Сәуле Серікбайқызы, туған жері – Баян-Өлгий аймағы. Дарын орта мектебінің түлегі. Қазақстан Республикасының Қарағанды Мемлекеттік Университетін Бейнелеу өнері және сызу мамандығы бойынша тәмамдаған.
Граффити — ғимарат қабырғаларына, металл бұйымдарға сызылған және жазылған арнау мәніндегі және магиялық тұрмыстық сипаттағы жазулар деп түсінуге болады.
Бұл менің таңдауым
Бала күнгі арманым суретші болу емес еді. Бірақ сурет салуға деген махаббатым мені суретші болуға жетеледі. Бұл өнер әкемнен дарыған деп ойлаймын. Өйткені әкем қалалық архитектор қызметін көптеген жыл бойы атқарған. Сурет салуды маған ешкім үйретпеді. Бұл менің таңдауым. Өзіме ұнайды.
Ғимарат қабырғаларындағы граффитиден де өзге туындыларым көп.
Бұған дейін көптеген көрмелерге туындыларымды таныстырдым. Соның ішінде Азербайжанның Баку қаласында ұйымдастырылған көрме есімнен кетпейді. Әлемнің түпкір-түпкірінен келген өнерпаздардың туындыларын көріп, өз өнеріммен салыстырып тәжірибе алдым.
Қазақстан Республикасының Нұр-Сұлтан қаласы мен Моңғолия астанасы Улаанбаатар қаласында мен салған стритарт суреттерім бар. Астана (қазіргі Нұр-Сұлтан) қаласында көлемі үлкен, шеге және жіп арқылы жасалған туындым 1 миллион теңгеге бағаланған. Бұған дейін Қарағанды әкімінен 2011 жылы «Халық шебері» атағымен марапатталғанымды еске аламын.
Баян-Өлгийдегі граффити мен стрит-артқа сұраныс
Баян-Өлгий де граффити ге сұраныс бар. Ал стрит-артқа бір-екі рет сұраныс болды. Бізде өнердің құнын түсінбейтіндіктен тапсырыстардан бас тарттым. Қазір қабырғаларға сурет салуға тапсырыстармен жұмыс жасап жатырмын. Әлеуметтік желі арқылы тапсырыстар келіп түсуде.
Сурет салу стилі & музыкалық талғамы
Мен сюреализм бағытында сурет салғанды ұнатпаймын. Басқа бағыттың бәрін ұстанамын. Сурет сызуды бастасам бітіруге асығамын. Бір туындыны сызып бітіру бір апта уақыт жұмсаймын. Көлемі үлкен немесе майлы бояумен болса екі аптада бітіруге тырысамын. Ал үлкен көлемдегі граффити суреттер 1 айға жуық уақыт алуы мүмкін. Музыка тындап жүріп сурет салғанды дұрыс санаймын. Музыка жанрына талғамым жоқ. Ұнаса тыңдай беремін.
Менің арманым суретші балаларға арналған арт-мектебін ашу.
Менің арманым болашақта суретші балаларға арналған арт-мектебін ашу. Бейнелеу өнері және сызу мамандығы бойынша білім алғандықтан ба балалармен жұмыс жасағым келіп тұрады. Аймағымызда да сурет салуға қызығатын балалар көп. Бірақ бізде дамыту орталықтары аз. Балалардың өнерін дамытуға аз да болса да үлес қосқым келеді. Сондай-ақ, жасалып жатқан жаңа туындыларым арқылы жеке шығармашылық көрме ұйымдастыру жоспарымда бар.
KAZNEWS AGENCY