Бейнематериалдар

Ерғали Ахметқан:”Бір өлеңі бір елдің мұрасындай”

Менің бұл шағын мақаламда айтпақшы болғаным, сонау алпысыншы жылдардың басында білім іздеп шекара аттап, Қытай Халық Республикасынан қазақ еліне атбасын тіреген, бүгінде «қазақ әдебиетінің абыз ақсақалдарының» біріне айналған Жабайыл Бейсеновтың «Ауылым»-өлеңі туралы болмақ.

Жабайыл Бейсенов 1934-жылы Қытай Халық Республикасы Тарбағатай аймағы Толы ауданының «Дәм» малшаруашылық районында дүниеге келген. Жиырмадан асып, оң-солын таныған азамат шағында талаптың тайын мініп, білім іздеп, қазақ еліне қадам басқан. Содан біраз жылдар өткенде артта қалған туған жеріне, өскен еліне деген сарғайған сағыныштан көптеген өлең-жарларын өмірге әкелген. Арқалы ақынның шабытының, шырқау шыңының айғағындай «Ауылым» өлеңі дүниеге келген. Музыкасын әйгілі композитор Теміржан Базарбаев жазған Жабайыл Бейсеновтың «Ауылым» өлеңі шығармасы жазылғанына жарты ғасырдан асса да, әлі күнге халық сүйіп айтатын өміршең туындылардың бірі және бірегейі.

«Ауылым» атты Жабайыл Бейсеновтың бұл өлеңінде ақынның кіндік кесіп, кір жуған туған жеріне деген ыстық махаббаты сонымен бірге жастығының куәсі болған ауыл өмірін, ауылының әрбір тал жусаны мен жуасын да ақын әспеттеп жырға қосады. Ақын тағы да боз балашақтағы бала ғашығын да жырына қосуды ұмыт қалдырмаған. Бұл сөзімізге дәлел ретінде ақынның мына бір жыр шумақтарын алсақ та жеткілікті:

«Биік-биік шың құзғақұмар қылған ауылым,

Бүлдіршіндей бір қызға сыңар қалған ауылым»,-деп ақын шабыттана жырлайды.

Ақын ауылдағы келін түсіру, қыз ұзату тойларынан кейін кешке жастарға арнап жасалатын «түнгі тойда» болған ойын-тамашаны да жырына арқау етеді:

«Тоймен таңды атырып ән салдырған ауылым,

Сары қымыз сапырып тамсандарған ауылым»,-деп жастықтың қызуымен болған тамаша кештерді де ақын қаламынан қағыс қалдырмайды. Мінекей, ақынның ауыл өмірінен алынған осы бір эпизоттарының өзі де бір романға жүк болғандай, қызықты да  қызғылықты дүниелер. Бұл «Ауылым» өлеңі атты шығармасы ауылынан алыста жүрген ақынның ауылына деген сартап сағынышы мен кіршіксіз көңілінен туған риәсіз туынды. Сондықтан әні мен сөзі тамаша қабысқан бұл туынды әлі күнге халық көкірегінен орын алып, нарық заманында жан бағысқамымен ауылынан қалаға қоныс аударған талай-талай ауыл өнерпаздарының, тіпті бүкіл қазақ халқының тамсана шырқайтын жүрекке жақын туындысына айналған.

Бүгінде сексеннің сеңгіріне шығып, Шығыс Қазақстандағы Үржар ауданында туыс-туған ағайын ортасында немере-шөбересінің қызығын көріп, алаңсыз ғұмыр кешіріп жатқан Жәбәйіл ағамызға Алладан ұзақ өмір тілей отырып, аман бол «әдебиетіміздің ауызы дуалы абыз ақсақалы» деген ізгі тілегімізді білдіреміз.

                                                                                                          2021ж, қарашаның 15 жұлдызы, Алматы.

Теги:

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*