Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында өзен-көлі, кең даласы, орман-тауы астасып жатқан ұлан-ғайыр өңіріміздің ерекше қорғалатын аймақтарында тұмса табиғатты, жан-жануарларды қорғау, көбейту бағытында табиғат қорғау мекемелерінің атқарып жатқан іс-шаралары мен жеткен жетістіктері баяндалған баспасөз конференциясы өтті.
Шығыстағы мемлекеттік орман қорының ауданы 3 млн. 840 мың гектарды құрайды. Республикадағы орман қорының жартысынан астамы біздің аймақта. Сол орманның дені аса бағалы қылқан жапырақты балқарағай, самырсын, майқарағай, шырша, сібір қарағайы сияқты сирек кездесетін ағаштар.
Аумағы 1 млн. 680 мың гектарды алып жатқан алқапты қадағалап отырған табиғат қорғау мекемелері осындай байтақты, табиғатты ішіндегі жүгірген аң, ұшқан құсымен қоса қорғап, сақтап келеді. Батыс Алтай мемлекеттік табиғи қорығы мен Марқакөл мемлекеттік табиғи қорығы, Катонқарағай ұлттық табиғи паркі және «Тарбағатай» ұлттық табиғи паркі, «Семей орманы» мемлекеттік табиғи резерваты, Төменгі Тұрғысын, Оңтүстік Алтай тәрізді республикалық маңыздағы бес мемлекеттік табиғи қорық Қазақстанның шығысындағы байлыққа бас-көз болып отырған, міне, осы мекемелер.
Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Ділдәбек Оразбаевтың қатысуымен өткен баспасөз конференциясында өзен-көлі, кең даласы мен орман-тауы астасып жатқан өңіріміздегі ерекше қорғалатын аймақтардағы тұмса табиғатты, жан-жануарларды қорғау, көбейту бағытында атқарылып жатқан іс-шаралар баяндалды.
2001 жылдың шілдесінде құрылған Катонқарағай ұлттық табиғи паркі – алып жатқан аумағы жағынан еліміздегі ең үлкен ұлттық табиғи парк, ерекше қорғалатын аймақ. Ұлттық табиғи парктің бас директоры Жанболат Тыныбеков парк құрамындағы бес филиал мен он орманшылық және алты бөлім ұлттық табиғи парктегі орманды қалпына келтіру шараларын, орман көлемін жыл сайын ұлғайтып отырғанын, соның нәтижесінде орман аумағы 17 пайызға кеңейгенін атап айтты. Медведка орман шаруашылығындағы ауданы 58 гектар тұқымбақтың жұмысы қалпына келтіріліп, жыл сайын 250-300 мың қылқан жапырақты ағаш көшеттері өсіріліп, елді мекендерге, мекемелерге үлестіріліп келеді.
Катонқарағай ұлттық паркінде заңсыз ағаш кесу фактілері азайған. Орман алқаптарында санитарлық шаралар жүргізіліп, ауру, қураған, кәрі ағаштар кесіліп, алқаптар зиянкестерден арылтылып отыр. 20 жыл ішінде парк аумағында ірі орман өрттері (2008 жылдағыдан басқа) тіркелмеген. Әр жыл сайын шекара маңындағы аумақтар тұрғындарына орман қоры жерлерінен мал жаюға (5-7 мың гектар), шөп шабуға (500-600 гектар) рұқсат беріледі.
«Табиғат жылнамасы» бағдарламасы аясында төр Алтайдағы ұлттық паркте алқаптың фаунасы, флорасы бойынша ғылыми зерттеулер де жүргізіліп келе жатыр. Нәтижесінде парк аумағында құстардың бес жаңа түрі, қанатты жәндіктердің жиырма жаңа түрі, сондай-ақ бұрын бұл өңірде кездеспеген өсімдіктер түрі, сабаншы табылып, тіркелген. 2014 жылдан бастап паркте Қызыл кітапқа енген қар барысының тіршілік ету ортасына мониторинг жүргізіліп жатыр. Адам аяғы баспас асқаралы биіктерде ғана жүретін қар барысы осы уақытқа дейін он шақты рет фототұзаққа түскен. Қар барысы 2014 жылы Аршаты орманшылығы аумағынан алғаш рет фототұзаққа ілінсе, ол Сарымсақты жотасынан 2020 жылы үш рет, биыл тіпті бірнеше рет фототұзаққа түскен екен. Соған қарағанда мүлде көрінбей, құрып кетуге айналған аң Алтайда қайтадан көбейе бастаған болуы да мүмкін. Бүкіл әлемде қар барысының саны тым аз көрінеді, ал біздің Алтайда жетеу ме, жиырма ма, қанша қар барысы бар екен?
Парк басшысының айтуынша, қазір зоология ғылыми институтымен Катонқарағай ұлттық паркіндегі қар барысының өсіп-өну ортасына, экожүйесіне зерттеу жұмыстары одан әрі жүргізіліп жатыр.
Бұл күнде Катонқарағай ұлттық табиғи паркін тамашалауға асығатындардың қатары көбейген. 2002 жылы 500 турист парк аумағына арнайы саяхаттап келсе, биыл келушілер саны жеті мыңнан асқан. Ұлттық парк аумағында ұзындығы 673 шақырымды құрайтын 14 туристік соқпақ жұмыс істеп тұр. Биыл парк аумағында инфрақұрылымдар салу бойынша жобалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Катонқарағай ұлттық паркінің ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік биосфералық резерваттар тізіміне, яғни ерекше қорғалатын аймақтар тізіміне енгені – парктің тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген басты жетістіктерінің бірі.
Шығыста 2018 жылы құрылған «Тарбағатай» ұлттық табиғи паркі Зайсан, Тарбағатай, Көкпекті, Үржар аудандарының аумағын қамтиды. Парктің бас директоры Әлібек Тоқымтаевтың баяндағанындай, парк аумағындағы төрт экологиялық туристік соқпақтың екеуі толық жабдықталып, биылдан бастап туристерді қабылдай бастаған. Мекеме жаңа техникалармен қамтылып жатыр. Парк аумағында жануарлардың 376 түрі, балықтың 19 түрі мекендейді.
Батыс Алтай мемлекеттік табиғи қорығының директоры Қайырды Орсаринов та аталған парк жаңа технологиялармен, техникалармен жабдықталып жатқанын, соның нәтижесінде браконьерліктің азайғанын, шаруаның ширағанын тілге тиек етті. Марқакөл мемлекеттік табиғи қорығындағы табиғат қорғау шаралары туралы әңгімелеген қорықтың бас директорының міндетін атқарушы Әлішер Құрманбаев соңғы жылдары қорық көлемінде өрт болмағанын, хариус, ускуч балықтарының қайтадан көбейіп келе жатқанын жеткізді.
Шығыстың тұмса табиғатын, жабайы аң-құсын сұқ көзден, суық қолдан қорғап, сақтап отырған табиғи қорықтар мен табиғи парктердің бүгінгі тынысы осындай.