты бізді абақтыға қамаған, бүл — қалайда жақсылықтың нышаны жоқтығын білдіреді”,— деп қалды. Не болса да аллаға тапсырдық.
Кешкі сағат 9-10 шамасында Үрімжіге барып кірдік. Машина бір жерге келіп тоқтады. Әрбір машинадағы ақындарды бөлек-бөлек түсіріп, ішке алып кетті. Бізді — Әкірәм хазірет, Ғұлам қари, Миряхия, Нияз дутың, Қадырхажы, Ғұмар ахун, Ыбырайм Сейфуллин, Жауди шанды — бір камераға кіргізді. Бөлме недәуір таза, жарық еді. Біраздан кейін камераға орта жастағы, толық, кеуделі ұйғыр кіріп келді. Түрі зиялылардан көрінеді. Отырып хал-ақуал сұрасқан болды. Сөз арасында: бір уақытта көп адам абақтыға алынғандықтан да орын жетпей, осы орынды әзірлеген болдық, — деген болды. Біраз үнсіздіктен кейін әр қайсымыздың аты жөнімізді сұрастыра бастады. Кезек Ғұлам қариға келгенде, Қари: “Атым — Ғұүлам қари, фамилиям Қариев” деді. (Ғұлам қари Шауешекке 1926 жылы келіп, бұрынғы фамилиясы Тиллашайховты қалдырып, Қариев деп қана жүрген). Сұрақ берген адам Қариға біраз тесіліп қарап тұрды да, мазақтағандай: “Ғұлам қари Тиллашайхов дей бермейсіз бе. Тоси допысын (тақия) киіп алып, фамилияңызды өзгерткенде, мұнда сізді білмейді деп ойладыңыз ба?” — деді. Ғұлам қаридың өңі өзгеріп кетті. Азырақ отырып тергеуші (біз оны солай атадық) кеткеннен кейін Қари ағай: “Іс біткен екен. Біз мұнда келмей тұрып өмірбаянымыз, ғамал дәптеріміз (ғамал дәптер — періштелердің кісінің жақсы, жаман істерін жазатын дәптері — Н.Б.) мұнда дайын болған-ау. Шыңжаңның астанасы Үрімжіге келгенімізде, әрине, жақсы тексеріп, шындықты анықтап, көпшілігімізді босатқан шығар деген үмітте едік. Өйткені біздің жергілікті үкіметке ешқандай қарсы қимыл-қылмысымыз жоқ қой. Енді үлкен қармаққа ілінген екенбіз. Құдайға жалбарынып, ақыры қайырлы болсын дегеннен басқа шара жоқ”, — деді. Аздан кейін сұйық, жылы шай әкелді. Өзіміздің әкелген тағамдарымызбен шай іштік. Шай ішіп болған соң, әрқайсымызды жеке-жеке атап, өзімізге тиісті заттарымызды алдыртып, айырым алып кете бастады. Біз енді жолдастарымызбен айрылысудың сағаты жеткен екен деп қоштаса бастадық. Кезек келгенде мені де алып шығып, 10-15 адым жердегі бір камераға кіргізді. Онда өзімізден бұрын шығып кеткен жолдастарымызды көріп көңіл біраз орнықты.
Мұнда 3-4 сақшы жаңа келушілердің қоржынын, ыдыстарын, қалталарын ақтарып, тұтқындарға пайдалануға тиым салынатын күдікті заттарды ала бастады. Бөкі, пышақ, ине, көзілдірік, сағат, қағаз, қарындаш, ұзын орамал, кендір арқанды алды және дамбалдың бауы мен шалбарға тігілген ілгіштерді де кесіп алды. Пияла кесе, шайнектерді де алды. Киім-кешек, көрпе-төсек пен алып келген тамақтарымызды ғана қалдырды. Ақшаларымызды есептеп бөлек жазып алды. Міне, енді бірінші рет Үрімжінің камерасындамыз. Бұл камерада 8-9 адам бар, бәрі де Шауешектен келген тұтқындар. Камера тар, ауасы ауыр. Терезелерге пияла орнына қағаз жапсырылған. Есік үстіндегі 2-3 кесек кішкене әйнекке пияла жапсырылған қағаздар арқылы жарық кіреді.
Жататын орнымыз жерден 1 -2 метрдей биігірек тақтай жайылған сәкі. Үстіне ескі алаша, киіздер төселген. Өзіміздің көрпе-төсектерімізді жайып, сонда жаттық. Камера пешпен жылытылса да салқын. Бірге келген жолдастардан — Әкірәм хазірет Мұнасипов, Ғұлам қари Тиллашайыхов, Миряхия Мирзаһитбаев, Қадырқажы Тұрдиев, Жау ди шан, Ибраһим Сейфуллин, Нияз Даутай, Ғұмәр ахүн және мен.
Таңертең оянғанымызда сырттан кісілердің жүргені, сөйлеген дауыстары естіле бастады. Мен ақырын сәкінің шетіне аяғымды басып, есік үстіндегі пияладан далаға қарадым. Біздің камераның қарсысында 6-7 камераның есікгері көрінді. Оң жақта да 4-5 камера бар. Ортасы кең, төбесі жабылған қора. Бір-екі сақшы келіп, қарсыдағы камераның құлыптарын ашты. Есіктен семейлік Ғабдыл хақ хазірет Ғимадилдинов, Закір Әбдішев (ол — Семейдің белгілі сауда фирмасы “Торговый домның” иесі Ғабдұлжаппаровтардың жиені болып келеді, сол кезде фирманың Үрімжі филиалын басқаратын) және мен танымайтын 4-5 кісі шықты. Он минуттай уақыт өткенде оларды қайта камераға кіргізіп, есіктерін бекітіп қойды. Енді әр жақтан есіктердің салдыр-сұлдыр ашылғаны естілді. Абақтыда жатқандар біздің камераның алдынан өте бастады. О, Алла, солардың ішінде Мирюсуфымыз да бар. Төмен қарап, ойға батып кетіп барады. Біздің есікке жақындай бергенде, мен естілерліктей етіп: “Яхия ағай, Ғұлам қари ағай, Мирхамит қайсы камерада екен?” — деп дауыстадым. Мирюсуф сескеніп басын көтерді, жай басып дәретхана жаққа кетті. Он минут өткен соң Мирюсуф баска жолдастарынан айырылып, біздің камераға жақындай бастады. Бұл жолы Ғұлам қари ағай: “Молла Мұхаметжан! Біздің мұнда екенімізді Мирюсуф біліп қалса жақсы болар еді”, – деді. Ғұлам қари, Миряхия, Мирхамид және менің осы абақтыда екенімізді түсіндірген болдым.
Сыртқа дәретке бару кезегі бізге де келді. Камераның есігін ашып, дәретхана жаққа алып кетті. Дәретхана кір, лас екен. Зәрдей суық су құйылған қолжуғышқа беті-қолымызды жуып, 6-7 минут дегенде камераға келдік. Біраздан кейін шайсымақ ыстық су мен бір данадан тандыр нан берді. Кеселерімізді алып қойғандықтан да, бізге сапал кеселер берді. Шайды сол сапал кесемен іштік. Сағат бірлер шамасында тамақ келді. Сұйық сорпасымақ, ет орнына қой майын еріткен жып-жылы бір нәрсе. Ғұләм қари ағай: “мыңдай тамақты аузыма да алмаймын”, — деп ауыз да тимеді. Қалғанымыз амалсыздан “сорпаға” нан турап ішіп алдық.
Үрімжіге келгенімізге 2-3 күн болды. Әр күні бізді шақырып тергеу жүргізер деп күтудеміз. Әр күні таңертең, кешке дәретханаға апарады.
4-күні болса керек, сақшы әскерлердің бірнешеуі келіп, Үрімжіге келген күні өткізіп берген ақшамыздың есебін анықтап кетті. Бір күннен кейін камерамызға бірнеше сақшылар дорба, жәшіктермен азық-ауқаттар алып келді. Онда қант, темекі, шокалад, жаңғақ, махорка, тіс парашоктері, сабын, тіс щеткасы сияқты заттар бар екен. Мекеме кассасында ақшасы барлар тілегенінше алды. Кебіне махорка, темекі, қант алуға тырысты. Мен де тағамдардан басқа 3 қорап “Казбек” папиросын алып қойдым. Көбінесе үйімізден өзіміз алып келген және осында сатып алған азықтарымызды пайдаланамыз. Үйлерінен тамақ келмеген, ақшалары жоқтармен барымызды қолдан келгенше бөлісіп жейміз.
Камерамыз қараңғы. Түнде тіпті көзге түртсе көргісіз. Күндіз көзі өткірлер ине сабақтай алмастай қараңғы. Ауасы да нашар. Ғұлам қари терезенің үстіңгі жағына жапсырылған қағаздың бір шетін жыртып алды. Камераның ауасы біраз жақсарып қалды.
Ғұмар ахун 1937 жылдың ортасында Тұрды Алимовпен бірге Кеңес одағынан Шауешекке келгенде, Шауешек ұйғырлары арасында өздерін замана барысымен жақсы таныс кісілер ретінде көрсетіп, басқалардан өздерін жоғары ұстап жүруші еді. Бір күні Ғұмәр ахун жүйкесі жұқарып айғайлап, үкіметті coге бастады. Біраздан соң тұрып, есікті қатты соғып, теуіп еді сақшылар жетіп келді. Ғұмар ахун қатты айғайлап: “Біз келгелі қанша күн өтті, тез тергеуші тексерсін. Кінәсіз мынадай қараңғы зынданда жатпаймыз. Тез босатсын”, — деп айғайлады, боқтады. Сақшылар шығып кетіп, есікті бекітіп қойды. Біраз уақыт өткенде 4-5 сақшы келіп, Ғүмар ахунның аяғына кісен салып кетті. Ғүмар ахунның ашу-ызасы арта түсті. Қышқырды, бақырды, боқтады. Бірақ, мұның бақырып-шақырғанына мән беріп жатқан жан болмады. Аяғында айғайлағаннан шаршап, өз орнына келіп жатты.
Бір рет түн ортасында есігіміз салдыр-сұлдыр ашылып, сақшылар біреуді итеріп кіргізіп, есікті кіліттеп кетті. Қараңғыда кімнің келгенін тану мүмкін емес еді. Келген адам дауысын шығарды: “Ағайындар! Сіздер кімсіздер?” — деп сұрады. Мен бұл дауысты таныдым. 1936 жылы мамыр айында Құлжаға барған сапарымда Уаққа хажы Миршановтың үйінде бірге болған Иминахун Хожамяровкд дауысы ұқсайды, Мен: “Сіз Иминахун әка емессіз бе?” — дедім. “Ой, бауырым! Сіз кім боласыз?” — деді. Мен қысқа ғана өзімді таныстырдым және тор жақтан орын алуын өтіндім. Иминахун: “Ой, бауырым, мен өз мінезімнен алланың азабына кезіккен адаммын. Мұсабаевтардың бас өкілі ретінде өзімді бір жанға тең көрмей тәкәппәрләніп жүрген жан едім. Енді соның азабын шегіп жатырмын. Сіз мені төрге шығаруға әуре болмаңыз. Мен сіздердің аяқжақтарыңызға жатып, сіздерге қызмет көрсетейін. Мүмкін бір жаратқан күнәмді кешірер ме екен”, — деп жылағаны естілді.
Иминахун — Құлжаның атақты байлары Мұсабаевтың бас өкілі болып жұмыс істеген, мінезі теріс, тәкәппар адам болатын. Күн артынан күндер өтіп жатты. Тергеу-сұрақтан дерек жоқ. Бәрімізді ауыр ой тырмалап: “Мына жағдайда келешек не болмақ. Бізді осындай ауыр жағдайда қанша уақыт ұстар екен?” — деген ой мазалай береді.
Наурыздың шамамен жиырмасы еді. Түн ортасында есігіміз салдыр — гүлдір ашылды. Сақшы әскерлердің қолында газовый лампа. Бізді тез киініп, жабдықтарымызды дайындауға бұйырды. Біз таң қалдық. Ой, алла! Бізді қандай көңілсіз жағдайлар күтіп тұр екен? Әскерлердің арасынан бір ұйғыр жігіт: “Ағалар! Саспаңыздар, сіздерді жақсырақ, түзуірек бір жайға көшірмекшіміз”, — деп қалды. Осы сөзден соң біраз тыныштанып, азық-түлік, киім-кешегімізді жинастыра бастадық. Камерадағы тұтқындар арасында ең көп заты бар — мен екемін. Қасқыр ішігімді Яхия әкаға кигізіп, біраз дүниелерімді әскерлерге ұстаттым. Далаға шығып, 40-50 адым аттаған соң мен жүгімді көтере алмай жығылып қалдым. Жанымда келе жатқан әскер қолымдағымды алып, қолтықтап алды. 250-300-дей адым жердегі бізге арнаған бөлмеге келдік.
Едені тақтай, ауасы біраз жақсы, бөлме ортасында 7-лампа жанып тұр екен. Шынында да, бұрынғы камераға қарағанда мұнда бірталай жақсы еді. Ғұмар ахун да аяғындағы кісенін салдырлатып орынға жайғасып жатыр. Есік тарс жабылып, құлыппен бекітілді.
Біраз дем алып, әл жинап, жан-жаққа көз салып, бөлмені тексере бастадық. Мен орналасқан жақта бір тесік көрінді. Ақырын барып құлақ салсам, көрші камерадағы кісілердің дауыстары естілді. Тесікке жақын барып қатты жөтелген болдым. Ар жақтан бір адам жөтеліп жауап қайтарды. Мен дыбыстап, онда кімдер бар деп сұрадым. Ол жақтан: “Біз Шауешектен келгендерміз. Мен Уаһап Мұсағиевпін”, — деді. Мен тез ғана өзімді және жанымдағыларды таныстырдым. Көрші камерада Уаһаптан басқа шауешектіктерден Хисам Бауи, Ғабдулхақ Бектемиров, Мирхамит Мирзашбаев, Хафизахун Шаптан, Мырзахмет, Мақсұтхан Мұхамет қари және Шыңжаңдағы ақ гвардияшылардың бастығы, қытай езушілеріне қарсы күрескен Қожанияз бастаған көтерілісші мұсылман-түріктерге қарсы қытай жақ болып соғысқан Антонов та бар екен.
Камераның екінші жағында пешке таяу жерде жарық бар. Сол арқылы екінші жақтағы камерадағылармен де әңгімелесіп тұрамыз. Мұнда дөрбілжіндік Шайхы дамолла, Файзула ахун бай (хотандық), Хасанбай Чанышев, Ғабдурахман Тұрдыбаев, сағатшы Уалихали Юсупов, Тұрды Алимов, Александр Кашкаровтар бар екен. Бір жақта — тышқандар тесіп ашқан тесік, екінші жақтан пештің жарығынан көрші жолдастармен сөйлесеміз.
Әкірәм хазірет, Миряхия ака, Қадырхажы, Имин ака және мен бір дастарханға бөліндік. Қашғандары да екі-үштен бөлінді. Қанша дегенмен де біраз тыныш ұйықтадық. Таңертең күн шыға далаға дәретке шығарды. Мұндағы дәретхана өткендегіге қарағанда біраз кеңірек, айналасына ақ топырақ төгілген. Жуынуға 4-5 жәй қол жуғыштар қойылған. Суық суға жақсы жуынып алдық.
Біз дәретханаға барып келгенше камераның есігі ашық қалдырылып, ауасы тазартылған. Далаға шыққанда байқағанымыз: біз жатқан түрме 6 бөлмелі пәтер екен. Таңертең жылы шәй келді жөне тандыр наннан бір-бірден берді. Қант, конфетпен шәй іштік.
Екі жақтағы тесік арқылы ақырындап Шауешектен келген жолдастармен сөйлестік. Бірінші камерада Әлімғазы Бафин бар. Екінші камерада Мирюсуптың анасының ағасы (атын ұмыттым) бар. 3-4 камерадағылар жоғарыда жазылды.
Бізбен келгендерден — Рахымжан Сасықбаев, Кәрім Дүйсебаев және Шауешек банкісінің бастығы (қытай) жоқ болып шықты. Камералар арқылы қысқа-қысқа жағдайымызды айтып, сөйлесіп тұрамыз. Сол күні камерамызға құмылдық бір қытайды әкелді. Бүл кісі майда саудагер екен. Біз сияқты не үшін қамалғанын, қандай күнөсі барлығын білмейді. Аң-таң. Жау ди шу екеуі бірге тамақтанатын болды. Камерамызда екі қытай бар. Дәрет алуға су жоқ. Ғұзыр (себеп) болғаннан кейін тәй ойым жасап бес уақыт намазымызды оқимыз. Имам — әр кезде Әкірәм хазірет. Намаздан кейін Ғұлам қари ақи құран оқиды. Өзімізше бір талай жұбаныш табамыз.
Екінші күні камерамызға екі ұйғыр жігітін кіргізді. Біреуі Люкшивациннің (—?) кенже ұлы — Ескендір, екіншісі — Қожанияз қажының әскерінің қатарында болған Самсақ деген жігіт. Бұларды басқа түрмеден алып келіпті. Олардан қазіргі Шыңжаң жағдайын сұрадық, таныс-білістер жөнінде мағлұмат алғымыз келеді. Әлгі жігіттердің көріп-білгендері, басқалардан естігендері мынадай: қазір Шыңжаңның түкпір-түкпірінде көзге түсетін адамдардан ешкім қалмапты. Қамаққа алынғандардың дені — жергілікті ұйғыр және қазақ, татар тектес түрік ұлтының адамдары екен. Қытайлардан шағын ғана адам қамалған. Біздің таныс-білістерімізден ешкімді білмейтін болып шықты.
Бір күні камерамызға бір қазақты алып келді. Жасы 50-лер шамасында. Зор кеуделі, келіскен екен. Оны Құмылдың солтүстігіндегі Баркөл жақтан алып кепті. Жанына барып амандастық, өзімізше жұбатқан болдық. Бейшара әбден сасқан. Еркін сахараның еркін ерке баласы мынадай ауасы нашар тар қапасқа қалай, не үшін келгенін түсіне алмай дал. Оның айтуынша: бұдан 10-15 жыл бұрын Алматыдан Баркөл жағасына көшіп келіпті. Ол ез ел-жұртының арасында абыройлы, дәулетті адам болыпты. Кейінгі күндері Баркөлде мәжіліс болады деп шақырыпты. Онда таныс дос болып жүрген сақшы бастығы қазақ мұны абақтыға жауып, айтпағанды айтып, өзін әбден сыбаған. Қол-аяғына кісен салып, азықсыз машинаға салып, Үрімжіге әкелші. Оның баласын да қолға алып, бірге Үрімжіге әкелген көрінеді. Ұлының қайда екендігінен хабары жоқ. Қол-аяғы байлаулы болып, жүк машинаның үстінде арлы-берлі домалап, әбден жапа шеккен. Жанына барып, үйден келген қазы, бауырсақтарды беріп, тамақтандырдық. Қазақ тілін жете білгендерге жолыққанына қуанып, аллаға шүкір етті.
Тағы бір күні орта жастағы орысты әкелді. Ол Сүйдүң қаласының тұрғыны Калачов екен. Кіріп келгенде өзін жоғалтқан түрі байқалады. Сұрағанымызға жауап қайтаруға шамасы жетпеді. Қарыны аш екенін айтты. Сол күні сақшылардан сатып алған жұмыртқаларымызды бердік. Камерадағылардың кей біреулері: “Мұнан 3-4 жыл бұрын қытайдың феодал үкіметін жақтап, солармен бірігіп талай мұсылмандарды құртқандардың біреуі болуы керек. Ол кезде қылышын ойнатып, мылтығын асып, талайды тонаған мал-мүліктері жөнінде мына батыр қандай пікірде екен? Жанын беріп, жәрдем жасаған жөңгүдей (қытай қожайындары) ертең өзін абақтыға қамап тастағанына қандай баға береді екен?” — дегендей мазақтаған сөздер естілді. Ол да біз сияқты амалсыз абақтыға қамалған мәхбус еді.
Біраз күннен кейін камерамызға орта жастағы қытайды кіргізді. Әдеттегідей емес, сақшылар бүл адамға ерекше құрмет көрсетіп, биязы мәміледе болды. Сақшылар кетіп, есік құлыпталғаннан кейін, ол кісінің кім екенін сұрастырдық. Бұл 1934-1935 жылдарда Манжұриядан дубан Шың шы цайдың арнайы шақыруымен келген бес зиялы жігіттің біреуі екен. Бұл бесеуі Жапонияда Шың шы цаймен бірге оқып, тәрбие алғандар. Фамилиясы Лянг екен. Сол күні көрші 5-камераға солардың тағы біреуін алып келіпті. Бұларға әр күні айырым жақсы тамақтар алып келеді. Төсек-орны да жұмсақ.
Камерада: 3 — өзбек, 2 — татар, 4 — ұйғыр, 3 — қытай, 1 — қазақ, 1 — орыс болдық. Сәуірдің ортасында сақшылар келіп бүгін кешке моншаға барып жуынатынымызды айтып, жуынуға уақыт аз бөлінгеніне орай, артық көп киім алмай, жеңіл киім-кешек, сүртінетін орамал алуды тана бұйырды. Кешті асығып күтудеміз. Кешке сақшылар келіп, абақтыдағыларды камера бойынша, тергеу бөлімінің сыртындағы кең қорада тұрған автомашинаға кіргізіп, сыртын бекітіп қойды. Бұл машина — жедел жәрдем көрсететін машинаға ұқсайды екен. Бірталай жер жүріп барып машина тоқтады. Машинаның терезелері ақ бояумен боялған. Сондықтан да сырттағы дүниені көруге мүмкіндік жоқ. Алдымызда 3-4 сақшы, артымызда 3-4 сақшы, моншаның жуыну бөліміне кірдік. 30 минуттан қалмай жуынып шығуды бұйырды. Тез-тез шешініп, жуынуға кірістік. Қолымызға кір сабынның алқымдарын берді. Көптен бері жуына алмай жүргендіктен денеміз су көріп, сабынданып, асығыс болса да тазарғандай болдық. Біраз жеңілдікті сезіндік.
Уақыт тар. Сырттағылар асықтырып, тез киініп далаға шықтық. Машинаға отырып, камерамызға қайттық. Моншаға кіргенде де, моншадан шыққанда да бірде-бір монша қызметкерін көрмедік. Камерамызға қайтып келген соң Яхия аға: “Мен моншаға кірерде жан-жағыма қарап, бір қозылы қойды көрдім. Жануарларды көру маған ауыр әсер қалдырды. Өткендегі еркін тұрмысты еске түсірді”, — деді. Моншаға барып жуынып қайту біз үшін жаңалық болды.
Сәуірдің аяқ шенінде тағы бір жаңалық — қатарымыздағы бірнеше камерадағылардың есіктерін бірер сағаттай ашып, тұтқындарды далаға таза ауаға шығарды. Киім-кешек, көрпе-төсектерді шығарып, күнге жайып кептіріп, қақтырып тазартқызды. 4-күні бұл кезек бізге де келіп жетті. Таңертең он шамасында сақшылар келіп, есігімізді ашып, сыртқа шығуға бұйырғанда, асып-сасып сыртқа қарай атылдық. Ай жарым күн сәулесін көрмеген едік. Я, жаратқан! Қара көлеңке, күн сәулесі түспейтін камерамызда онша білінбесе де, енді таза ауаға, күннің жарығына шығып, бір-бірімізге қарап қайран қалыстық. Бәріміздің жүзіміз сарғайып, жүдеп, арықтағанымызды енді білістік.
Барлық киім-кешек, көрпе-төсектерімізді сыртқа шығарып жайдық. Тар қорада ары-бері жүрдік. Сақшылардан жасырынып есіктің ортасындағы тамақ беретін тесік арқылы жанымыздағы 5-камерадағы жолдастармен сөйлесеміз. Олар да бізді көріп, сөйлесіп қалуға тырысады.
Бізден кейін 5-6 камерадағылар да өз кезегі келгенде далаға таза ауаға шығып, кірді. Осыдан кейін әр күні кезекпен 20 минуттай далаға шығып тұратын болдық. Осы қысқа ғана 20 минуттай далаға шығып, саф ауа жұтып, күн көзін көру бізге жақсы әсер етті.
1933 жылғы Шынжаң көтерілісіне байланысты 14-сәуірде әкелген тамақтары жақсырақ, ал 1-мамырда берген тамақ тіпті өзгеше болды. Еті бар майлы сорпа, ақ нан… Мынаны көрген Ғұлам қари аға: “Біздің Шыңжаңның ұлы төңкерісі күнгі 14-сәуірде берген тамақтары мен 1-мамырға байланысты берген тамақтарды салыстырдым, дәмін көріп, қортынды шығара беріңдер”, — деді. Екі айдан бері бір түзу тамақ жей алмаған тұтқыңдар үшін бұл ерекше еді. 2-мамырда қайтадан бұрынғы қалпына түсті.
Мамырдың ортасында камерадағы 3-4 адамды шақырып алып кетті. Олар 15-20 минуттан кейін қайтып келді. Олардың айтуынша: біздің камерамыз орналасқан қораның бір шетіндегі бос бөлмеде 2-3 тергеуші бар екен. Тұтқындардың қысқаша өмірбаяндарын жазып алыпты. Тергеушілердің арасында ең қауіптісі “һашимажы” деген тергеуші екенін айтып келді.
Мына һашимажы деген тергеуші тегінде қырғызстандық Хасан Ысқаққлы Палатов тегінде Шыңжаңға 1935 жылдары арнайы жіберілген. Ұзақ жылдар саяси органдарда істеп атағы шыққан адам екен. (1910 жылы туылып, 1970 жылы Бішкекте қайтыс болған. Сүйегі мұсылмандар зиратында ескерткіш (құлыптас) қойылған).
Кезек маған да келіп, тергеушілер отырған бөлмеге келдім. Кішкентай бір жазу столының жанында мен көрмеген, танымайтын 2-3 кісі отыр. Арасында орта бойлы, орта жаста, қара заһарлы көзді, суық жүзді біреуі мені шақырып, сұрақ қойып жаза бастады. Маған қарап: “Иә, күнәңді білесің бе? Шауешектен Үрімжіге не үшін тұтқын болып келдің? Түсінесің бе? Қысқаша айтып бер”, — деді. Мен өзімнің үкіметке, елте ешқандай зиянды жұмыста болмағанымды, қарсы істер жүргізбегенімді, керісінше, ескі үкімет кезінде — ескілікке қарсы, жаңа заманауи пікірде болып, Кеңеске жақсы көзқарасымның нәтижесінде әр түрлі сөгістер естігенімді, жапа шеккенімді айттым. Тергеуші: “Мұндай тамаша, мағынасыз сөздеріңнің бізге керегі жоқ. Шыңжаңның қала, қыстақтары толық, адамдары көп, әрбір адам қылмыс жасап, еркін жүріпті. Оларды қолға алмастан, сіздерді тұтқындағанда, үкіметтің қандай мақсаты бар деп ойлайсыз? Бостан-босқа ұзақ һам жақын жерден әкеліп мында жинап не қылмақшы? Бекер ойын ісі ме?”, — деп кескіні ашулы сөздерді айтты. Кейін: “Әзірше барып тұр жөне шақырып сөйлесеміз. Бірақ, біліп қой. Мен кінәсізбін дегендей шырайлық сөздерді қалдырып, үкіметке қарсы істеген кінәларыңызды тәфсілі сөйлеп, мойындамасаң, құтыла алмайсың. Біз сендердің құрық (бос) гәпләріңе (сөздеріңе) сенбейміз”, — деді де қайтуға рұқсат берді. Бүтін денем бір ысып, бір суып, салқын тер шығып, өзімді жоғалтқан халде камераға қайтып келдім.
Камерадағылардың әрқайсысы өз жағдайын ойлап әуре. Бәрі де таң! Жоқ кінәні қайдан тауып береміз. Бір күні камерадағыларды қораға шығарып, алдымыздан, жанымыздан суретке түсіріп алды. Сол күні шаштараз келіп шашымызды, сақал-мұртымызды алды.
Сақшылар тарапынан тұтқындарға ара-тұра азық-ауқаттар әкелдіріп, кассада ақшасы барларға сатады. Кейде 5-6 күнде бір келсе, кейде 20-25 күн өткізіп келеді. Өткенде Үрімжіге келгеннен кейін 5-күні басқа азық-түлік қатарында 2 қорап “Казбек” темекісін алып қойғанымды жазып ем. Біздің бұрынғы тар қараңғы камерадан жаңа камераға көшіп келгенімізден кейінгі 3-4 күн темекі шегушілер үшін өте көңілсіз күндер еді. Бәрінің темекі, махоркасы біткен, екі күннен бері темекісіз. Тұтқындардың өз азап-қасіреттерінің үстіне, темекі келіп қосылды. Бәрінің жүйкелері тырысып, жоқ нәрсе үшін айғайға басып, айтысатынды шығарды. Ғұлам қари ака мен кісенді Ғұмар ахун екеуі ұрсысып қалды. Араға түсіп әрең бастық. Сонда менің ойыма бір қажеті болар деп алып қойған 2 қорап темекім түсті. Дереу түйіншегімді шешіп, папиростың бір қорабын алып, темекі шегетіндерге 2-3 данадан үлестіріп бердім. Бейшаралардың қуанғанын айтпа, аз уақыт ішінде тыныштана қалды. Бірнеше сағаттан кейін екінші қораптағы (25 тал) темекіні де үлестіріп бердім. 2-күні сатушылар келді. Әркім өз керектерін алды. Осыдан кейін сатушылар ұзақ уақыт келмеді. Үйден алып келген азық таусылды. Әзіргі сорпалары да сұйылып кетті. Тандыр нанның орнына, қытайдың буға піскен тұзсыз жың момыларын береді. Кұрсақтарымыз ашып, жүдей бастадық әлсіредік. Бірде сатушылар келіп қалды. Кезекке тұрып, біздің дастархан мүшелеріне (олардың өз есебіне) әр түрлі азық-ауқат ала бастадым.
Бұрын қытайдың жың момысын жеп үйренбеген бізге оны жеу өте ауыр болды. Кептіріп сухари жасап, тұз сеуіп те жеп көрдік, бірақ нан жегендей болмадық. Ол да біз үшін қинаудың бір түрі болды. Кейде сақшыларға жалынып, өз есебімізден базардан тандыр нан алғызып, оны жың момыға қосып жеп, қанша қатып, түрі өзгерсе де 15-20 күнге дейін сақтап, пайдаландық.
Камерада бізбен бірге жатқан тұтқындардың ішіндегі Шың дубанның жақсы жолдасы-мектептесі қытай ұлтының өкілі — Ляң (Ляйг) мағыналы, аз сөйлейтін байыпты адам екен. Құрымды қантқа қосып, қара сия жасап шықты. Арамызда шахмат ойнайтын Ғұлам қари ака ғана екен. Екеуі ұдайы шахмат ойнап, уақыттарын оздыра бастады. Біз де шетте қалмадық. Қант оралған ақ-көк қағаздың үстіне жың момыдан желім жасап, дойбы ойнай бастадық. Бұрын бұл ойынды білмегендер бір-екі күнде үйреніп, ойнай бастады. Бұл да уақыт оздыруға, ойымызды бөлуге себеп болды. Қанша уақыт оздырып, ойды белуге көмектескенімен де, абақтыда жатудың қайғы-қасіреті өз дегенін істей берді. Бәріміздің жүйкеміз әлсіреп, дойбыдан ұтылып қалғандар кәдімгідей ыза болып, ойыншылық шеберлігімізді арттыра бердік.
Енді абақтыда біздің камерада жатқан адамдар жөнінде айтайын:
1. Ескендірхан. Ақырғы Ләкші уаңның кенже ұлы, жасы 30-дар шамасында. 1934-1935 жылдары Шыңжаңдағы мекеме қызметкерлеріне болған тапшылықтың орнын толтыру үшін Ташкенттегі екі жылдық мәкбури (администрация) кадрлар дайындау курсында оқып қайтқан. Мінезі өте халим. Білімі мұсылманша, бастауыш дәрежесінде, кейіннен Кеңес одағының бірталай қалаларында (Мәскеу, Ленинград, Қадрым) болып, сауатын біраз кеңейткен. От басы Үрімжіде болғандықтан, үйінен ылғи тамақ келіп тұрады.
2. Әкірем хазірет Мұнасипов. Семейдің мешітінің имамы. Бұқарада оқыған. 1930-1931 жылдары Шауешекке көшіп келген. Екі қатынынан 6 ұл (Зұфар, Ситиню, Файз, Сәлим, Фидай, Рафик) һам бір қызы (Сити) бар. Тұңғыш ұлы Зүфар — Шауешек аймақтық сақшы мекемесінің бастығының орынбасары (бірақ, үлкен бастық сияқты көрінетін) еді. 1937 жылдың басында оңтүстік Шыңжаңға жұмысқа жіберіліп, 1939 жылдың аяғында абақғыға қамалып, қайтыс болған. Әкірем қазірет абақтыдағы кезімізде діни рәсімдерін орындап, су жоқтықтан, тәйәмиммен дәрет алып, оқыған бес уақыт намазымызда имам болып, намаз соңынан діни уағыз айтып, құран оқып, оны тәфсирлеп (түсіндіріп) беруші еді.
3. Ғұләм қари Тіллашайхов. Ташкенттік. 1926 жылы Семей арқылы бирасми шекарадан өтіп келген. Бұрынырақ Ташкенттің бай, абыройлы саудагері болып, тижарат істерімен айналысқан. Мағұлиматы — жалғыз діни схоластикадан ғибарат алса да, өзінің өжеттігінің арқасында бірталай тәжірибелі, кең пікірлі жан еді. Камерамызда, не көрші камерада бір жаңалық бола қалса, Ғұлам қари өзінше мағына беріп, дереу қортынды шығаратын. Бұл кісінің әр мәселені тез түсінетін, көріпкелдігі бізді таң қалдыратын. Оның ең үлкен арманы — өмірінде көрген жалғыз ұлы Әнуарды кетерінде жүрегіне басып, құмары қанғанша иіскей алмағаны еді. Осы арманы жөнінде жиі айтып отыратын. “Неге балаңызды құшақтап сүймедіңіз?” — дегенге ол: “Тәтті ұйқыда жатқан сәбиді (3 жасар) оятқым келмеді. Бірақ, жүзіне, жатқан түріне көзімді толтырып, толтыра қарадым”,- деуші еді. Aһ ұрып, жыламсырап, іштегі дертін сыртқа шығарушы еді. Шауешекке келген соң бірнеше жылдан кейін Ташкентте қалған әйелі мен 3 қызын алдырды. 5-6 жыл Шауешекте тижарат істерімен айналысып, жақсы ғана дәулет иесі болды. Камерамыздағы тұтқындарға ақыл айтқанда жұбату сөздерін аямайтын. Жасы 49-50 шамасында.
4. Миряхия Мирзаһитбаев Шауешектің белгілі саудагерлерінен. Мирзаитбаевтың інісі — Мирбабаның тұңғыш ұлы болып есептелетін, негізінде Миргабитбайдың (қазақтар осылай атаған) күйеу баласы еді. Жасы 44-45 шамасында. Ташкенттік өзбек жастарымен бірге Миргабиг аканың қолында тәрбиеленді, кейінгі кезде Мирзаһитбаевтардың сауда істерін басқарды. Мағлұматы — ескіше оқыған болса да, сауданы жақсы және тәртіпті алып жүрді.
5. Шауешектіктердің тағы біреуі — қашқарлық Хажы Тұрдыбаев және оның туған ағасы Ғабдырахман ( ол да қолға алынған). Екеуі де Шауешектің орта саудагерлері болатын. Қоғам ісіне араласқан-араласпағандары маған белгісіз. Өздерінің жеке меншік жұмыстарымен айналысатын.
6. Шауешектен бізбен бірге келген және бізбен бір камерада жатқан зайсандық — Ибраһим Сайфуллин. Ол бізден бір жыл бұрын Шауешектің түрмесінде жатқан. Абақтының жайы оған белгілі, бұл оның жүрегіне нашар салмақ салды. Арықтаған, келбеті өзгерген. Шауешекте де, Үрімжіде де оның жақын туысқандары, жан ашырлары болмағандықтан оған ауыр әсерін тигізген.
7. Жау ди шан. Тарбағатай аймағының бұрынғы әкімі Жау ди шудың інісі. Бұрын Құлжада тұрған, кейін ағасы Тарбағатай аймағына әкім болып тағайындалғанда Шауешекке (1934 жылдың басында) келіп, бажы саласында істеді. Діни сенімі христианның католик мәзһәбінде (ағым, бағыт) болып, орыс тілінен басқа, ұйғырша да жақсы сөйлейтін. Ағасы орыс тілін жақсы меңгерсе де ұйғырша нашар білетін еді.
9. Нияз даутай. Бірнеше жыл бұрын Шыңжаңның Ақсу аймағында даутай (әкім) болған, кейінгі жылдары Шыңжаң үкіметі ашқан Ташкенттегі елшілікте елшінің орынбасары жұмысын атқарған. Ескіше оқыған, қытайша ептеп сөйлейтін, орысшасы да шамалы болатын. Ташкенттен отанына Шауешек арқылы өтпек болған. Бақтыдан өтіп Шауешекке келгенде, абақтыға жауып қойған. Бірге келген әйелі мен 10-12 жастағы баласы сыртта қалған. Нияз даутай түрмедегі кезінде басынан өткен әр түрлі қызықты әңгімелерді айтып беруші еді. Менің есімде қалғаны мына әңгіме:
— Ташкенттен Шыңжаңға кайтарымыздан 3-4 күн бұрын кішкене ұлым ерте таң атпай жылап оянды. Жылаған дауысына біз де оянып, себебін сұрадық. Балам: түсімде әкемді көп қытай әскері машинадан сүйреп түсіріп ұрды. Үстіндегі киімін, бас киімін шешіп алды. Шетінен әкемді боқтап, хакәреттеді (сөкті). Бізді де шеріктер келіп ұрмақшы болғанда, мен қорқып жыладым да, ояндым, — деді. — Дада (әке), біз Шыңжаңға қайтпайық. Кеңес үкіметінде қалайық, — деп жалынды. Қалған 3-4 күнді жылаумен өткізді. Алматыдан Құлжаға емес, Шауешек арқылы шекарадан өтетінімізді біліп, одан әрі тынышсызданды. Бүл бір керемет тура келген түс болды. Басында баланың түсіне онша көңіл бөлмей, алаңсыз жүре бердік. Енді абақтыға жабылғаннан кейін, неге баламның көрген түсін тәптіштеп сұрап алмағаныма өкінем, — деуші еді. Нияз даутайдың ұлының көрген түсі, менің Никарымның керген түсімен тура келгеніне таң қалушы едім.
Шілде ортасында шауешектіктердің үйлерінен поськалар келе бастады. Жібергендері — қант, конфет, печенье, киім-кешек, темекі сияқты заттар. Ақша жібергендер де болды. От басымыздан келген дүниелер бізді қатты қуантты. Бала- шағаларымызды еске алып жылап та алдық. Камерамыздағы үйлерінен посылка келмегендермен азық-ауқаттарымызды бөлістік. Көрші камерадағы шауешектіктерге де посылка келіпті. Маған тамақтан басқа, жазда кию үшін шиблет (аяқ киім), жаздық пальто, костюм, көйлектер және сабын жіберіпті. Келген жейделердің біреуін Самсаққа бердім (ол Хожа Нияз хажының хас (оқ қағар) әскері болған. Бір жетіден кейін Самсақ жейдені жұмақ болып, шешіп жейдені аударғанда, жейденің арқасында қарындашпен Райхананың: “Біз бәріміз аман-есенбіз. Сізді ғана сағынамыз”, — деген жазуын Самсақ маған көрсетті. Жүрегім сағынышқа толып, тулап өксіп-өксіп жыладым. Бір күні камерамыздағы Қадырқажы Тұрдыбаевтың атына бір передача келді. Ішінде сол кезде Үрімжіде шығатын ұйғырша газетке оралған бу шай (бу шай — көбінесе қытайлар мен ұйғырлар пайдаланатын шайдың бір түрі). Сақшы әскерлер кетісімен бәріміз газетке жабыстық. 3-4 айдан бері дүние жағдайынан бейхабар едік. Газеттің аты есімде сақталмапты, бірақ, газет тақырыбында 3-4 күннен бұрынғы, ең соңғы хабарлар бар еді. Газеттің бұл санында — кейбір жаңалықтар, шетел жаңалықтары, Кеңес үкіметіне арналған мақалалар жазылыпты. Басқа шетел хабарларында: Германияның Чехословакияны басып алуы, Кеңес үкіметінің оған протест (наразылық) білдіргені, шығыс Қытайдағы жағдай, Жапонияның зұлымдығы, Испаниядағы жағдай т.б жазылыпты. Бұл жаңалықтарды тезірек айналамыздағы камераларға жеткіздік. Өзіміз тәмәм қанағаттанарлықтай оқып болған соң, басқаларға оқуға бердік. Ол үшін таңертең – кешке дәретке шығарғанда газетті шелекте жатқан ақ топырақтың ішіне жасырып қалдырдық. Оны көршілерімізге түсіндірдік.
Күндер, апталар, айлар бірінен кейін бірі өтіп жатты. Бірақ бізді шақырып, салмақты тергеу жасамады. Шілденің ортасында бірен-саран тұтқындарды шақырып, тергеу жүргізе бастады. Жанымыздағы 5-камерадан тұрпандық бір ұйғырды шақырып, тергеу жүргізіп, көбінше Тұрпандағы ұйымдар мен Махмуд ақаң (генерал) Мұхитов жөнінде сұрапты. Бұл бейшара жәй қызметкер болғандықтан да: саяси ұйым, әскери жұмыстардан хабарсыз екенін баяндаса да қинап, 2-3 күн аяғынан тік тұрғызып, қинап қайтарған. “Жасырын ұйымның тарихын, мақсатын айтып бер. 4-5 күн ойлан”, депті. Ол омірінде саяси ұйымның не екенін естіп-көрмеген, ондай ұйымның барынан хабардар болмағандықтан, табиғи жалғанды айта алмаған. Бейшараның басынан, бетінен, нәзік жерінен ұрып, азаптаған. Боқтық сөздердің бірін қалдырмай қайталаған. Қол-аяқтарын байлап, жерге жатқызып, дауысын шығармау үшін аузына шүберек тығып, кеудесіне салмағы зор қызметкерлерді шығартып тепкілеп, екі кісі аяқ-кеудесін езіп, жыныс мүшесін қысып, шертіп қинапты. “3-4 күн ойланып кел, егер күнәларыңды мойныңа алмасаң, мұнан да артық қинау жазасын көресің”, — депті. Камераға қайтып келіп, езілген, үзіліп, сынып түскендей болып тұрған ағзаларын қатты ауырсынып, әрекетке келмей, он екі мүшесінің ауырғанына шыдай алмай, қатты қиналды. Егерде, босап, еркіндікке шықса да адам қатарына қосылуы күмәнді еді.
Осы күндері жанымыздағы 3-камерадағы Хасан Шанышевті шақырып, тергеу жүргізді. Ол шақырған күннен бастап 17-18 күндей камераға қайтпады. Бір күні сыртқа шыққанда 3-камераның алдынан бір пар хром етікті, қанға боялған шұлықты, шұлғауды көрдік. Түзге отырып, камерамызға қайтып, есігіміз бекітілген соң, белгілі тесіктен 3-камерадағы Уалихажы Юсуповтан (сағатшы) оның мәнін сұрастырдық. Өткен түні түн ортасында Хасанбай Шанышевті есінен танған күйінде камераға әкеп тастапты. Таңертең біраз езіне келгеннен кейін жағдайды сұрастырыпты. Сонда тергеушілерден көп жәбір-жапа көргенін, Рахматолла деген бір жас тергеуші (Үрімжідегі белгілі түрік Мухарам каридың күйеу баласы еді. Бірнеше жыл өтпей, өзі де қолға алынды. Елдің айтқандарына қарағанда, бұрын тергеу жүргізіп, өзі қинаған адамдар ұрып өлтіріпті) сұрақ жүргізген. Өмірбаянын жаздырыпты. Онда саяси ұйым жөнінде бір сөйлем жазылмағанына ашуланып, боқтап: жергілікті үкіметке қарсы шет мемлекеттердің — Жапония мен Германияның, тағы басқа да жиһангер мемлекеттердің пайдасына жасаған шпиондық әрекетін, олардың тапсырмалары жөнінде толық мағлұмат жазуын талап етіпті. Хасанбай бұлардың біріне де қатысы болмағанын қайта-қайта айтса да, тергеушілер қатты жаза астына алған. Он шақты күн ұйықтатпай, тік тұрғызып қойған. Аяғы талып, не ұйқы басып отырып қалса, жанындағы екі сақшы бамбуктен жасалған таяқпен бас-көз демей ұрып, қинап, қайта тұрғызып қойып, сұрақ алып отырған. Жазаның басқа да әдісін қолданған. Ең соңында басына электр қысқышын кигізіп қысқан. Сонда бір көзі мүгедек болып, Хасенбай қайта-қайта талып, әлсірегеннен кейін камерасына қайтарған.
Бұл хабарды естігенде біздің камерамыздағылардың зәре-құты қалмады. Бәрін де қорқыныш билеп алды: “Мұндай азап-қинауларды көргенше, тергеуші не десе соған “жарайды” деп, істемеген күнәні мойынға альш, тезірек өлім жазасына кесіліп, иә, атылып, иә, шапшылды дүниеден тез кетуден басқа шара жоқ. Мына түрімізде бізге құтылып шығу үміті көрінбейді”, – дегендер де болды. Көпшілігі, мынадай орынсыз тергеулерді, күнәсіз жазалаудың шын мәнісіне жете алмай, жұмбақты шеше алмай қайран қалды.
Бір күні Ғұләм қариды шақырды. Оны да Рахматолла тергепті. Қари ака бір сағат өтпей қайтып келді. Қари аканың айтқаны:
Тергеуші: — Күнәларыңды бір-бірден баянда.
Қари: — Менің ақылым өзімде, денім сау кезіңде һиш жерде, һиш уақытта үкіметке қарсы әрекетте болмадым. Саяси ұйымдар жөнінде естіп білмедім.
Тергеуші: — Қапада, сахараларда қанша адамдар еркін ерікті өз тіршіліктерімен күн көріп жүріпті. Солардың бәрін ұстап абақтыға қамамай, сіздерді ұстап абақтыға қамағанша қандай түсінік бере аласыз? Үкімет ақымақ па, әлде залым ба?
— Мен өзім де осыған таң қаламын. Естуімше, осы Үрімжі қаласының өзінің 3-4 орнында қанша тұтқындар жатыр. Әне, соларға әр күні бір-екі нан, басқадай да қаражат шығарып, оларды күзететін сақшылар мен қанша қызметшілер жүр. Бұл дегеніңіз, сайып келгенде, үкіметің қаржы бюджетінен артық шығын жұмсау емес пе? Оның орнына барлық қолға алынған тұтқындарды босатып, әр кісіге өзінің мамандығы бойынша жұмыс берсе -үкімет үшін мол кірімнің негізгі көзі болар еді. Ел де — алаңсыз, үкіметтің де қаржы кірісі көтерілер еді. Мәдени-ағарту істері дамып, Шыңжандағы құрылыс істері де алға басар еді. Мұның сырына титтей де түсіне алмадым. Үкіметтің адалдығына, мейірілімдігіне имандай сенем, — дедім.
Осындай сұрақтардан кейін тергеуші тағы шақырып әңгімелесеміз, – деп қайтарды — деді.
Тамыз айының басы болатын. Түнгі сағат он екі шамасында біздің камераның есігі ашылды. А, қудай! Тағы қандай пәле күтіп тұр. Көпшілігі терең ұйқыда жатқан болатын. Тағы қайсымызды шақырып, орынсыз сұрақтармен жанымызды алып, қинар екен деп күттік. Сақшылардың біреуі: “Мұхамеджан Юсупов кім? Тез дайындалып, бізбен бірге жүр”, — деп бұйрық берді. Камерадағы жолдастарымның көмегімен киініп, сақшылардың алдына бардым. Есік алдына шыққанда, басыма дорба кигізіп, екі әскер қолтығымнан жетектеп, сыртқа қарай ала жөнелді. 50-60 қадам жүргеннен кейін бір бөлмеге кіргізді. Басымдағы дорбаны алып, сақшылар шығып кетті. Мен жарық бөлме ішінде қарсы алдымдағы үстелдің жанында отырған адамдарды көрдім. Біріншісі — бұдан бұрын көрген қаһарлы көзді, бет-әлпетінен жауыздық пен мейірімсіздік аңқып тұрған һашым хажы да, екіншісі — қазақ жігіт. Маған орындыкқа отыруды ұсынды. Сондағы бір сақшы жігіт арқылы біреуді шақыртты. Біраздан кейін бөлмеге жас ұйғыр жігіті келіп кірді. Һашим хажы: “Ғабдулләм, сізге тергеу жүргізу үшін шауешектік Мұхаметжан Юсуповты тапсырамыз. Жақсылап тергеу жүргізіп, қортындысын бізге хабарлаңыз”, — деді.
Ғабдоллам мені ертіп бір тар бөлмеге кіргізді. Үстел жанындағы орындыққа отырғызып, алдыма 4 беттік дәптердің бетін жайып, менің аты-жөнімді, тегімді, жасымды, туып өскен жерімді, жалпы туған күнімнен тартып, абақтыға қамалғаныма дейінгі басымнан өткен өмірбаянымды толық жазуға бұйырды. Есте қалғандарды жаза бастадым. Өмір бойы күндер, апталар, айлар, жылдар болып озған оқиғаларды тәптіштеп жазу мүмкін емес. Мен өмірімде болған, жадымда қалғандарды қалдырмай жазуға тырыстым. Бір сағаттан артығырақ уақыт өткенде Ғабдуллам жаныма келіп, жазған қағаздарымды алып оқи бастады. Қанағаттанбағанын байқатып, басьш шайқап қойды. Я, алла! Тағы не пәле? Түсі өзгеріп кетті. Көзін алайтьш маған қарап: “Сенің мына ертегі сияқты жазғандарыңның бізге бір тиындық та құны жоқ. Бізге мұнда жазбай жасырып қалған үкіметке қарсы үйымдарды, үкімет саясатына қарсы жүргізген үгіттерінді, бірге істеген үйым мүшелерін жаз. Сендер барып тұрған пантүркист, панисламисіңдер. Ел арасында қандай үгіт-насихат жүргізгендерінді жаеырмай әшкерелеп жаз. Мен жоғарьща қойған талап негізінде өз еркіңмен барлық мағлұматтарды бер. Ондай болмаған жағдайда көп азап-қинаудан кейін бәрі бір егжей-тегжейлі жазып беруге мәжбүр боласың. Онда кеш болар. Кінәң арта түсер. Сендердің айла-қулықтарыңды біз жақсы білеміз. Қысқасы, үкіметке қарсы ұйымдарыңды, оның мүшелерін жасырмай анықтап жазып бер. Болмаса бәрібір қинау-азаптардан кейін жазып бересің”, – деді. Мен: “Пірадар (ағайын), ондай істерде, ұйымдарда болмасам…” — деп аузымнан шыққанша, Ғабдуллам орнынан атып тұрып, жаныма жетіп кеп, бетіме шапалақпен тартып жіберді. “Мен сендей сатқындардың пірадары емеспін”, – деп өте бір сұмдық сөздермен ата-анамды балағаттап шықты да қайта барып отырды.
Үстелдің суырмасынан қағаз құжаттарды сақтайтын бір-екі папкаларды алды да, ішінен 2-3 дана жазылған қағаздарды алып менің алдыма қойды. Маған қарап: “Мынаны қарап оқып шық! Теріс әрекетшілердің саған ұқсап, еш нәрсе білмеймін, күнәм жоқ. Ақпын, пәкпін, емін-еркін оз жұмысымызда болғанбыз деп, кейіннен қинау-азаптарды көріп, істеген күнәларын егжей-тегжейлі жазып, қылмыстарын мойындағанын көр!” — деді. Қағаздарды бір-бірлеп оқи бастадым. Жазудың біреуі құлжалық, мен танымайтын өзбек … қожаныкі (кісі аты қолжазбада жазылмаған — ред.) еді. Жазғаны сіліс мәнеріндегі өзбек тілінің жазылуы, мұның сол… қожаныкі екендігіне менің күмәнім жоқ еді. Ол: пәленінші жылы Өзбекстаннан Құлжаға көшіп келгендігін, бір жағынан сауда пижаратымен айналысып, екінші жағынан жергілікті үкіметке қарсы жасырын ұйымда істегенін, ел арасында үгіт жұмысын жүргізгенін айта келіп, ұйымда болған мүшелердің қатарына — Мирқасым қажы Миршановты (ол кезде қажы жүзден асқан қария еді), Тұрды ахунбай Алмасбековті, Ташмұхамедия Имғамбаевты, Хаким қожаны бас қылып, жиырмадан астам адамның атын атаған екен. Енді біреуі — қашқарлық ұйғыр, ол жақта болған үкіметке қарсы ұйымды, мүшелерінің тізімін, үгіт тәжірибелерін жазған. Осыларды оқып таң қалдым. Мирқасым қажының ұйым құрып, үкіметке қарсы шығуы мүмкін емес, ақылға симайды. Неде болса қатты қинап, азаптағаннан кейін жазуға мәжбүр болып, өтірік болса да жазып құтылған болар. Бірақ өтірік жазып құтылғанымен оның ақыры не болмақ? Бұл ең ауыр мәселе!
Ғабдолла: “Міне, күнәларын мойындап, тіл хат бергендердің бірнешеуін көріп шықтың. Керек десең ондайлардың 20-30-ын көрсетуге болады. Бәрібір шындықты (мифтік демекші) айттырмай, күнәлеріңді мойындатпай қоймаймыз. Сендерді бостан-босқа қамақта ұстамаймыз. Мен сені қатгы қинамаймын. Бірақ та қинаудың жеңіл түрін көрсетпекпін. Мұнан кейін жақсы ойланып, әлбетте біздің талабымызға сәйкес жауап беретін боларсың”, — деді. Ғабдуллам жаныма келіп, екі қолымның саусақтарын бір-біріне кіргіздіріп, үстел үстіне қойғызып, қолдарымен біраз басты. Шыңында да қатты ауырды. Саусақтарым сынғандай сезіндім. Ғабдуллам маған қарап: “Міне, көрдің бе! Бүл бір мысал. Ақырын басқандағы хал. Егер аямай қатты басқанда қаншалықты ауыратынын түсіне бер және бір кішкене мысал”, — деп, менің жыныс мүшемнің екі жұмыртқасын саусағымен ақырын ұстап шертті. Бұл жолы да қатты ауырды. “Енді қазірше камераңа бара тұр. Жақсылап ойлан, әне-міне деген соқыр жармақтық, салмағы жоқ сөздеріңді қалдыр. Егер келесі шақырғанымызда өз сөзіңді сөйлеп, қылмысыңды жасырсаң, қатты қинап азаптайтын боламыз. Ол кезде кеш болады. Қайталап айтамын, жақсылап ойлан”, — деді. Камераға қайтып келіп, жанымдағыларға бәрін баяндап бердім. Оларға ауыр әсер етті. Екінші күні көрші камерадағылар да болған жағдайды естіді. Үш күннен кейін тағы тергеуге шақырды.
Тергеуші Ғабдуллам: “Жә, енді жақсы ойланып келген боларсың. Мына қағазға өмірбаяныңды, үкіметке қарсы істеген істеріңді, жасырмай жазып бер”, — деп қағаз бен қаламды қолыма ұстатты.
Мен ұзақ отырып, бұрынғы жазғандарыма біраз өзгерістер енгізіп жаздым. Саяси ұйым, үкіметке қарсы істер туралы бұл жолы да ештеңе жазғамын жоқ. Өйткені, ол негізінде жоқ мәселе. Жоқты бар деп жазу мүмкін емес еді. Түбінде өтірік жазғандардың шындығы ашылып қалса, азап-жазаның үлкені сонда болар деген пікірге тоқтадым.
Ғабдуллам оқып шығып, түс-әлпеті өзгеріп, ашуланған қыяпатында: “Сендер үкіметтің кеңшілігін, қамқорлығын түсініп, білмейсіңдер. Сендерді бекер сатқын, керітартпа деп атамайды. Үкімет біліп, түсініп тұрып сендерді түрмеге жапты. Арам шөптерді егіннің ішінен тазаламаса болмайды. Сендер сияқты сатқындардың көзін жойып, Шыңжанды тазалап, тыныштандырмаса болмайды. Басқа шара жоқ”, – деп жаныма келіп, әлгі мен жазған өмірбаянды көрсетіп тұрып: “Мына жазғандарыңмен кімді алдамақ боласың? Жиһангер мемлекеттердің жасырын өкілдерімен болған байланыстарыңды, олардың берген тапсырмаларын жасырып қалмақшы боласың ба? Жоқ, жасырып қала алмайсыңдар!”, — деді де, екі бетімді шапалақпен тартып-тартып жіберді. Адам үшін ең қымбат болған әке-шеше, ата-баба, әжелерімді қосып тоқтаусыз балағаттауы — менің өмірімдегі ең ауыр минуттар еді. Ғабдуллам келіп екі қолымды артыма байлады. Я, алла! Енді не болар деп күтем, қорқам.
Бір ұзын арқан әкеліп, екі аяғымды біріктіріп қатты байлады. Арқанның бір ұшын төбедегі доға темірге өткізіп тартты. Басым төмен салбырап, аяғым жоғарыда асылған халде қалдым. Осыларды орындау үшін көмекке бір сақшыны шақырған болатын. Осы қалпымда 4-5 минуттай тұрдым. Аз ғана уақыт болса да қатты киналдым. Ғабдуллам жаныма келіп: “Хош, енді кінәлеріңді мойныңа аласың ба, жоқ па?”, — деп сұрақ қойды. Каншалықты қиналсам да, қинаушыларға менде іштей қарсылық күшейген еді. Жауап қатпадым. Асылған аяқтарымды төмен түсіріп босатты. Аяқ-қолым байлаулы күйіңде жерде жатырмын. Бір ұзын орамал сияқтыны әкеліп, зорлап аузыма тықты. Мұрыннан ғана дем аламын, ауыздан дыбыс шығару мүмкін емес. “Қылқындырып өлтірмекші шығар”, — деп жатырмын. Сырттан әлде кімді шақырьш еді, зор денелі орыс кіріп келді. Кейіннен білдім, бұл орыс сол мекемедегі орыс тұтқындарының тергеушісі екен. Ғабдуллам екеуі аяғымның басынан тіземе дейін мыжып, жаныштап арлы-берлі жүрді. Аяқтарымның ауырғанына шыдамай, бақырайын десем, аузымдағы тығындаулы орамалдан дауыс шығара алмадым. Шауешекте 33-35 жылдары көріп жүрген Нұрсапа деген казақ жігіті келіп кірді. Ол кезде мен оқу-ағарту, мәдениет жұмыстарына белсене араласып жүргенімде Нұрсапамен көп кездесетін едік. Ол Кеңес одағынан келген көзі ашық, зиялы, оқу, оқыту ісіне көп араласатын еді. Қазір осы мекемеде тергеуші екен. Нұрсапа менің жағдайымды көріп, Ғабдулламға қарап: “Бұл жолы Мұхаметжанды қинағанды тоқтата тұрыңдар. Қалай қинайтындарыңды көргеннен кейін, ендігі тергеуде кінәларын мойындап, тура жауап берер. Мұнан кейін де өз сөзінде тұрып, канағаттандырарлықтай жауап бермесе, өз обалы өзіне. Шындап қинағанды сонда көрер. Қазір кеш, сағат үш больш қалды. Бұл қинаудан кейін, камерасына барып, өзіне өзі келіп ойлансын”, — деді. Аналар мені босатты. Ызадан жарыла жаздадым. Кінәсіз мұнша қинап-азаптау, өмірімде естіп көрмеген балағат сөздерді есту – менің оларға деген карсылығымды арттырған еді. Сүйретіліп, езілген халде, ішім ызаға толып камераға қайттым. Мен келгенде оянған жолдастарға бәрін жасырмай айтып бердім. Бәріне де ауыр әсер етті. Қанша кеш болса да, көрші камерадағылар жағдайымды сұрап білісті.
Екінші күні біраз әл жинап, жанымыздағы 5-камерадағы қазақ Мырзахметпен сөйлестім. Ол өткен түндегі басымнан өткізгендерімді тыңдады да, жауап ретінде: “Мұқа, мен сізге бір пікір айтайын. Бірақ қапа болмаңыз. Бұлардың аяқ алуы өзгеше. Ақты қара деп, қараны ақ деп мойындатпақшы. Үкім өз қолдарында. Не істеймін десе де қолдарынан келеді.
Абақтағылардың қолынан не келеді. Онан-мұнан естуімше, талайлар өз жанын қорғап, болмаған істі болды деп, көріп-білмеген ұйымдарды болған деп қол қойып бергендер бар көрінеді. Мұның аяғы не боп тынар? Айту қиын. Бірақ сол кінәларын мойнына алып, қол қойып бергендердің әзірше сұрақ-мұрақтардан тыныш екендігі белгілі. Менің байқауымша, осында жатқандардың көпшілігінің кінәсіз екендігін үкімет жақсы білсе керек. Бірақ, бұларды қолға алып, ұрып, соғып, қинап болса да қол қойдырып кінәсін мойындату — үкіметтің саясаты. Шыңжандағы қалған ел-жұртты үркітіп, қорқытып тыныш ұстамақшы. Сөзімнің қалғанын өзіңіз ұғып білерсіз”, — деді.
Екі күннен кейін камерадағы жолдастардан құлжалық Иминахун Хожамяровты (Құлжа мен Қашқардағы Мұсабаевтардың белгілі сауда фирмасының бас өкілі болған) үш күннен кейін әбден сілесін шығарып камераға әкеп тастады. Бейшараның жағдайы мүшкіл, сөйлейтін шамасы жоқ, өте әлсіреп қалыпты. Қалған-құтқан азық-ауқатымыздан беріп, аздап әл кіргеннен кейін басынан өткендерін айтып берді.
Иминахунға бір ұйғыр жігіті тергеу жүргізіпті. Өзінің өмірбаяның өмір тарихында есте қалғандарын жазып беріпті. Мұның жазғанына қанағаттанбаған тергеуші Иминахунның құлжалық бірнеше таныстарын камерасына шақырып (айырым-айырым) беттестірген. Олар Иминахунға: “Болған оқиғаларды мың рет жасырып, пәлен-пәштуән деп үкіметті алдамақшы болсақ та, шындық майданға шықпай қалмайды. Бізде ұйым болған. Мүшелері пәленшелер еді ғой. Біз шындығын анықтап жазып бердік. Сөйтіп шындықты жазғанымыз үшін үкімет басымызды алған жоқ. Қанау-азаптардан құтылдық. Біздің кеңесіміз, болған ұйым мен олардың мүшелерін, олардың жүріс-тұрысын толық жазып беріңіз. Сөйтіп азаптан құтылып қаласыз”, — депті. Иминахун оларды қатты сөгіп: “Ұятсыз сатқындар, болмаған істі шын деп кайтып жазамын”, — деп айқайлапты. Осыдан кейін тергеуші Иминахунды бір бөлмеге кіргізіп, жанына бір айырым сақшы қойып, отырғызбай тік түрегеп тұрғызуды тапсырып кеткен. Екі тәулік бойы тікесінен тұрып, қатты қиналыпты. Иминахунды да “ойлан” деп қайтарыпты.
Осыдан кейін айналадағы камералардан әр түрлі хабар келе бастады. Екінші камерадағы құмылдық бір ұйғырды шақырып, тергеу жүргізіп, жауаптарына қанағаттанбай көп азаптап қайтарыпты. “Хожанияз хажының, Махмұдсалықтың, Юлбарыстардың тапсырмаларын айтып бер”, — деп әуреге салған. Бір қанша құмылдық бұзық қылмыскерлерді кіргізіп беттестірген. Олар — болмағанды болды деп, өмірде болмаған ұйымдардың мүшелерін санап берген. “Бізге андай тапсырма берді, мыңдай тапсырмалар болды, онда сен де бар болатынсың”, — деп әлгі адамдар “қылмысын” мойнына қойып беруге тырысқан. Бейшара адам мүндай қиыншылықты тоқтаусыз көргенінен өліп кетпейін деп, тергеушінің талаптары бойынша жазып, қол қойып шыққан. Содан бері тергеуге шақырмай, тыныш жатыр. Берген жауаптарыңда өкіметке қарсы әрекеттерін жазғандықтан, өлім жазасын қашан орындайды екен, — деп күтті.
Тағы бір тұрпандық ұйғырды шақырып, тергеу жүргізген тергеуші — үрімжілік Мухәрәш қари деген түріктің күйеу баласы, өте залым, рақымсыздығымен аты шыққан тергеуші екен. Оның сұрақтарында “ұйым мүшелері”, “Герман, Жапон, жалпы жиһангер мемлекеттердің өкіл сатқындарымен болған байланысына” еш қандай жауап қайтара алмаған. “Жиһангер мемлекет” дегенді естіп-білмеген, естігеннің өзінде де олар қандай адамдар, қай тарапта, шығыста ма, батыста ма екенін білмейтін. Өз елі айналасындағы адамдармен ғана араласқан жәй ғана бір кісі. “Сен өтірік білместікке салындың”, — деп азаптайды, талай уақыт отырғызбай, тікеден тік тұрғызып қойып, қол-аяғын байлап, жыныс мүшелерінің екі тұқымын шертіп қинаған азаптарынан кейін талып кетерлік халде камераға қайтарған. Камераға келген соң 2-3 күн орнынан қозғала алмай жатып қалған. Бесінші камерадағы шауешектік Хафиз ахунның сөзіне қарағанда: “Қиналған тұтқын бишараның мұнан кейін адам қатарына кіруі күмәнді. Мұнан гөрі тез өлуге разымын. Бірақ қанша қинаса да шындықтан қайтпаспын”, — депті.
Мені шақырып тергеу жүргізгендеріне екі жұма өтсе де қазірше тыныш. Бүл ортада 5-камерадагы бірталай адамдарды шақырып, сұрақ алған. Көбін тура жауап бермедіңдер деп біраз қинап, ұрыпты. Ал бірталайын қатты жазалап, болмаған ұйымдарды зорлықпен жаздырып, қол қойдырып босатқан. Бейшаралар өздерін жоғалтқан халде, ұждандарының тапталған азабын тартты. Егерде қайта шақырып, тергеу жүргізіп, бұрынғы сұрақтарға қатаң жауап талап етсе, болмағанды болды деп жазып берсем, аяғы неге апарады сонда?
Бір күні Яхия акамен сырластым. Ақыл сұрадым. “Егер камераның темір решеткасына орамал байлап, асылған болып көрінсем, бұл адам тергеу барысында қинаудан құтылу үшін асылып өлмекші болған деп, қинап-тергеуін тоқтатар. Шындықты жазып берсем соған қанағаттануы мүмкін бе?”, — дедім. Яхия ака бұған қарсы шықты. “Асылып өлмекші болып қорқыту орнына, расында да, өліп кетсең, ол — арам өлім мурдәт кетуіңіз мүмкін. Онан да тергеушінің талап еткен “ұйымы болды” деп аздап мүшелерін көрсетсең қалай болар екен? Тергеушінің тамырын ұстап көріп, соған қарай іс жүргізсең қалай болар? Үмітсіздік — сайтан ісі, сабыр ет”, — деп қосып қойды. Шындығына жүгінсек, жаннан таярлық жағдайда едік. Қазіргі жағдайда еш күнәсіз қамақта отырып, кез-келген уақытта шақырып, орынсыз сұрақтар қойып, тура жауап бергеніңді қабылдамай, адам баласы көрмеген азапқа салса, одан көрі біржола құтылу жақсырақ болар — деген ой мені мазалай берді.
Кезек Яхия акаға келіп, оны тергеуге алып кетті. Бірнеше сағаттан кейін қайтып келді. Одан 1920 жылы Шауешекке Үрімжі жақтан келген жапондық әскери адамдар жөнінде сұрапты. Оларды Тарбағатай әкімі Шауешектегі ең жақсы ғимаратқа есептелетін Мирғабит байдың (Миряхия аканың қайын атасы) үйіне түсірген. Тергеушілер: сол кездегі әскери адамдардың тапсырмаларын, кімдермен байланыс жасағандарын, әлбетте өз үйінде болған адамдарды да жасырмай айтып бер, — деп қыстапты. Яхия ака: “Расында да 1920 жылы жазда бірқанша Жапондық адамдар Шауешекке келген. Ол кезде Тарбағатай аймағының дутыңы Жан дудың әмірі бойынша, қаланың жақсы үйлерінің бірі болған біздің мейманханамызға түсті. Бірнеше күн қонақ болды. Мен жас едім. Біздің ғұрып-әдетіміз бойынша олармен әңгімелесу — үлкендердің ісі деп қарадық. Оларды өз үйімде көрсем де, олармен әңгімелеспедім және ол кезде менің ісім – сауда істерін басқару ғана еді. Мен сол сауда істерімен айналысып, басқа істерге мән бермедім. Бұл мәселе жөнінде жас болса да көзі ашық, газет-журналдарды коп оқитын туысқанымыздан Мирюсуп Мирзатбаев білсе білер” — депті. Яхия аканың тергеушіге берген жауабына мен керемет ашуландым. “Сіз Мирюсупты түп тамырымен байлап беріпсіз ғой. Кіріп-шығып жүрген жапондық әскерлерді және қытай бастықтарын көргеннен басқа ол істен Мирюсуптың мағлұматының жоқ екендігі маған мәлім болатын. Бұл жөнінде Мирюсұптың басына қандай жағдайлар туар екен”, – дедім.
Бірнеше күннен кейін Миряхия аканы тағы тергеуге шақырды. Бұл жолы және қандай жаңалық, қандай сұрақтар болады деп күттік. Бірнеше сағаттан кейін Миряхия ака камераға келді. Яхия ака бізге қайтып камераға кіргенде: “Әлхамдулла, құдайға шүкір, сіздерді көруге бұйырған екен” — деген еді. Ол енді сәләмәт айтып, сіздермен бірге бола алдым демекші еді, күзетшілер оған: сен басқа камераға көшесің, — деді. Ол көрпе-төсек орындарын жинап алып шығып кетті. Миряхия ака кетуімен камерада бір алаңдатқан бостық сезілді.
Бесінші камерадағы Мырзахметпен белгілі тесік арқылы сөйлестім. Тағы шақырып тергеу жүргізіп, кінәларыңды мойныңа ал деп қинаса не істеймін деп ақыл сұрадым. Мырзахмет: “Үкіметтің бізді қолға алып, абақтыда жатқызуының себебін, өз пікірімше, істің қалай бара жаткднын бүдан бурьш айтгым. Одан кейін де талай ойланып, толғандым. Түбінде не қылса да айтқандарына қол қойдырып, мойындатпай қоймайтын көрінеді. Мен өзім болсам, ыңғайына қарап, қолдан келген дәрежеде жеңілірек жолменен айтқандарын мақұлдап, қол қойып беруге бел байладым. Басқаша еш қандай шара жоқ көрінеді. Қалғанын өзіңіз білесіз”, — деді.
Менің басым қатты. Камерадағылардың ішіндегі бірталай тәжірибелі, сөз білер Ғұлам қари акамен сөйлестім. Ол кісінің де басы қатқан, сасқан. Бүгін болмаса — ертең шақырып, қатты қысып, ұйым, басқалар жөнінде тергеу жүргізуі мүмкін. Айналамыздағы камерадан алынған хабарларға қарағанда, еш үміттенерлік, жан тыныштандыратындай хабар жоқ. Кей біреулерді қорқытып, жоқ ұйымды, олардың мүшелерін жаздырып, кінәсін мойнына алды қылып, қол қойдырып босатқан. Яғни, сұрақтан босатып, камераға қайтарған. Бірталай тұтқындарды: ойланып пікіріңді айт, — деп қайтарған. Қари ака көбінесе қиялға батқан күйде болатын. Ызасын тоқтаусыз темекі шегуден алады. Денсаулығы нашарлады, жүдеп кетті, көп жөтеледі. Осындай жағдайда ол да кесіп бір кеңес бере алмады. “Ақуалды естіп-біліп тұрып, құлақ естіп, көз көргенді алдымыздан оздырып тұрмыз. Бұларда — шындық деген бүтін адамзат үшін қасиетті ұғым жоқ. Бұлардан шындық деген атаулыға — мейірімділік, құрмет күту, қара тастан ақ сүт күткендей ғана. Басқа қандай теңеу айтуға да келмейді”, — деді.
Үшінші камерадағы Валихан Юсупов (сағатшы) ауырып, ауруханада 3-4 күн жатып шықты. Ауруханада бірталай адамдарды көріпті. Құлжалық саудагерлерден Ташмұхамед Инғамбаевты көріп, әңгімелесіпті. Ол да басынан өткен хикаяларын айтып: “Мені де тергеуге шақырып, тура айтқан жауаптарыма қанағаттанбай біраз қинап, жеке бөлмеге кіргізіп, жаныма жас ұйғыр сақшы жігітті қойып, тікемнен тік тұрғызып қойды. 4-5 сағат тұрып қиналдым. Азық-түлік тапшы болғандықтан әлсіреп, есімнен айырылуға айналғанда, мені күзетуге қойған жігіт: “Ака, былай өзіңізді қинап, өліп кетуіңіз мүмкін. Мен мұнда бірталай адамдарды, қылмыскерлерді де көрдім. Күнәсі бар, жоғына қарамастан, күнәлерін мойындаған болып тілхат бергендер, осындай ауыр қинаулардан құтылып, күнәлерінің ауырлығына қарап, ауыр жаза күтіп қорыққандар, бірнеше айдан бері аман-есен тыныш камерада жатыр. Бірқаншасы түрлі жерге қызметке де орналасты. Сіз өзіңізді қинамаңыз. Менің сіздің жеке басыңызға дұшпандығым жоқ. Түріңізді көріп аяймын. Осы кеңесті сізге шың пейіліммен беріп отырмын”, — депті. Сонан кейін тергеушіні шақырып, күнәлерімді растап, қол қоятынымды айтып босанып камераға қайттым. Біраз ес жиып, болмаған ұйым, оның мүшелері жөнінде тергеушінің талабына сай жазып, қол қойып бердім. Ұйым мүшелері деп бір қанша қайтыс болған адамдарды қосып көбейттім. Содан бері тергеу деген пәледен құтылдым. Анда-санда шақыртып: “Құлжа мен Іледегі пәленшені білесіз, солар қандай адамдар”, — деп бір қанша сұрақ беріп қайтарады. Әлгі сақшы жігіттің әбден қиналып, азаптанған кезімде берген кеңесі өзімнің де жанымнан түңіліп, не болса сол болсын, тәңірден көрдім деп алды-артыма қарамастан имза (қол қою) бергеніме енді разы болып қалдым, һам басқа тұтқындарға қиналмастан қол қойып беріп, азаптан құтылуға кеңес бере бастадым”, — деген Ташмұхамед аканың бүл кеңесі менің де көңіліме орныққандай болды. Енді тағы да тергеуге шақырса, жағдайға қарап әрекет жасауға бекіндім.
Міне, тағы тергеуге шақырды. Тергеу бөлмесінде мені Ғабдуллам қарсы алды. Қабақтары түйілген, түрінен зәр-зұлымдықтың лебі есіп тұр. Қыли көзін маған қадап, қысқа ғана: “Мұхаметжан, бірталайдан бері сені ойлансын деп шақыртпадым. Енді ойланып, бір шешімге келген боларсың. Жә! Тағы қулық жасап шыңдықты жасырып, істеген күнәлеріңді мойныңа алмақшы болдың ба, яки, ұйымның және оның мүшелерін, қылмыс істерің жөнінде жасырмай баян қылып жазып беруге разы боласың ба? Бүл менің соңғы ұсынысым. Не дейсің?” — деді. Мен ақырын ғана ұйым жөнінде жазып беруді келісетінімді айттым. Ғабдуллам мені жеке бөлмеге кіргізіп, қағаз-қалам беріп, біраз түсіндірме берген болып шығып кетті. Жә, не деп бастап, нелермен толтыруым керек. Күнәсіз бір қанша адамды үйттік, бүйттік деп жазу керек пе? Ойланып көруім керек.
Бірақ, бүл залымдар біздің өз еркімізбен шындық, ұждан талабына сай әрекет істеуімізге жол бермейді. Оларда аяушылық, адамгершілік, шын мәніндегі шыншылдық мүлде жоқ екендігі көрініп тұр. Өздерінің а дегенде құрған жоспарларын өмірге келтіру үшін әр қандай ауыр жаза қолданудан тартынбайды. Қысқасы, қазіргі сағатта менің алдымда өлім мен өмірдің мәселесі тұр (Я хаят, я мамай).
Бір қанша адамдарды болмаған ұйымның мүшелері еді деп өтірікті шын деп жазып беру, яки, шындықты айтып, азаптап қинағандарын көру!
Аннан құрап, мұннан алып біраз жазған болдым. Ұйым мүшелері еді, үкімет саясатына қарсы үгіт таратушылар деп бірнеше тірі (ол кезде) адамдарды, көбінесе, өліп кеткендерді көрсеттім. Біраздан кейін Ғабдуллам келіп, менің жазғандарымды көріп, қанағаттанбай, қайтадан жазғызып, анадай-мынадай тақырыптарды қос деп бұйырды. Оның айтқанындай қайтадан жазып шықты. Бірақ ұйым мүшелерін өзім жазғандай қалдырдым. Ғабдуллам тағы оқып шығып, бірнеше сөйлем қостырып, қабылдады. Жоғарыдағы бастықтарына көрсетіп, мүмкін қорытындысын хабарлаймыз деп мені босатып, камераға қайтуымды бұйырды.
Камерадағы жолдастарға: “Жай тергеу жүргізді” — дедім. Күнәсіздердің үстінен берген өтірік куәлігім үшін ұжданымның алдында азап шеге бастадым. Кірпік қақпай таң атырдым. Тамақ ішуге тәбетім болмады. 1-2 күн өткеннен кейін менің азап шеккен түрімді байқаған Ғұлам қари ака жанына шақырып: “Мулла Мұхаметжан! Сізді ақырғы тергеуден кейін бір нәрсе мазалап жүр. Себебі не?” — деп сұрады. Мен қысқаша баяндап бердім. Менің жауабымды естіген Ғұлам қари ака бірталай уақыт үндемей қалды, ойға батты. Содан басын көтеріп: “Молла Мұхаметжан! Тағдырдың жазғаны ғой, біздер мұнда қаншама ауыр жапа тартсақ та саф ұжданымыздың алдында жиіркенішті өмір сүріп жатырмыз. Осыншама қара күндер мен күнәсіз азап-зардаптардың салдарын көргенше, ажал мәрғұт бізді ертерек өз билігіне алса көп жақсы болар еді. Ендігі жағдайымыз мынау. Бізді ақты — қара деп, қараны — ақ деп түсінуге мәжбүрлеп жатыр. Бізде бұған қарсы шығар еш қайран шара жоқ. Біздер адам емес, хайуаннан да төмен мақұлықтармыз. Жазмыштың біздерге дайындаған сынағы бар шығар. Соларды басымыздан өткеруге мәжбүрміз. Қайғырмаңыз! Көпшілікпен көрген бұл істің ақыры қайырлы болсын деп жата беріңіз”, — деді. Екеуміз де көзімізге жас алдық. Ішіміздегі тығылып тұрған хисімізге жол бердік.
Мұнан кейін де Қари акамен жоғарыдағы мәселе жөнінде ақыл алыстым. Ол әр түрлі ақылдар айтып: егер оны да шақыра қалатын болса, тергеу үстінде қиналмастан айтқан ұсыныстарын орындап, өмірбаянын жазып, ұйым және олардың мүшелері жөнінде қосып жазуға бел байлағанын айтты.
Бұдан соң белгілі тесік арқылы, көрші камерадағы Мырзахметке де қысқаша жағдайды айттым. Ол: “Ақыры қайырлы болсын. Тергеушілердің көз-қабақтарының бітісі сорақы. Кейіптері де өте жаман. Бұлардан жақсылық күту, қара тастан сүт күткендей, жаныңызды қинамай құтылғаныңыз жақсы болыпты”, — деп жұбату айтты.
Енді келешегімді тәңірге тапсырып жата бердім. Біраз уақыттан кейін тергеуге тағы шақырды. Бұл жолы мені шауешектік (негізі тұрпандық) Исмағилбаевтардың Дөрбілжіңдегі сауда серіктігінің өкілі болып тұрған танысым Ясинахун қабылдады. Ептеп жағдайымызды сұрасқан болдық. Ясинахун: “Мұхаметжан әфәнді! Сіздің бір адам жөніндегі пікіріңізді білуге шақырдым. Сіз шауешектік Мирғабытбай Мирзаитбаевтың ұлы Мирхамидті жақсы білуіңіз керек. Ол қандай адам. Мақсаты, нысанасы неден ғибарат”, — деп сұрады. Мен: “Мирхамидті жақсы білем. Ол газет-журнал оқып, я дүниедегі саясатқа қызығып, сөзге араласқан адам емес. Ол Мирғабит аканың жалғыз ұлы. Бар өмірін ойын-күлкі, тамашамен өткізді. Оның мұндағы саяси тұтқындармен бірге болғанына қайранмын”, — дедім.
Сөйтіп сөзіміз аяқталды. Мен де камерама қайттым. Ғұлам қари акаға тергеушінің неге шақырғанын айтып, оған берген жауабымды қайталадым. Қари: “Жарайды, жақсы жауап қайтарыпсың”, — деді.
Бірнеше жылдан бері Үрімжіге жақын жерде Кеңес үкіметі жағынан қандай да бір зауыт салынып, жұмыс істеп жатыр — деп естігеміз. Үрімжіге келгеннен бері әр күні қаланың төбесінен ұшқан ұшақтың дауысы құлақ тұндыратын. Енді естуімізше, әлгі зауыт дегені — сырт елде орналастырылған әскери ұшақ зауыды екен. Айтқандарына қарағанда, мұнда астанадан арнайы келген мамандар мен жергілікті жәй жұмысшылар да бар екен. Зауыт өте үлкен, ғимараттары да зор. Мұнда астанадан келген мамандар орналасқан. Жергіліктілердің кіруіне тиым салынған. Арнайы рұқсат қағазымен ғана кіре алады екен. Арнайы ғимараттардың ішінде жергілікті жұмысшылар мен ұсақ саудагерлер үшін орын әзірленген.
1942 жылдың аяқ шенінен 1943 жылдың басында Шыңжаңның жергілікті дубаны Шың шы сай бастаған үкімет пен Кеңес үкіметі арасында келіспеушілік салдарынан аталған зауыт жабылып, ғимараттарының көбі бұзылған.
Бір күні Әкірәм қазіретті тергеуге алып кетті. Көп ұзамай қайтып келді: “Жәй тергеу жүргізді. Маған тамақ берді, қымыз ішкізді”, — деді. Аузынан спирттің иісі аңқып тұр. Ғажап! Бірінші тергеуде басқалардың жанын көзіне көрсетіп, ұрып-соғып, қорқытушы еді, қазіретке осынша ілтифат көрсеткендеріне таңдандық.
Сол күні біздің камерадағы Шың дубанның жақын жолдастарының бірі Ләнді де тергеуге шақырған еді. Бірнеше сағаттан кейін қайтып келді. Әншейінде өте биязы, ұстамды адам, өте абыржыған түрде оралды. Біраз демалып, тыныштанғаннан кейін Жау ди шанның берген сұрағына Ләң: “Мені тергеуге шақырды. Тергеу жүргізген — көзі көк, сары шашты, бірақ қытай тілін жақсы меңгерген еуропалық екен. Бұл жағдайды көріп енді Шыңжаң халқының тағдыры кімдердің қолына өткенін түсініп, өте кейідім, көндім бұзылды”, — деді.
Абақтыларға сатып беру үшін (әрине кассада ақшасы барларға) анда – санда азық әкеліп тұрады. Осы жолы піскен қозы еті, сүрленген қазы да әкеліпті. Бұл қазы — бізге ұқсаған бір бейшараны үкіметке қарсы шықтың деп, кінәсіз тұтқындап, мал-мүлкін тәркілеген біреудікі шығар. Қытайлар қазыны сүрлеуді қайдан білсін дестік. Бұдан басқа балық консервісі, какао, конфет бар еді. Мен өмірімде қырықтан асқанша балық консервасын жеп көрмеппін. Қызанақ пен шоқыр араласқан балық маған ұнап қалды. Кейінге де алып қойып, жеп жүрдік. Қанттың бағасы арзан болғандықтан да, мол алып қоямыз. Кейде піскен жұмыртқа да әкеледі. Тұтқындар арасында үйлерінен ештеңе келмейтіндері де бар. Алған ауқаттарымыздан оларға да бөліп береміз. Үйінен бір рет те сәлемдеме алмағандардан зайсандық Ибыраһим Сайфуллинге Миряхия ака өзінің жүннен тоқылған жейдесін берді. Ибыраһим ұзақ түрмеде жатқандықтан ба ашуланшақ, күйгелек болатын. Бірнеше жұмадан кейін жоқ бір нәрсеге ашуланып әлгі жейдені Яхия акаға қайтарып берді. Яхия ака сол жейдені камерадағы кембағал қытайға берді. Ол алғысын айтып қабыл алды.
Тамыз-қыркүйек айлары өтіп барады. Күз де келді. Әр түрлі жеміс жидектерді жей алмадық. Алма, алмұрт, қауын, қарбыз, жүзім сұрасақ: “Тұтқындардың ішінде іш ауруы бар, бере алмаймыз”, — деп қайтарды.
Миряхия аканы тағы тергеуге алып кетті. 3-4 сағаттан кейін камера есігі ашылып Миряхия ака көрінді: “Құдайға шүкір, сіздерді аман-есен көре алдым”, — деп өз орнына жақындай бергенде, артынан 3-4 сақшы келіп: “Сен басқа камераға көшесің”, — деп Яхия аканы көрпе-төсек, киім-кешектерін жинаттырып, өзімен қоса алып кетті. Жөндеп қоштаса да алмай қалдық. Шауешектен бірге келгендерден Яхия аканың орны бос қалды. Не шара!
Бұл арада тұтқындарға азық-ауқат алып келіп сататындар келмеді. От басымыздан сәлемдеме, ақша келу тоқтады. Енді қинала бастадық. Кассадағы менің есебімдегі ақша да аз қалған. Өзімізді зорлап баяғы сусымақ сорпа, ми таң (күріш суы) һам нанды жеуге кірістік. Арамыздағы Құмыл жағынан келген қарт қазаққа бұл жағдай өте қиын соқты. Өйткені, ол ми танды былай қойып, тіпті түрменің нанын да жей алмайтын. Камерамызды тексеріп келгендерінің біріне өзінің жағдайын айтып, ет әкеліп беруін жалынып сұраушы еді. Келген өкілдер осы адамның тілегін дәптерлеріне жазып алып кетсе де, ешқандай өзгеріс болмайтын.
Екінші камерадағы тұрпандық жігітті тергеуге шақырып, тура жауап бермедің деп коп қинады. 2-3 күн ұйықтатпай тікесінен тік тұрғызып қойды. Әбден жағдайы нашарлап, талып түскенде ғана камераға сүйретіп әкеп тастады. Жанымыздағы 5-камераға қазақ жігіт келіпті деп хабарлады. Белгілі тесік арқылы сөйлестік. Ол алтайлық екен. Замана ақуалынан хабардар екені байқалады. Ол Мирюсуп отырған камерадан келгенін айтты. Мирюсуптың мінез-құлқын мақтады. Бірақ кейінгі тергеуде он күндей тікесінен қойып, ұйықтатпай, қинап азаптаудан екі аяғы күп боп ісіп, жүру-тұрудан қалғандығын айтты. Тамаққа мүлдем тәбеті соқпайды екен, үйінен келген тамақтардың да дәмін ғана көріп, қалғанын камерадағыларға таратып беретін көрінеді. Мүмкін Мирюсуптың мұнша қиналғаны — Миряхия аканың 1920 жылдары Шауешекке келіп Мирғабит бай мейманханасына жайғасқан жапондар жөнінде тергеу жүргізгенде: Мирюсуп білсе білер, — деп Мирюсупке аударғанының салдары ма екен?
Кейінгі кезде айналамыздағы камер алардан тергеуге шақыру көбейе бастады. Олардың тергеу кезінде білмеген, хабары жоқ сұраққа тура берген жауаптарына қанағаттанбай, күнәсіз бейшараларды орынсыз қинап, азаптады.
Біздің камерадан Қожанияз хажының арнас (оқ қағар) әскерлерінен болған Самсақты тергеуге шақырды. 2-3 сағаттан кейін ес-түссіз сүйретіп, оны камераға әкеп тастады. Оның сөйлеуге шамасы жоқ. Бір уақытта өксіп-өксіп жылап, 2-3 сағаттың ішінде көрген азап пен қорлығын көз жасымен жуып, тоқтаусыз Қожанияз хажыны coға бастады. Оның жанында қызмет істегеніне өкініп, күйінді. Тергеу кезінде қалай қинағаны жөнінде сөйлемеді. Бірақ тергеу Қожанияз жөнінде екені байқалып турды.
Осы жағдайларды көріп, естіп отырып ептеп сираһат көпірінен өткен болып есептелсең де, жүрегіңнің бір түкпірінде: тағы бірдеңе тауып әуре қылмаса жарар еді, — деп көп ойланып толғанамын. Өйткені бұлардың сөздерінде де, уәделерінде де сенім жоқ.
Кейінгі он күн ішінде тағы бір қорқынышты хабар тарала бастады. Біздің қатардағы б-камерадан біреу ауырып қалып, бірер жұма ауруханада жатып, емделіп келіпті. Ауруханада (әлбетте, тұтқындарға арналған хәстәханада) Үрімжінің түрлі жерінен “саяси қылмыстылар” деп тұтқындалған аурулардың саны бірталай сияқты. Ара-тұра сөз арасында естуімше: құмылдық пәленше — тергеу кезінде қинағандарына шыдай алмай өліп кетіпті. Ақ сулық пәленше — тергеу кезіндегі қинағандары үшін ақылынан адасып, жынданып кетіпті. Кейбіреулер тергеушілер жағына шығып алыпты. Өзінің таныстарының, бұрынғы жолдастарының тергеуі үстінде орынсыз, негізсіз қойылған айыптарын мойындамаса өтіріктен: “пәленше келіп, пәленше уақытта, пәленшенің үйінде жасырын мәжіліс өткізіп, үкіметке қарсы үгіт-насихат жүргізуді ұсынған емес пе едіңіз? Орынсыз сылтаулар көрсетіп, үкіметіміздің әділ шешімінен құтыламысың? Турасы, күнәңізді мойындап үкіметіміздің әділ де мейірімді шешіміне разы болып, өзіңізді тапсырыңыз. Сонда ғана мынадай азаптардан құтыласың”, — дейді екен.
Бірнеше күннен кейін мені тағы тергеуге алып кетті. Бұл жолы мені бас тергеушінің бөлмесіне апарды. Мұнда мені белгілі Һашімхажы мен онша таныс емес бір қазақ жігіті қарсы алды. Һашімхажы маған қарап, қарсыда отырған жігітті таныстырып: “Мына кісі Виян жанның (Шыңжаң өлке бастығы, гоминдаңға Шың дубанның демекші) арнайы өкілі пәленше (аты есімде қалмапты)”, — деді. Біраз үндемей отырғаннан кейін әлгі жігіт менен хал-ақуалымды, әсіресе, түрме жағдайын сұрастырды. Мен жақында тергеуде болғанымды, олар: еш қандай болмаған істерді — болды, істемеген істерді -істедің деп зорлықпен нақақ қол қойдырғандарын, абақтының жағдайының нашарлығын айттым. Жігіт қапа болмастан, ықыласпен менің сөзімді тыңдап отырды. Артынан біраз жымиып: түрме жағдайы әр кезде, әр заманда осындай болғанын, абақтыдағы тұтқындардың тура мағлұмат бермейтіндіктері жөнінде ұзақ сөйлеп өтті. Ол сөз арасында орысша сөйледі және қимыл-әрекеттерінен бұның да шыңжандық емес, батыстан, яғни, Кеңес одағынан келгені байқалды.
Әлгі қазақ жігіті жеке маған қарап: “Сізді мұнда шақырғанымыздың себебі — сіздің көп және жас балаларыңыз бар екен. Өзіңіздің Шауешек тұрғындары арасында, әсіресе, жастар арасында беделіңіз бар екен. Соның үшін Шауешекте және қала айналасында біздің осы мекемемізге жұмыс істеп, қолғабыста болуыңызды тапсырмақшымыз. Мына ұсынысқа қалай қарайсыз?” — деді.
Мен мынадай саяси істерге қатынаса алмайтынымды, қолымнан келмейтіндігін айттым.
“Сіздің қолыңыздан не келіп, не келмейтіндігін біз жақсы білеміз. Сіздің шаһарыңыздан қаншама тұтқындар қолымызда. Сіздің жас балаларыңыз көп, қалада абройыңыз бар, жұмыс істеп, соның арқасында күн көрсін деп сізге ұсыныс жасап отырмыз. Басқаларға айтсақ, мұндағы жағдайдан қажығандар еш қандай қарсылықсыз қабыл алатындарын түсінеміз”, — деді. Һашімхажы тұрып: “Қабыл алмасаң, алма! Осы абақтыда өмір бойы жатып, шіріп өл. Сен жақсылықты түсінбейтін адам екенсің”, — деп айғайлады. Қазақ жігіті: “Һашімхажы, сабыр қыл. Жақсылап түсіндірдік. Әлбетте қабыл алар” — деді. Маған қарап: “Сізге шаһарыңызға қайтып бара сала жұмысқа кірісіп, аспандағы айды алып кел деп тапсырма бермейді. Әр кімнің әліне келетін жұмыс тапсырылады. Осыны жақсылап ойланыңыз”, – деді. Мен: “Тым құрығанда 2-3 күн ойлануға мұрсат беріңіз, ойланайын”, — дедім. Жігіт: “Жарайды, ойланыңыз, бірақ камерадағыларыңызға сырыңызды білдіруші болмаңыз. Әрине, ол жағынан да біз хабардар бола аламыз. Сонда сізді ауыр жазаға тартамыз”, — деді.
Мен өз камерама қайтып келдім. Әр жақтан шақырудың себебін сұрастырып жатыр. Мен әдеттегідей тергеу туралы ашып жауап қайтармадым. Екінші күні ебін тауып Ғұлам қари акаға жағдайды айттым. Ол кісі ұзақ ойланып, ұсынысты қабыл алуымды мақұлдады. “Өйткені, қазіргі жағдайда тез босап кетуден үміт жоқ. Қалай дегенде де еркін дүниеге шығып, от басыңды көріп, жалпы дүниенің қазіргі жағдайымен жақсы танысып, ағымымен жүру керек. Сіз ұсынысты қабылдамасаңыз, Шауешек үшін екінші біреуді босатып, тапсырма беруі сөзсіз”, — деді. Мен Ғұлам акадан сырымды басқаларға айтпауын қайта-қайта өтіндім. Қари: “Басымнан талай сынақты өткізгемін. Мен жас емеспін, алаңдамаңыз. Егер босап кететіндей болсаңыз, от басыма тапсырмаларым болар”, — деді.
Үшінші күні белгілі тесік арқылы Мырзахметпен сөйлесіп, оған: Өзім емес, камерадағы басқа біреуге босану жөнінде айырым шарт қойып, ұсыныс жасапты. Ол адам қабыл алмай тұр. Сіз қалай қарайсыз? — дедім. Мирзахмет ака Ғұлам қаридың пікіріне жақынырақ сөйледі. Егер өзіне осындай ұсыныс болса, ешқандай қарсылықсыз қабыл алатынын айтты. Мен тағы 1-2 күн ойландым. Қабыл алмай осы абақтыда ұзақ уақыт жата бергенімді, артынан босап шығып, туып өскен жерді, елді, от басымды көргенімді бір-бірден көз алдыма келтірдім. Сайып келгенде: не де болса айтқандарын қабылдап, елге қайтып бірнеше ай тұрсам да, олардың тапсырмаларын орындай алмасам бәрібір осы абақтыға қайтып ораламын. Маған ел-жұртымды тағы бір рет көрейін, оған дейін дүние ақуалы тағы өзгеріп қалар — деген қорытындыға келдім. Әлбетте, әр түрлі ауыртпашылықта заман кешірермін. Мына заман менің пікір қорытындыма қандай жауап берер? Тағдырдың алдымда тағы қандай сиы бар? Бұл жағы қараңғы. Қазіргі жағдайда не үміт бар. Алдымда — қара түнек. Не де болса тәуекел!
Екінші рет шақырды. Шақырушылар Виян жанның арнайы өкілі қазақ жігіті және Һашімхажы еді. Һашімхажы бастап: “Біздің ұсынысты қабыл алатын болдың ба? Не қараңғы түрмеде азап шегіп, қалған өміріңді осында оздырайын деген қорытындыға келдің бе? 2-3 күн ойлануға мүмкіндік бердік. Бұл аз уақыт емес. Тез өз пікіріңді баянда. Біздің басқа жұмысымыз көп”, — деді. Мен тітіркеніп, қалтырап: “Қолымнан келетін іске дайынмын. Бірақ ауыр істерге баруды тілемеймін”, — деген болдым. Қазақ жігіті күлімсіреп: “Сізге қолдан келмейтін жұмыс тапсырмайды. Бұрын айтқанымдай, аспандағы айды алып кел деп ешкім бұйрық бере алмайды.
Мына ұсынысты екіленіп тұрмай қабыл алыңыз. Бұл сөздердің қанша тура екенін босанып шыққаннан кейін түсіне жатарсыз. Аймақтың тұрған жеріндегі елші қызметкерлерге де және гомин жүйге (полиция) де сездірме. Олар жақтан қызметке ұсыныс болып жатса қабыл алма. Тек қана өзіңнің лақабыңды айтқан кісімен ғана ашылып сөйлесесің”, — деді. Һашімхажыға қарап: “Біздің ұсынысты қабыл етіп, жұмыс істеу жөнінде қол қойдыр”, — деді. һашімхажы бұрыннан дайындап қойған болуы керек, менен қайталап аты-жөнімді, тегімді, туған жерімді, қазіргі жұмысым мен тұрған жерімді, жасымды сұрап жазды да: “Сенің жасырын лақабың “Портос” болды. Мұны ұмытушы болма. Көрінген жерге жазып жүрме. Кісіге тіпті сөйлеуші болма. Енді жақын арада абақтыдан босап шығасың. Камерадағыларға сездірме” — деп шегеледі. Камераға қайтқан соң ондағылар неге шақырды деп сұрай бастады. Мен: “Жәй сұрақтар. Білмеген, көрмегендерді сұрап әуреледі”, — деп жауап бердім.
Екінші күні Ғұлам акаға сырымның бір шетін айттым. Ол жақсы қарсы алды. Тездеп өзінің де сондай бір қызметке ұсыныс аларына үміттеніп, босай қалса — от басына барып, әсіресе, кішкентай ұлын көкірегіне басып, арманына жетуді көз алдына елестетіп, құзырланып сөйлеп кетті. “Бұл бір бастама ғана. Артынан бірталай адамдар босатылуы мүмкін. Мұнда бізді босқа ұстап артық қаражат жұмсағанша, бұларды босатып, үкімет тапсырмасын орындаушыларды көбейту — қаржы, саяси жақтан тиімді” екенін баяндады.
Мен қашан босап шығатынымды күтіп жаттым. Әр күні сақшылар камера есігін аша бастаса, мені босатуға келген шығар деп күтудемін.
Арада бір жарым айдай уақыт өтті. Ғұлам қари анда-санда: “Молла Мұхаметжан! Сізді ұмытқанға ұқсайды, әлде бұл да бір саясат па екен. Осы күнге шейін бір дерек жоқ”, — деп қоюшы еді. Егер мен босанып шықсам, оның да босап шығуына үмітінің барлығын, әзірше ең керегі — үлкен мамық жастық жіберіп берсе, жатуға жұмсақ, рахат болатындығын тапсырған еді.
Қарашаның ақыры еді. Күн бірталай суытқан. Камера суық, әлі от жақпады. Менің киімім, төсек орным қалың болғандықтан онша қиналмадым. Жазда жұқа киіммен келген бірнеше тұтқындар қиналып кетті. Оларға уақытша пайдалануға киім-кешекпен көмектестік. Әсіресе Құлжаның Сүйдүң қаласынан келген Калачов деген орыс (қазақ орыс офицері, ақтардан болған) өте жеңіл киіммен келген еді. Оған пальтомды бере тұрдым. Өзімнің қасқыр ішігім бар еді.
Дайындалған екі шағын автомашинаға 14 кісі отырды, маған және үрімжілік Ғаббас әфендіге орын болмағандықтан, сол жерде тұрған бір “мафаге” (екі дөңгелекті қытай арбасы) отырғызып қақпадан шығарды. Машинадағылар тез көзден ғайып болды. Ат жеккен мафаға отырған біздер ақырын ғана кетіп барамыз. Неше айдан бері қараңғы зынданда жатып, міне, бүгін бірінші рет ашық күзде еркін, халық жүріп жатқан көшеде басқа мафаларға ілесіп кетіп барамыз. Шет көшелерден өтіп базар ішіне кірдік.
Шауешектен келген біздің машиналардың жүргізушілері Фатих Шанышев пен Мифті қақты, тағы бірнеше адамдарды көрдік. Біз аз тоқтап, біздің азат болғанымызды, енді босап шығып қайтатынымызды айттық. Шауешектегі бала-шаға, ағайындарды сұрастырдық. Мафа жүріп кетті. Қаптаған адам жүрген сол базардан шәуешектік Тұрсын Измайылбаевты көріп қалдым. Ол мафаға ілесе жүгіріп, хал сұрап келеді. Базар толы халық. Дүкендер толы зат. Бұларды көріп, бірнеше сағат бұрынғы жатқан жағдайымды көз алдыма елестетіп қайран болдым. Түс көргендеймін. Жолда Ғаббас әфеңдінің 14-15 жасар баласы кезігіп қалды (Ғаббас әфенді 15-16 жылдары болуы керек Тұрпанда балаларды жаңаша оқытқан Хайдар Сайранидің шәкірті, соңынан өзі де біраз уақыт бала оқытып, кейіннен “Совторгпен” сауда істерін жүргізген. Сәуір төңкерісінен кейін (1933 жылғы) Қожанияз хажымен араласып, әскери, мүлки істеріне араласқан). Ғаббас әфенді баласына абақтыдан бір жолата босап шыққандығын айтып, сабын зауытына арбамен келіп, заттарын алып кетуін тапсырды. Бір аздан кейін сабын зауыты моншаханасына жеттік. Екі сақшы қақпаны ашып кіргізді. Кең, үлкен қора ішінде бір қабатты ғимараттар салынған. Жартылай еуропа, жартылай қытай үлгісінде. Біздерді үлкен қамба сияқты бір үйге кіргізді. Еденге ескі, тозығы жеткен киіздер төселген. Үй үлкен темір пешпен жылиды екен. Бір неше құлжалық (арасында Құлжада бұрын мен керген, сақшыда істейтін таз бар. Тұрпандық да бар. Шаушектіктерден 1918-1919 жылдары “Тарбағатай бүркіттері” атанған, ақтарға қарсы күрескен партизандардың бастығы (соңғы кезде Мирюсуфте қызмет істеген) орысты көрдім. Қорада арлы-берлі жүрген әр түрлі қызметтегі адамдар. Көбі оңтүстік Қашқар жақтан келгендер екен. Бұрын бастамашылық жасап, кейін қытай топырағына кірген өзбектер көрінеді. 4-5 орыс, бірнеше қытай, ұйғырлар бар екен. 10-15 сақшы бар. Бастығы бір ұйғыр жігіт екен, өзі ақ көңіл, шала сауаттау адам. Келген күннің ертеңінде бізге ақылын айтты: “Ағайындар, сіздер біздің зауыт (сабын) мекемесіне жаңадан келгендерсіздер. Мұндағылардың жақсы-жаманын танып білмейсіздер. Мен сіздерге бірнеше адамды көрсетіп қояйын. Олар мұнда үкіметтің жасырын агенттері. Сақ болыңыздар. Олардың алдында түсінбей, қалай болса солай сөйлеп, пәлеге ұшырап қалып жүрмеңіздер”, — деді. Алысырақ тұрған бір ұйғыр жігітті көрсетіп: “Әнеу тұрған, қолын дәкемен байлаған жігіттен сақ болыңыздар, тағы бірнешеуін көрсетіп қоямын. Сіз бен біз біртүтас мұсылман балаларымыз. Жаным ашып сіздерге айтқаным ғой”, — деп қойды. Күндіз камерадағыдай тамақ келді (әрине абақтыдағыдан біраз жақсырақ), ыстық, жаңа тандырдан шыққан нан жедік. Әсіресе, тандыр нан бізге қатты ұнады. Тандырдан шыққан нанды дайындағандар жоғарыда айтылған Қашқардан шыққан өзбектер екен. Қораға шығып жүрдік. Енді бізді қашан босатады екен деп күтумен болдық. Мұнда қораға шығып жүру еркін болса да, қақпадан шығуға тиым салынған. Кеш батты. Нанымызды жеп, шәйімізді ішіп, жататын болдық.
Дәретке арнап бидон қойды. Біз тәңертең босап кетіп қалуды үміт етіп ұйықтауға жаттық. Я, Алла! Мұндағы қақпаланың көптігі сонша, түнімен кірпік қақпай шықтық.
Таң атты, есік ашылды. Енді күн ұзын қорада жүреміз. Бүгін де босап шығудан дерек жоқ. Осы жерде шағын (4-5 кісі жұмыс істейтін) сабын зауыты, киім тігу машиналарында киім тігетін 15-ке жақын ұйғырлар, кішкентай орыс баспасы, ағашшылар жұмыс істейтін жер, наубайхана бар екен. Сабын зауытында өзбектер, баспа, ағаш істерінде – орыстар жұмыс істейді екен. Бізді әлі де жұмысқа тағайындаған, не ұсыныс жасаған кісі жоқ. Күні бойы бос қорада арлы-берлі жүріп, ісханаларға кіріп, тамаша қылған болдық. Кешке таман өз еркімізше асықпай моншаға кіріп жуынып, кірімізді жуып шықтық. Түнімен қандалалармен алысып шықтық.
Бұл жерде үшінші күнбіз. Әлі де босатып шығарудан дерек жоқ. Енді тағы біраз уақыт осында қаламыз деп шештік. Абақтыға қарағанда мұнда көп еркін. Тілеген кезде дәретке бара аласың, дайын қайнаған судан шай шығарып ішіп, тандыр нанын жеу мүмкіндігі бар. Моншалары қала бойынша тәртіпті монша деп, көпшілік тұрғындарға кызмет етеді екен. Түрмедегі кезімізде бірнеше рет келген болатынбыз. Кешке (қала халқы тоқталғаннан кейін) тілегенімізше жуынамыз.
Біраз күннен кейін біздің арамыздан бірнеше адамды киім тігу ісханасына жіберді. Бірқаншасын моншаға жұмысқа белгіледі. Мені мен Ғаббас әфенді екеумізді кішкентай баспаханаға қызметке алды. Мәтбуғат (баспахананы) басқарушы ішкі Қытайдан Манжұриядан келіп шыққан, әбден орыстанып кеткен поляк еді. Мағлұматы бастауыш орыс тілі болып, жазғанында орыс грамматикасынан көп қате жіберетін. Оған қарағанда менің мағлұматым артық болып шықты. Баспаханада әр түрлі есеп-қисап бланкалары сияқты ұсақ-түйек істер көп, заказдар жетерліктей еді. Бастық поляк баспа машинасын (кішкене станок) әр кезде жөндеп, ретке салып берді. Мен де заказдарды көрсеткеніндей басып шығара бастадым. Ғаббас маған көмекші болды.
Бастығымыз әр күні еркін қалаға шығып, базарға барып, түрлі мекемелерді аралап, заказ қабылдап қайтады. Ақшамыз болғанда ол арқылы базардан керегімізді алдырып тұрдық. Менің баспаханаға орналасуыма бұрынғы танысым, ескі Колчактің ақ офицері Потапов себеп болды. Зауытта кейбір қызметкерлер үкімет тарапынан тағайындалған екен. Баспаханамыздың үлкен терезесі көше жаққа қараған. Моншадан шыққандар біздің тереземізді жанап өтеді. Терезеге жақынырақ тұрып, моншаға келген таныстармен ишарамен амандасып қаламыз. Айналамызда бөтен кісі болмаса, аздап сөйлесіп те үлгіреміз. Қараша бітіп, желтоқсан кірді. Босату жөнінде еш дерек жоқ. Біздің баспахана жақсы жұмыс істегендіктен 2-3 күнде бір қойдың етін сыпырып, сүйегі ғана қалған тос алып келіп береді. Мәзнұр оны үлкен шелекке салып асып, сорпасына кеспе салып береді. Мен Шауешекте жүргенде осындай сүйекті сатып жатқанын көп көруші едім. Оны алушылар көбіне сібе-солаң, кедей қытайлар болатын. Осыдан қандай тамақ жасауға болады екен деп ойлаушы едім. 2-3 күнде бір әкелетін осы сүйекті енді біз де қуана қарсы алатын болдық. Өйткені, сорпасы тәтті де күшті еді. Жұмыстағылар (ақшасы барлар) осында анда-санда ақша жинап, палау жасатып жеуді әдетке айналдырды.
Желтоқсанның аяқ шені. Түрмеден келген 16 адамды шақырып: “Сіздерді босатамыз. Рәсмиет үшін қалаға шығып, таныстарыңыздан кепілдік қағаз әкеліңіздер”, — деді. Қасымызда 3-4 әскер еріп қаланың ортасына, біздің таныс-білістеріміз бар Яңханға (бұрынырақта орыс тұрғындары тұрған район) кеттік. Яңханда таныстардан Юсупжан қари Ильхамжановты, тағы бірнеше кісілерді тауып, мөр басылған үш кепіл қағазын алып қайттық. Осы жолы бірталай таныс ағайындарды көрдім. Бала-шағаларымның амандықтарын білдім. Енді зауытқа барып, біржолата босап шығатынымызды ойлап қуанып келдік. Бірақ бүл күні босату әрекеттері байқалмады. Бірнеше күннен кейін, жаңа 1939 жылды қарсы алу істері басталды. Асханалардың алдына қытайша — ұйғырша жазылған үгіт-насихат транспоранттары ілінді. Тұтқындарға үш күн демалыс жариялады. Біз Құлжа, Тұрпан, Құмылдан келген ұйғырлардың көмегімен кішкентай әдеби кеш өткіздік. Мұнда ұйғыр жастарынан тұрпандық Қасымахун Парсаев, Махмұд Сыжаңның ұлы Ғабділхамиттердің орындауында көсем дубан Шың сы цыйды мадақтап декламация, оның артынан бұрын жаттап алған ұйғырша өлеңдер болды. Біздің баспаның меңгерушісі поляк – орыс әр түрлі фокустар корсетті. Қайдан әкелінгені белгісіз, ұйғыр музыканттары келіп, кештің аяғы биге ұласты. Мен кешті басқарушы болдым. Осылай кішкене бір бөлмеде әдеби кешпен жаңа жылды қарсы алдық. Жылға жақын уақыт абақтының қараңғы түнегінде жатып, қиналып, өмірден үміт үзген біздер үшін осы жай бір ғана кеш мәдениетті елдердің үлкен қалалардағы опера, театр, балет кештерінен артық кеш болды.
Жаңа жылдың үш күнінде тұтқындардың бәріне ерік берілді. Әлбетте, сыртқа еркін шығып жүруден басқа. Үш күн ұйғыр, қытайлар құмар ойынына берілді. Құмар ойыны үкіметтің арнайы шешімі негізінде 1934 жылдан бері қатаң тиым салынған болатын. Тұтқындарға күнделікті беріліп тұратын тамақтарға біраз өзгеріс енгізіп, манты (көкөністен), жыңму, фунтозы сорпалары сияқты тамақтар берді. Осылай жаңа жылдың үш күні де өтті. Біз зауыт пен моншада тұтқындар есебінде қала бердік. Баспахана терезесінен шәуешектік, үрімжілік таныстарды көріп ымдап сәлемдесіп қаламыз. Мұнда бірнеше рет шәуешектік Тұрсын Измайлов терезе арқылы Шауешектегі отбасымыздың аман-есендігін және менің абақтыдан моншадағы зауытқа ауысқанымды отбасыма хабарлағанын білдіріп келіп кетті.
Күн жылына бастады. Көше жаққа қараған форточканы ашып қойып, жыр жырлап (көбінше татарша), музыка ойнап өмір оздыра бастадық. Зауыт, монша, ісхана бастықтары мына әрекетімізден хабардар ма, жоқ па, білмейміз, бірақ біз уақыт тауып өз концертімізді жалғастырдық. Моншаға келушілер терезе жанынан өткенде, біздің жақтан шыққан музыка әуеніне таң қалып, біраз тоқтап өтуші еді. Көктем келді, сәуір жақындады. Ол кездерде барлық Шыңжаң (Шығыс Түркістан) үшін ең қымбатты, қадірлі күндердің бірі 12-сәуір — Төңкеріс күні үлкен мереке болатын. Оған да санаулы күндер қалды.
А, құдай! Зарығып күткен осы 12-сәуірде азаттыққа шықпай қалсақ, келешегіміз не болмақ? “Түрмеден шығасын” деген уәделері қайда қалды? Бәріміздің де жүйкеміз жұқарып, қапа бола бастадық. Арамыздағылардың ішінен үкіметке тіл тигізіп, балағаттағандар да болды.
11 – сәуір күні болатын. Күн ашық, жылы. Біз әдеттегіден ертерек тұрдық. Таңертеңгі шәйге тәбетіміз жоқ. Бүгін біз бостандыққа шығамыз, не ұзақ уақыт тұтқын болып қала береміз. Сағат жылжып өтіп жатыр. Жағдайымыз күндегідей, бір қалыпты. Жүйке тамырымыз әрекетке келе бастады, нәумездік басты. Осы уақытқа дейін бір белгі, ишара болмаған соң, таты ұзақ уақытқа тұтқын болып қалдық деп шешім жасадық. Кең қораның әрбір жерінде топтасып өзара сөйлесіп, мұңдарын шағады. Түрлері солғын.
Түстен кейін сағат төрттер шамасында Һашімхажы, жанында 2-3 көмекшісі бар, бір камераға кірді деген хабар жетті. Бізге жан кірді. Екінші жақтан бұл залым-бәтбахит тағы қандай мақсатпен келді деп алаңдадық. Аздан соң біздің группамыздағы 16 адамды бірден шақырып, 5-10 минут сұрақтар қойып, шығара бастады. Ең ақырында мен кірдім. һажімхажы маған қарап: “Ертең ұлы мейрам — 12-сәуір. Сол ұлы күн құрметіне Вияң жаң сізді босатуға шешім қабылдады. Берген уәделеріңізді жадыңыздан шығармассыз. Шапағатты, мейірімді әділ үкіметтің қадірін біл. Сенің үстінде көп істер бар екен. Бірақ: Вияң жаң үкіметіне адал жұмыс істеймін — деп қол қойғандықтан сені босаттық. Өткендегі кінәлеріңді ұмытпа. Сенің кінәлеріңді біліп тұрып, сені азат еткен үкіметке әрдайым адал бол. Қазірден бастап біржола босайсыңдар. Бір неше күнде рұқсат жол хат алып, тұрған жақтарыңа қайтасыңдар”, — деп сөзін бітірді.
Түрмеде бірге болған жолдастармен бірге жабдықтарымызды жинастырып, қақпаны ашып, босатып жіберуін күте бастадық. Бұрын осында тұрғандардың кейбіреуі қоштасып кетіп жатты. Қашқардан келген бір түрік те келіп, бәріміздің қолымызды қысып қоштасып кетті. Біздің кетіп, өзінің қалатындығына ренжулі еді. Көздеріне жас толған кейпінде камераға кіріп кетті. Міне, зарығып күткен минут жақындады. һашімхажы бәрімізді бір-бірден көзімен тінтіп, қағазға жазылғандарды қайта тексеріп шықты да, қақпаны ашып, біздің группамыздағы 16 адамды сыртқа шығаруды бұйырды.
Гуілдесіп, асығыс көшеге шықтық. Бірнешеулері кез келген арба-мафаларға жабдықтарын тиеп кетіп те бара жатты. Құлжалық екі кісі, біреуі Хасанахун, үшеумізге көлік болмай қалды. Тез көлік алып келу үшін Хасанахунды жабдықтарымыздың жанына қалдырып кеттік. Көше бойлап кетіп барамыз. Артымыздан шақырып заводқа, кейінгі мекен жайымызға алып кететіндей қорқамыз. Асығыс жүріп екінші бір көшеге бұрылып, монша-зауыдтың қақпасы көзден ғайып болғанда ғана, көшенің екінші жағына шығып демалдық. Еркін дүниені көргенімізге құдайға шүкір айттық. Рахаттанып қалдық. Орнымыздан тұрып көлік іздеуге кірістік. “Хотан” атты бір деңге келіп, бір бөлме жалдап, зауыт қақпасына барсам Хасанахун көлік тауып кетіп қалыпты. Яңханға (Үрімжінің ең үлкен көшесі) барып, шәуешектік Тұрсын Измайлбаевті көріп, босанғаным жөнінде айтайын деп барсам, ол бір жаққа кетіп қалыпты. Табылмады. Үрімжілік таныстарымыздың біреуіне өзімнің “Хотан” сарайында екендігімді, босағандығымды айтып қоюын өтініп сарайға қайттым. Хасанахун да келіп үлгірген екен. Оның таныстарынан бір ұйғыр күзгі Тұрпан қауынынан үлкен біреуін алып келіпті. 1938 жыл бойы аузымызға тимеген қауыннан бірнеше тілім жеп рахаттандық.
Уақыт құтпаннан кейін болатын. Хасанахун: “Жақынырақ сарайларға барып, Құлжадан, Шауешектен келуші шофер — саудагерлер болуы мүмкін. Ішінде таныстар да бар шығар. Жүріңіз, барып қайтайық”, — деді. Екеуміз жақынырақ орналасқан сарайлардың бірнешеуіне кіріп шықтық Біз іздеген адамдар онда жоқ болып шықты. Жоғарырақ жайғасқан бір дөңге бардық. Бір үйдің есігін ашып кіріп едік 5-6 шәуешектік таныс саудагер – шоферлер отыр екен. Біздің аяқ астынан кіріп келгенімізді көріп, олар абыржып қалды (түрмеде отырған адамдар бір мақсатпен келіп қалды ма деп сасқалақтапты). Мен бірнеше сағат бұрын босап шыққанымызды, Шауешектегі бала-шағамның аман-есендігін білейін деп келгенімді айттым. Таныстарым а дегенде кішкене кідіріп, кейіннен ашылып сөйлесе бастады. Ішінде Камалиддиннің ағайындарынан біреу біздің сұрағымызға толық мағлұмат бере бастады. Мені қолға ала сала складтарды, бірнеше бөлмелерді печаттап қойғаны және қолда қалған мал-мүлік жөнінде сөйлеп шықты. Бұларды ол менің балдызым Камалиддиннен естіген болуы керек. Біз қолға алынғаннан кейін ағайындардың ішінде қайтыс болғандары жөнінде де естідік.
Отбасымыз жөнінде қанағаттанарлық хабар естіп сарайға қайттық. 12-сәуір күні ерте тұрып, шәй ішіп, базар жаққа беттедік. Мерекеге байланысты жиынға — алаңға кетіп бара жатқандарды көрдік. Мұндағы ұйғыр, қытай үйірмелері (олар өздерінің ұлттық музыкаларын ойнап бара жатты), өзбек, татар үйірмелері өздерінің транспаранттарын көтеріп алдымыздан өтті. Біраздан кейін Тұрсын Иманалиев келді. Құшақтасып жылап көрістік. Ғаббас әфенді де келіп қалды. Үшеуміз мерекеге араласып, жиын өтетін жерге қарай беттедік. Ол жерге адам өте көп жиналыпты. Түрлі ұлт ұйымдары жиналып, өздерінің түрлі өлеңдер жазылған траспаранттарының жанында тұр. Әр жерде 3-4 сақшы тоқтаусыз темекі шегуден алады. Денсаулығы нашарлады, жүдеп кетті, көп жөтеледі. Осындай жағдайда ол да кесіп бір кеңес бере алмады. “Ақуалды естіп-біліп тұрып, құлақ естіп, көз көргенді алдымыздан оздырып тұрмыз. Бұларда — шындық деген бүгін адамзат үшін қасиетті ұғым жоқ. Бұлардан шындық деген атаулыға — мейірімділік, құрмет күту, қара тастан ақ сүт күткендей ғана. Басқа қандай теңеу айтуға да келмейді”, — деді.
Үшінші камерадағы Валихан Юсупов (сағатшы) ауырып, ауруханада 3-4 күн жатып шықты. Ауруханада бірталай адамдарды көріпті. Құлжалық саудагерлерден Ташмұхамед Инғамбаевты көріп, әңгімелесіпті. Ол да басынан өткен хикаяларын айтып: “Мені де тергеуге шақырып, тура айтқан жауаптарыма қанағаттанбай біраз қинап, жеке бөлмеге кіргізіп, жаныма жас ұйғыр сақшы жігітті қойып, тікемнен тік тұрғызып қойды. 4-5 сағат тұрып қиналдым. Азық-түлік тапшы болғандықтан әлсіреп, есімнен айырылуға айналғанда, мені күзетуге қойған жігіт: “Ака, былай өзіңізді қинап, өліп кетуіңіз мүмкін. Мен мұнда бірталай адамдарды, қылмыскерлерді де көрдім. Күнәсі бар, жоғына қарамастан, күнәлерін мойындаған болып тілхат бергендер, осындай ауыр қинаулардан құтылып, күнәлерінің ауырлығына қарап, ауыр жаза күтіп қорыққандар, бірнеше айдан бері аман-есен тыныш камерада жатыр. Бірқаншасы түрлі жерге қызметке де орналасты. Сіз өзіңізді қинамаңыз. Менің сіздің жеке басыңызға дұшпандығым жоқ. Түріңізді көріп аяймын. Осы кеңесті сізге шың пейіліммен беріп отырмын”, — депті. Сонан кейін тергеушіні шақырып, күнәлерімді растап, қол қоятынымды айтып босанып камераға қайттым. Біраз ес жиып, болмаған ұйым, оның мүшелері жөнінде тергеушінің талабына сай жазып, қол қойып бердім. Ұйым мүшелері деп бір қанша қайтыс болған адамдарды қосып көбейттім. Содан бері тергеу деген пәледен құтылдым. Анда-санда шақыртып: “Құлжа мен Іледегі пәленшені білесіз, солар қандай адамдар”, — деп бір қанша сұрақ беріп қайтарады. Әлгі сақшы жігіттің әбден қиналып, азаптанған кезімде берген кеңесі өзімнің де жанымнан түңіліп, не болса сол болсын, тәңірден көрдім деп алды-артыма қарамастан имза (қол қою) бергеніме енді разы болып қалдым, һам басқа тұтқындарға қиналмастан қол қойып беріп, азаптан құтылуға кеңес бере бастадым”, — деген Ташмұхамед аканың бұл кеңесі менің де көңіліме орныққандай болды. Енді тағы да тергеуге шақырса, жағдайға қарап әрекет жасауға бекіндім.
Міне, тағы тергеуге шақырды. Тергеу бөлмесінде мені Ғабдуллам қарсы алды. Қабақтары түйілген, түрінен зәр-атты бір дөңге келіп, бір бөлме жалдап, зауыт қақпасына барсам Хасанахун көлік тауып кетіп қалыпты. Яңханға (Үрімжінің ең үлкен көшесі) барып, шәуешектік Тұрсын Измайлбаевті көріп, босанғаным жөнінде айтайын деп барсам, ол бір жаққа кетіп қалыпты. Табылмады. Үрімжілік таныстарымыздың біреуіне өзімнің “Хотан” сарайында екендігімді, босағандығымды айтып қоюын өтініп сарайға қайттым. Хасанахун да келіп үлгірген екен. Оның таныстарынан бір ұйғыр Тұрпан қауымынан үлкен біреуін алып келіпті. 1938 жыл бойы аузымызға тимеген қауыннан бірнеше тілім жеп рахаттандық.
Үрімжіде 8-9 күндей кідіруге тура келді. Сол кезде тағы бір рет һашімхажы істейтін мекемеге барып, онымен кездесіп, жол хат (рұхсат қағаз) алу керек болды. Ол сақшы мекемесіне хабарласып, сол жерден жол хат алуды бұйырды. Екінші күні сақшы мекемесіне бардық. Біздің группадағы Құмұл мен Хамиликтер бір-екі күн бұрын жол хатын алып кетіп қалыпты. Құлжалықтар сол күні жол хатты алысымен жолға шықты. Шаушекке қатынайтын машина болмағандықтан маған 2-3 күн күтуге тура келді. Әрең дегенде, Ғұсманахунның жүк машиналары Шауешекке қайтатын болып, 19-сәуірде тура пешін кезі сағат 12-де солармен Шауешекке қарай жолға шықтым. Жүргізуші түні бойы айдап 2-күні сағат 9-дар да Шихуға жеттік. Мұнда 4-5 сағат кідіріп, Шихуда болған Ғұсманахунға тиесілі 3 машинаны бірге алып (Ғұсманахунның 1934 жылдары 5 машинасы болған) Шауешекке қарай жолға шықтық. Жолда екі күн жүріп, 21-сәуірде ақшам кезінде Шауешекке от басыма оралдым.
Түрмедегі кезімде менің атыма әр кезде посылка, киім-кешек, азық-ауқат, ақша келіп тұрушы еді. Әр жолы посылканың үстінде маған таныс Райхананың жазуы болушы еді. Осыған қарап, менің жұбайым Әмина апатқа ұшырап қалмады ма деп күманданатынмын. Шәуешекке кірісімен Найыл, Надир, Насим, Камалиденнің қыздарынан Сураялар арбамен алдымнан шығыпты. Машинаны тоқтатып, балалармен көрісіп, сүйіп, құшақтап машинаға отырып жүріп кеттік. Жолда салық мекемесінің алдында жолаушылар түсіп, әкеле жатқан мал-мүліктерін, билеттерін көрсету керек болды. Бізде машинадан түстік. Сонда кішкене кіріп қалған Надирден сұрастыра бастадым. Ең әуелі Тойшы, Никар, Райханаларды сұрадым. Олар үйде қалды деді. Кейін қорқа-қорқа Әннәм қайда деп сұрадым. Надир: “Үйге, қораға көп қатындар келді. Әннәм солармен қалды”, – деді. Кірсіз көңілді жас баланың сөзіне шексіз қуандым. Өмірлік жолдасым Әминаның аман болып, отбасымда балаларымның жанында болғаны мені рухтандырып, қуанышқа бөледі. Тәдиешіні (Надирдің еркелетпе аты) құшақтап, көкірегіме басып, құшырлана сүйдім. Бажы мекемесінде тексеру жұмыстары біткен соң, қала ішіне қарай жылжып келеміз. Мен кеткен 13-14 ай ішінде біраз ғимарат өзгерістерін байқадым. Ескі жамбыл бүтіндей бұзылған. Клуб алдында да өзгерістер байқалады.
Біраз жүріп біздің көшеге жақындадық. Қақпа алдында жүздей үлкен-кішілі адамдар. Олар мені қарсы алуға келген екен. Үйге бірер жүз қадам қалғанда алдымыздан Райхана шығып, мен машинадан түсіп көрістім. Никар, кішкене Тойшы да бар еді (ол кезде Тойшы 17-18 айлық бала болатын). Балаларды құшақтай жүріп, қақпаға қарай жүрдім. Сол қысқа да жақын жолда мені қоршап алып, көрісулер көп болды. Жүруге ерік бермеді. Ақырындап қораға келіп кірдім. Қақпаға кірер алдында енем Диқан апа, Әмина, Сұлтандар көзге шалынды. Ол кезде Миряхия әкейдің ұлы Ғисматты көріп қалдым. Яхия ака қолға менімен бірге алынып, бүгін мен аман отбасыма қайттым. Жас буын балаларға абақтыда қалған әкелерін ойлап, алаңдауы табиғи құбылыс екенін ойлап, ең әуелі бұрылып Яхия аканың ұлы Еисматты құшақтап, бетінен сүйдім. Әкесі аман-есен, мүмкін тез арада босап қалар деген болдым. Одан бұрылып енем бастаған отбасымның мүшелері мен ағайын туғандарға келдім. Әуелі енем маңдайымнан сүйіп, басымнан сипап, арқамнан қағып амандасты. Артымнан Диқан апа: “Марқұм шешесі үшін көрісемін”, — деп жылап көрісті. Оның артында қайғы-қасіреттермен жүдеп, торыққан Әннәсіне келіп көрістім. Ол: өңім бе, түсім бе деп ойлап, сасқандықтан да көзінен ағып кеудесіне түскен жас тамшыларын да сүртер емес. Бұл оның өте қобалжып тұрғанын байқатты. Енем, балалар, Әминамен көріскенде оларға жақсы әсер қалдыру үшін өзімді тетік ұстадым. Елжіреп тұрған жүрегімді басып, жыламадым. Қуаныш кейпінде едім. Ақырында келіп көріскен Сұлтанды көргенде өзімді ұстай алмадым. Еріксізден көзден жас ытқып шықты. Құшақтасып көрістік. Ол да көз жастарын тия алар емес.
Балалар Наиль, Никар, Тади мені орап алып: “Үйге кіріңіз, үйге кіріңіз”, – деп қысталайды. Басқа көрісушілерге ерік бермеді. Балаларымның тілектерін орындау үшін үйге кірдік. Бата жасадық. Осы арада Султан кіріп: “Кіші бөлмеде, қорада ағайындар көрісуге күтіп тұр, мұнда шық”, — деп ұсыныс жасады. Кішкене бөлмеге бардым. Онда Ахметжан Сайфуллин (сабыншы), Аминтай шаңзуң Измайылов, Мирбаба Ханбабаев, Ыуридин ака т.б. адамдар бар екен. Керістік, Ахметжан Сайфуллин бастап ақуалымды сұрастырып: “Сізбен кеткен ағайындардың жағдайы қандай?” — деп сұрап қалды.
Бұл сұрақ басқа кезде жай көрінгенімен сол кезде, сол сағатта маған жауап қайтару өте күрделі де нәзік, мүмкін, мұнан кейінгі менің тағдырымды шешуші жауап болуы ықтимал. Мен: “Үкімет әділ, ешкімді орынсыз ұстап, орынсыз абақтыда азаптамайды. Осыны біліңіздер, ақырындап тексеріп, күнәсізді міндетті түрде босатады. Кінәсі барлар, кінәсіне лайық ауыр-жеңіл жазасын тартар. Ол табиғи”, — деп жауап қаттым.Отырғандардың бәрі де (тілер — тілемес): “Әрине, үкімет әділ, жақсылап тексеріп, күнәсіз ағайындар қайта оралады”, — деп шуласты.
(Ескерту: Өкінішке орай әкемнің “Түрме хатиралары” осы жерге келіп қайтыс болуына байланысты үзілген – Никара Мұхаметжанқызы (Юсупова) Бафина).