Мен 1968 жылы Буыршынның Жиделі деген жерінде өмірге келіппін. Балалық шағым тым бақытты бола қойған жоқ. Үрей, қорқыныш және жоқшылық. Бұжыр- бұжыр болып бөртіп пысқан жүгері нанының дәмі таңдайымнан әлі күнге кеткен емес. Шешем мен жеңгем кесіп-пішіп денеме шақтап беретін ағамның ескі-жаңа киімдерін иініме іліп мектепке баратыным да ұмытыла қоймас. Бастауышты Ақтүбек деген жерден бастап сонда тамамдадым. Орталауды Оймақы ауылынан бітірген соң, 1983 жылы Алтай аймақтық 1толық орта мектебіне қабылданып, үш жыл сол білім ордасында тәрбие алдым. 1986 жылдан, 1991 жылға дейін Орталық Ұлттар иниституты, Аз ұлттар тіл-әдебиеті факультеті, Қазақ тілі кафедрасында бес жыл оқыдым. Онан соңғы жиырма жеті жылдық ғұмырым қазір өзің қызмет өтеп жүрген «Алтай газеті» мекемесінде редактор, тілші болып өтті. 2019 жылы демалысқа шықтым.
– Серік Сәлімжанұлының «Алтай газетіне» берген сұхбатынан үзінді.
ТҰРДЫХАН АЙДАРХАН: ҚҰЛАҚ КҮЙІ КЕЛМЕЙДІ-АУ, ДОМБЫРАМНЫҢ.
(Жазушы, публицис Серік Сәлімжанұлының рухына арнау.)
Айналайын Сері ағам, Секем дейтін,
Інің едім еркелеп, секеңдейтін.
Қаралы лек кеткенде жолға шығып,
Көрдім бүгін өмірдің бөтен кейпін.
Қаралы лек көрдім мен шұбатылған,
Ширығамын тұлпардан түн асырған.
Алматыдай арудың жанарынан,
Көз жасы емес көрсоқыр мұң атылған.
Шеру көрдім шер тұнған бұл ғасырдан.
Қарсы тұрар тағдырдың ісіне кім?
Жалқы шанар…
Бәрі – бәрін түсінемін.
Алатауға жеткенде құстың әні,
Келеді деп Секеңді күтіп едім.
Жоқ, болмады, үміттің бітті нәрі,
Қыңғы боран кеудемде ышқынады.
Тек мен емес өзіңді бұл қалада,
Туыс – туған, дос – жаран күтті бәрі.
Қабіріңді қайтейін қар қымтады,
Айналайын ақ мамық ардың сәні.
Ақ түтекте жүрме екен құлдыраңдап,
Ақтүбекте* адасып балғын шағың.
Жыр арнармын, шаршармын, болдырармын,
Құлақ күйі келмейді-ау, домбырамның.
Ақтық реет «Хош» деген Алтайына,
Томағасын кім тартты сол қыранның.
***
Көк шалғынға жайып сап керегені,
Ауылыңның қонғаны белең еді.
Темір қазық басыңа жастандырған,
Ауырудың үлкені өлең еді.
Тағдыр дейтін астың да сары белден,
Кете бардың қоштасып абыз елмен.
Сағыныштың өзегін әні керген,
Сарсүмбенің өзіңмен сәні келген.
Өрлейін бе, Қыранды* құлдайын ба?
Сырымды айтып сыбырлап мұң-қайыңға.
Иек сүйеп ымыртқа тыңдайын да,
Айтылады әңгіме кім жайында.
Түсінбеген жүрегін тірісінде,
Айқайлағым келеді, (Кім үшін? Не?)
Өмір ағып барады Қыран құлдап,
Салбыраған иіні түн ішінде.
Бір айтары бар ма? – деп інісіне,
Сабыр деймін, құбылған қу ішіме.
Уақыт безіп барады Қыран бойлап,
Түсіп кеткен мәңгілік үні ішіне.
*Ақтүбек – Туған ауылы.
*Қыран – Алтайдағы өзеннің аты.
Дайындаған: Мағаз.Р