Қан жақындаса ұрпақтың нәсілі азатынын жақсы түсінген ата-бабаларымыз әйелді бөгде рудан алуды, қызды бөгде рудың азаматтарына ұзатуды дәстүр етіп ұстанған. Бүгіндері алыс шет ел болып саналатын, Қазақстанмен тіке шекараласпайтын (орыстың отаршылдық саясаты салдарынан) Моңғолиядағы қазақтар қазан төңкерісінен бұрын Шығыс Қазақстан, Семей өңірімен араласып-құраласып, қыз алысып, қыз берісіп тұрған. Сол заманда Моңғолияға ұзатылған талай апаларымыздың ұрпақтары қазір осы елде өмір сүруде.
Мұны көпшілігіміз біле бермейміз. Соның ішінде Моңғолияда ұлы Абай әулетінен тараған ұрпақтар да бар екенін ешкім білмейді.
Жалпы, Моңғолиядағы қазақтар тарихи дерек бойынша “ақтабан шұбырындыдан” соң (Жоңғарды жеңгеннен кейін, шамамен 1750 жылдары) Шығыс түркістанға (Шыңжан) қоныс аударып, бұдан бір ғасырдан кейін біртіндеп, шекаралас Моңғолия жеріне өткен ата-бабаларымыздың ұпақ-жұрағаттары. (Көбі керейлер).
Сол Моңғолия қазақтарының осы заманғы жазба әдебиетінің негізін салушылардың бірі, Монғолия мәдениетіне еңбегі сіңген қайраткер, Монғолия жазушылар одағының мүшесі Керейдің Жәдік руынан шыққан Ақтан Бабиұлы (1902-1975 жж) Абайдың жиенінен туған жиеншар екен. Ақтанның анасы – Жақия қызы Кәріпжан деген кісі. Ал, Кәріпжанның ұлы шешесі (әжесі) Опатай Абайдың ұлы әкесі Өскенбайдың қызы.
Опатай айтыс ақыны болған. Туыстық түп тамыры шамамен екі ғасырдың алдында жатқан, әрі ұлдан емес қыздан тараған ұрпақ-жұрағат туралы деректі шежіреден табу мүмкін емес. Алайда, “жақсы әкенің аруағы баланы қырық жыл сүйрейді” дегендей Ақтан ақынның анасы жағынан арғы тегін білуге мүмкіндік берсе керек. Әрі осы әулеттен тараған ұрпақтардың көбінде ақындық дарын болған. Ақтан ақынның анасы Кәріпжан да кезінде талай сайысқа түскен айтыс ақыны болыпты. Өзінің ұлы ақын Абайдың үрім-жұрағаты екенін айтыс өнерінің салты бойынша әріптесімен танысқанда, не әріптесі кемсітіп, шамына тигенде мақтаныш ретінде өлеңге қосып отырған. “Ақынның хаты өлмейді” дегендей сол айтыстың бірен-саран шумағы бүгінге дейін жеткен
.
Бірде семейлік саудагер, ақын Әттембек деген кісі Шынжаңда сауда істеп жүріп, Керейдің Жәдік руынан шыққан би Қара Оспанның ауылында өткен бір тойда осы бидің келіні, Ақтан ақынның анасы Кәріпжанмен айтысқан. Әттембекпен айтыста Кәріпжан өзінің Абайдың жиені екенін өлеңге қосқан.
(Сол жақтан үшінші Сәбит Мұқанов, оң жақтан үшінші Ақтан Бабиұлы. 1967 жылы Сәбит Мұхановтың Монголияға барған сапарынан бір белгі. (Сурет Арғымақ.кз порталынан алынды))
Кәріпжан:
Әттембек, жүрген болсаң ажал айдап,
Өлеңмен тіл-аузыңды берем байлап,
Болсаңда жеті тілді жеңбей қойман,
Өлеңім келіп қалды Опатайлап.
Әттембек:
Анадан жасырмаймын туғанымды,
Өлеңді ақындықпен қуғанымды,
Шырағым, кім боласың жөніңді айтшы,
Шақырдың Опатайлап ұраныңды?
Кәріпжан:
Әттембек, қырт екенсің, ақын десем,
Опатай ақын екен ұлы шешем,
Ағасы бірге туған би Құнанбай,
Тобықты руы екен сұрай берсең.
Баласы Құнанбайдың Ибраһим,
Артықша зиын берген бір Құдайым,
Жауындай өлең жырды нөсерлетіп,
Тамызған таңырқатып тілдің майын.
Қаласың мен сөйлесем жүйең босап,
Тартыппын нағашыма мен де ұқсап,
Арғынның ардагері екен десем,
Арбаның аты екенсің сабан құрсақ, – дейді.
Міне, осы өлең жолдарынан Ақтанның шешесі Кәріпжанның Абайдың жиені екенін түсінесіз.
Шығыс Түркістанда дүниеге келіп, саналы ғұмырын Монғолияда өткізген Ақтан да анасынан дарып, ақын болған, бала жасынан айтысып, елге ерте танылған адам. 1921 жылы Моғолияда төңкеріс жасалып, социалистік қоғам орнаған соң халықтың сауаты ашылып, елде осы заманғы жазба әдебиеті қалыптпса бастады. Ақтан осы тұста Монғолиядағы қазақ жазба әдебиетінің іргетасын қалаған ақын-жазушылардың бірі. 1930 жылдары қазіргі Баян- Өлгей аймағында қызыл отау, клуб меңгерушісі қызметін атқарды. Бірнеше шағын пьесалар жазды. (“Ермалай”, “Жамал” т.б) 1940 жылы Монғолияда (Баян-Өлгей аймағында) шыққан “Өркендеу” атты азақ газетінің тілшісі болды. Ақынның жар жинақтары қазақ, монғол тілдерінде әлденеше рет басылды. Ақтан шығармаларының шоқтығы болып есептелінетін “Бүркіт” поэмасы күллі Монғолия жұртшылығына кеңінен танылды. Қазір Ақтанның балалары, ұрпақтары Монғолияда, Қазақстанда өмір сүреді.
Бодаухан Тоқанұлы, ақын, журналист.