Халқымыз табиғат тылсымын ерте заманнан-ақ түсініп, оны өзінің тұрмыс-тіршілігіне арқау етіп, колдана білген. Солардың бірі – халықтың ауа райын болжау тәсілдері.
Қысы-жазы далалык өмірде тіршілік еткен халкымыз өздері тұрған өлкенің табиғи ерекшелігі мен құпиясын терең білгендігі сондай, айсыз түнде жұлдызға қарап жол тауып, көз аштырмас боранда жердің шөбіне карап ел тауып, қүс, жан-жануар, құрт-құмырсқа тіршілігіне зер салып, ауа райын күні бұрын болжап, ерте қам жасап отырған. Жылдың әр айы мен тоқсанында болатын ауа райындағы және табиғат өзгерістері мен құбылыстарын дала халқы әр кез назарына ұстап, оған ат қойып, айдар тағып, баға беріп отырған. Жылдың он екі айындағы табиғат құбылысына байланысты халықтық қағидаларға калыптаскан болжамдар және оның атаулары мен реттері әдеттегідей наурыз айынан басталады.
1. Өлара. Ескі ай бітіп, жаңа ай туғанға дейінгі аралық. Аспанда ай көрінбейтін кез. Өларадағы ауа райы, туар айда қайталанады деген тəжірбие қалыптасқан. «Өларада жауын- шашын болса, туар айда жауынды- шашынды болады» дейді халқымыз. Бұл болжам əрқашан қатесіз келіп отырған.
2. Амал. Жыл он екі айда айналып соғып түратын ыстық пен суықты, қар мен жаңбырды, жел мен боранды халыщ бір сөзбен «Амал» деп атаған. Яғни жылдың əр мезгілдеріндегі табиғат құбылыстарының өткінші əрі тосын, аз уақытта болып өтетін өзгерісі мен көрінісін жəне оның бірнеше түрлерін айтқан. Ұлттық сандық ұғымда жеті амал бар.
Олар: 1.Күннің тоқырауы. 2.Қарашаның қайтуы. 3.Үркердің батуы. 4.Мұздың қатуы. 5.Киіктің матауы. 6. Қыс тоқсан. 7. Ай тоғымы.
3. Құсқанаты Наурыз айының соңғы күндерінде жыл құстары да ұшып келе бастайды. Құстардың келуімен қар аралас жаңбыр, суық жел тұрады. Мұны ел «құсқанаты» деп атап, амалға жатқызған.
4. Аласапыран Көктемде, наурыз айында, кейде сəуір айында қар күрт еріп, жер лайсаң болып, шаруашылыққа қиын күндер туады. Осындай жайсыз, қолайсыз мерзімді «аласапыран» дейді.
5. Бесқонақ Жыл аяғында, яғни наурыз айының 17-21 күндері аралығында болатын жауынды- шашынды күндер. Бұл— əр жылы соғып өтетін суық əрі лайсаң мезгіл. Жұрт бесқонақтан қатты сақтанып, күтініп отырған.
6. Қызыр қамшысы Сəуір айының орта кезінен аса бере алғаш найзағай ойнайды, жаңбыр жауады, жер бусанады, оңтүстікте жаздың жайлы күндері басталады. Осы сəттердегі найзағайдың жарқылын халық: «қызырдың қамшысы шартылдады, қыс кетті» деп есептейді.
7. Тобылғы жарған Сəуірдің соңғы күндерінде 2-3 күнге созылатын суық жел соғады. Бұл— тобылғы бүршік жарды, яғни өсімдіктер тамыр жайды, алғашқы көк шыға бастады деген сөз.
8. Қызыл жұмыртқа Мамыр айының алғашқы онкүндігінде дала(су) құстары балапанын шығара бастайды. Ел аузында қызыл жұмыртқа деп аталатын осы кездерде 1-2 күнге созылатын суық болады.
9. Құралайдың салқыны Мамыр айының аяғында болатын суық жел. Осы желге қарсы киік өз құралайларын (лағын) аяқтандырып, жүгіртіп, өргізеді. Киіктің жаппай төлдеуі 2-3 күннен арыға созылмайды. Киіктің тағы бір айта кетерлік ерекше қасиеті— оның ешкісі кез келген құралайды емізіп, бауырына ала береді. Киік құралайының далада жетім, жалғыз қалмауы осыдан. Алла тағаланың құдіретімен киік төлдеген уақытта, қасқырлар ет жемейді.
10. Үркердің батуы Маусым айының басында үркердің мүлде көрінбей кетуі. Кейде мұны үркердің жерге түсуі дейді. Осыдан кейін 40 күн шілде басталады. «Үркер жерге түспей жер қызбайды» дейді халық жұлдызшылары мен есепшілері.
11. Қырық күн шілде Маусым, шілде айында 40 күнге созылатын ыстық. Осы аптапты күндерге орай халық арасында қырық күн шілде деп аталатын санақтық атау пайда болған.
12. Үркердің толғағы Мал- жанға жайлы кезең, шілде айының орта кезінде басталады. Бұл кезде үркер туады, жер құрғап, шөп буыны қатып, сарғая бастайды.
13. Таразының тууы Тамыз айының ортасында ауа- райы салқын тартады, қою бұлт пайда болып, алғашқы күз нышаны біліне бастайды. «Таразы туса- таң суыр» деген пəтел осындайдан шыққан.
14. Мизам шуақ Қыркүйек айының екінші онкүндігінде салқын басталады, жаңбыр жауады, түнде шөп басына шық түседі. Осы кездерде күндіз шуақты күндер де болады. Далада ұзынан- ұзақ мизамдар (өсімдік ұлпасынан болатын, сағым іспетті ақ сілбі)шұбатылады. Мұндай жылы мезгілдерді «мизам шуақ» деп атайды.
15. Сүмбіленің тууы Сүмбіле жұлдызының көрінетін мезгілі. «Сүмбіле туса- су суыр» дейді халық қағидасы, яғни қыркүйектің соңғы онкүндігінде күз келеді, суықты күндер, жауын басталады.
16. Қарашаның қайтуы Қараша айында құс жылы жаққа қайта бастайды. Бұл кезде алғашқы қар түседі, күн салқындайды.
17. Қырбастың қызылы Желтоқсанның басында болатын алғашқы аяз. Қазақстанның солтүстігінде қыс ерте түседі. Бұл кездерде қатты аязды суықтар болады.
18. Текенің бұрқағы Желтоқсанның соңғы онкүндігінде Қазақ даласында қатты боран соғады. Дəл осы кезле киік текесі маталады, яғни киік күйегі басталады. Бұл 2-3 күн ішінде толық аяқталады. Мамыр айының аяғында киіктердің лақтауы 2-3 күннен əріге созылмауы да осыдан.
19. Күннің тасуы Халықтың айтуында «күн бой көтерді» дейтін уақыт қаңтардың алғашқы күніне сəйкес келеді. Бұл кезде де ауа- райы өзгереді, қар жауады немесе сырғыма жүреді.
20. Қыс шілдесі Қаңтардың соңғы күндерінде қыс күшіне енеді. «Тіпу» десе, түкірік жерге түспейтін сақылдаған сары аяз болады. Мұны Қазақтар «қыс шілдесі» деп атаған.
21. Бөрі сырғақ Ақпан айының қысы да ақырып келеді. Ат құлағы көрінбейтін борандар осы айда күш алады. Ай аяғындағы сырғақ пен қатты боранды күндердерінде қасқырлардың ұйығуы басталады. Сырғақ деп бұршақтан кіші, мұзды қар түйіршіктерін айтады. Көне көз қариялар бұл амалдың атауы осы бөріге байланысты екенін айтады.
Табиғат құбылыстары мен ауа райын бақылауда халыктың өзіндік тәжірибелері мен болжамдарынан туған терминдері мен орнымен айтылған кағидалары да назар аударуға тұрарлық. Мысалы, жайма-шуақ, капырық, аспан айналып жерге түскендей, миқайнар деп жаз айларындағы ауа райын айтатын болса, кыста – шуақ, май тоңғысыз, шыбынсыз жаз деп жайлы күндерді, үскірік, бет қаратпас аяз, «тіпу» десе, түкірік жерге түспейтін аяз, кызылшұнақ аяз деп аязды күндерді, ат құлағы көрінбейтін боран, ақтүтек, сырғыма, жаяу борасын, ақ байтал, ала қаншық деп боранды сәттерді бейнелей айтқан. Мұндай бейнелі теңеулер ыстық, суық күндердің шама-шарқын айқындайды. Күздегі суықты қарасуық, жазғытұрғы желді өкпек жел, көктемгі жылы желді алтын күрек, ескек жел, сіркіреп қана жауып өткен жаңбырды етікші бүрку, күн шығып тұрғанда жауып өткен жаңбырды ақ жаңбыр, жаумайтын бұлтты қысыр бұлт, наурыз айындағы ұзарған күнді ұзынсары деп айтатын халықтың әдемі теңеулері тағы бар.
АУА- РАЙЫН БОЛЖАУДА ҚАЛЫПТАСҚАН ХАЛЫҚ ҚАҒИДАЛАРЫ.
Қыста торғайлар ұясына мамық таси бастаса, күн кенеттен қатты суытады.
Торғай ерте жұмыртқаласа, күн ерте жылынады.
Мал кешке бір бағытта күйсеп жатса, келер күні сол жақтан жел не боран соғады.
Қырғауыл мазасызданып, қатты құрқылдаса, жер сілкінеді.
Тауық жерге аунап, қанатын қағып, таралана бастаса, жаңбыр жауады.
Жаңбыр сіркіреп тұрғанда тауықтар далада жем іздеп жүрсе, онда ақ жауын болады. Жаңбыр ұзаққа созылады.
Қыстүгіні əтеш бір аяғын көтеріп тұрса, аяз болады. Жаңбырлы күндері əтеш таң ата шақырса, күн ашылады.
Үйрек бір аяғымен тұрып, басын қанатының астына тықса аяз болады. Аязды күні қанатын желпінсе, аяз сынады.
Қыста қаз қаңқылдаса, жылы болады, аяғын бауырына тығып алып, жатып алса, күн суытады немесе боран болады.
Қаз бен үйрек суға шомбып, қиқулап, қанаттарын қомдап, мазасыздана бастаса, ауа райы бұзылады.
Қоқиқаз былтырғы ұясын биіктетпей сол тұрған орнында жұмыртқаласа, жаз құрғақшылық, ал ескі ұясын биіктететін болса, жаз жаңбырлы болады.
Далада көкектің шақырғаны жиі естілсе, алдағы күндер ашық болады.
Қарлығаш аспанда самғап, биік ұшса— күн ашық, төмендеп ұшса, жаңбыр жауып, жел болады.
Қатты жел, дауыл алдында құмырсқа илеуіне кіріп- шығып, əбігерлене бастайды.
Құмырсқа илеуін құрғақ жерге салса— жауынның, дымқыл жерге салса, құрғақшылықтың белгісі.
Егер құмырсқа илеуінің аузын бекітіп алса, ұзақ жаңбыр болады.
Құмырсқа илеуін биіктеу жерге көшірсе, су тасқыны болады немесе қатты жауын жауып, су деңгейі көтеріледі.
Бал арасы топтанып шырын жинауға аттанса, күн ашық болады, егер ұясынан ұзамаса, ауа райы өзгереді. Егер ара жұмысын ерте бастап, кеш аяқтаса, жауын- шашын ұзаққа созылады. Ара ұясынан шықпай, ызыңдап отырып алса, көп ұзамай жаңбыр жауады.
Ара омартадағы өздері кіріп- шығатын тесігін жартылай жапса, қыс суық болады, ашық қалдырса, қыс жылы болады.
Балық су бетіне шапшып ойнай бастаса, жауынның белгісі.
Ашық күндері тиін ұясынан шықпай қойса, күн райы бұзылады.
Қыс қатты болатын болса, тиін ұямын төмен жерге, жылы болатын болса, жоғары жасайды.
Киік топ- топ болып, басқа жаққа бет алса, онда ауа райы бұзылады.
Жауын не боран жұма күні басталса, ол келесі жұмаға дейін созылады.
Қараторғай топтанып ұшып, аспанда қалықтап жүріп алса, күз ұзаққа созылады.
Жылан мезгілінде ініне жатпаса, күз ұзақ əрі жылы болады.
Ордалы жылан, құрт- құмырсқа топ- тобымен басқа жаққа көше бастаса,көп ұзамай жер сілкінеді, болмаса басқа бір табиғаттың тосын апаты болады.
Жазда қүйын көп болса, қыс аязды болады.
Қой тісін қайраса, боран немесе дауыл болады.
Батар күн қызыл шапаққа бөленсе, келер күн жазда ыстық, қыста жұмсақ болады.
Оңтүстіктен ұзақ соққан жел өзгеріп шығыстан соқса, ауа райы жақсарады да, батыстан соқса, ауа райы қатты бұзылады.
Жаз айында аңызақ ыстық болса, ол – қыста катты аяз болатындығының анық белгісі. Қызара батқан күн – желдің, ашык сары болып батқан күн – жаңбырдың белгісі.
Күн шыжып, тымырсық болса, артынша найзағайды күте бер.
Ай қызыл түспен қораланып, әлгі шеңбер кеңейіп барып жоғалса, келесі күні ашық болады.
Осындай екі шеңбер немесе күңгірт бір шеңбер қатты суыққа көрінеді.
Ай бетінің бұлыңғырлануы жаңбыр, ал ай айқын көрінсе ауа райының ашық болатындығын білдіреді.
Аққу жылы жаққа кеш қайтса, күз әрі ұзақ, әрі жайлы болмақ.
Емен ұрығы көп жылы қыс қысады. Желсіз күні түтін жерге қарай шалқыса, бұдан соң қыстыгүні қар, жаздыгүні – жаңбыр күт. Бұлтты болса да жел жоқта түтін көкке шаншыла шықса, ауа райы жақсы болмақ.
Суық күні терезе әйнегі мен жақтауы терлесе, күн жылынады, жазда терлесе, ауа райы бұзылады.
Мысық пешке тығылса, аяздың алды, ит аунаса, жаңбырдың жақындығы.
Жаңбыр алдынан балық қармақ қабар, кармаққа балык түспесе, желден хабар.
Қой сүзіссе, жел болар. Өгіз құйрығын шаншып алса, қатты жел тұрады. Жылқы ішін тартса, күн бүзылады, пысқырса, жаңбыр жауады.
Көктемнің басында қарға суға шомылса, күн жылынады.
Тұман жер бауырлап құласа, бұл – ашық күннің хабары.
Тышқан ін қазғанда топырағын алысқа тастаса, қыс жайлы, ал ін аузына тастаса, қыс қатты болады.
Тышқан інін суға өте жақын қазса, сол жылы құрғақшылық, алыс казса, жауын-шашын көп болады.
Тышқан ініне азықты көп жинаса, кыс ұзаққа созылады.
Тауық ұясына ерте қонақтаса, келесі күні жауын- шашын болады.
Тырна тырауламай, жоғары ұшса, күн жылы болады. Құстар канатын жазып, тарана бастаса, келесі күні жаңбыр жауады.
Маса кешке карай бұлттанып ұшатын болса, ертең жаңбыр жауады.
Наурыз күні қар жауса, ол жылы жақсылык көп болады.
Қой қорасына еркін кірсе, көктем ерте туады.
Жылқы күзде құлын тастаса, ол жылы қыс катты болады.
Қораланған күннің шеңбері тар болса, ауа райы тез бұзылады.
Қой өрістен аузына шөп тістеп қайтса, жұт болады.
Жеміс ағашы күзде кайта гүлдесе, кыс жылы болады.
Шырылдауык шегіртке үнсіз қалса, ұзамай жаңбыр жауады.
Қыста киік басқа жаққа ауа бастаса, сол жерде ұзамай қатты боран болады.
Шолпан жарқырап туса, егін, шөп, жеміс бітік шығады.
Кұрбақа күні бойы тынбай құрылдаса, алдағы күндері күн ашық әрі жайлы болады.
Құрбақа құрылдауын тоқтатса, күн райы бұзылатындығының айқын белгісі.
Кұрбақа жағада отырса, жаңбыр жауады. Көктемде жылқы ықтаса, келер қыс қатты болады.
Бөгелек жаздың аптап күндері жылқы сауырында жүрсе, қыстың суық, ал жалына шығып кетсе боранды күніне дәл келеді.
Сиыр өріске шықпай қойса немесе өрістен ерте қайтса, ауа райы бұзылады.
Ит өз-өзінен ұлып, жер тырнаса, мазасыздана берсе, түсініксіз мінез білдірсе жер сілкінеді.
Жазда аспандағы жүлдыздың жарқырап көрінуі келер күн ыстығына, қыста жарқырап көрінуі келер күннің аязды болуына дәл келеді.
Көктемде күн ерте күркіресе, ол – жауын-шашынның мол болатынының белгісі.
Ит арқасынан түлесе, қыс жайлы, ал бауырынан түлесе, қыс қатты болады.
Ұзақ қарға-таған алдымен келсе, көктем тез шығады, ал сары ала қаз келсе, созылады. «Таған келсе, тарықпас» деген қағида содан қалған.
Қыста кемпірқосақ көрінсе, жыл берекелі, жайлы, мал төлді, егін, шөп шығымды, қуаныш көп болады.
Жаңбыр жауып тұрғанда су бетінде шеңбер көпіршік тұрса, жауын үзаққа созылады.
Күн батар кезде солтүстік жақта аспан қоңырқай тартса, көп ұзамай жел тұрады.
Көктемнің алғашқы жаңбырында күн күркіресе, шөп қалың болады.
Күн шығар алдында бұлт қызғылт тартса, жел тұрады. Бұлт жер бауырлай көшсе, бұл – ұзақ жауатын жаңбырдың белгісі. Бұлт жер бауырласа, күн суытады. Құр, шіл қардың астына тығылса, ұзамай боран болады.
Материал «Қазақтың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары» энциклопедиясынан алынды.