Шежіре

Тұманбай Молдағалиев. АЛТАЙ – ОСПАН

Тұманбай Молдағалиевтің бұл поэмасы  «Біздің Отан» атты газетте 1985 жылы жарияланған екен. Еріксіз елінен айрылып, жаһаннан жан сауға сұрап кеткен Алтай тауының түлегі Алтай Оспанның атынан баяндалатын поэма  жанарға жас үйіріп, көңіл толқытады. Қазақ поэзиясының асқан лиригі атанған Тұмағаңның жүрегін қиыр жайлап, шет кеткен қазақ тағдыры да үнемі толғандырып жүрсе керек. «Алтай-Оспан» осы сөзімізге дәлел. Поэманы тергізіп дайындап редакцияға ұсынған  ақын Ауыт Мұқибек.

(Поэма)

«Алтайда дүниеге келген екем,

Атыммен ылғи бірге туған мекен.

Ел кездім жел айдаған қаңбақ құсап,

Оншама еш нәрсе жоқ мұнда бөтен.

 

Ұямнан кеттім қашып бір – ақ түнде,

Баратын бағдар қайда, мұрат кімде?!

Ұстадым өмір бойы бір – ақ дінді,

Сөйледім өмір бойы бір – ақ тілде.

 

Табиғат жаратпады ұқыпты ғып,

Қайғыны, қасіретті жұтыпты үміт.

«Қытайдың қазағы» деп айтады жұрт,

Сыртымнан саусағымен нұқып тұрып.

 

Қазақпын, қазақ болып дүние кешем,

Білмеймін тіршілікте қалды ма есем.

Бір бардым анау жылы Алматыға,

Елімді көрейін деп аман – есен.

 

Алматым, көңіліңді ұқтым ояу,

Сәскеде самалыңды жұттым баяу.

Көшені араладым жаяу жүріп,

Шыңына Алатаудың шықтым баяу.

 

Заңдары қызық – ақ қой жаратылыс,

Жаныма алып қайттым жаңа тыныс.

Туысым жоқ болса да бұл қалада,

Секілді тұрғынының бәрі туыс.

 

Байсалды қалпында екен бай мекенім,

Алыста жүріп оны қайғы етемін.

Өзіммен тұңғышымды ала бардым,

Білсін деп қазағының қайда екенін.

 

Олдағы разы болды бұл барысқа,

Жанарын жаным балам салды алысқа.

Барып ем мысық құсап қайран елге,

Бейне бір ұқсап қайттым жолбарысқа.

 

Мен сонда елім бар деп еңіредім,

Толғандай қамқоршыға төңірегім.

Күтуге бақытымды шештім белді,

Бітуге таяған бір өмір едім…

 

Айтайын өмірімді бастан – аяқ,

Тұрғандай мені әзірге аспан аяп.

Желеді тор дөненім дөңнен асып,

Келеді мені жолға тастамай – ақ.

 

Ұямнан қашқан бойы Үнді бардым,

Ашық боп көрген емес бір күн алдым.

Көшені мекен етіп жүрдім талай,

Білмеймін мен қалайша тірі қалдым.

 

Одан да тұрақ таппай, жол іздедім,

Бергендей түйе күшін, өгіз демін.

Кезім ғой темір үзер тепсінгенде,

Жұтынған тура жиырма сегізде едім.

 

Ғұмырдың тереңіне бата бердім,

Дәм – тұзын талай тарттым қатаң елдің.

Жарқылдап қылыш болар кездерімде,

Қынымнан суырылмай жата бердім.

 

Дерт алса жазасың ба кісіні емдеп,

Қашқынның жүре ме алға ісі жөндеп.

Бір күні Стамбулға келіп жеттім,

Түріктің тілін ептеп түсінем деп.

 

Онда да мен секілді қашқын, босқын,

Зарлылар әуеніне әуен қостым.

Өзімнің тағдырыма көп жылаған,

Көзімнің ыстық жасын көрмеді ешкім.

 

Шын жетім отансыз жан, бақсы жетім

Ұмытқан ата – баба өсиетін.

Әйелім қайтыс болды тіршіліктің,

Көтере алмады да тақсыретін.

 

Мен аздап тіршілік қып тері иледім,

Есімде дүкен ашып мөлигенім.

Жігіттің жолы болмай тұрғанында,

Үйіңді, ошағыңды аңдиды өлім.

 

Кетті бір көз бұлдырап, қан қатайып,

Құлады құлагерім жолда тайып.

Мен тіккен тондарды ешкім алмай,

Бір күні зиянға кеп ал батайын.

 

Күн алды көкірегімнен отымды үзіп,

Қиналдым кеудем күйіп, бетім қызып.

Тағы да кетті мені үміт алдап,

Көшенің қилысына отырғызып.

 

Кімім бар, көмек сұрап кімге барам,

Таныстар қарамайды мүлде маған.

Көшеге шығудан да қысыламын,

Күн бойы кәрі әжедей үйде болам.

 

Үйлендім екінші рет қырғыз қызға,

Екеуміз шілде де тұрмыз мұздап.

Өтеді көз алдымнан сайқал тірлік,

кетеді жүрек шаншып, кеудем мұздап.

 

Оңаша әрі ойландым, бері ойландым,

Үзілмей үмітімнен қалай қалдым.

Бақ –  деген алтын сарай алыстағы,

Кірем деп, кіре алмайды сарайға әркім.

 

Көзімнен бұлбұл ұшты болса да алтын,

Ешкім жоқ енді мені қош алатын.

Қалтада тиыны жоқ жанның бәрін,

Бұл өлке қайыршыға қосады әр күн.

 

Тарым жоқ, бидайым жоқ қырманымда,

Қоңды едім саудам жүріп тұрғанымда.

Мал – жанды кісілерге барғаныммен,

Бермейді несиеге бір малын да.

 

Аймақта қолын берер болмады ешкім,

Тағдырын таңдап алдым қыран құстың.

Жарымды жас баламен үйге тастап,

Тағы да тамақ іздеп жолға түстім.

 

Тон саттым, дүкен ашып дүние көздеп,

Ісімнен болғандаймын күнде безгек.

Аш қасқыр дала кезсе жемін іздеп,

Мен болсам қала кездім жұмыс іздеп.

 

Көз байлау – қап – қараңғы надандығым,

Артқандай арқама бір заман жүгін.

Белгілі мамандығың болмаған соң,

Қатардан қалады екен адам бүгін.

 

Жол – жастық, шатыр – төсек жолаушыға,

Жалы емес анаусы да, мынаусы да.

Ақыры Стокголым шамын көрдім,

Тататын дәмім бітпей тұр – ау, сірә.

 

Қаңғыдым жұмыс іздеп әр көшеден,

Сыпырдым аулаларды, жудым еден.

Өлем деп өле алмадым, ыстық екен,

Тұратын жалт – жұлт етіп дүние деген.

 

Байқаймын, кеттім, білем, әбден азып,

Жұлдызым адастырды  – Темірқазық.

Түнедім шатырларға, түней жүріп,

Өзіме таптым әрең күндік азық.

 

Сонда да жасағам жоқ алалық іс,

Нұр тайса, көкірегіңнен қалады күш.

Бір күні бір заводқа келдім өзім,

Істейтін бар деп естіп қара жұмыс.

 

Ол кезде күш бар еді мына қолда,

Қос қолым  – қожайынға ұнаған да.

Бір жерден дүниенің көзін көрсе,

Қанағат болмайды екен бұл адамда.

 

Түнде де сол заводта қалғыды үміт,

Жар ұмыт, қызық та ұмыт, жан қыз да ұмыт.

Тәуліктің дәл жартысын от ішінде

Өткіздім екі жылдай жалғыз жүріп.

 

Мен сөйтіп ептеп – септеп ес жинадым,

Өзімді таң қинадым, кеш қинадым.

Күн үшін болуға да әзір едім,

Бол десе, дөңгелегі машинаның.

 

Болсам да осынау елге өгер, бөтен,

өзіңді өз пиғылың демейді екен.

Шведтің бір жақсысы еңбегіңді,

Шіркіндер қарауланып жемейді екен.

 

Қарашы мына көзге, мына бетке

Қисайған, жан дертіме куә көп пе.

Әйтеуір қаңғып жүріп, қалғып жүріп,

Бауырым, төзе бердім бұл әлетке.

 

Білмеймін қайда барам, енді қайда,

Шығармай сақтап келем шерді бойда.

Кәрілік алқымдады, қайда өлемін,

Жас шақта мұның бәрі келді ме ойға.

 

Қалады қайда менің топырағым,

Қазақтың көп сағындым атырабын.

Бататын күнге қарап шерленемін,

Батар күн таяу – ау деп отырамын.

 

Сөйтем де құлағымды елге түрем,

әуенін естимін де тербетілем.

Туған жер биік Алтай – асыл ана,

Табам ба ондай жерді жер бетінен.

 

Өмір ғой бірі келген, бірі кетіп,

Көрген жоқ ол сорлыны ол ірілетіп.

Шіркін- ай, елге барып өлсем деймін,

Тым құрса шеткі үйіне тірі жетіп.

 

Өзімде одан басқа қалмады арман,

Не үміт күте аласың балалардан.

Тілді де түсінбейді бәтшағарлар,

Дінді де қайтсін олар әдіре қалған.

 

Беземін өзім кейде ойдан да азап,

Әйелдей баладан да, байдан да азат.

Құямын зердесіне қазақсың деп,

Бұлармен көбейсін деп қайран қазақ.

 

Айтпаймын ажал әнін, табыт әнін,

Бұлағын шердің кейде ағытамын.

Еліме оралмадым, ал оларға,

Елім бар дегенімнен не ұтамын?..

 

Көңліме қиялдансам күн кіреді,

Үміт те кейде күн боп үлбіреді.

Бара ма туған елін іздеп олар,

Қала ма осы жақта, кім біледі.

 

Мен болсам, көп сағынам сол елімді,

Достармен қосылып айтқан әуенімді.

Кешіме деп ойлаймын жақын қалды – ау,

Есіме алған сайын бала күнді.

 

Алпысты алқымдады ғұмыр жасым,

Бәрін де тұр ғой айтып буырыл басым.

Сорыма соққыны да көп көрдім – ау,

Соңыма өзіме аян бұрылмасым.

 

Алысқа шаба алмады атым да аса,

Қорғайтын кім бар ажал жақындаса.

Елде де мен қимайтын ешнәрсе жоқ,

Ата – анам жатқан қорым шақырмаса.

 

Бел байлап барғым келді елге неше,

Сусында не қадыр бар, шөлдемесең.

Елде де мен қимайтын ешнәрсе жоқ,

Биік тау, мөлдір өзен кел демесе.

 

Биік тау, тау басынан өрген тұман,

Көрсем де қиялыммен қуат алам.

Сол жерді қалай қиып кеттім екен,

Сол жерді қалай қидым мен антұрған.

 

Қалғаным жақсы ма еді мұнан да өліп,

Сенбесек, бәріне де, күмәнді едік.

Шошынған ұясынан қарлығашпын,

Жеймін деп келе жатқан жылан көріп.

 

Тірімін өз киігім өрде жүрсе,

Ердің де өлгені ғой елге күлсе.

Өлуім керек пе еді туған жерде,

Мұншама михнатты көргенімше.

 

Алтайым қар жайлаған мәңгі басын,

Өзіңе жете алмадым, не қыласың.

Түсімнен бір шықпайды туған мекен,

Сағынған шығар мүмкін қаңғыбасын.

 

Жаз болса, Стамбулға бір ай кетем,

Әйтеуір, шықпаған жан шыдайды екен.

Өзінің балалары оралмаса,

Жер – ана жетімсіреп жылай ма екен?!

 

Жер – ана жетімсіреп жылай ма екен,

Сулары мөлдір ме екен, лай ма екен?!

Кеудемнен ұшып шығып бір көгершін,

Жеткен соң туған жерге құлайды екен.

 

Бұл өмір жылатыпты, күлдіріпті,

Жоқтық пен тоқтық ылғи бір жүріпті.

Менің де көкірегімнен ұшқан құсқа,

Туған жер толған шығар, кім біліпті.

 

Ұмытты, хат жазбайды Қалтай көкем,

Кісіден қартайды ырыс қартайды екен.

Көктемде ұшып барған тырналардың,

Бәрі де менің тырнам, Алтай мекен.

 

Шапағын көрмеу сор ғой өз күніңнің,

Азабын көрдім әбден аз білімнің.

Көктемде көлге қонған аққулардың,

Бәрі де сағынышы – кезбе ұлыңның.

 

Туған жер, кешір мені, кешір мені,

Гүліңді үзе алмадым төсіңдегі.

Бір кәрің тым алыстан жаутаңдайды,

Тұлпарым жазығыңда көсілмейді.

 

Қуанам сенің төбең бір көрінсе,

Дұғамнан тастамаймын білгенімше.

Арбаңа өгізің боп жегілсем ғой,

Жат жерде арбакеш боп жүргенімше.

 

Өмірдің басы мейрам, арты сынақ,

Келемін тіршілікте тартысып – ақ.

Мына жұрт қазағыңды біле ме екен,

Жатқан бір дүниенің жартысын ап.

 

Білмесе, өз обалы өздеріне,

Өнер де шарықтайды өз көгінде.

Әншінің кім екенін әлемдегі,

Бибигүл көрсетті ғой көздеріне.

 

Бетке алып тарта берді халық өрді,

Қасиеті бағындырды қалың елді.

Бишінің кім екенін көрді бұл ел,

Күйшінің кім екенін тағы көрді.

 

Бұл халге жеттім, міне, қартаймастан,

Бойымда күш кетпестен, әр таймастан.

Қазақтар концерт қойса қай қалада,

Сонда жүр шапқылаумен Алтай – Оспан.

 

Өздері, сөздері де – бәрі қымбат,

Кетеді кездескенде хан лыпылдап.

Халқымның әнін естіп бір жыладым,

Жыладым күйін оның және тыңдап.

 

Жан қалды менде, әйтеуір, мертікпедік,

Осының бәрін бізге артық дедік.

Жолықтым ақынына кеше кеште,

Дәм бердім ошағыма ертіп келіп.

 

Қашанда жақсылықтың жақынымын,

Боларым және мәлім ақыры кім.

Аздап мен өмірімді айтып бердім,

Қолқалап қоймаған соң ақын інім.

 

Мен шалмын, баяғыда – ақ шал боп қалғам,

Дел – салмын, өліп қалған қымбатты арман.

Жоқтаған ешкім де жоқ жолаушысын,

Тоқтаған орта жолда қуатты арбам.

 

Өмірім жалғыздыққа бейім, міне,

Ап қойды тағдыр жомарт пейілді де.

Арбамда қазына жоқ, бола қойса,

Кетер ем үлестіріп кейінгіге.

 

О, өмір, бергенімді қайта ал дейсің,

Жан дейсің, егінім боп жайқал дейсің.

Ішінде миллион шамның бір шам сөнсе,

Оны кім елер дейсің, байқар дейсің.

 

Сонымен туған жерге қайтады аңыз,

Дәм татып талай елден байқады ауыз.

Туған ел аман болса, бұл жақтағы,

Біздағы аманбыз деп айта аламыз.

 

Астықтан дәрия ағызып, тау орнатқан,

Туған жер қайда жүрсем маған мақтан.

Қазақтың күні тұрса биігінде,

Бізге де түсетіндей сонау жақтан.

 

Кеудемде талай менің қайғы ысталды,

Өсірсем жақсы еді-ау ұл ойға ұстамды.

Мен өлсем, балаларым барар елге,

Қумаңдар, жат көрмеңдер байқұстарды.

 

Туған ел, әнің әсем, әсем күлкің,

Көзге де, көңілге де әсерлі тым.

Балам да Алтай тауын ойлай – ойлай,

Жым – жырт боп дүниеден көшер мүмкін.

 

Алматы, о Алатау, алаңда Абай,

Секілді келе жатқан маған қарай.

Арманға мен жетпеген ұлым жетсе,

Бүгін – ақ көз жұмар ем алаңдамай.

 

Мың алғыс, санадыңдар мені адамға,

Мәзбін ғой жылы ұшырап қарағанға.

Ұлымның кеудесіне мен өзімнің,

Жанымды, жүрегімді сала алам ба?

 

Тартылар өмірімнің бұлағы да,

Менде ғой, менде барлық кінә мына.

Әйтеуір, қазақ жайлы әңгімені,

Ұлымның құйып келем құлағына.

 

Ісімнің өкінемін ұсағына,

Жоқтықтың жібермейді тұсауы да.

Алтайдан әрмен кетпей, бермен кетсем,

Қазақтың кірмес пе едім құшағына.

 

Жоқ менің кейігім де, ілгерім де,

Елімді зармын күнде бір көруге.

Ұлым да тумас па еді өзгелердей,

Қазақтың даласының бір жерінде.

 

Туған жер тұрсын іште бір ән болып,

Қалғаным жақсы ма еді бұдан да өліп.

Елді аңсау, жерді аңсаумен мен өтемін,

Қияға қарай ма ұлым қыран болып.

 

Бұл елдің бөлек жолы, тәртібі де,

Білмеймін кемші не, артығы не.

Ұлдарым қазақ болмай қала ма деп,

Кетеді зәрем менің зәр түбіне.

 

Шаруам жоқ жатқан тіпті басқарылмай,

Әйтеуір көп қиялға аспаным бай.

Жүрген соң елден алыс әр түрлі тіл,

Кісіге керек екен бес қарудай.

 

Қай жаққа барар дейсің өнер аулап,

Әйтеуір бәлекеттен келем аулақ.

Сол ұлдар шветше де, французша,

Сөйлейді ағылшынша және заулап.

 

Бұл үйде Тәңір де өзім, әмір де өзім,

Өмірдің өткіздік қой не бір кезін.

Сөйлейді түрікше де, қазақша да,

Жұмылмай тұрғанымда менің көзім.

 

Тағдырым көп салғанмен мені азапқа,

Берейін көңілімді неге жатқа.

Тұңғышым – Минаманы биыл жазда,

Ұзатам Стамбулда бір қазаққа.

 

Олардың тұрмыстарын түзуледім,

Жалғадым жаным салып үзілгенін.

Соғанда шүкір деймін өз ұлтының,

Ұстады етегінен қызым менің.

 

Жүремін кей – кейде бір көңілді оймен,

Өмірді өткізердей думан тоймен.

Кішіме Алматыдан жар жолықса,

Бөркімді аспанға атар едім ғой мен.

 

Бастайсың, өмір, енді не қияңа,

Ержеткен түлектеймін екі ұяда.

Құдама жылында бір барып тұрсам,

Тар емес еді менің тақияма.

 

Ішімнен тағы сынға әзірленем,

Бұл жерде жүр ғой тірі қазір денем.

Көз жұмсам Алатаудың баурайында,

Құдама барып жатқан кезімде мен.

 

Осы бір қиялымнан бақыт табам,

Шөлдеп кеп шай ішкендей рахаттанам.

Қайтадан өмірімді бастар едім,

Әттең – ай, билей алса уақытты адам.

 

Кетті ғой заман байып, ой да есейіп,

Осы бір жолығысты той десейік.

Сендерден мен ешнәрсе дәметпеймін,

Тек қана қазақша бір сөйлесейік.

 

Жұлдыздар бауырым менің, аспан анам,

Аспанды дұғасынан тастамаған.

Қазақша ән айтыңдар, ән білсеңдер,

Еш нәрсе керек емес басқа маған.

 

Даусыңды аямағын айғайлаған,

Сонда бір жүрегімде ойнайды ағын.

Ішпеймін шарапты да, шарап ішсем,

Түседі есіме кеп қай – қайдағым.

 

Сондықтан шарапқа да үйір емен,

Бір кезі той сиреді жиілеген.

Есігін келемін деп жауып кетіп,

Келмеген жандаймын бір үйіне мен.

 

Қашанда мен байқұсты қолдады үміт,

Болған жоқ бақыт ұмыт, арман ұмыт.

Мен осы өліп қалған сияқтымын,

Жетсем деп туған жерге жолда жүріп.

 

Арыммен, өзімдегі бар кінәммен,

Мен сені аялағам әр күні әнмен.

Мейлі, елім, өлі десең, өлігіңмін,

Шығамын тірім десең алдыңнан мен.

 

Мұң – шерім өз ішімде тұншығады,

Сол шерім – қиялым ғой күн шұғылалы.

Орланда портына кеп сен қонғанда,

Алдыңнан мен шықпасам, кім шығады.

 

Бар адам бақытынан құр қала ма,

Көңілім сұрлана ма, нұрлана ма?!

Қарай сал жатсынбай – ақ, халқым, маған,

Санай сал тірі жүрген бір балаңа.

 

Жүрегім жапырақ боп не сарғайсын,

Өзіңнің қолыңды өзің кесе алмайсың.

Алдыңнан мен шықпасам, сен келгенде,

Өліпті – ау Оспан бауырым дей салғайсың!»

 

Стокголым – Алматы

15 қазан – 31 қазан

1985 – жыл.

Теги:

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*