Қойнауы құпияға толы Шыңғыстаудың ішіндегі көп қыстаудың бірінде қайдан келгені белгісіз қой тастар жатыр. Жай жатқан жоқ, ептеп ұрып көрсеңіз шетінен ән салып қоя береді. Дәлірегі қоңыраудың сыңғырындай үн шығарады.
Ұлылардың қонысы болған қасиетті Шыңғыстаудың солтүстік беткейінен Шаған мен Ащысу, оңтүстігінен Бақанас, Дағанделі, Көксала өзендері бастау алады. Абайды тамсандырған шежірелі мекеннің тау, тасының айтар сыры әлі де түгесілмеген көрінеді. Абай ауданына қарасты, қазіргі Биата ауылының байырғы тұрғыны Тәңірберген Баймағанбет қария бұл өлкенің жер аужайын бес саусағындай жатқа біледі. Жетпісті еңсерген ақсақалдың алаңсыз балалық шағы беткейінде тобылғысы гүлдеп, қарағаны мен бұталары жайқалып, өзен аңғары тал мен терекке толған осы маңайда өтті.
– 1947 жылы Олжабай ауылында дүниеге келдім. Әкем қой баққан, шаруаның адамы еді. Балалық шағым қасиетті Шыңғыстаудың ішіндегі қойтасты жерде өтті. Сол маңайда тастарды тастарға соғып ойнап жүргенде қоңыраудың дауысындай ерекше үн естілді. Содан ол тастарға қоңырау тас деп ат қойдық. Музыкалық ритммен ән де салатынбыз. Есейе келе сол тасты балаларыма да көрсеттім, – деп еске алды Тәңірберген атамыз. Олжабай дегеніміз қазіргі Абай ауданына қарасты Биата ауылы, бұрынғы Семей облысының жері. Өзінің айтуынша, әкеден қалған қыстау сол Жидебайға жақын маңайда. Бүгінде ел жоқ, ескі жұрттың орны ғана қалған. Борсықбайдағы бастауыш мектепке түйемен барып, келіп тұрған.
– Біздің бұл жүрісімізге түйе де үйренген. Сабақ біткенше шөгіп жатады. Қайтадан мініп алып, үйге келеміз. Өсе келе, жоғары маман атандық. Әрі қарайғы өмірім Абай ауданының әр ұжымшарында қызмет етумен жалғасты. Дегелеңде шөп шаптық. Қазір ол жерде ел жоқ, таудың арасында қалған төбе ғана. Даңғырлатып ойнағанымыздан тастың шетінде қалған ойықтар әлі бар. Оның дауысының қатты шыққаны сонша, шешем марқұм «малды үркітесің, даңғырлатпа» деп ұрсатын, – дейді ол.
Тәңірберген ақсақал, тастың тұрған орнын нақты айтпай, сақтық қылып, қыстаудың нақты атын атап көрсетпеді. Тасты көреміз деп барғандардың оны тасып әкетпесіне кім кепіл?! Сондықтан тек құзырлы ұйым жауапкершілігіне алған күнде немесе ғалымдар, өлкетанушылар қызығушылық танытып жатса ертіп апарамын деп отыр.
Дегенмен бізді таңғалдырған қоңырау тастар әлемнің өзге де аймақтарынан табылған, мысалы, АҚШ-тың Пенсильвания штатында, Ресейдің Карелия Республикасында бар. Ол жер туристер келетін арнайы орынға айналдырылып, жартасты саябақ атанған. Батыс ғалымдарының зерттеуінше, дыбыс қатты тау жынысының тығыздығы мен ішкі кернеудің жоғары дәрежесіне байланысты шығады. Кофман Хиллдің химиялық талдауы жыныстағы темірдің (темір оксиді түрінде) құрамы 9%-дан 12%-ға дейін ауытқитынын көрсетеді. Бұл көрсеткіш жанартау шөгінді тау жыныстарына тән болса да, базальт (жанартаудан шыққан тау жынысы) үшін қалыпты норма көрсеткіші. Сондықтан тастан шығатын дыбысқа құрамындағы темірдің әсер ете қоюы екіталай екендігін айтады. Жалпы, Шыңғыстау жерінің геологиялық құрылымы төменгі және орта палеогеннің жанартаутекті шөгінділерінен, құмтас, тақтатас, конгломерат жыныстарынан түзілгені белгілі. Геология-минералогия ғылымдарының кандидаты, профессор Ақылбек Жүнісовтің пайымдауынша, Семей өңірі ядролық полигон ошағына айналғандықтан жабық ұсталып, жер қойнауына зерттеу жұмыстары жүргізілмеген. «Жарылыс болған кездегі сол жердегі тау жыныстарының өзгерген түрі де болуы мүмкін. Қолмен ұстап көрмеген соң нақты бірдеңе деу қиын», дейді ғалым. Не де болса, табиғаттың ерекше кереметі біздің геолог ғалымдар үшін жаңа зерттеу аймағы болары сөзсіз.