Сталин адам қыруға келгенде алдына жан салмағанымен, басшы және дипломат ретінде өте біліксіз болған. Американың тарихшысы, осы жауыздың өмірбаянын ең мұқият зерттеген Стивен Коткин «Сталин» (2017) атты кітабында ашаршылыққа жалғыз осы адам жауапты дейді. Ал Шығыс Түркістанды қарап отырып Қытайға бере салғаны да біліксіздігінің көрінісі. Олай болмағанда, қазір ұйғырлардың жері болар еді, ал сол аймақты қаншама ғасыр мекен еткен көшпенділерді кім болса сол аяусыз қырмас еді. Оспан батыр осы үшін күресті. Қараңғы қазақ болса да, ержүрек адам болған екен. Негізі, бандиттікпен көп айналысқаны рас, бірақ барымта көшпенділердің нәпақасының бір түрі ғой.
Қыста британ тілшісі Годфри Лиастың Kazakh Exodus (1956) деген кітабы туралы пост жазған едім. Бұл кітапта Оспан батыр мен Қали Бек туралы ақпарат көп. Осы постты талқылағанда, Званцов деген жігіттің аты аталды. Оспанның отрядында болған орыс жігіт екен. Василий Званцов Шығыс Қазақстанның Марқакөл ауданындағы Еловка деген ауылдың жігіті. Званцовтың тұлғасы өз жайына бөлек әңгіме (ол жайлы бір адам әлі жазады).
Сол жігіт жайлы ақпарат іздеп отырып, Into Tibet: The CIA’s first atomic spy and his secret expedition to Lhasa (2002) деген кітапты тауып алдым. Авторы – АҚШ тарихшысы (мүмкін тыңшы), тибет маманы Томас Лейрд деген адам. Бұл кітап атышулы, қазаққа тікелей қатысы бар АҚШ-тың тыңшысы Дуглас Маккернанға арналған, бірақ қазақтар туралы ақпарат көп екен. Абай.кз вебсайтында 2014 жылы монғол тілінен аударылған Маккернан жайлы бір материал жарияланыпты. Сонда Дугластың Курчатовтағы полигон туралы АҚШ-қа хабарлаған алғашқы атом шпионы болғаны жайлы жазылған. Ал мен бұл кітаптан не білдім?
Дуглас өте қызық адам болған екен. Қазақтармен етене араласып, Оспанға АҚШ атынан қару-жарақ, алтын беріп, байланыс жасаған тап осы Дуглас көрінеді. Дуглас тартымды, білімді және беделді болған деседі. Қазақтармен дос болғасын оңсын ба, қысқасы Дуглас сабазыңның үш қатыны болған екен. Америкада екі баламен қалған әйелінің үстіне Үрімшінің шіркеуінде бір сұлу орыс қызбен бас қосқан. Бір жылдан кейін Үрімшіге келген америкалық тілші қызға ғашық болып, соған үйленген!
Дугластың Шығыс Түркістандағы шаруасы аяқталмады, себебі бұл жағдайға АҚШ өкіметі шындап кірісе алмаған. Сондықтан Дуглас Шығыс Түркістандағы істі тастап, Гималай арқылы жасырын Тибет өкіметімен келіссөзге бар деген тапсырма алған. АҚШ елшілігі Үрімшіден қашуға мәжбүр болғанда, Дуглас жалғыз өзі қалып, атом бомбасының жарылысын анықтайтын құрылғыларды Званцовпен бірге орнатып кеткен. Бірақ Званцов байқұстың Дугластың не істеп жүргенінен мүлдем хабары болмаған.
Оспан батыр елшілік бар кезде Дугласқа көп көмек берген еді. Орыстардың бұл аймақтан уран іздеп жүргенін де Дугласқа Оспан батыр хабарлаған. Бірақ Оспан уран екенін білмеген, «тас тиеп жүр» деп хабарлап, үлгісін әкеліп берген. Дуглас «тасты» жылдам зерттеп жіберіп, Сталиннің уран іздеп жүргенін бірден түсінген.
Дуглас Тибетке жолға шығарда 2 ай Оспаның ауылында жатқан. Оның себебі – олар Тибетке жүру үшін жолдың ашылуын күткен және Дуглас ұзақ уақыт Оспанмен бір нәрсе жайлы сөйлескен. Томас Лейрд ЦРУ-дің мұрағатынан бұл жайлы ақпаратты көп іздеген, бірақ ешнәрсе таба алмаған. Лейрд кейін Америкада тұратын Званцовты тауып алып, сұхбат алғанда, Званцов Дуглас пен Оспанның әңгімесін Степан аударды деп жауап берген. Ал Степан Дугласпен бірге Тибеттің шекарасында қаза тапқан. Дуглас орыс тілін жақсы білген, ал Максим қазақ тілін білген, себебі Максим де Званцов сияқты Оспанның отрядына бірнеше жыл болған екен.
Дуглас Тибетке жол жүрерде оған тағы бір америкалық келіп қосылған. Бессакты көбі шпион болған дейді, шындығында ол Монғолдарды зерттеп жүрген кәдімгі академик болған. Шыңғысханның тұқымы ханзада Де осы Бессакты АҚШ-тың арнайы өкілі деп қателесіп қалған. Монғолдардың шапанын киіп, путқа табынатын, мінез-құлқы біртүрлі жігіт болған екен. Зира Наурзбаева «Четыре Облака» кітабының 536-бетінде «Так же при Оспане появился никому ранее неизвестный советник-мулла, владевший русским и английским языком» – деп жазады. Осы «молда» Бессак болса керек. Себебі Званцов ол кезде ағылшын тілін жақсы білмеген.
Дуглас, Бессак, Степан және Василий Званцов төртеуі Тибетке бірге шығады. Дуглас Тибетке аса маңызды тапсырмамен бара жатқанын серіктестеріне айтпаған. Қазақтар жолға ет жейтін түйе, киім-кешек, бірнеше дорба бауырсақ қатырып беріп, Қали Бектің адамдары жарты жолды көрсетіп берген. Себебі олар бұл жолмен бірнеше рет жүріп өткен еді. Осы жері күлкілі. Себебі дүниежүзінің саяхатшылары “өте ауыр және қауіпті” деп жүрген осы жолды қазақтар соқпаққа айналдырып алып, арлы-берлі безіп жүрген ғой.
Екі айдан кейін Дугласқа рация арқылы Баркөлдегі трагедия туралы хабар жеткен. Қытайлар қан жоса қылған қазақтардың өліміне Дуглас өзін кінәлаған. Званцов Томасқа: «Дугластың қайғырғаны сонша, басына пистолетін тақап, өлмек болды» – деп айтқан. Бессак пен Званцов Дугласты әзер жұбатқан. Дуглас ісіне берілген адам болғандықтан, аса маңызды тапсырманы орындау қажет екенін де ойлаған болар, бірақ Дугластың қазақтарға өте жақын болғаны жайлы осындай деректер көп кітапта.
Бірнеше айда Тибеттің шекарасына өліп-талып жеткенде, Тибет шекарашылары әй-шәй жоқ, оқ жаудырып қоя берген. Дуглас пен серіктестері қазақтың шапанын киіп жүргендіктер, тибеттіктер оларды қазақтар деп ойлаған іспетті. Тибеттіктерді қазақтарға айдап салған қытайлар, бірақ қазақтар тибеттіктердің малын, бала-шағасын ұрлап, маза бермегені тағы бар. Бессак пен Званцов адам сенбес себептермен тірі қалған, ал Дуглас пен Степан қаза тапқан. Тибеттіктер екеуінің басын Бессактың көзінше кесіп алып, денелерін сол жерге тастап кеткен. Жаралы Званцов пен Бессакты тибеттіктер қамауға алған. Ал бұл жайлы Дугластың отбасы 90 жылдарды аяғында ғана білген екен.
Бұл оқиғадағы ең өкінішті нәрсе – ЦРУ Тибет өкіметіне Дугластың жасырын келе жатқанын өте жай хабарлаған. Ал шекарашыларда қазақтарды атыңдар деген бұйрық болған. Дуглас пен Степан қаза тапқаннан кейін екі күннен кейін Тибет өкіметі арнайы топты шекараға жіберген. Бессак пен Званцовтың аман қалғанына мәз болған тибеттіктер, кешіріп сұрап, екеуін Лхазаға алып келген. Ол кезде 10 жасар Далай Лама екеуін қабылдап, батасын берген. Бірақ Бессак АҚШ өкіметінің тапсырмасы не екенін білмегендіктен, тиісті хабар Тибетке жетпеген. Екі айдан кейін Тибетке Қытай басып кірді.
«7 лет в Тибете» киносы осы Бессак мен Званцовты Лхазада кездестірген Генрих Харрердің кітабы бойынша түсірілген. Осы оқиғалар жайлы қандай күшті кино түсіруге болады!
Сурет: Википедиядан алынды