АҚШ азаматы Крейг Портелл отбасымен 1998 жылы Моңғолияның Баян-Өлгей аймағына барып, ондағы жергілікті қазақтарға ағылшын тілінен сабақ бере бастайды. Кейін Портелл отбасы осы аймаққа көшіп келіп, 8 жыл ішінде NovaLingua білім орталығын ашып, Баян-Өлгей табиғатын қызықтау үшін келген шетел туристеріне қазақ тілін үйретумен айналысқан. Қазіргі уақытта Ұланбатыр қаласында оқытушы болып еңбек ететін ерлі-зайыпты Крейг пен Сара келешекте Қазақстанға қоныс аударғысы келеді. Қазақстаннан басқа елде қазақ тілін үйретіп жүрген Крейг мырзаны әңгімеге тарттық.
– Баян-Өлгей аймағына қалай барып жүрсіз, әңгімені осыдан бастасақ…
– Мен Американың Иллинойс штаты, Вуд Ривер деген жерінің тумасымын. 1996 жылы АҚШ-тың Welch колледжінде мәдениеттану мамандығы бойынша (бакалавр) тәмамдағаннан кейін Тайландта жұмыс істедім. Сол жерде жүріп жұбайым Сарамен таныстым. Сара ол кезде Тибетте жұмыс істеп әрі білім алатын. Бізді көбі канадалық отбасы деп жатады. Олай емес, мен америкалық, ал Сара Канаданың тумасы. Қызық болғанда біз Тайландта танысып, Тибетте үйлендік. Бірақ екі қызым Канадада өмірге келді. Сөйтіп Тибетте екі-үш жылдай жүрген соң, таныс та бейтаныс Моңғолияның Баян-Өлгей аймағынан бір-ақ шықтық.
– Тибет әлемдегі туристер көп баратын жер ғой. Одан неге кетіп қалдыңыздар?
– Онда өмір сүру қиындау болды. Орта бөлек. Әсіресе, Қытай елі виза бермей, құжат мәселесімен көп жүріп қалдық. Оның үстіне тексеріс көбейіп, жұмысымызға кедергі келтіре берген соң ақыры кетуге мәжбүр болдық.
– Ал қазақ тілін қалай үйрендіңіз?
– 1998 жылғы күзде Баян-Өлгейге келдік. Әйтеуір Моңғолияға бара жатырмыз деген соң, аздап моңғолша жаттап алдық. Сөйтіп Баян-Өлгейге барғаннан кейін әлгі аз-маз моңғолшамызбен бірдеңе сұрасақ «біз мұңғұл емес, қазақпыз» дейді. Сол кезде түсіндік Баян-Өлгей аймағында қазақтар тұратынын. Сонымен не керек, жұмыс істеп ақша табу үшін тіл үйрену қажет болды. Қазіргідей интернет аударма жоқ, тіпті сөздік те болмады. Содан күн сайын таңертең Өлгейдің «Тірлік» деген базарына барып, кемі екі-үш сағат адамдар арасындағы коммуникативтік сөз қолданысын тапжылмай тыңдаймын. Сөйтіп 5 жылда қазақ тілін үйреніп алдым.
– Онда адамдар көбінесе ет және сүт өнімдерін тұтынатыны белгілі. Мәселен, алғашқы кезде тамақтану қиын болған жоқ па?
– Ол енді ұзақ әңгіме. Біз сол алғаш барған жылдары Баян-Өлгейде қазіргідей кафе, асхана, қонақ үй өте аз, яғни сервис мүлде жоқ кез. Содан туризм саласында жұмыс істейтін Болатбек деген жігіттің үйіне бардық. Кеш кіріп қалған кез болатын. Бөрене ағаштан салынған үй екен. Қазақтардың салты бойынша шәйнек-шәйнек шай ішілді. Содан ойладым «бұлар жатарда тамақ ішпей, жай шай ішіп қана ұйықтайды екен ғой» деп. Олай емес екен, сағат жергілікті уақытпен 10-нан асқанда үлкен ыдысқа салынған тағамды ортаға қойды. Үстінде қойдың басы, көзі сығырайып маған қарап тұр. Бұрын-соңды көрмеген нәрсем. Көзім шарасынан шығардай болды. «Уау» дедім Сараға қарап. Содан не керек, ақсақал қол жайып, бата жасады да әлгі қойдың құлағын кесіп маған ұстатты. Не істерімді білмей қалдым. Қарасам бәрінің көзі менде екен. Адамдардың жүзіне қарасам, құрметтеп беріп отырғаны көрініп тұр. «Енді не істеймін?» деп ойладым. Тастай салайын десем ұят. Тістеп көрейін десем, бұрын жеп көрмеген нәрсе болған соң жей алмай ақыры қалтама салып алдым (күлді).
– Қазір қалай, қазақтардың тағамына үйрендіңіз бе?
– Үйренгенде қандай. Баян-Өлгейде достарым көп. Ақыры қазақ апалардан кем түспейтін шайқор ағылшын болып шықтым. Қазір бәрін жеймін, тек сол қойдың құлағын жей алмай-ақ қойдым.
– Сөйтіп, қазақ тілін үйренгеннен кейін тіл орталығын аштыңыз ба?
– Қазақ тілін үйренгенге дейін де Баян-Өлгей аймағының Білім орталығында (2005-2006 жылдары) ағылшын тілінен сабақ беріп жүрдім. Ал қазақ тілін үйренген соң ағылшын тілін оқыту тіпті оңайырақ болды. Бір қуанарлығы, Баян-Өлгейдегі қазақ жастары шет тілдерін үйренуге өте ынталы екен. Өйткені көбі шетелде оқығысы келеді.
Сондықтан 2011 жылдан бастап Өлгей қаласында NovaLingua тіл орталығын аштым. Бізде оқыған шәкірттеріміз қазір АҚШ, Канада, Еуропа елдері, Ресей және Қазақстанда жоғары оқу орындарында білім алып жатыр.
Тіл орталығының тағы бір ерекшелі-гі – онда тек ағылшын тілі ғана емес, қазақ тілі де оқытылады. Мәселен, Моңғолияның Баян-Өлгей аймағына туристер өте көп келеді. Өйткені ол жердегі қазақтардың табиғи өмір салты және ерекше табиғаты шетелдіктерді қызықтырады. Сол себепті шетелден келетін туристер жергілікті қазақтардың тіліне, салт-дәстүріне қызығады. Сондықтан біздің орталықтан шетелдік туристер де қазақша үйреніп кетеді.
– Сізге Баян-Өлгей аймағы, ондағы адамдар ұнаған сияқты ғой?
– Иә. Тибеттен келген себебіміз де сол ғой. Өмір сүру арзан әрі салыстырмалы түрде еркіндік бар. Бірақ жұмыс орны аз, сондықтан жұмыссыз адам қарасы көп екен.
Бір қызық оқиға болды, бірде туристерді ертіп Алтай-Бесбоғда тауына саяхаттауға жолға шықтық. Жолда машинамыз бұзылып, далада қалдық. Иен түзде қайбір машина жөндейтін жер болсын. Содан түн ортасында 3-4 үйлі бір ауылға кез болдық. «Есік қағып көрсек не болады, қабылдамай қоя ма?» деп ойладық. Керісінше «құдайы қонақ келді» деп асты-үстімізге түсіп күтіп жатыр. Біз таңғалдық. Түн ішінде Америкада бейтаныс біреудің есігін қағып көр, полиция шақырып, ұстатып жіберер. Осындай қазақтардың қонақжайлығы ұнады.
Жергілікті қазақтар үлкен қызым Элиананы – Әлия, кіші қызым – Элизаны – Ези деп еркелетеді. Осы жақтан жақсы достар тапты. Олар Канадада туғаны болмаса, Баян-Өлгейде өсті.
Әзірге кері қайту ойымызда жоқ. Өйткені мен Америкада оқу бітіргеннен кейін машина жөндеуші болып жұмыс істедім. Ал Сара Канаданың Калгари қаласында Су қауіпсіздік инструкторы және құтқарушы болып жұмыс істеді. Енді ол жаққа барсақ, бізді ондай жұмысқа кім алады? Тіпті бізге жұмыс табылуы да қиын шығар. Оның үстінде АҚШ, Канада елдерінде өмір сүру қымбат. Ал қазіргі тіл орталығынан тапқан табысымыз өмір сүруімізге жетеді.
– Қазір Ұланбатыр қаласында немен айналысасыз?
– 2019 жылдан бастап қазірге дейін Ұланбатыр қаласындағы Gegee білім орталығында мұғалім және халықаралық Ағылшын тілі институтының Моңғолиядағы филиалының директоры болып қызмет етемін.
– Жұбайыңыз Сара ханым да қазақша біле ме? Отбасыңыз жайлы айта кетсеңіз…
– Сара ағылшын тілінің мұғалімі әрі қазақ тілін де біледі. Ол – 2003 жылы Тринитидің Батыс университетін (Trinity Western University) Дінтану факультеті гуманитарлық ғылымдар бакалавр дәрежесін және Wheaton колледжін мәдениеттану мамандығы бойынша магистратураны тәмамдаған. Қытай елінде Тибет университетіндегі Туризм және шет тілдер факультетінің ағылшын тілі мұғалімі қызметін атқарды. Және өзіммен бірге Баян-Өлгей қаласындағы NovaLingua тіл орталығының ағылшын тілі мұғалімі болып жұмыс істеді. Ал екі қызым Элиана мен Элиза Баян-Өлгейде қазақ балалармен бірге балабақшада жүріп аздап қазақша үйренді.
– Өткенде Қазақстанның Моңғолиядағы Төтенше және өкілетті елшісі Жалғас Әділбаев мырзаның шақыруымен елішілікте өткен Наурыз мейрамына қатысып, Қазақстанға келгіңіз келетінін айтыпсыз…
– Иә. 2002-2003 жылдары Астана, Павлодар, Семей қалаларында болдық. Бізге Қазақстан қатты ұнады. Келешекте Қазақстанға барып, Алматыда тұруды ойлап жүрміз. Осыған дейін жинаған білім тәжірибемізбен Қазақстандағы университеттерде сабақ берсек деген ойымыз бар.
Әңгімелескен
Бақытбек ҚАДЫР