Таңжарық Жолдыұлы – Алаш идеясының қытай қазақтары ортасындағы таратушысы. Ол – Қытайдағы қазақ әдебиетінің негізін салушы қаламгерлердің бірі, ақын, айтыс ақыны. Сол асылдан қалған сынық жайлы бүгінгі оқырман біле ме? Таңжарық ақынның өмірінде қандай құпияға толы жағдайлар болды? Оны қазақ жұрты кім арқылы таныды деген сұрақтармен оқырманды таныстыру үшін белгілі журналист Жанболат Ауыпбаевтің сұқбатын назарларыңызға ұсынып отырмыз.
Таңжарық ақын… Осы бір тамаша талант иесі туралы қалың көпшілік бертінге дейін көп ештеңе білмей келді. Оған себеп, біріншіден ол шетелде туып, өмір сүрді. Сондықтан да шығармалары отандастарына өз уақытында жете қоймады. Екіншіден, арғы беттен ұлы көш қозғалып, Таңжарықтың туындылары кеңестік Қазақстанға солар арқылы енді келе берген кезде екі мемлекет арасындағы саясат өзгерді. Соған байланысты ақынды байқап насихаттады. Қытайда əлі ақталмаған тұлға болғандықтан, сақтықпен таныстыру қажет болды.
Десек те осы бір ғажап адамның аты мен үні құбылмалы мінез танытқан саясаттар ызғырығы арасындағы сəл-пəл туа қалған жылымық кездерде оқырмандарымызға естіліп қалып жатты. Сондай бір сəттерде оны өз Отанына ең алғаш таныстырған адам – ақсақал жазушымыз Сəбит Мұқанов. 1956 жылы ҚХР-ға КСРО Жазушылар одағының атынан үш қаламгер шақырылған. Аталған елге солардың бірі болып барған Сəбең көрші мемлекеттің қазақтар мекендейтін Шыңжаң өлкесін асықпай аралап, қандастарымыздың тұрмыс-тіршілігімен кеңінен танысқан. Елге қайтып келген соң “Алыптың адымы” атты танымдылығы мол деректі кітап жазған. Міне, сонда Таңжарық ақын, оның мұғалима қызы Сара мен күйеу баласы, жазушы Бұқара Тышқанбаев туралы тұңғыш рет егжей-тегжейлі айтылған-ды. Одан соң… иə, одан соң арада 17 жыл уақыт өткенде əнші Дәнеш Рақышевтің орындауымен Ташкенттегі бүкілодақтық “Мелодия” – дыбыс жазу студиясынан Таңжарықтың “Амандасу” əні жеке күйтабақ болып шықты, 1974 жылы “Жазушы” баспасынан ақынның “Арман тау” жыр жинағының жарық көріп, есімі 1977 жылы Қазақ совет энциклопедиясының 10-томына енген болатын.
Біздің білуімізше, кеңестік кезеңде Таңжарық ақын туралы Қазақстанда атқарылған жұмыстар, міне осылар. Ол жəне оның шығармашылығы туралы ауқымды істер еліміз тəуелсіздік алған соң одан əрі дəйектілікпен жалғаса түсті деуге болады. Оған 1992-2002 жылдар аралығында Шыңжаңнан келген əдебиетші-ғалым Оразанбай Егеубаевтың Алматыда ақынның екі томдығын шығаруды қамтамасыз еткені, зерттеуші Дүкен Мəсімханұлының “Сарап” кітабында өзіміз сөз етіп отырған тұлғаның шығармашылық қырлары егжей-тегжейлі талданғаны, жазушы Тұрлыбек Мамасейіттің “Таңжарық” романын жазып, дүниеге əкелгені дəлел. 2014 жылы өмірінің тең жартысы қуғын-сүргінде өтіп, Қытай елінде сенімсіз элемент атанған, ол ауыр айыптан тек ХХ ғасырдың 80-ші жылдарында ғана арылып, жұлдызы сонан соң ғана барып жанған тума таланттың туғанына 100 жыл толады. Қазір ақынның бұл мерейтойын екі мемлекет те кеңінен атап өтуге қам жасауда. Соның қарсаңында біз Таңжарық Жолдыұлының бүгінде Алматы қаласында тұратын қызы Сара апаймен (Сара Таңжарыққызы Тышқанбаева) жолығып, əңгімелескен едік.
– Көзіқарақты оқырман қазір ақынның шығармашылығымен жақсы таныс деуге болады. Бірақ, елдің оның отбасылық өмірінен жəне ұрпақтарынан хабары жоқ. Көп ештеңе білмейді. Алдымен, міне, осы жөнінде айтып берсеңіз.
– Əкем екі рет шаңырақ көтерген кісі. Алғашқы шешемізден Уəлихан есімді перзент болған. Ол Шыңжаң тастады. Жоғарыда айттым ғой, шешем пысық кісі еді деп. Мына қиындыққа ол кісі асып-сасқан да, абдыраған да жоқ. Керісінше, қайраттанып, бір ұйғырдың үкінің ұясындай құжырасын жалдап алды. Сөйтті де елдің көйлек-көншегін тігіп, дəулетті адамдардың қыз-қырқындарын үйіне барып оқытып мені асырауға, ешкімнен кем қылмай өсіруге кірісті. Күн аралатып Құлжаның орталық түрмесіне барамыз. Күзет бастығы əкеммен жолықтырмайды, тек əкелген тамақты ғана ішке кіргізуге рұхсат етеді. Осылайша бес ай өтті. Содан кейін бəрі де сап тиылды. Сөйтсек, ол кісіні Үрімшіге алып кеткен екен.
– Бұдан кейін сіздер қайтіп өмір сүрдіңіздер? Ел ішінде анаңыз екеуіңізге көмектескен адамдар болды ма? Ақынның артынан Үрімшідегі түрмеге достары іздеп барған деседі. Олар кімдер еді? Есіңізде ме?
– Осыдан кейін бізге енді Құлжада қалудың мəнісі болмады. “Елге барайық, сондағы жөн білетін үлкен кісілермен ақылдасып, əкейдің артынан іздеп баратын адам табайық”, – деген оймен шешем екеуміз ауылға қайттық. Мен сол 1940 жылғы жазда гимназияның жетінші сыныбын аяқтаған едім. О заманда бұл институт, техникумды бітіргенмен бірдей үлкен оқу болатын. Сондықтан да кеудемде: “Күнеске жетсек, жұмысқа орналасып қалармын”, – деген ой да жоқ емес еді. Əкеміздің туыстары Іле өңіріне белгілі адам – атақты Сасан бидің ауылымен бірге отыратын. Өзі бай, өзі болыс болған сол адамның Жайырбек деген ер көңілді ұлы бар-ды. Міне, сол кісі: “Ақынның отбасын тарықтырмайық. Бұлар бізді ел деп іздеп келді ғой. Сондықтан, жағдай жасайық”, – деп мені Бестөбе ауылына мұғалима етіп орналастырды. Шешеме екі бөлмелі үй беріп, жазда жайлауға шығарып тұрды. 1942 жылы Үрімшідегі əкемнен өз амандығын айтып, киім-кешек сұратқан хат келді. Мына хабарды естіген жұрт: “Ой, сабаз-ай! Тірі екен ғой!” – деп бір дүрлікті. Сөйтті де əкеме бүкіл ауыл болып сəлем-сауқат əзірлей бастады. Көлемі бір тең болатын бұл жүкті Жайырбектің ақылымен Үрімшіге жөн-жосықты білетін Қонысбай деген кісі алып кетті. Ауылда біз осылайша үш жыл тұрдық. 1944 жылдан бастап гоминдань үкіметінің десі қайта бастады-ау деймін, ішкергі жақтағы түрмелерден босаған адамдар келе бастады. Əкейден де бір хабар болып қалар ма екен деп біз енді Құлжаға барып тұруға жиналдық. Онда баяғы қазақ уишмасы бар емес пе?! Міне, сондағы орталық клуб өз жұмысын мықтап қолға алып, неше түрлі мəдени шараларды жандандыра бастапты. Əдебиет секциясын осы күнгі белгілі қаламгер Құрманбай Толыбаев басқарса, əн-күй үйірмесіне қазіргі өнертану ғылымының профессоры Əмина Нұғыманова апамыз жетекшілік етеді екен. Осы жерде мен қайтадан шыға бастаған “Іле” газетінің редакторы əрі гимназиядағы сурет пəнінің мұғалімі Бұқара Тышқанбаевпен таныстым.
– Əкеңіздің түрмеден босанғанын кімнен естідіңіздер? Бұл хабар елге қалай жетті? Достары, тілеулестері ақынды қай жерде қарсы алды? Сол оқиғаның ішінде сіз өзіңіз болдыңыз ба?
– Ол уақытта Құлжадағы қазақ зиялыларының тіршілігі мынадайтұғын. Ұлтымыздың оқыған-тоқығандарының бəрі күз, қыс, көктем бойы үкімет мекемелеріндегі жұмыстарын тапжылмай істейтін де жаз шыға қырдағы ел арасына барып: сауатсыздықты жоюға, концерт қойып, медициналық сауықтыру шараларын жүргізуге, түрлі тақырыптарда лекция оқуға аттанатын. 1946 жылдың жазы шыға бере біз анам екеуміз осындай бригадамен Күнес ауданына бет алдық. Жайлаудағы елде бір айдай болып, тау етегіне түскенімізде: аймақ басшылары гоминдань үкіметімен келіссөз жүргізіп, Үрімшідегі саяси тұтқындарды босатып алуға қол жеткізіпті. Бостандыққа шыққандардың ішінде Таңжарық ақын да бар екен. Сүйінші!” – деген хабар жетті. Мына сөзді естігенде шешем екеумізде ес қалмады. Қалаға жетуге асықтық. Құлжамен екі арадағы жолда Тоғызтарау деген жер бар. Міне, сол елді мекенге жете бергенімізде алдымыздан бір топ атты адам көрінді. Орталарында – əкем! Жылап-еңіреп тұра ұмтылдық. О баста: “Алты жыл тар қапаста жатқан адам ғой, əбден азып-тозып біткен шығар”, – деп ойлағанбыз. Сөйтсек олай емес, өңі жақсы көрінді. Кейін білсек, əкем түрмеден қыс аяғы бітіп, қар ери бастағанда босапты. Содан Үрімшіде үш айдай ес жиып барып, елге содан кейін келіп тұрған беті екен. Осыдан соң көп ұзамай мен жазушы-драматург Бұқара Тышқанбаев ағаларыңа тұрмысқа шықтым. Əкем қатты қуанып, сол баяғы қазақ уишмасы орамының ауласындағы орталық клубта бізге үлкен той жасап берді. Сөйтті де сол күзде шешем Бəтиді ертіп, үкіметтің өзіне лайық көріп берген жұмысы орман шаруашылығының бастығы қызметін атқару үшін Күнес ауданына жүріп кетті. Содан бір жылдан соң… иə, тура бір жылдан соң қайтыс болды ғой.
– Ол кезде, яғни, ақын бақилыққа аттанған сəтте сіз əкеңіздің жанында ма едіңіз?
– Жоқ, Құлжада болатынмын. Қала мен ауыл арасына телефон, телеграфтың əлі орнатыла қоймаған кезі. Қаза туралы хабарды үш күн дегенде бізге Шапқы жайлауынан арнайы жіберген аттылы адам айтып келді. Сондықтан да жерлеуге қатысуға үлгере алмадық. Ал жетісіне аймақ басшылығының өкілдері мінген жүк машинасымен жиырма шақты кісі болып бардық. Үкімет адамдары ел-жұртқа көңіл айтып болған соң шешем Бұқара Тұрфан құмындағы еңбекпен түзеу лагерінен 1960 жылы ғана босап келді. Сөйтті де Үрімшіде бақылауда жүрді. Бұған да шүкір дедік. Өйткені түрмеде емес үйде, алыста емес көз алдымызда ғой əйтеуір. 1962 жылы жергілікті үкіметке білдірмей Шыңжаң астанасындағы Кеңес өкіліне барып жолықтық. Мақсат – Қазақстанға өтіп кету. Ол кездегі консул Байғарин деген иманжүзді қазақ жігіті еді. Жағдайымызды бірден түсінді. Сөйтті де біз өтініш бергеннен кейінгі алты күннің ішінде бүкіл құжаттарымызды қолымызға сақадай сай етіп ұстатып, Қорғас шекарасынан өтіп жатқан ұлы көштің алдыңғы легінен бір-ақ шығарды. Бақылау аумағы қақпасындағы қытай əскерилері біздің жүк тиеген машинамызды тоқтатып қойып, тура алты сағатқа жуық тексерді дейсің. Кітаптан басқа байлығымыз жоқ-ты. Міне, солардың бəрін сілкіп көріп, мұқият қараумен болды. Сондағы артымызда кезек күткен елден айналайын! Күні бойы ыстық күннің астында иіріліп, жіпсіз байланып тұрғандарына қарамай біздің тілеуімізді тілеумен болды. Ақыры көптің ниеті қабыл болды-ау деймін, кеш бата Қытай жағы шлагбаумды көтерді. Осылайша біз бергі бетке өттік. Жаркенттен бізді осы жақтағы туысымыз Сейдəлім Тəнекеев деген партия-кеңес қызметкері қарсы алды. Ол кісінің ақылымен мен бала-шағама ие болып, сол Панфилов ауданындағы Қоңырөлең ауылындағы мектепте сабақ беруге қалдым да Бұқара Алматыға барып жеке өзі қызмет істеуге кетті. Ағаларыңның кейін айтқан əңгімесі ғой, сол сапардағы жұмыс арасында уақыт тауып, Сəбеңе жолығыпты. Ақсақал жазушы оны құшақ жая қарсы алған. Ғабит Мүсірепов пен Ғабиден Мұстафинге ертіп апарып: “Ел-жер деп келді ғой. Көмектесейік”, – дейді. Ақыры үш қария бірігіп жүріп көп кешікпей қалалық атқару комитетінен бір бөлмелі үй алып бергіздіріпті. Ол баспанамыз қазіргі Əуезов пен Төле би көшелерінің қиылысында болатын. Ал 1964 жылы, иə, сол жылы тағы да Сəбең, Ғабең жəне Сафуан Шаймерденов бас болып, Интернационал көшесіндегі жаңадан пайдалануға берілгелі жатқан үйден үш бөлмелі пəтердің кілтін ұстатты. Жақсылық деп осыны айтар болар, сірə. Сондықтан да бұл кісілерге деген менің алғысым шексіз! Жə, көп айтып қайтейін, сол 60-шы жылдары Алматыда осылай қатарға қосылып кеттік қой.
– Дұрыс екен. Енді мына соңғы сұраққа жауап берсеңіз. Таңжарық ақынның зираты қайда, қай жерде? Басында белгі бар ма? Сіз өзіңіз 1962 жылдан кейін ол жаққа бара алдыңыз ба? Барсаңыз, ақынның елінде Таңжарыққа байланысты нендей шаралар жүзеге асқан деп ойлайсыз?
– Əкемнің зираты Құлжа облысының Күнес ауданындағы Шапқы жайлауы деген жерде. Басында күмбез жоқ. Бірақ, белгі бар. Бестөбе қаласында ол кісіге ескерткіш орнатылған. Ол жаққа 1962 жылдан кейін тек 1996 жылы ғана баруға мүмкіндік туды. Туысқандарды араладым. Əкемнің зиратының басына барып құран оқыттым. Үрімшідегі “Халық” баспасынан Таңжарық ақынның 2000 жылы қытай тілінде бір томдығы, ал 2001 жылы қазақша екі томдығы жарық көріпті. Сөз ретіне қарай Шыңжаңда “Таңжарық” деп аталатын 5 сериялы фильмнің де өмірге келгенін айта кетейін. Елдің бізге, атамекенге деген ықыласы ерекше. Жақсылық хабар күтіп елеңдеп отырады екен.
2004 жыл.
Сұхбаттасқан: Жанболат Аупбаев
Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы
Ақпарат дереккөзі: https://massaget.kz