Жаңалықтар

Қытайдағы қазақ режиссері түсірген фильм қытай көрермендерін тамсандырды.

«Құлып»(«门锁») атты бұл фильм бір отбасында жалғыз өзі тұратын әйелдер өмірінің қауіпсіздігі туралы тақырыпқа түсірілген. Фильм 6 күн бұрын прокатқа шықты және қазірге дейін сатылған билеттерден түскен ақша 148 миллион юанға(9916000000 теңге – авт.) жетті. Бұл киноның режиссері Бек (Өркенбек Бейсенбайұлы) есімді шыңжаңдық қазақ азамат, деп хабарлайды Қытайдың CNR басылымы.

Аталған фильм көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Сонымен бірге, киноның көтерген тақырыбы бүгінгі қоғам үшін өте өзекті әрі әртістердің ойнау шеберлігі де жоғары деңгейде деп бағалануда.

«Мен режиссерлік еткен бұл фильм прокатқа шыққан тұңғыш толықметражды туынды. Осы киноға барлық күш-жігерімді жұмсадым. Түсірілім барысында жас режиссерлер бастан өткізетін қиыншылықтарды бастан өткердім», – деді Бейжіңде тұратын жас режиссер Бек.

Қытайлық БАҚ-тың келтірген деректеріне сүйенсек, бұл фильм бір үйде жалғыз өзі тұратын әйелдердің шынайы өмірін көрсететін алғашқы фильмдердің бірі. Бұқаралық ақпарат құралдарының статистикасы бойынша, 2021 жылы Қытайда отбасында жалғыз тұратын әйелдердің саны 100 миллионға жақындаған. Бұл өте үлкен проблемалардың бетін ашады.

«Бектің фильмі жалғыз тұратын әйелдердің күрмеулі мәселелерін ескертетін жай ғана әлеуметтік фильм емес. Онда триллер ретінде фильмде қорқынышты эпизодтар да қамтылған. Бұл арқылы режиссер фильмнің негізгі айтайын деген ойын нақтылауға тырысады», деп жазады CNR.

«Басында қандай фильм түсірсеңіз ол жас маман үшін тәжірибе жинау кезеңі болады. «Құлып» туындысы менің жанрлық фильм түсірудегі алғашқы тәжірибем. Бұл бойынша сын да, мін де айтылса мен сол арқылы болашақтағы шығармашылық беталысымды айқындаймын», дейді жас режиссер Өркенбек Бейсенбайұлы тілшілерге берген сұхбатында.

«Құлып» туындысы қытай тілінде түсірілген.

Айта кетейік, Бейжің қаласында тұратын қандасымыз, жас режиссер Өркенбек Бейсенбайұлы Қытай елінде кино саласы бойынша жемісті еңбек етіп, талантымен жұртқа танылып жүр. Бейжің кинематография академиясының түлегі, талантты жас режиссер Өркенбек Бейсенбайұлы 1993 жылы Қытайдың Шыңжаң өлкесі, Санжы облысының Манас ауданында дүниеге келген. Ол бұған дейін Қытайда көп сериялы телефильм түсірудің ең үздік маманы деп мойындалған Убай деген режиссер екеуі бюджеті 460 миллион юань (65 миллион 800 мың доллар) болған, 60 бөлімді «Нысанаға алу» атты телесериалын түсірген. Режиссер ретіндегі Өркенбектің тырнақалды туындысы «Құтқару» атты қысқаметражды кинофильмы. Оның осы шығармасы 2017 жылдың желтоқсан айында өткен 8-ші Қытай халықаралық «Жаңа медиа» қысқаметражды фильмдер фестивалінде жүлделі орынға ие болған. «Құтқару» фиьмы 2018 жылы халықаралық Канн кинофестивалінде үздік микрофильмнің бірі атанды.

https://www.inform.kz

 

 

Теги: ,

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*