Әдебиет

АСХАТ КӘУКЕРҰЛЫ: Сарыарқа – дән толқыған дастарқаным.

Асқат Кәукерұлы. 1965 жылы, 17 қазанда, ҚХР-дың Құтыби ауданында туылған, жоғары білімді, еңбек жолын ауылында жекеше кәсіпкерлікпен айналыса жүріп 2003 жыл отанға бір жолата оралған. 1984 жылдан бастап өзінің жеке таланттының арқасында сол кездегі әдеби, қоғамдық басылымдарда  көптеген мақаларымен өлең, әңгімелері және жер-су атауларына байланысты зерттеу мақалалары  жарық көреді, аудандық тарихи материялдар жыйнау жазыу істерінде белсенді еңбек етеді, әсіресе  ауыл тынысы бейнеленген әдеби қабарлары облыстық, автономиялырайрндық  ақпарат құралдарында үзбей жариаланып тұрады, 2003 жылы ата жұртқа оралған соңда жеке кәсіпкерлікпен айналыса жүріп, өзінің көңіл толғанысынан туған өлең жырларын оқырман қауыммен бөлісіп келеді.

 

МЕН

Бабамның ескі жұртына,

Іргемді тастай бекіткем.

Мұңымды шәшпай сыртыма,

Су кештім талай етікпен.

 

Сағыныш толы жүректі,

Кеудеге байлап торсықтай.

Туған жер талай  жүдетті,

Барыуға соқпақ жол шықпай.

 

Бошалап кеткен Інгеннің,

Ботасы қара нар болды.

Қарымы күшті іргенің,

Қамалы биік жар болды.

 

Замана қыңыр қас қылса,

Қыжырта жүріп көнгеміз.

Жаралы шолақ қасқырша,

Уытын тілмен емдерміз.

 

“Сабырдың түбі сары алтын,”

Сандықтап жыйдық сабырды,

Жұртына қара қазақтың,

Қарғамен құзғын жабылды.

 

Кеудені басқан қара тас,

Кетседе ауып табы бар.

Сары бала әлі жалаңаш,

Қара қазан қамы бар.

 

Ғасырлап жұққан күстана,

Маңдайда құлдық сорым бар.

Үстіме киген жұқана,

Қазақы ойыу тоным бар.

 

ҚАМШЫ

Жігітсің сен анаң туған  еркек қып,

Еркек болсаң намысыңды сертке тұт,

Жігіттікке жарасады қай кезде,

Ел алдында адыуынды “көк беттік”.

 

Шын асылды қайрақ алмас жаныса,

Күрсінбейді арғымақ ат арыса.

Әйелдерге жарасады майдалық,

Ал жігіттің құны болмас налыса.

 

Тірі сойса қыңқ етпейтін  терісін,

Көкжалдан ал өжет, қайсар ер ісін.

Қазағымды сақта құдай  ездерден,

Әйелісыз  кіие алмайтын кебісін!!!

 

Жасындай боп жарқ етпесе несіне ер,

Ер жасыса дұшпан күліп есірер.

Мінезіңді іздеде тап қайтадан,

“Патшаны аттан жұлып түсер” есел ер!

 

КӨК БӨРІМЕН ҚАЗАҚ

Аңшының от ауызды көк темірі,

Көп итке жығып берді  Көкбөріні,

Тектіден темір озған  бұл заманда,

Аңшының айға жетті өктем үні,

 

Болсада әбес қылық далалыққа,

Көндіккен озбырлықпен қаралыққа.

От қарыудың тұсында отарланып,

Көк бөрідей біздағы таландықпа?!

 

Тілін білмей Қазағым от қарыудың,

Қанмен жаздың   көп әрпін жоқтауыңның.

Ерлігімен айласы кімнен кем ед,

Кенесары, Мақамбет,Оспаныңның?!

 

Жүгінгенде бар әлем “көк темірге”,

Басымыздан бақ тайып кеткені не?

Зеңбірекке садақпен қарсы шауып,

От қарыудың кез болдық өктеміне.

 

Мылтығы жоқ аңшы емес аңшыдағы.

Атты адамға бір медеу қамшыдағы.

Аласұрған бөрідей айла құрып,

Талай жерде көзден жас  тамшылады?!

 

Айнала жау тағыда  елеңдерлік,

Есіркеген дұшпанды неден көрдік?!

Құдай берген қаруды жатқа  беріп,

Деп мақтандық дәншпан  кемеңгерлік!

 

КҮЗГЕ  БАЗЫНА

Жадау тартып арыу жаз күз деміне,

Сағынышын сарғайып іздедіме?!

Қызыл жасыл дүние қызғандырып,

Тағы айналып келіпті-ау, күзде-міне!

 

Не жазығы бар еді жапырақтың?!

Қабағында қатыпты қалтырап мұң.

Түні бойы даланы аққа малып,

Боз шалысын жауыпсың ақыраптің*.

 

Айналуға келмейтін қысқа күнің,

Байлауына жетеме қыс қамының?!

Қарғалар жүр ауылды төңіректеп,

Біріде жоқ көктемнің құстарының.

 

Шырылы жоқ болмаса шегірткенің,

Қара басын қарғаның кемітпедім.

Ұзатып сап тырнаның соңғы көшін,

Жас баладай соңынан еліктедім.

 

Мекеніңе аман жет тізбектеліп,

Сенде арман жоқ қайтатын, іздеп келіп.

Менде арман көп жете алмай туған жерге,

Сегізінші отырмын күзді өткеріп.

 

Бәрі қызық көктем, жаз, күзі, қысы.

Жүдетпесе көңілдің түңілісі,

Әлі талай дүние шыр айналар,

Тоқтамаса қара жер жүгірісі.

 

Ақырап*-күзгі амал.

 

САРЫАРҚА

Жайлған дастарқандай дарқан елге,

Сарарқа кім теңессін  мәртебеңе.

Бір күй бар көкірегімде саған ыстық,

Бабамның басы қалған әр төбеңде.

 

Өтпеймін дұға қылмай әр белеске,

Тұрғандай кірпік ілмей бар белесте.

Аруағы әлі күнге жүрген шығар,

Тариқым жасқа толы зарлы емеспе.

 

Үстінде біз зулаған қара жолдың,

Етегі жасқа толып аналардың,

Кім білсін қанша қыршын қыйылғанын?

Бір түйр зары өткенде қара нанның.

 

Астында біздер жүрген Нұр қаланың,

Қанша боздақ жер құшқан бұлда мәлім.

Солардың руқына бас имемін,

Киесі сендерсіңдер бұл даланың.

 

*     *      *       *

Сарарқа – дән толқыған дастарқаным,

Ай сүйген болмаса да асқар тауың.

Көкшетау, Баяанауыл, Қарқалалы,

Жауымнан қорғанатын бас қалқаным.

 

Тәбиғат мұнша неткен шеберме едің,

Жәннатпен төзақты да сенен көрдім,

Кенжесі төрт биктің Ерейментау,

Көшіңді орта жолда  шөгергенің.

 

Қос бұрым – Есіл, Нұра тарқатылған,

Жататын Алты Алашқа тарқатып ән.

Ерлікпен, серіліктің түп мекені,

Ән-жырдың қазынасы Арқа тұнған.

 

Нан берген, әнде берген дүйым елге,

Май біткен малға шүлен  түгіңеде.

Сарарқа, ұлылықтың топырағы,

Тудырғанан сан алыпты дүниеге.

 

Ақанның ерттеп мініп-  Маңмаңкерін,

Сарарқа кеңдігіңді шарларма едім…

Желпінтіп Жетісуды сергітеді,

Оралмен, Орымбордан алған демің.

 

Шапанның шалғайындай жәйғасып кең,

Сертіңді Маңғыстаумен байласыппең.

Пірлерім саған қарап бет сипайды,

Түркістан,Әулиеата, Ақмешіттен.

 

Білсе екен қадіріңді біздің ұрпақ,

Сатпасын сүйем жерін   қулығын сап.

Киелі Қазағымның қақ төрісің,

Алтай мен Атыраудық бірлігін тап!!!

 

Айтар көп Арқа жәйлі асқақ аңіз…..

Еншіге беріп кеткен Сақ  бабамыз.

Бас иіп сан бабаның руқына,

Ордасын тікті төрге  Астанамыз!

 

Жаратқан бізді енді алалама!

Ханғада бірдей болған қарағада.

Біздерге Сарарқасын сыиға тартқан,

Рақымет! Батыр туған  бабаларға.

 

ҚЫЙСЫҚ ҚАБЫРҒА

Әйелді Алла жаратқан қабырғадан!

(Жаратушы есептен жаңылмаған) .

Қабырғасын өзіне жар етіпті,

Ұжымақта жүрсін деп жанында Адам.

 

Бір әңгіме осылай дінімізде,

Бір ақыйқат еркектер түбі бізге.

Сәл қыңырлау болсада жан серігің,

Әйелдерсіз күн барма тірімізде.

 

Көрінседе сырт көзге  жарасымды,

Мінезі бар қыңырлау бала сынды.

Оқта-текте қыңыры шектен асса,

Еркектерден алады бар ашыуды.

 

жігіттерге бір кеңес ондай шақта,

Бір сөзіңмен өте шық алдай сапта.

Әйелді ешкім жеңген жоқ бұл өмірде,

Қатарласып жарысып жандай шаппа.

 

Қабырғаны есіңе ал сол заманда,

Сындырасың түзейуге зорлағанда.

Жеңіле сал қайтесің өз қабырғаң,

Қайтер едің кеудеңде  болмағанда.

 

Құдай қосқан ол сенің аманатың,

Содан өніп әулетің таралатын.

Аманатқа қыйанат жасар болсаң,

Күн туады барғанда қаралатын.

 

Бұл өмірдің әр ісі бәрі сынақ,

Пайғампарды үлгі тұт дәрісін ап.

Ыңғайсыздау болғанмен рақатың,

Ыңғайыңа пайдалан әдісін ап.

 

Ақыл деген бір сәттік сабырдан ғой.

Сен денесің,  ол сенің қабырғаң ғой.

Қайда барсаң онда бар бір қабырға,

Маңдайыңа әйел боп жазылған ғой!

 

Сонымен өмір көктеп гүлденеді,

Сонымен таңыңда атып, күн келеді,

Адам адам болғалы әлі солай!

Өз “қыйсығын” іздеп жүріп  үйленеді.

 

ӨМІР ЕСЕБІ

Туғанда арың ақ қағаз,

Өмірдің ісін хатқа жаз!

– Өлгенде есеп-қисабым,

Тапсырам, – деген шотқа жаз.

 

Жаратқан берген қардай қып,

Не жаздым соған, қандай қып?

Жолымды тосып шайтан жүр,

Нәпсінің туын далбайғып.

 

Алдауға түсіп, аздым ба?

Біреудің жолын қаздым ба?!

Көз жасын сүртіп момынның,

Жарасын сипап жаздым ба?!

 

Арымда биік тұрдым ба,

Құлқынға құлдық ұрдым ба.

Дүние қуып иттей боп,

Біреуді қауып, жұлдым ба?

 

Намысты пұлға саттым ба,

Қызыққа содан баттым ба.

Біреуге қылған қайырдан,

Жүрекке сусын таптым ба?

 

Халқыма қызмет қылдым ба,

Момынға құлақ бұрдым ба?

Ойладымба иесінде,

Қарызы барын құлдың да?

 

Жүрегім жұмсақ мақта ма,

Болмаса шығар қап-қара.

Жайып бір көрсем қайтеді,

Ұяаттай ұлы тақтаға.

 

Бұл өмір жәйдан-жәй емес,

Өлумен біту және емес!

Ұрпағың көрер жалғасын,

Өзіне мүлде тән емес.

 

Жалғанның ісі жалғанда,

Қайтусыз әсте қалғанба.

Алланың әділ үкімін,

Ұрпақтан көрсең таң қалма.

 

Жақсылық етсең оңынан,

Ұрпақтың өсер жолынан!

Қаралық болса сорынан,

Ұрпақтың түсер соңынан!

 

Дүние деген дөңгелек,

Өмір бөлек, көр бөлек.

Есебім болса оңынан,

Алаңсіз түсем көрге кеп.

 

 

МАҚАББАТ-ӨМІР

Уақыт дейтін диірмен,

қажайда-қажай уаматар.

Қөңілің қалса сүйуден,

Жүректі не бар жұбатар? !

 

Мақаббат дейтін шараптан,

Жұтып ап жүрсең масайып.

Сезімді Алла жаратқан,

Сүйгенің үшін, несі айып? !

 

Өмірдің дендеп сызығын,

Барады түстен, күн ауып.

Кеудемнің үрлеп қызыуын,

Жылынып алам бір ауық.

 

Егескен тірлік күйбеңі

Еңсемді басса жұк артып.

Сезімнің сыйпап сүйрігі,

дертімды жазар жұбатып.

 

Көңілім жасыл жапырақ,

Мақаббат оның тамшысы.

Нәрінен қуат жатыр ап,

Ендігі ғұмыр жартысы.

 

БАБАМНЫҢ ҚАНЫ ТЕКТІ ҚАН

Қаныма біткен тектілік,

Адалдан іштім асымды.

Қумадым қулық , ептілік,

Имедім ханға басымды.

 

Қаныма қалған көкжалдық,

Жағынып жанға көргем жоқ

Терімді саттым өл-жал қып,

Қатарда жүрмін, өлгем жоқ.

 

Қанымда тулап намысым,

Қызындым Қазақ қаны үшін,

Арыма жаным садаға

Сатпадым қарын қамы үшін.

 

Қаныма біткен ізгілік,

Жүрегім жұмсақ, қыз қылық.

Жылытып алдым талайды,

Тоңдырса біреу мұз қылып

 

Мен солай өмір күн кештім,

Басқаны сірә білмеспін.

Жағымпазбен жылпосқа,

Өл-өлгенше күндеспін.

 

СЕН ЕКЕНСІҢ ҒОЙ

Жусаны ма екен?!

Орманы ма екен?!

Жоқ әлде, изен, ермені?!

Көп күн болды  даланның жұпар кермегі,

Сағыныш болып

Кеудеме менің келгелі.

Кезікпейтін ешбір жерден,

Балалық күндерде белден,

Жеткізетін туған жердің желдері,

Сен екенсің-ғой Ерентаудың  жұпары,

Тығылып жүрген , сен мені

Сағынышыңмен бір күн жеңгелі!!!

 

Сен екенсің ғой!

Кей-кезде менің сабырымды тауысатыныңда!

Сен екенсің ғой!

Түсімде ылғи балалық шақтарыммен ауысатынымда!

Сен екенсің ғой!

Сол таныс жерлерде таныс жандармен қауышатынымда!

Сен екенсің ғой!

Сенің жауларыңмен қарадай  алысатынымда!!!

 

Сен екенсің ғой!

Шаттанып тұрсамда  күлмейтнімде!

Сен екенсің ғой!

Ертеңімнен үміт үзбейтінімде!

Сен екенсің ғой!

Осалдығымды білмейтінімде!

Сен екенсің ғой!

Сен екенсің ғой!

Басқа бір жерді сүйіп тұрсамда, сүймейтінімде.

 

 

Теги:

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*